+4 дауыс
666 көрілді

Қадірменді сан сұраққа жауап іздеген интернет қолданушылар!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Мен сіздерге өзім даярлайтын наурыз көженің дайындалу тәсілін ұсынбақпын. Наурыз көженің мән-мағынасын айтып жатпай-ақ қояйын. Оны өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Білмесеңіздер интернет деген "данышпанымыздан" сұрап аларсыздар.
Сонымен,  Наурыз көжені дәл сіздерге ұсынып отырғандай даярлауды әрине, өз анамнан үйрендім, анам әжемнен үйренген еді. Наурыз көжені мен негізгі даярлану әдісінен еш ауытқымай, қосуға қажет жеті дәмнен басқа артық ештеңе қоспай жасағанды жөн санаймын. Себебі, ата – бабамыздан мирас боп қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі - осы наурыз көжеміз болғандықтан, оның құрамын өзгертіп жіберуді қиянат деп есептеймін. Танымал әнші Рамазан Стамғазиев ағамыз: "Дәстүрлі музыканы өзгертіп, жүнін жұлған тауықтай қылып жіберді қазір", -деген еді бір сөзінде. Сол сияқты, наурыз көжеміз де дәл солай маламатам болып кетті. Наурыз көже – бұл тұздалған қияр қосатын орыстың солянкасы емес, өрік – мейіз қосатын өзбек тағамдарынан да бөлек, өзінше ерекше дәмі бар тағам түрі.  Сондықтан, менің Самсунг байқауына қатысып отырған негізгі мақсатым, көже жасайтын қыз – келіншектерімізді осынау  ұлттық брендімізге айналған ас даярлау ерекшеліктерімізді, тағамдарымыздың ерекше дәмін сақтап қалайық дегім келеді.

Енді даярлау тәсіліне көшсем:
Құрамы:

1. Қазақтың сүйікті асы - ет (сүрленген ет, қазы, сиыр еті)
2. Ақ мол болсын! Сүт, қатық, құрт, айран – наурыз көженің сәні де, дәмі.
3. «Арпа – бидай ас екен, алтын – күміс тас екен».  Бидай немесе арпа көжеміздің негізі.
4. «Нан – ас атасы». Ұн, яғни, кеспе кесіп саламыз.
5. «Тұз-астың дәмі...» тұзыңызды ұмытпаңыз.
6. Тіршілік көзі –су.
7. Дән (тары, күріш)

Дайындалу әдісі:
1 қадам: Бидайды жақсылап жуып, 8-9 сағатқа бұқтырып қоямыз. (Мөлшерін қалауыңыз білсін. Мен 0,8 кесе қостым.)
2 қадам: Сүр ет пен, қазыны жеке пісіріп аламыз. (Сорпаны үнемі сапырып отырамыз.)
3 қадам: Сиыр етін жеке пісіреміз. (Сиыр етін таңдау себебіміз, қой етінен көрі жеңіл қортылады. Күнделікті ет жеп, сорпа ішіп жүрмеген қазіргі адамдардың асқазандарына ауыр болмас үшін.)
4 қадам: Сиыр етінің сорпасына бұқтырылған бидайымызды саламыз.
5 қадам: Бидай пісіп қалғанда, күріш саламыз. (Күрішті де көжеңіздің мөлшеріне қарай салыңыз. Мен жарты кесе салдым.)
6 қадам: Күрішіміз пісіп қалғанда, жуып тазаланған тары саламыз. (Тарының да мөлшері дәл солай. Мен жарты кеседен сәл көптеу салдым.)
7 қадам: Сондай – ақ, тарымыз пісіп қалғанда, 1 стақан сүт құямыз да, сәл қайнайды.
8 қадам: Сосын, жұқа әрі жіңішке етіп кесілген кеспемізді саламыз. (Нанымды сорпаға иледім.) Көжемізді пісіріп алып, қойып қоямыз.
9 қадам: Жылқының сүр еті мен қазы піскен сорпаға құртты езіп, өте қышқылдандырмай көжемізге дәмін шығарып отырып, біртіндеп қосамыз. (Сүтке қатықты езіп қосса да болады. )
10 қадам: Сүр еттің сорпасын көжемізге дәміне қарай құйып, етімізді ұсақтап турап саламыз.
Қосымша: Сиыр етінің сорпасынан 1 – 1,5 литрдей алып қалып көжеңіз қоюланғанда қосып отыруға болады.
Асыңыз дәмді болсын! Дастарханыңыз берекелі болсын!

 

Ет

Тары, күріш, бидай жармасы

Кеспе

Қатық

Қазы

Наурыз көже

7 жауап

0 дауыс
М.м.м.м.м.м дәмдісін-ай)))Он саусағынан бал тамған аспаз екенсіз))))Тәбетімді ашып жібердіңіз ғой)))
+1 дауыс
Жеке маған қатты ұнады. Плюс 1.
0 дауыс
рахмет! )) Сіз де мен айтқандай жасап көрсеңіз дәл осылай шығады. Ал иісі қандай. ммм... деп қызықтырып қояйыншы. ))
+1 дауыс
Наурыз көженің қатып қалған бір рецептісі жоқ. Әр өңір түгіл, әр отбасының өзінің рецептісі бар. Сіздің мына әдісіңізді істеп көру керек екен. Бөліскеніңізге рахмет :)
+1 дауыс
МММММ дәмдісін-ай.Сіздің бұл наурыз көжені әдемі,дәмді қылып жасауыңыз бір бөлек,қазақтың мақал-мәтелдерін қосып,сөзіңіздің нақышын келтіруіңіз бір бөлек!Қолыңыз дерт көрмесін!+1.Нағыз аспазшыдан да асып түскен секілдісіз.Өте керемет))))))))))))
0 дауыс
m.virus2013, наурыз көжені әр отбасы әр түрлі дайындайтыны рас. Мен оған қарсы емеспін. Тіпті құптаймын. Себебі, әр кімнің көжесінің дәмі әр түрлі дәмді. Тек борщ сияқты, немесе солянка сияқты жасап, бұл қазақтың наурыз көжесі деп ұсынбаса екен деймін.
0 дауыс
*$*$*Ulan*$*$*, бағалағаныңызға рахмет! )) Қазағым молшылықта өмір сүрсін!

Ұқсас сұрақтар

...