0 дауыс
2.1k көрілді
Жан досымнын тойы соған әдемі,мағыналы тілек,қандай ән айтса болады?діни болсада керемет

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Қазақ - тойшыл қауым. Онымен таласымыз жоқ. Әйткенмен шешен бабаларының ұрпақтары бүгінде қуанышқа жиналса, ауыздарына сөз түспей біраз қысылып қалып жатады. "Өмірлік тілектер" болып сақталған "Көлдей көңіл, өзендей өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат, талмас қанат" тілеу, әрине, артықтық етпейді. Бірақ бұл тілектердің заман тоздырғанына да біраз болды. Жас жұбайларға арналған тілектерді жаңартатын кез келді. Біз сіздерге жастардың неке тойында айтуға болатын біршама тілектер шоғырын ұсынбақпыз. Бастысы – тілегіңіз жүрегіңізді жарып шыққай! Құрметті жас жұбайлар, бүгін біз сендердің өзара махаббаттарыңның ұлы жеңісіне куә болып отырмыз. Сендерді табыстырған сол тәтті сезім бүгін жарастырып отыр. Ендеше, махаббаттың жеңісі құтты болсын! Аса құрметті тойға жиналған қауым, бүгін біз түтіні енді түтеніп келе жатқан жаңа ошақтың жанғанына куә болғалы жиналдық. Біз бүгін екі жастың көтерген шаңырағының астында отырып, олардың табалдырықтан аттаған қадамдарының оң болуын тілеп жиылдық. Көптің тілегі қабыл болып, ортадағы екі жастың бақыты баянды болғанын мың рет тіледім. Айналайын, алтындарым, көздеріңнен нұр, жүздеріңнен жылылық көріп тұрмын. Сендердің дәл бүгін бақыттың шыңында тұрғандарыңды сезіп өзімше толқып та тұрмын. Бүгін менің аузым емес, жүрегім сөйлесін. Ал жүрегім шын ниетімен сендерге сарқылмас бақыт тілейді. Сендер бақытқа әбден лайықсыңдар. Сендер Қозы мен Баян да емессіңдер, Төлеген мен Жібек те емессіңдер! Сендер өздеріңше бір аңыздың кейіпкерісіңдер. Бірақ сендердің аңыздарың өзгеден ерекше болуға тиіс. Біз сендердің аңыздарыңнан артық көз жас пен жаманшылық атаулыны байқамауымыз керек. Нағыз махаббаттың аңызын сендердің жасайтындарыңа кәміл сенемін. Ардақты ерлі-зайыптылар, мен шын жүрегіммен сендердің әлі он үйлену тойларыңды атап өткендеріңді қалар едім: қағаз той – бір жылдан соң, шыны той – екі жылдан соң, берік той – үш жылдан соң, шыт той – бес жылдан соң, қола той – он жылдан соң, фарфор той – он бес жылдан соң, хрусталь той – жиырма жылдан соң, күміс той – жиырма бес жылдан соң, алтын той – елу жылдан соң, бриллиант той – жетпіс жылдан соң. Сонымен қатар, сендердің алғашқы тойларыңа жиналып отырған барша қауымның да осы тойлардың бәрінің қадірлі қонағы болғанын тіледім. Француз жазушысы Андре Терье айтады: «Бақытты өмір болмайды, тек бақытты күндер ғана болады» деп. Мен сендерге толық бақытты ғұмырға жетерліктей сондай  бақытты күндеріңнің көп-көп болғанын тілеймін. Мен бұрындары адамның нағыз періштемен кезеккенін көрген емеспін. Біреу "көрдім" десе, сенбес те едім. Бірақ менің досым қазір жанына жайғасқан мына аруды ертіп әкелгенде өзіме-өзім қарсы шықтым. Жерде де періштелер бар екен. Олардың бірі – менің досымның жары. Айналайын, досым, періште қонған алқаныңнан ешқашан да жылылық кетпесін. Сендердің аңызға бергісіз мына махаббаттарың біздей бойдақтарға жұғысты болсын! Екі жасты өз ұясына қондырып, алақан жайып ақ бата беретін ата-аналар, құрметті құда мен құдағи! Бүгін сіздердің де үлкен қуаныштарыңыз өтіп жатыр. Біріңіз қайын ата, ал енді біріңіз қайын ене атанып жатсыздар. Сіздердің енді бір емес, екі балдарыңыз бар. Түні бойы көз ілмей бесігін тербеткен балдарыңыз енді сіздерді алқанындарында тербетсін. Құлап қалмасын, жылап қалмасын деп артынан аңдыған балдарыңыз енді сіздердің табандарыңыздың астындағы жұмақты аңдысын. Екеуінен тараған бала-шаға "аталап-әжелеп" әулеттеріңіздің даңқын шығара берсін! Ата-ене болғандарыңыз құтты болсын! Құрметті екі жас, сендер «Махаббат жоқ» немесе «Үйленгенде махаббат өшіп, сыйластық қана қалады» деген қатып қалған қағидамен өздерін сендіргісі келетіндерге олардың қатты қателесетіндігін дәлелдеңдерші. Сендер құрған шаңырақтың берік болғанын қаладым. Оны өткір өсек те, қатты қайғы да, ауыр азап та бүлдірмесе екен деп тіледім. Айналайын қарағым, қабырғалы болғаның құтты болсын. Ақ орамалды аруыңның адал жары, шулаған балаларыңның салмақты әкесі, шұбырған немере-шөберелеріңнің ардақты атасы болып көпке үлгі бола бер. Бір-біріңнің айнаң болыңдар, бір-біріңнің тірегің болыңдар, бір-біріңнің жүрегің болыңдар, бір-біріңнің шырағың болыңдар, бір-біріңнің құлағың болыңдар, бір-біріңнің жебеушің болыңдар... Өйткені енді сендердің жарты жүректерің бірігіп, бірге соға бастады. Енді сендер бірсіңдер! Ажырамаңдар! 

Толығырақ

...