Кофенің сансыз көп түрі бар. Кейде мейрамханада кофеге тапсырыс бергенде тіпті қайсысын таңдарымызды білмей қаламыз. Дұрыс таңдау жасау үшін кофе түрлерінің бір-бірінен айырмашылығын біліп жүрейік.
Эспрессо – қою, қара кофе түрі. Бұл кофеге сүт қатпайды, оны кішкентай шыныларға құяды. Әдетте оны арнайы қайнату мәшинесінде дәмдейді. 90 градустағы 25-30 мл суға 7 грамм ұнтақталған кофе дәнін қосады. Нағыз эспрессоның бетінде сарғыш-қоңыр көбік болады. Эспрессоны бірден ішіп қойған жөн, ол тез суып, дәмі өзгереді.
Американо кофесі эспрессоға ыстық су қосу арқылы дайындалады. 100-120 мл суға 14-16 г ұнтақталған кофе дәндерін ерітеді. Артынан 1:1 қатынасында сумен араластырады. Демек ол эспрессо сияқты қою болмайды.
Танымал Капучино кофесі былай әзірленеді. Оның 1/3 бөлігі эспрессо, 1/3 бөлігі ыстық сүт, 1/3 бөлігі сүт көбігі болады. Капучиноның әдеттегі көлемі - 150 мл. Бұл кофе Италияда тек таңертеңгі сусын болып саналады.
Латте атты кофеге 1 бөлік эспрессо мен 3 бөлік сүт қосылады. Әдетте үстінде кішкене сүт көбігі болады. Бір қызығы латтены жасағанда кофе мен сүтті қабаттап құйып, араластырмайды. Бұл ең калориялы кофе түрі.
Мокко кофесі 1/3 бөлік эспрессо, 1/3 бөлік ыстық шоколадтан тұрады. Какаоның әсерінен құрамындағы кофеин шамасы көбірек болады. Сондықтан мокконы қатты шаршап тұрғанда ішсеңіз болады.
Макиато кофесінде эспрессо мен сүт бірдей қатынаста болады, яғни 1:1. Сүтті әдетте көбіктендіріп құяды.
Кофені кофеқайнатқышта қайнатады. Кофе қайнатудың әртүрлі әдісі бар. Қай әдіспен дайындаса да, ұзақ қайнатуға болмайды, өйткені дәмі нашарлайды.
Варшава кофесі. Қайнатылған қою қара кофені сүзгіден өткізіп, оған сүт пен қант қосып тағы қайнатады, сусындық беті қаймақтанбау үшін дастарқанға қояр алдында ыстық кофені жайлап шайқайды. 1 стақан сусынға 1/3 стақан қара кофе, 2/3 стақан сүт, 1 шай қасық құмшекер керек.
Қаймақ қосылған кофе. Қара кофені қант қосып қайнатып, стақанға құяды. Әр стақанға 1 шай қасық қант ұнтағы мен көпіршітілген 1 ас қасық қаймақ қосады.
Балмұздақ қосқан кофе. Қайнатқан қара кофені тұндырып, оған құмшекер қосып суытады. Дастарқанға қоярда бокалға (фужерге) 50 г майлы балмұздақ салып, үстіне суытылған кофе құяды.
Шығыс кофесі (рецептердің біреуі) «Түрке» деп аталатын кофе қайнататын арнайы кастрюльге су құйып, құмшекер қосып қайнатады. Қайнаған суға майдаланып ұнтақталған кофені салады; кофе қайнап, көтеріле бастағанда «түркені» оттан алады да, көбігі басылған соң тағы бір рет қайнатады. «Түркені» ішіндегі кофесімен (сүзгіден өткізбей-ақ) дастарқанға қояды. Сосын кофе тұнғаннан кейін (тез тұндыру үшін кастрюльге 1 шай қасық суытылған қайнаған су құюға болады) кеселерге құйып ұсынады. Кішілеу кесеге (50—55 г су сиятын): 1 шай қасық кофе, әркім өз қалауынша құмшекер қосады.
Қуырылған, ұнтақталған өсімдік дәндерінен (мысалы, арпа, емен жаңғағы, каштан жемісі) дайындалатын жасанды кофелер де сатылады. Дайындау жолдарына қарай жасанды кофелер табиғи кофе қосылған және табиғи кофе қосылмаған болып үлкен 2 топқа бөлінеді. Дайындау әдісі этикеткасында жазылады.