0 дауыс
6.1k көрілді
Тарихта 1870 жылғы болған Адай көтерілісі туралы тауып бере аласыздар ма?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Басқару реформасын жүзеге асыру Маңғыстау аймағында да қарсылыққа кезікті. Реформаны енгізгенде патша үкіметі қазақтардың, жекелей алғанда адайлардың, қоғамдық-экономикалық даму деңгейімен тарихи ерекшеліктерімен (санаспады. «Уақытша Ереже» Орал облысына қарасты Маңғыстау түбегіндегі адайларға кешірек 1870 жылы енгізілсе де, «Уақытша Ереже» бойынша түтін салығын 2 жылға қатар төлеу міндеттелді.

1868 жылғы «Уақытша Ережеге» сәйкес жоғарыда аталған екі жылдың ауыр алым-салық түрлерін қарулы жасақтың көмегімен жинау басталды.

Маңғыстау приставы подполковник Рукин Баймұхамбет Маяев пен Ғафур Қалбин сияқты би шонжарлардың көмегімен салықты 1869—1870 жылдарға бірақ жинамақ болады. Мұның өзі әрбір шаруашылықтан, әл-ауқатының қандай екеніне қарамастан бірден 8 сом күміс ақша төлеуге міндетті деген сөз. Адайлардың көпшілігінің мұндай ақша төлейтін жағдайы жоқ еді.

Рукин 1870 жылы 15 наурызда 40-тан астам казак-орыс және 60-ка жуық адай билері мен старшындарын алып, қару-жарақтарын 35 түйеге артты да, салық жинауға шықты. Бұл хабарды естіген халық Досан Тажиев пен Иса Тіленбаев, Алғи Жалмағамбетовтың бастауымен Рукин жасағына қарсы көтерілді. Көтерілісшілер Рукин жасағымен 22 наурызда кездесті. Көтерілісшілердің тегеурініне төтеп бере алмай жасақ кейін шегінді.

Көтерілісшілерге Ұсақ құдығы маңында Бозащы көтерілісшілері қосылды, Рукиннің жасағы біржола талқандалды. Рукин қолға түсіп, өзін-өзі атты. Көтерілісшілер саны 10 мың салт атты адамға жетті. Көтеріліс бүкіл түбекті қамтыды. Олар патша өкіметінің Маңғыстаудағы барлық тірегін, кәсіпкерлердің кәсіпорындарын, құрылыс-жайларын талқандады. Балықшылар, жүк тиейтін жұмысшылар өздерін қанаушы кәсіпкерлер мен саудагерлерге қарсы күресті. Сармытас шығанағында жұмысшылар кәсіпшілерге шабуыл жасап, олардың қайықтарын тартып алды. Бұл қайықтардан кіші флотилия құрып, оны патшаның ең мықты соғыс қамалдарының бірі — Александров фортын қоршау үшін пайдаланды.

Көтеріліс жергілікті өкімет орындарымен қатар Петербургтегі Бас штабты да үрейлендірді. Себебі, бұл кезде Каспий теңізінің оңтүстік жағалауындағы Иранда ағылшындардың ықпалы едәуір күшейген болатын. Онымен қоса, патша үкіметі Хиуаға қарсы жорыққа даярланып, әскерлерін Красноводск қаласына шоғырландырып жатқан еді. Маңғыстау көтерілісінің орталығы осы әскер тобының тылында болды. Көтерілісті басу патшаның Кавказдағы уәкіл-әкіміне тапсырылды. Мамыр айының соңында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкінің бip батальоны, екіатқыштар ротасы, шептік батальонның екі ротасы және Терек казак-орыстарының 4 зеңбірекпен қаруланған екі жүздігі келді. Көтерілісшілер Ұсақ құдығында, Үшауыз шығанағында, Александров фортында күшті қарсылықтар көрсеткенімен, патшаның жақсы қаруланған тұрақты әскер бөлімдерінен жеңіліс тапты. Көтеріліс қатал жанышталды. Көтерілісшілер мамыр айының соңында Үстірттен солтүстікке қарай ығысып, көше бастады. Бірақ Орынбордан шыққан Н.Крыжановский мен генерал-майор Биязнов бастаған жазалаушы жасақтармен кездесіп, шығынмен Үстіртке қарай кейін шегінуге мәжбүр болды.

1870 жылдың соңында патша үкіметі түбекті әскерге толтырды. Сам, Бозащы, Бестамақтыда 11 рота жаяу әскер, 1400 атты әскер болды.

Жазалаушылар халықты «Уақытша Ережеге» күшпен көндірді. Патша үкіметі адайларды әлсірету мақсатымен 6 мың үйді Маңғыстаудан бөліп алып, күшпен Орал облысына қосты. Көптеген отбасылар Үстіртке қашып бой тасалады. 1874 жылға дейін адайларды Дағыстаннан келген әскери өкімет басқарды. Содан кейін бір айдың ішінде 9 мың адай отбасынан екі жылғы салық бірден өндірілді. Салықты өтеу үшін қазақтар соңғы малдарын сатуға мәжбүр болды. Көтерілістің нәтижесінде «Уақытша Ережеге» өзгерістер енгізіліп, түтін салығын ақшалай емес, малмен өтеуге рұқсат етілді.

Сонымен, 1870 жылғы көтеріліс салықтың өсуіне, жайылымды пайдалануға шек қоюға қарсы болған стихиялы көшпелі шаруалар көтерілісі болды. Көтеріліс Ережені енгізер кез бен оған дейінгі отарлық езгінің ауыртпалығынан шықты, патша өкіметінің озбырлығы халықтың ыза-кегін туғызды, халық бұқарасының күресі патша үкіметіне қарсы бағытталды. Маңғыстаудағы көтерілісте өз билеушілеріне қарсы күрес баяу көрінді. Рулық белгілер әлі де күшті еді. Көтерілісшілер патша үкіметімен ауыз жаласқан билерді ғана жазалады.

Көтерілістің негізгі ерекшелігі — халықтың еңбекші бұқарасы: кедейлер, жатақтар, батырақтар, балықшылар, орыс кәсіптеріндегі жұмысшылар, егіншілер, малшылар, молдалардың қатысуы. Мақсаты мен міндеті жағынан көтеріліс отаршылдық езгіге қарсы бағытталған болса, әлеуметтік құрамы жағынан, басым түрде қазақ шаруалары мен балықшылардың қатысуымен ерекшеленеді.

XVIII—XIX ғасырлардағы Қазақстандағы көптеген бас көтерулерден айырмашылығы да осында. Салыстырмалы түрде айқын көрінетін батыл қимылдар, үлкен ұйымдасқандық белгілерін көреміз. Көтерілістің нағыз ұйымдастырушыларының бірі малшы шаруа Досан Тәжиевті халық батыр ретінде мойындады.

Көтерілістің жеңілу себептері: көтерілісшілердің мықты тылы, экономикалық базасы болмай, көпке дейін өз ауылдарынан қол үзіп кете алмай отырды. Олар тек шөлді сусыз дала Үстіртке ғана шегіне алатын жағдайда еді. Қалған жерде жан-жақтан анталаған орыс әскері тұрды. Көтерілісшілерде алдын ала ойластырылған саяси жоспар болмады, болуы да мүмкін емес еді. Іс-қимылдар оқиғаның даму барысымен ғана анықталды. Әлеуметтік-экономикалық қатынастардың артта қалғандығы халық бірлігіне кедергі болды.[1]

http://kk.wikipedia.org/wiki/1868%E2%80%941870_%D0%B6%D1%8B%D0%BB%D0%B4%D0%B0%D1%80%D0%B4%D0%B0%D2%93%D1%8B_%D0%9E%D1%80%D0%B0%D0%BB,_%D0%A2%D0%BE%D1%80%D2%93%D0%B0%D0%B9_%D0%B6%D3%99%D0%BD%D0%B5_%D0%9C%D0%B0%D2%A3%D2%93%D1%8B%D1%81%D1%82%D0%B0%D1%83_%D2%9B%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B%D1%82%D0%B0%D1%80%D1%8B%D0%BD%D1%8B%D2%A3_%D0%BE%D1%82%D0%B0%D1%80%D1%88%D1%8B%D0%BB%D0%B4%D1%8B%D2%9B%D2%9B%D0%B0_%D2%9B%D0%B0%D1%80%D1%81%D1%8B_%D0%BA%D2%AF%D1%80%D0%B5%D1%81%D1%96
ТАМАША ЖАУАП.
Рахмет сізге көп-көп.
Белгісіз

Ұқсас сұрақтар

+1 дауыс
18 жауап
+2 дауыс
4 жауап
+1 дауыс
14 жауап
...