Иммунитеті, яғни қорғаныш қабілеті төмен адамдарға әр түрлі ауру үйір келеді. Әсіресе қазіргідей тұмаудың «қыдырып» жүрген кезінде иммунитетті күшейтудің маңызы зор. Кім де болса мұндайда түрлі витаминдерді қабылдау керек деп түсінері анық. Олай ойласаңыз қателесесіз.
Адамның иммундық жүйесінің 70 пайыздан аса жасушалары ішекте болады. Ішекте сондай-ақ ауру тудырғыш «бөтен» микробтарды өлтіретін бактериялар тұрады. Оларды ішектің «солдаттары» десе де жарасады. Өйткені бұл бактериялар ағзадағы иммундық жасушыларды қолдап отырады және аминқышқылдар мен витаминдерді өндіреді. Егер ішекте бұл микроорганизмдер аз болса, онда әлгі «бөтен» бактериялар үстемдік алып, адамды ауырта бастайды.
Нәтижесінде дисбактериоз пайда болып, ол ішектің иммундық жүйесінің жасушаларын қысады. Соның салдарынан адам тұмауға тез шалдыққыш, аллергиялық ауруларға бейім болып шыға келеді. Тіпті бүйректе құм пайда болуы, тері мен шаш әлсізденуі, адамның көңіл күйі бұзылып, күйзеліске ұрынуы да мүмкін. Ал мұндай жағдайда өз бетінше емделу ешқандай нәтиже бермейді.
Адамды әлсіретіп, иммундық жүйесіне шабуыл жасайтын дисбактериоз күніне 1-2 рет қана тамақтанатындарда туындауы мүмкін. Ондай жағдайда керекті деңгейде қоректенбеген «өзіміздің» бактериялар әлсірейді де, «бөтен» микробтар бас көтере бастайды. Ал адам мұндайда суықтап қалдым екен деп дереу антибиотиктер қабылдауы мүмкін. Бұл дәрілер ауру тудырушы микробтарды ғана емес, «өзіміздің» бактерияларды да өлтіреді. Сондықтан ампициллин, амоксициллин, бисептол және гентамицинді өз бетіңізше қабылдамаңыз. Өйткені олар қатерлі антибиотиктер қатарына жатады. Ал пенициллин, левомицетин, цефазолин, фторхинолон, эритромицин, азитромицин, рокситромицин және мидекамициннен қорықпауға болады. Дегенмен дисбактериоздан абай болу үшін және кейінірек ішек проблемалары болмасын десеңіз, дәрігермен кеңескен жөн
Қорқыныш, невроз, жиі күйзелу, іш қату да иммундық жүйені әлсіретіп, дисбактериозға апаратын төте жол. Сондай-ақ күн сайын ішіңізден естілетін қорылдаулар, іштің кебуі, ауыздан шығатын жаман иіс те осы аурудың белгісі болуы мүмкін. Ал оны болдырмау үшін не істеуге болады?
Ең алдымен көп қимылдаңыз. Дененің ырғалуы ішектің бұлшық еттерін қалпына келтіреді. Ал белокқа бай тағамдар, әсіресе ет ішектің жоғарғы бөлімдерінен бастап сіңеді де, «бөтен» бактериялар тамақсыз қалып, әлсіздене бастайды. Түрлі тұздықтар бұл процесті күшейтеді, сондықтан етке бұрыш салыңыз немесе дәмдеуіштер қосып жеңіз. Тамақтан сағаттан соң 2 ас қасық өсімдік майын ішкеңіңіз тіпті жақсы. Ұйықтаудан жарты сағат бұрын бір стакан айран ішкен дұрыс. Ондағы қышқылсүтті бактериялар асты қорытуға көмектеседі.
Иммунитетті, яғни ішек «солдаттарын» күшейту үшін кебектен жасалған нан, қырыққабат, сәбіз, аскөк және қызылшаны көбірек пайдаланған жақсы. Терапевт немесе гастроэнтерологқа көрініп, олар ұсынған дәрілерді қабылдауға да болады. Дәрігерлер дисбактериозға ұшыраған адамға пробиотиктер тағайындауы мүмкін. Бұл «бөтен» микробтарды жойып, «өзіңіздің» бактерияларға тағам болатын препарат. Олар дәріханаларда рецептісіз беріледі дегенмен, дәрігер кеңесінсіз оны қабылдамағаныңыз жөн. Ал ең бастысы, күніне 3-4 рет, уақытылы және дұрыс тамақтаныңыз. Сонда иммунитетіңіз күшті, деніңіз сау болады.
Ақпарат көзі: http://www.zamana.kz/home/1-latest-news/1454-imunitet.html