Абылай ханның өз заманында аса жоғары бағалаған екі батыры болса, соның бірі – Баян батыр. Орта жүздің уақ руынан шыққан әйгілі батыр туралы аңыз да, ақиқат та көп. Сондай бір аңызға негізделіп жазылған поэма – "Батыр Баян". Қазақ поэзиясының інжу-маржанына айналған поэманың авторы – Мағжан Жұмабаев.
Бұл поэмада Баян Батыр туралы айтылады. Аламандықта Батыр Баян бір сұлу қалмақ қызды тұтқынға алады. Баян қалмақ қызына ғашық болып, бірақ қыз жақтан батырдың көңілінен шығатындай жауап болмайды. Қалмақ қыздың есімі – Құралай. Бұл қыз Баянды емес, оның інісі Ноянды сүйіп, екеуі қыздың отанына қашпақшы болады. Батыр Баян бұл істі туған жерді сату деп есептеп, оларды артынан қуып, Құралай мен Ноянды өз қолымен өлтіреді. Қызбалықпен жасалған істен кейін Баян өз ісіне өкініп, екеуін бірге жерлейді. Осыдан кейін, Батыр Баян Абылай ханның рұқсатын алмай, қасына 100 жігітті ілестіріп қалмақтарға аттанады. Сол соғыста Баян Батыр қайтыс болады.
Баян Қасаболатұлы – тұтас ғұмырын қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек батыр. Батырлығымен, тапқырлығымен Хан Абылайдың ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып, "Батыр Баян" атанған. Бұл кісі туралы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде және профессор Зарқын Тайшыбай келтірген Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатының материалдарында нақтырақ жазылады. Бұдан басқа қазақтың ұлы жырау-ақындары Үмбетей мен Тәтіқараның өлең-жырларында, халық аузында сақталған «Жантай батыр» фолкьлорлық мұрасында батыр есімі аталып, ерлігі дәріптеледі.
Толығырақ: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/58343/