+1 дауыс
1.9k көрілді
эссе жазыбыр бере аласыздарма? Адал еңбек-ердің досы

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Біз сөз еткелі отырған Сарқыт Жанғонұлы Болатбеков те осындай абзал азамат. Ол кісі өзінің сексен жыл ғұмырында тағдыр маңдайына жазған қиындықты да, бейнетті де бір кісідей кешудей-ақ кешкен. Табиғат бойына дарытқан төзімділік пен қайсарлық арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе көлденең тұрған бейнетті еңсеріпті. Ал, кімде кім қиындықты жеңсе, бейнетті еңсерсе, ол адам өмірдің тәтті жемісін де татпақ. Тіпті, мұндай адамның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі, ал күреске толы тағдыры болашаққа жазылған хаттай болмақшы.

Қазақ халқы ашаршылыққа ұшыраған кездің алдында ғана, нақтырақ айтсақ, 1929 жылы жарық дүние есігін ашуының өзі оған зор сын екен-ау. Тағдырдың оған бұйырған ащы таяғы осы ғана ма, Сарқыт аға өмірге әкесі дүниеден өткен кезде қадам басыпты. Әкесі Болатбек бұ дүниеден намаз оқып отырып, жайнамаз үстінде озса керек. Өмірден өткен әкенің жалғасындай боп келген қызылшақа нәрестеге Сарқыт деп азан шақырып, ат қойылғаны да содан екен.

Көзін ашпай жатып тағдыр тақсіретін тартқан сәби Сарқыт есін бір біліп, бір білмейтін төрт жаста шешесінен де мәңгіге айырылады. Ал,бұған дейін ниеттес бес баланың бірін жетелеп, бірін арқалаған шешесі Мәрия Шымкент жақты шарлап, тамақ асыраған екен. Сөйтіп, ашаршылық тауқыметін тартып, арып-ашыған қайран ананы ажал шіркін шыр-шыр еткен балапандарына одан әрі қарайлауға да мұршасын келтірмейді.

«Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегенді қайран қазақ бабамыз атан түйені жығар осындай нәубетті көп көргесін айтқан шығар. Сарқыт Жанғонұлының да ендігі өмірі осыған ұқсас болды да қойды. Шеше өлімі бала Сарқытқа үшінші сын болатын.

Сонымен, кіндік қаны тамған топыраққа – Жезқазған өңіріне оны өмірдің өзі қаңғалақ қақтырып, еріксіз айдап әкелді. Бұл кезде туған жерінде қалып, тұрмысқа шығып үлгерген үлкен апасы жетімдік тақсіретін тартып, шулап қалған бауырларын өз қамқорлығына алады.

Туғалы қиындық пен қасіретті қатар тартқан, сын тезінен өткен жанды өмірдің өзі ширата түсетіні рас-ау. Байқоңырдағы сегіз жылдық мектепке қабылданған ол, ә дегеннен зеректігін танытып, жүргізіп оқып кетеді, санды санға қосуда, санды саннан алуда алдына бала салмайды. Әттең, сөйткен баланы алысқа ұзатпай, шідерлеп ұстаған қолдың қысқалығына не дерсің. Болайын деп тұрған бала сегіз жылдық мектепті бітіре салысымен қара жұмысқа еріксіз жегіліп кете барады. Байқоңыр көмір кенішінде камероншы болып, жер астына түседі.

Жиырма жасқа толғанда әскер қатарына шақырылады. Оған дейін ол Қарсақпайдағы кешкі мектепті бітірген еді. Үш жарым жыл солдаттық өмірді артқа тастап, Рудник қыстағына оралған соң, «Петро» шахтасына жұмысшы боп, сол баяғы өзі білетін қара жұмысқа білек сыбана кірісіп кетеді.

Еті тірі адам қай жерде де жарық жұлдыздай жарқырап көрініп, көзге алдымен түсіп жүреді ғой. Сарқыт та ә дегеннен басшылық көзіне келешегінен үміт күттірер жігіт боп көрінеді. Шахта бастығы Мұхит Бөпежанов та болар баланы дәл тани білген шығар, шахтадағы мыңдаған жұмысшы ішінен Сарқытты таңдап алып, есепші болуды ұсынады. Бұл ұсыныс болашақ кәсібі болатынын ол сол кезде білді ме, білмеді ме, әйтеуір басшылықтың сеніміне іштей қобалжығаны рас.

– Қорықпа, әлі-ақ меңгеріп кетесің, мектеп бітірген деген атың бар емес пе, – деп Мұхит Бөпежанов оны жігерлендіріп қояды.

Бұл да басшылық артқан сенім үдесінен шығу үшін жұмысын тиянақты орындауға тырысты. Әрқашан жауапкершілікті сезініп жүрді. Осы жауапкершілік жүгін зейнет демалысына шыққанша бір босаңсытқан жоқ. Есепшілікке жұмысшы арасынан келгенін жадынан шығармады. Осы жауапкершілік оны көгертті, көктетті. Басшылық тарапынан тек алғыс естіді. Көп ұзамай жәй есепшіліктен шахтаның бас есепшілігіне көтерілді.

1960 жылы Солтүстік кен орны ашылғанда басшылық оған тағы да сенім артып, құрамында бірнеше шахтасы бар үлкен кен орнына бас есепші етіп тағайындайды. Комбинат біртіндеп қарқынды дамып, жер асты кенін игеру үшін жаңа шахталар салына бастайды. Олар «Солтүстік», «Шығыс», «Оңтүстік», «Батыс» деп аталады. Сарқыт Жанғонұлы осындағы «Шығыс» шахтасының есеп бөлімін басқарады.

Адал еңбектің еленбей қалмайтын кезі ғой, көп ұзамай комбинат директоры В.В. Гурба оны комбинаттың бас есепшісінің орынбасары етіп тағайындайды. Бір жылдан соң оған кәсіпорынның қаржы бөлімі сеніп тапсырылады.

Өндірісте есеп-қисаптың орны бөлек, оның маңызы зор екенін кей-кейде ескере бермейміз. Еңбек өнімділігі қанша жерден қарқынды болғанмен оның нәтижесін көрсететін де есеп-қисаптың дұрыс, әрі тиімді жүргендігі. Міне, Сәкең оны түсіне білді. Комбинаттың тасы өрге домалауының бір себебі осы болатын. Әрине, Сарқыт Жанғонұлының осындай ақыл-ой еңбегін басшылық бағаламай қалған жоқ. 1973 жылғы көктемде Жезқазған облысы құрылғанда, оған Жезқазған обком партиясының қаржылық-шаруашылық бөлімін басқаруды ұсынып, зор жауапкершілік жүктеледі.

Жаңа облыстың құрылуы сол кезеңде Республика үшін де үлкен сын еді. «Қалай болар екен, облыс боп қатарға қосылып кете алар ма екен?» деп күдік айтқандар да болмай қалған жоқ. Қала берді облысты басқаруға жіберілген басшылық қыруар жұмысты атқаруы тиіс еді. Ал, осы қыруар жұмыстың қаржыға барып тірелетіні бесенеден белгілі. Мұндай жағдайда қаржы тиімді бөлінсе, әділ бөлінсе ғана бір нәтижеге жетуге болады. Әйтпесе, қаржы деген алақандағы сынап сияқты ғой, сәл мүлт кетсең құмға құйған судай құйрығын ұстатпай кетуі әп-сәтте. Сондықтан ондай жауапты орында сөзі де, ісі де орнықты маманның отырғаны керек. Сарқыт Жанғонұлы осы қызметті абыроймен он жыл атқарды. Жоспарланған жұмысты белгіленген мерзімде орындай алды. Былай қарағанда есеп қызметі көзге ілінбейтін сияқты. Ал, шын мәнінде шаруа шаш етектен болатын. Жауапкершілігі мол, екі шоқып, бір қарауды талап етеді. Осы жұмысты ол еш селкеусіз, тиянақты жүргізді. Әрине, мұның барлығы оның өмір жолы ғой, ал адал еңбек қиындықсыз орындалмайды. Сәкеңді де шыңдаған осы адал еңбек. Осы адалдық білдей бір жаңа облыстың экономикасын көтеріп, шаруасының шалқуына, мәдени саласының дамуына, бір сөзбен айтқанда, төрт аяғын тең басып кетуіне зор үлес боп қосылады. Ел сенімін ақтап, аса зор ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Бірақ, осының бәрі оңайшылықпен келмегеніне көңілім сенеді. Көптеген шаруаны сол күйі жаңадан бастауға тура келді. Ал, ол қандай шаруалар еді: әкімшілік ғимараттарын, Жезқазған қаласы мен аудан орталықтарында жаңадан тұрғын үйлер салу сияқты кезек күттірмес ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс еді. Міне, осы жұмыстардың бір ырғақпен жүріп тұруы үшін қажетті заттармен жабдықтау сол мезгілдегі өте қиын жұмыс болатын. Қаржы саласы – аса бір ұқыптылықты, тиянақтылықты, орнықтылықты талап етеді. Ал, Сарқыт Жанғонұлының жолдан тайған кезі жоқ. Өйткені ұқыптылық, тиянақтылық, орнықтылық, қанағатшылық оның басына бала кезінен қалыптасқан қасиеттер. Оны әрқашан биіктен-биікке жетелей беретін. Оның тағы бір белесі – Облыстық тұтынушылар одағын басқарған кез.

Әсілі, адал адамның, іскер маманның мойнына жауапкершілік жүгі молырақ артылады. Селолық кооперацияны жандандыру қажеттігі сезілгенде обкомның сол кездегі бірінші хатшысы К.Лосев оған осы саланы басқаруды ұсынады. Сарқыт Жанғонұлының бұл саладағы атқарған еңбегі де ересен. Ұлытау селосындағы, Сәтбаев қаласындағы әмбебап дүкендер, Жезқазған қаласындағы «Кооператор» дүкені және сол сияқты басқа да сауда орындары осы кісінің қолтаңбасы екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді.

«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Сарқыт Жанғонұлы да адал еңбекке 55 жылын арнапты. Оның 40 жылын комбинатта есеп жұмысына жұмсапты. Қатардағы есепшіден акционерлік қоғамның вице-президентіне дейінгі жолдан өтті. Күш-жігерін, тәжірибесін қай салада да аямады.

Даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқара білді. Бүгінде құрметті демалыста. Отбасы да басқаларға үлгі, өнеге тұтарлық. Құдай қосқан қосағы Нұрайша апай екеуі қызығы да ,қиыны мол өмірді бастан кешірді. Сарқыт Жанғонұлы Болатбеков қазір – тәрбиелі ұл-қыз өсірген өнегелі әке, немерелерінің қуанышына бөленген ұлағатты ата.

Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/news/2490

...