0 дауыс
47.6k көрілді
Айтыс - халық қазынасы тақырыбында эссе жазу керек?

1 жауап

0 дауыс

Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы Үндістан халықтарында бар. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса керек.

Айтыстың ескі түрі деп есептелетін бәдік айтысының негізінде адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа айтыстардың ішінде қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту қиын. Дегенмен, кейбір айтыстардың мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі мен тірінің айтысына қарағаңда, жұмбақ айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық.

Салт айтысының ескі түрі қыз бен жігіт айтысында негізгі тақырып – жастық көңіл күйі мен өнер сынасу болса, ақындар айтысында өнер салыстыру, сөз сынасудың үстіне әр ақын өз руын дәріптей жырлаушылық келіп қосылғанын көреміз. Әсіресе бұл XIX ғ. етегін кеңірек жайған. Осы дәуірде өмір сүрген атақты ақындар: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара, т.б. түрлі тақырыпта шығарған қысқа өлеңдерімен қатар, айтысқа түсіп, сан алуан сөз тартыстарын бастарынан кешірген және тарихта көпшілігінің аттары осы айтыс арқылы сақталған. Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан да айрықша орын алады. Тек қазақта ғана емес, бүкіл Шығыс елінде бар айтыс қазір өзінің жанрлық қасиетін, түрін қазақ әдебиетінде ғана сақтап қалып отыр.

Айтыстың алғашқы бұлақ көзі тұрмыс-салт жырларындағы “Жар-жар” мен “Бәдік” жырларынан басталған. Кейін қыз бен жігіт айтысына да (қайым өлең) ұласқан. Келелі ақындар айтысы — екі дай жұрттың ортасында бетпе-бет отырып, қолма-қол шығарылып айтылады. Қазақ айтыстары жанрлық сипаты жағынан түре айтыс, сүре айтыс болып екіге бөлінеді. Алғашқысына бір-бір ауыз өлеңмен қайырылатын айтыстар жатса (“Жар-жар”, “Бәдік”), кейінгісіне келелі, кесек ақындар айтысы енеді (“Ақсұлу мен Кеншімбай”, “Әсет пен Ырысжан”, “Сүйінбай мен Қатаған”, “Жамбыл мен Құлмамбет”, “Молда Мұса мен Манат қыз”, “Кемпірбай мен Шөже”, “Орынбай мен Тоғжан”, “Біржан мен Сара” тағы басқа). Айтыс мазмұндық сипатына қарай, әдет-ғұрып айтысы және ақындар айтысына жүйеленеді. Соңғысы тақырып аясына қарай жұмбақ айтыс, мадақ айтыс, тағы басқа болып жіктеледі.

Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Бетпе-бет келген екі ақын да сол орайда жеңудің сан алуан жолдарын, амал-тәсілдерін қарастырады. Ә дегеннен амандасу, ел жағдайын сұраудың өзінде айтыс боларлық түйін, сын тағарлық мәселелер іздестіріледі. Қарсыластардың қай-қайсысы да негізгі уәж, аталы ойларын бірден жайып салмай, аңысын аңдап, құрылған тор, айлалы қақпанға түсіруді көздейді. Оның алдын орап, матап, шырмап, қисынды да уәжді сөзбен тоспақ болады. Машығы мол, айла-тәсілі көп, аталы сөзді орнымен қолдана білген ақын ғана мәрелі жеңіске жетеді. Суырып салма өлеңге ысылған, ағыл-тегіл жыр иесі айтыста сөз таппағаннан жеңілмейді, аталы сөзден, жүйелі ойдан, бұлтартпас шындықтан тосылады. Мұны қанша өкінішті болса да жұрт алдында ашық мойындауға, кейінгі жырлау кезінде жасырмай айтуға мәжбүр болған. Бұл шыншылдық ойды “Аталы сөзге арсыз жауап қайырады” деген мәтелімен айтыстың әділ қазысы болған халық өзі түйіндеп отырған.

...