0 дауыс
13.5k көрілді
"Абай - ізгі қасиеттердің жоқтаушысы" тақырыбында әдеби эссе жазу

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл.

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе,

Адалдықты көздесең, жаттап тағы көңілге...- деп ақын С.Торайғыров жырласа, Жан-Жак Руссо «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деп айтқандай, жылдан-жылға оқушыларымыздың Абай атамызды танып-білуге деген ынтасы артып келеді.Сондықтан да біздің мақсатымыз - жас ұрпаққа Абайдың даналығы туралы кең түсінік беріп, шығармалары мен асыл сөздерінің мәнін ұғындыру.

Шәкірт жүрегіне жол тауып, оның көкірек көзін оятып, ұлы Абай әлеміне құштарлығын арттыру үшін аямай тер төгіп жүрген ұстаздар еңбегі айтарлықтай.

Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. Ол туралы айтылар сөз, жасалар істер әрқашанда өз арнасын табуы тиіс. Абай өлмес мұра қалдырды, оны алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту - біздің ғұмырлық парызымыз.

Бүгін мен баяндама тақырыбын «Абай - дана, Абай - дара қазақта» деп тектен-тек алып отырған жоқпын. Осы жерде Елбасымыздың мына сөзіне назар аударайықшы: «Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Қаншама сыр, қаншама ой жатыр осы сөзде. «Болмасаң да ұқсап бақ»,- деген Абай атамыздың асыл сөзін еске ала отырып, болашақ ұрпағымыздың бойына данышпан бабаларымыздың асыл қасиеттерін сіңіруді, Абайдай халық қамын ойлайтын саналы азамат тәрбиелеуді қазіргі өмір талабы біздерге, соның ішінде ұстаздар қауымына жүктеп отыр. Сондықтан Абай туралы бар білгендерімізді бүгін сарапқа салғалы отырмыз.

Мен қазақпын дейтін әрбір адамның жүрегінің түкпірінде Абайға деген бір жылы сезім жататыны мәлім. Оның терең мағыналы өлеңдері мен әндерін, қара сөздері мен дастандарын оқып, жаттап, айтып өскен әрбір адам Абай десе елең ете қалары сөзсіз.

Абайдың зиялылық шығармашылығы оның педагогикалық көзқарасымен ажырамас бірлікте. Абай адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін ағартушылық міндетін терең сезінген. Мәселен,

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай, баптанба,

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге,» - дей келіп, адам мінезіне жақсы да жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп, даралап түсіндіріп береді. Жас ұрпақтың ақыл-ой тәрбиесін жан-жақты жырлап, адамзат баласының ең асыл қасиеті білім-ғылымға ұмтылу деп бағалайды. Ғылым-білімге талпыныс адамның жан дүниесімен қоса сыртқы айнала қоршаған экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланысты екендігінің шындығын айтады.

Абай – кемеңгер! Бүкіл халықтың бетке ұстар данышпаны. Сондай-ақ, Абай көзі тірісінде өзінен кейінгі өнерлі ұрпақты әдебиетке, поэзияға жетелеген өрелі Ұстаз, Хәкім!

Ақынның соңында қалған шығармашылық мұралары ана тілімізде, сондай-ақ басқа тілдерге тәржімаланып, әлемдік деңгейде танылуда, зерделі зерттеу еңбектері де өз оқырманын тауып жатыр. Бұл күні Абай мұрасын зерттейтін өз алдына дербес «Абайтану» ғылымы кең өріс жаюда. Абай мұрасын танып білу, терең меңгеру оңай іс емес. Абайдың осы тереңнен тартқан әдебиет саласындағы тамырын насихаттауды жаңа талап тұрғысынан түлетіп, жаңа серпінмен көрсете білу керек.

Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері - Абай Құнанбаев. Дана ақын Абай 1845 жылы тамыз айында қасиетті Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі зерек ел ағасы, ірі тұлға. Абайдың анасы - Ұлжан, әжесі - Зере.

Он үш жасында Абайды әкесі Құнанбай оқудан шығарып, ел билеу әдісін үйретеді. 60-шы жылдардың аяқ кезінен бастап Абай аздап оқыған орысшасын өз бетімен оқу арқылы дамытып, орысша кітаптарды көп оқиды. Семей кітапханасынан кейде өзі барып, кейде арнайы кісі жіберіп кітаптар алдырады. Сөйтіп жүріп, ол 1870 жылы Петербургтен жер аударылып келген жас революционер Е.П.Михаэлиспен кездеседі. Кітапханада Л.Толстой кітабын сұрап тұрған қазақы адамды көріп таңырқаған Михаэлис оған таяп келіп, жөн сұрайды. Екеуінің таныстығы осыдан басталып, кейін үлкен достыққа айналады.

Бұл жылдары Абай орыстың ұлы классиктері Пушкин, Толстой, Лермонтовтармен қатар революционер-демократтар Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың және Еуропаның ақын, ғалым, философтарының да еңбектерімен танысып, әдеби білімін, философиялық ой-пікірін, дүниетану көзқарасын кеңейте түседі. Абай орыс әдебиеті мен публицистикасын тек оқушы, үйренуші ғана болып қойған жоқ, оларды қазақ даласына насихаттаушы, өзінің мазмұнына түрі сай, көркем аудармалары арқылы оның идеясы мен мазмұнын да, эстетикалық қасиеттерін де қазақ оқушыларына дәл жеткізуші болды.

1886 жылы Абай "Ғылым таппай мақтанба , "Интернатта оқып жүр" өлеңдерін жазды. Ақынның бұл өлеңдерінің күні бүгінге дейін мәні зор. Ақын айтқан: өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, орынсыз мал шашу сияқты теріс әрекеттер әлі де бар. Ал, талап, еңбек, ғылым, қанағат, рақым да біздің қазіргі тәрбиеге дәл келеді.

  Абай қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі кемшіліктерді қайталамады. Шығыс, батыс, орыс мәдениетін өз шығармаларына үлгі етіп, сол арқылы өз өлеңдерінің сапасын жоғарылатты, ұлттық түрді сақтай отырып, оған интернационалдық нәр берді, әдебиетімізді шын өнер дәрежесіне жеткізді.

XIX ғасырдың екінші жартысында Абай қазақ әдебиетінің тарихында сыншылдық реализмнің негізін қалаушылардың бірі болды. Өзінің аса жоғары табиғи дарынымен ол барлық ақын-жазушылардың алды болуымен қатар, өз еңбектерінде тек қана халқының мақсат-мүддесін қорғай отырып, оған көркемдік образ бере білді. Қазақ әдебиетінің демократиялық бағытын негіздей отырып, Абай дәл сол кезде қазақ әдеби тілінің тууын зерттеген. Оның поэзиясы ойға қонымды, әрі жинақы, аса бай әдеби тіл мәнерін шебер қолдануы арқылы белгілі.

Қазақ халқының қоғамдық ортасында дамып жетілген Абай поэзиясы халықтың әдеби бай қазынасынан нәр алып отырды. Ақын 1880-1900 жыл-дардағы халық өмірінің елеулі өзгерістерінің бірі болып саналатын сол кездегі қоғамдық-тарихи жағдайдың қазақтарға тигізген әсерін жан-тәнімен түсіне отырып, өз шығармасында қазақ қауымының даму барысын әрі терең, әрі шыншылдықпен суреттей білді.

Өнер жолындағы жоғары, аса керемет жетістіктер мен ескілікті біржолата сыпырып, жаңашылдықты тарихи түрде мойындатуы және халық өмірінің ішкі дүниесін жан-тәнімен түсінуі, өлеңдерінің бай қоры Абай шығармаларының классикаға көтерілуіне, әлем әдебиеті мен орыс әдебиетінің бай қазынасынан нәрлі қорек ала білген Абай қарапайым қазақ халқын реалистік түрде жырлай бастады. Оған жұртшылыққа кеңінен танымал: «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған аң күмістей кең маңдайлы», «Қартайдық, қайғы ойладық ұйқы сергек», «Интернатта оқып жүр» атты, сол кездегі ел басқарушылар, жыл мезгілдері, махаббат лирикасы қамтыған өлеңдері куә.

Абай өлеңдерінің ең негізгі тақырыбы қазақ халқының бүгінгі жағдайы мен әрі қарай даму жолдары еді. Халқы туралы ой олардың аянышты да ауыр тұрмысын көре отырып жазған өлеңдеріндегі жан күйзелісі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Күз», «Сегіз-аяқ» және т.б. өлеңдерінде айқын білінеді. Абай лирикасында әлеуметтік тақырыптың көрнекті орын алуын Абай еңбегін зерттеушілердің көпшілігі атап өткен. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым! Қайран жұртым», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» өлеңдерінде азамат ақын ел арасында кең етек алған зұлымдықтан арылуды аңсаған еңбекші халықтың жоғын жоқтап, күйін күйттеген өз өлеңдерін әлеуметтік күресте ең қарулы күш ретінде танытты. Нақ осы шығармаларының бәрінде халықты қанаушы, езуші «халқының қамын жегендердің» екі жүзді, арам пиғылдары мен еңбекші қарапайым халықтың ақ көңілін салыстыра келе былай сөз қозғайды:

«Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» ,-деп күңіренеді.

Абай тек қана халқының жоқтаушысы, тек қана ащы тілінен әшкерелеуші сатирик болған жоқ, сонымен қатар ол халық арасындағы өріс алып келе жатқан тың бастаулар: адамгершілік, өнер-білімге деген құштарлық, жаңа өмірге талпыныс сияқты даму көрсеткіштерді де тілге тиек ете білді:

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап мол ізде,

Адал бол - мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең істің бәрі бос,- деп «Қызыл тіл» өлеңінде жырлаған екен.

Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да ерекше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне, шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен, дамытып көрсетеді: онда ел өмірі, жалпы тұрмысы, бай серуені бірге қамтылады. «Желсіз түнде жарық ай», «Қыс», «Жаз», «Күз» т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ ауылының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді. Ақын табиғатқа жан бітіре суреттейді, ерекше мейірлене жырлайды.

Ақынның, әсіресе жастарға арналған өлеңдері ерекше айшықты. Жастық шақ - адам өмірінің ең бір думанды кезеңі, сондықтан да «Ойлансаңшы, бос қаңқай елең-селең» - деп, уақытын арзан күлкімен өткізбеуді тілейді. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім», «Жас өспірім замандас қапа қылды» т.б. өлеңдерінде жастарды мәрттікке, татулық, береке, бірлікке шақырады.

Абай жастарды надандық, тоғышарлық, жалқаулық сияқты жаман әдеттерден аулақ жүруге тәрбиелейді, сонымен қатар, олардың «босқа өтіп бара жатқан» өмірлеріне күйзеледі және өткір сынға алады.

Заман ақыр жастары

Қосылмас ешбір бастары.

Біріне бірі қастыққа

Қойнына тыққан тастары.

Саудасы - ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы,

Еңбекпен етті ауыртпай,

Құр тілменен жиғаны.

(«Заман ақыр жастары»)

Абай - мөлдір махаббат, адал достық жаршысы, Алғашқы махаббат сезімін табиғаттың көркем бесігіне бөлеп, қоршаған ортамен байланыста әлдилейді.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны - терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

(«Желсіз түнде жарық-ай»).

Абайды халқымыз ішкі жан сарайының рухани байлығы, сезім пәктігі, сезім мөлдірлігі, шынайылығы, ақындық мәдениеті үшін қатты қадірлеп, құрмет тұтты. Тіршілікті, дүниені, адамның ішкі жан-дүниесінің қыры мен сырын дөп басып, туған халқының жүрегіне жеткізу.

Өзі үстем таптан шықса да, Абай бұқарашыл тілектегі халық ақыны болды. Ол шығармаларында сол халықтың мүддесін, арман мұңын жырлады. Соның жарқын болашағын аңсады. Ақын адамның адамдық қасиеті еңбекте, ғылым-білім үйренуде, адамгершілік мінез-құлықта деп ұқты. Сондықтан елін еңбекке, өнерге үндеді. Қазақ әйелінің бас бостандығын жырлады.

  Қазақтың ұлттық музыкасының алғашқы қадамынан бастап, оның қалыптасып өркендеу тарихында Абай мұрасының алатын орны ерекше. Абайдың композиторлық, ақындық мұрасы халқымыздың мәдени тарихының ажырамас бөлігіне айналып, музыкалық жанрды дамытуға жаңа жол салды.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абай музыканың да адам өміріндегі орнын, оның поэзиямен күші арта түсетінін сезген. Абай әнді ермек үшін де, қосымша кәсіп болсын деп те шығармаған. Ол жан сырын халыққа тек поэзия тілі арқылы ғана жеткізуді місе тұтқан, сонымен бірге халқымен музыка арқылы да тілдесуді жөн көрген.

Абай тек ән шығарушы ғана емес, ән-күйдің әділ сыншысы да. Ол ән-күй жөнінде көптеген терең, үлгілі пікірлер айтты.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең...

Бұл арада өлең деген сөз ән мәнісінде айтылып тұр. Ол музыканың адам туғаннан бастап, өмірінің соңғы күніне дейін ілесе жүретінін аңғартады.

Абай қазақтың ұлттық әдебиетін мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да байытты. Қазақтың әдеби тілінің негізін салды.

  Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов Абайды "қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі" деп орынды атаған.

«Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы- қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтындығына, қорғайтындығына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін» деген Елбасы.

Абайдың мұрасын ғылыми тұрғыдан меңгеруде тарихи еңбек атқарған академик М.Әуезов болатын. Ұлы жазушы артына ұлан-асыр көркем туындыларын, әсіресе, «Абай жолы» эпопеясы мен Абай шығармалары жайлы ұзақ жылдар бойы ізденуден туған зерттеу еңбектерін қалдырды. Жазушының «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетін бүкіл әлемдік даңққа бөледі. Мұхтар Әуезовтің ұлы Абайға деген махаббаты - оның туған халқына, туған мәдениетіне деген махаббат еді.

Сөзімнің тобықтай түйінін айтар болсам,

Бәрімізге қасиетті Абай ақын,

Оқып-біліп өзіне болдық жақын.

Жылы тиіп жүрекке өлеңдері,

Әр сөзінен ұғамыз ақыл-нақыл.

Үйретті ол ұрпағын жақсылыққа,

Қара сөзі әркімге басшы-нұсқа.

Қаншама жыл өтсе де сөзі өлген жоқ,

Өсиетін аламыз басшылыққа, - дей отырып, міне, «Абай - дана, Абай - дара» деп бекер айтпайды екенбіз. Қазақ елінің ақыны көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абай тереңіне әлі де толық бойлай қойғанымыз жоқ. Оны алдағы уақыттарда да терең білуге тырысарымыз хақ. Абайы бар қазақ бақытты. Абайы бар ел қай халықпен де терезесі тең. Абайы бар елдің мерейі үстем.

...