+1 дауыс
32.4k көрілді
Бейіт басына қай уақыттарда бару дұрыс? Түстен кейін баруға болмайды деп естігем. Әкемнің басына бару керек. Жылда басына баратынмын. Бірақ, бір үлкендер айтқан, түстен кейін болмайды деп.

2 жауап

0 дауыс

Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары 

1) Қабірлер тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттағы қабірлерді жеке-жеке етіп қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі. 

2) Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды»[1], – деген. Егер қабір басына кесене салынып қойылса, оны бұзуға болмайды. Алайда кейбір ислам ғалымдарының пікірі бойынша, ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген[2].

 3) Қабір басына белгі ретінде тас қоюға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында үлкен бір тасты көтеріп әкеліп белгі үшін бас жағына қойған[3]. Алайда белгі ретінде қойылған құлпытасқа сурет салуға болмайды. Сондай-ақ құлпытасты мүсін бейнесінде ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға тыйым салынады. 

4) Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін, датасын жазуға, сондай-ақ, ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін құлпытасқа жазбаған жөн.

 5) Бірізділік мақсатында қайтқан адамның қабірінің көлемі: ені 2,5 м, ұзындығы 3,5 метр болғаны жөн. Екі қабір арасы 1,5 метрден аспауы тиіс әрі әрқайсысы қатарлап рет-ретімен қойылуы қажет. 

  6) Қабірдің лақатын жабатын материалға күйдірілген кірпіш, қара қағаз, салафанды пайдаланбаған дұрыс. Қабірді жабу үшін табиғи материалдардан ағаш, тақтай, шыбық, плитаны пайдалануға болады. 7) Қабір айналасын тазалауға, түзетуге рұқсат. Ал оны жаңалауға, бояуға т.б. тыйым салынады.

 8) Қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек қана өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ.

 9) Мұсылманның қабірі өзге дін өкілдері зиратымен араласпай, бөлек қазылуы тиіс.

 http://fatua.kz/kz/post/view?id=819

+1 дауыс

Марқұмға сауабы тиетін амалдар

Қабір - ақырет әлемінің ең алғашқы аялдамасы. Бұл әлемнің ақиқаты тек Алла тағалаға ғана аян. Алла Пайғамбары (с.ғ.с.) айтқандай, қабір - нағим, яғни рахаты бар және жахим, яғни азабы бар әлем.

Ибн Омардың (р.а.) келтірген хадисінде: «Расында, сендердің бірің қайтыс болса, оған күндіз және кешке орны көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат иелері қатарынан, ал тозақтық болса, тозақ иелері қатарынан. Сөйтіп оған: "Бұл - Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейінгі орның»1,- деп айтылады.

Ал, имам Ахмедтің хадисінде: «Мүминнің жаны, қайтыс болса, Алла оны тірілтетін күні тәніне қайтарылғанға дейін жәннат ағашына ілініп ұшып тұрады»2,- делінген.

Сондықтан да, шынайы мүмин қабір басына барғанда жүрегі жібіп, жанарына жас келіп, қайтар жерім қара топырақ,-дейді.

Расында, мәңгі тек Алла, қалған барлық тіршілік ажал құшып, өлері хақ. Имам Муслимнің риуаятында: «Мүмин және мұсылман мекенінің тұрғындары, сендерге Алланың сәлемі болсын. Алла қаласа сендердің соңдарыңнан барамыз. Алладан өзімізге және сендерге амандық сұраймын»,- деп әрбір мұсылман Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен секілді зират басына барғанда марқұмдарға сәлем беріп, олардың жаны жай табуын тілеп, дұға жасауы сауап.

Марқұмға дұға жасаумен іс шектелмейді. Кісі қайтыс болғанымен, оның тірілермен байланысы үзілмейді. Имам Муслим бас болып көп ғалымдар риуаят еткен кең тараған хадисте Әбу Һурайра (р.а.): «Адам қайтыс болса, амалы тоқтайды. Тек үш жолмен (сауап) үздіксіз барып тұрады: тоқтаусыз садақа (яғни ел игілігі үшін салған көпірі, мешіті, медресесі, мектебі, ауруханасы т.б.), ел пайдаланатын ілімі, артынан қалған ізгі ұрпағының дұғасы»3,- деген. Мұсылман қайтыс болып, жамбасы жерге тигенде өзінің амалы тоқтайды. Ал, перзентінің дұғасы, пайдалы ілім және тоқтаусыз садақасы арқылы сауап артынан барып тұратыны шүбәсіз.

Сахабалар да өз кезегінде марқұмдарға сауабы тиетін қажылық, ораза, нәзір ғибадат, құлды азат ету, дұға, истиғфар және садақа сияқты амалдар хақында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұраған.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала пенденің дәрежесін көтеріп жібереді. Мұны көрген адам: «Раббым, маған бұл дәреже қалайша берілді?»4-деп сұрайды. Алла: «Сенің перзентіңнің дұға етуі себепті беріл-ді»,- деп жауап береді.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Кісі жәннатқа кіргенде ата-анасы, әйелі мен перзенттерін сұрайды. Сонда оған: олар сенің мәртебеңе, дәрежеңе жетпеген,- деп айтылады. Ол болса: «Раббым! Мен өзім және олар үшін амал еттім»,- дейді. Сосын ата-анасы мен бала-шағасын ол пенденің соңынан жіберуге әмір етіледі»5,- деп айтылған.

Марқұмға медет болып, сауабы сөзсіз тиетін амалдар мынадай:

Әуелгісі - садақа. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Уа, Алла елшісі! Менің анам кенеттен қайтыс болды. Ол өсиет те айта алмады. Меніңше, анам өсиет етер болса, садақа беруді айтар еді. Мен анамның атынан садақа етсем сауабы тие ме?»- деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ия»,- деп жауап берді.6

Ибн Аббас (р.а.) баяндаған хадисте бір кісі: «Уа, Алла Елшісі! Менің анам бақилық болған, оның атынан садақа берсем, пайдасы тие ме?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия»,- деді. Әлгі кісі: «Менің бір бау-бақшам бар, сізді куә етіп айтамын, сол бау-бақшаны анамның атынан садақа еттім»,- дейді7.

Ал, Сағд бин Ғубадат (р.а.) жеткізген хадисте: «Мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, анам ақыреттік болды, шешем ешбір өсиет айтпады және садақа да бермеді. Мен анамның атынан садақа берсем, қабыл бола ма?»- деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия»,- деп жауап қатты. Мен: «Анама бұл пайда бере ме?»- деп сұрадым. Нәби (с.ғ.с.): «Ия, тіпті (ол садақа) қойдың үйітілген бір сирағы болса-дағы»,- деп жауап берді.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: Біреу Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Менің әкем қайтыс болған. Артында өсиет етілмеген мал-мүлкі қалды. Ол кісінің атынан садақа берсем бола ма?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Ия»,- деп жауап берді8.

Бұл хадистер садақаның марқұмға жететін сауабы жайлы еді. Түрлі жолмен, дұрыс тізбекпен және айқын мәтінмен түсіндірілген. Хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) марқұмның бала-шағасы, перзенттері келіп сұраған. Демек, перзент өзінің бақилық болған ата-анасына сауабын бағыштап садақа бергені дұрыс.

Сауабы сөзсіз тиетін екінші амал - Алланың үйіне умра немесе қажылық ету. Қажылық - Исламның ең үлкен негізінің бірі. Қажылық - намаз, зекет, садақа, Алланы ұлықтау, пәктеу, Жалғыз Патша Аллаға сәжде ету, мейірбандылық, бауырластық және басқа ғибадаттарды орындау үшін бір-бірімен жарысатын маусым.

Абдуллаһ бин Юсуф, одан Малик, одан Ибн Шиһаб, одан Сулайман бин Ясар, одан Абдуллаһ бин Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: Фадл Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жол серігі болып келе жатады. Оларға Хасғам руының бір әйелі жандарына келіп тұрды... Сонда әйел: «Уа, Алла Елшісі (с.ғ.с.) Алланың пенделеріне парыз еткен ғибадаты қажылық әкем қартайған шағында парыз болып тұр. Әкем көлікке де отыра алмайды, оның орнына қажылық етсем болады ма?- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия»,- деп жауап берді. Бұл әңгіме қоштасу қажылығы кезінде болған9.

Термизи жинағында Әбу Разин әл-Ақли пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Әкем жасы үлкен қария, қажылық етуге де, умра жасауға да, сапарға шығуда да шамасы келмейді»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкеңнің атынан қажылықты орында, умраны да жаса»10,- деді.

Абдуллаһ бин Зубайр (р.а.) жолымен келген хадисте Хасғам руының бір кісісі Пайғамбар-дан (с.ғ.с.): «Әкем жасы үлкен кісі, көлікке отыруға да шамасы келмейді. Бірақ, Алланың парызы - қажылық мойнына міндет болып тұр. Менің әкемнің атынан қажылықты орындауыма бола ма?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен, әкеңнің үлкен баласысың ба?»- деді. Ол: «Ия»,- деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер әкеңнің қарызы болса, сен, өтер ма едің?»- деп қайта сауал қойды. Кісі: «Ия»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкеңнің атынан қажылық ет»11,- деп жауап берді.

Марқұмның атынан қажылық жасау жайында айтылған аталмыш хадистердің түйіні: Әйелдің ер кісі орнына немесе кері-сінше, ер кісінің әйел баласы атынан қажылық етуінің дұрыстығы; қажылыққа кедергі сырқаты, әлсіздігі және басқа себепті орындай алмайтын әкесі, не болмаса анасы атынан перзенттің орындауы; науқас, қария және марқұм атынан умра қажылығын орындау; Алланың хақысы басқа ақылардан алдын орындалуы керектігі; Әке-шешеге жақсылық етуде бірінші үлкен перзентінің тұруы; үзірлі себеп болса бәдел қажылықтың тіріге де, марқұмға да сауабының тиетіндігі.

Мұсылманның марқұм үшін үшінші сауапты ісі - ораза тұту. Оразаның сауабы садақа амалы секілді марқұмға пайда беретіндігі жайлы көптеп хадистер келтірілген. Ибн Аббас (р.а.) келтірген хадисте: Бір адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Менің анам қайтыс болған, мойнында бір ай ораза қарызы бар, ол кісінің атынан қазасын өтеуіме бола ма?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия, Алланың қарызы (басқа қарыздардан бұрын) өтелуі тиіс»,- деді. Осы хадистің соңы имам Мусим риуаятында: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіден: «Анаңның (кісілерден алған) қарызы болса, ананың атынан өтер ме едің?»- деп сұрады. Ол: «Ия»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың қарызы (басқа қарыздардан бұрын) өтелуі тиіс»12,- деп жауап берді.

Аталмыш екі амалдың - қажылық пен оразаның қазасын өтеу мәселесінде ер кісі мен әйел баласының жаратылыс болмысы байқалады. Көбіне көп оразаны әйел баласы қаза етеді. Өйткені, етеккір, бала туу, түрлі ауру-сырқаулар және қарттық салдары әйелзатын оразаны қаза етуге мәжбүр етеді. Ал, ер кісілер тек қана сапарға шығу, қартаю және кейбір сырқатқа байланысты ғана қаза етуі мүмкін. Сол себепті де қажылық қазасы туралы хадистерде ерлер жайында сауал қойылған. Ал, ораза қазасы жайында аналар, апа-қарындастар, яғни әйел қауымының мәселесі сұралған.

Төртінші амал - нәзірдің қазасы. Мұсылман ораза, қажылық, умра, садақа және т.б. ғибадаттардың бірін нәзір етіп, бірақ ажалы келіп марқұм болып кетсе, оның жақын туыстары нәзірді өтейтін болса, сауабы марқұмға тиеді.

Ибн Аббас (р.а.) айтқан хадисте: Сағд бин Убада әл-Ансари (р.а.) Пайғамбардан (с.ғ.с.) анасы нәзірін орындамай қайтыс болғанын айтып пәтуа беруін сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анасының атынан орындау керектігін айтып жауап берген. Сағдтың анасы қайтыс болғанына бір жыл өтіп кеткен еді13.

Һаузат бин Халифа риуаят еткен хадисте Сағд бин Убада (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алла елшісі! Анам Исламға кіргенде қартайған кемпір еді. Мен анамның атынан қажылық жасайтынмын, садақа беретінмін және құл азат ететінмін. Енді ол кісі бақилық болды, менің бұл амалдарды анамның атынан орындасам пайдасы тиеді ме?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия»,- деп жауап берді14.

Абдуллаһ бин Аббас (р.а.) Синан бин Абдуллаһ әл-Жаһни әпкесінен риуаят етеді: «Ол әйел Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып: «Алла расулі! Анам дүниеден өтті. Ол кісі Кағбаны жаяу зиярат етуді нәзір еткен еді?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анаңның орнына жаяу баруға шамаң келе ме?»- деп сұрады. Ол: «Ия»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Онда орнына орындап бер»,- деді. Ол әйел: «Орындасам анамның қарызы мойнынан түседі ме?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрине, анаңның (кісілерден алған) қарызы болса, сен оның орнына қарызды өтесең, сенен қабыл алынады ма?»- деп өзінен сұрады. Әйел: «Ия»,- деді. Ол кісі (с.ғ.с.): «Алланың ақысы одан (пенде ақысынан) да жоғары»,- деп жауап берді15.

Жоғарыда айтылған хадистерден аңғаратынымыз, кісі қайтыс болғанымен бала-шағасымен, туысқандарымен және де, шәкірттерімен байланысы үзілмейді. Марқұм туысына ізгі амал етіп сауабын бағыштаймын деген әрбір адам үшін, әсіресе, перзент, жақын туыс және де тәлім алған шәкірттерге әрдайым есік ашық.

Марқұмға сауабы тиетін бесінші ізгі амал - Құран оқу.

Миғқал бин Ясар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Араларыңнан марқұм болғандарға «Иасинді» оқыңдар16»,- деген сөзін риуаят етеді. Алдыңғы буын ғалымдарына жататын имам Ахмед заманында Құран оқып, сауабын марқұмдарға бағыштау қалыптасқан белгілі үрдіс еді.

Миғқал бин Ясардан (р.а.) жеткен хадисте: «Бақара» сүресі - Құранның шыңы, оның әрбір аятын сексен періште алып түскен, ал «Аятул курси» аршының астынан алынып «Бақара» сүресіне қосылған, «Иасин» сүресі - Құранның жүрегі. Кісі бұл сүрені Алланы және ақыретті қалап оқыса, оның күнәсі кешіріледі, («Ясинді») араларыңнан қайтқан марқұмға оқыңдар17»,- делінген.

Имам Ахмедтен келтірілген тағы бір риуаятта: «Егер зиратқа кірсеңдер, «Аятул курсиді» үш рет және «Қул һуа Аллоһу ахадты» оқыңдар, сосын: «Аллам, бұл сүренің сауабы зират марқұмдарына»,- деп айтыңдар18»,- делінген. Абдурахман бин Ғала әкесінен баян етеді, ол кісі өз балаларына: «Егер қабірге қойсаңдар мені лахадқа қойып: «Бисмиллаһ, ғала суннати расулиллаһ»,- деп топырақ тастаңдар. Бас жағыма «Бақараның» алғашқы аяттары мен соңғы аяттарын оқыңдар. Мен Ибн Омардың (р.а.) осы амалды жақсы көретіндігін көрдім19»,- дейді.

Құран тилауат етіп, сауабын марқұм мұсылманға бағыштау жайында фиқһ ғалымдары жеткілікті дәрежеде талқылаған. Жумһур ғалымдар бұл амалдың шариғатқа сай екендігіне тоқтаған. Ханбали фақихы шейх Абдулла бин Мухаммед бин Хамид өзінің «Ғоят әл-мақсуд» кітабында бұл тақырыпқа арнайы тарау да арнаған. Онда төрт мазхаб ғалымдарының тұжырымы кеңінен келтірілген.

Ханафи ғалымдарының тұжырымы: Осман бин Әли әз-Зайлағи әл-Ханафи (р.а.) «Канз әд-Дақоиқ» кітабына жазған талдау еңбегінің қажылық тарауында: бұл мәселеде адамның өз амалының сауабын басқаға бағыштауы әхл-сунна уал-жамағада бар. Ол амал: намаз, ораза, қажылық, садақа, құран тилауат ету немесе дұға болсын, басқа да ізгі амал түрлерінің бәрінің де сауабы марқұмға тиеді және пайда береді20.

Малики ғалымдарының тұжырымы: имам қази Әбу Фадл Ғияд өзінің сахих Муслимге жазған түсіндірмесінде қабір басына отырғызылған екі түп ағаш туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл екі тал ағаш сулы болып тұрғанда марқұмға жеңілдік берер»,-деген. Осы хадиске сүйеніп, ғалымдар марқұмға Құран оқуды мустахаб деп пәтуа айтқан. Өйткені, жансыз екі талдың тәсбих айтуымен марқұмға жеңіл болса, Құран оқу мұнан да абзал21»,- деген.

Шейх ибн әл-Хаж Мадхал кітабының бірінші бөлімінде: кісі үйінде Құран оқып, сауабын бағыштаса (марқұмға) барады. Сауаптың баруы, кісі Құранды тилауат етіп болған соң сауабын бағыштап: «Аллам сауабын пәленшеге бер» десе, бұл сауап бағыштау дұғасы, ал дұға сөзсіз жетеді22.

Шафии ғалымдарының тұжырымы: Зиратқа келуші кісіге марқұмдарға сәлем беріп, бейіттегі марқұмға және зираттағы өзге де мұсылман марқұмдарға дұға етуі - мұстахаб. Ал ең абзал сәлем мен дұға жоғарыда хадисте айтылған. Сондай-ақ, Құраннан жеңіл бір аят-сүре оқып, дұға ету де - мұстахаб23.

Ханбали мәзһабы ғалымдары: имам ибн Қудама өз еңбегінде бұл тақырыпқа арнайы тоқталып: қандай болса да сауап амал жасап, дұғасын мұсылман марқұмға бағыштаса, Алла қаласа мұның пайдасы тиеді. Ал, дұға оқу, истиғфар, садақа және уәжіп амалдар төңірегінде ешбір тартыс жоқ (шүбәсіз пайдасы тиеді). Тек уәжіп амалының орнына өтеуі бар (яғни бәдел қажы, фидия, каффарат т.б.) рұқсат етілген болуы шарт.

Айтқан сөзіне дәлел ретінде «Китабур-рух» кітабында марқұмдарға сауабы тиетін амалдар тақырыбы бойынша қайтыс болғандар тірі адамның амалынан екі жол арқылы пайдалана алады: бұған әхли-суннаның фиқһ, хадис және де тәпсір ғалымдары толық бірауыздан пәтуә берген.

Имам Ахмед және алдынғы буын ғалымдары сауабы жетеді24 деген. Имам Ахмедке: «Адам намаз, садақа және басқа да ізгі амал жасап сауабының жартысы әкесіне, не анасына бағыштаса бола ма?»- деп сұрады. Имам: «Марқұмға садақа және басқа да амалдардың сауабтары барады»,- деп жауап қайырды.

Шейх тақиуд-дин Әбу Аббас Ахмед: Кімде-кім адамға тек өзі жасаған амалы ғана пайда береді деп нанатын болса, ижмағ үкіміне қарсы шыққаны. Ал, бұл көптеген жақтан қате болып табылады.

Кісі басқа адамның дұғасынан пайдаланады, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есеп-қисапта тұрғандарға, сосын жәннатқа кіретін мұсылмандарға, үлкен күнә жасағандарды тозақтан шығаруда шапағат етеді, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Әрбір пайғамбар және ізгі құл шапағат етуге Алла тарапынан рұқсат етіледі, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Періштелер жер бетіндегілерге дұға етіп, истиғфар жасайды, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Алла тағала тозақтан ешбір жақсы, ізгі амал жасамаған адамдарды тек Өз рахметімен шығарады, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Мүминдердің перзенттері әкелерінің амалы арқылы кіреді, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Жұма намазы кісі санына және бес уақыт намаз сауабы кісінің көптігіне байланысты, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Пітір садақа кәмелетке толмаған бала-шағаға да уәжіп, олардың пітірін ата-анасы береді, бұл өзгенің амалынан пайдалану;

Сәби мен есі дұрыс емес адамның мал-мүлкінен зекет беру уәжіп, оны туған-туыстары береді, ал сауабы сәби мен есі дұрыс адамға жазылады, бұл өзгенің амалынан пайдалану.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қайтыс болған адам өз қабірінде суға батып бара жатқан адамдай, ол өзіне бала-шағасынан, бауырынан, досы арқылы артынан келетін бір дұғаны күтеді. Егер артынан дұға келсе, ол оған дүние мен дүниедегі барлық нәрседен де қымбат»,- деген.

Жоғарыда келтірілген хадистер адам тірі кезінде жайбарақат ешбір пенделік парызын орындамай жүре беруіне болады дегенді білдірмейді. Әрине, мұсылман өз іс-әрекетімен сауап жинауы тиіс. Алайда, сауап ешуақытта көптік етпейді.

Анас бин Малик (р.а.) айтқандай: Жер күнде адамзатқа он өнегелі сөз арнайды: «Ей, адам баласы! Менің үстімде жүресің, барар жерің қойнауым. Үстімде жүріп күнә жасайсың, ішіме кіргенде азабын тартасың. Үстімде жүріп қарқ-қарқ күлесің, қойныма енгенде жылайсың. Үстімде жүріп орынсыз шаттанасың, ішіме кіргенде соған өкінесің. Үстімде жүріп мал-дүние жинаумен әлек боласың, ішіме түскенде күйінесің. Үстімде жүріп тыйым салынған харамды жейсің, қойнауыма кіргенде сені құрт жейді. Үстімде жүріп тәкаппарланасың, қойнауыма кірсең қор боласың. Үстімде қуанып жүресің, ішіме түскенде қайғыға батасың. Үстімде жарық сәуледе жүресің, ал менің қойнауым қара түнек. Үстімде бала-шаға, дос-жаран, ағайын-туыс арасында жүресің, ал қойнауымда жападан-жалғыз қаласың»25,- дейді екен.

...