0 дауыс
2.7k көрілді
Маған монолог керек Ұрпақтар атынан алғыс деген соғыс ардагерлеріне тыл ардагерлеріне

1 жауап

0 дауыс

Сарғайса да тарихтың ақ парағы, Сол күндер мәңгі есте сақталады. Міне! Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл! Сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн! Бұдан 70 жыл бұрынғы өмірді көз алдымызға елестетсек: бір кезде Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстанның халқы да неміс – фашист басқыншыларына қарсы жан аямай соғысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткені баршамызға мәлім. Ұлы Отан соғысы естен кетпес, адамзат тарихында теңдесі жоқ соғыс болды. Соғыстың аты соғыс. Сұм соғыс біреуді жесір етті, біреуді жетім етті, ал біреуді жалғыз ұлынан айырды. Балалығы сұрапыл соғыспен қатар келген біздің бүгінгі ата- әжелеріміз сол уақытта ерте есейген еді. Ойын баласына бейнет күнді айырбастайтын күн туды. Жастарына қарамай соғысқа аттанған кәрілер, енді-енді өмір сүріп келе жатқан жас қыздар, ұлдар «Еліміз, жеріміз үшін!» деген ұранмен алға басқан. Соғыс туралы ойласам, көз алдыма баласын, жарын жоқтап жылаған аналар, әке мейрімін көрмеген балалар, Отан үшін майданда ерлікпен қаза болған жас азаматтар келеді. Соғыс салған жараның орны, әлі жазылған жоқ. Оның мәңгілікке санамызда қала берері анық. Ата- баларымыздың қанымен, терімен келген жеңіс – ең ұлы жеңіс, киелі жеңіс, қадірлі жеңіс. Ұлы Отан соғысы жылдары ер азаматтармен бірге майдан шебінде ерлік көрсеткен қазақ ұл-қыздары да аз болған жоқ. От пен оқтың ортасында жүріп жаралыларды өлімнен құтқарды. Алайда, сұрапыл құнды қырғында, жас өмірлерін сарп еткен қазақ ұл-қыздарына мың алғыс айту аз. Олардың жасаған ерлігі мен есімдері мәңгі ұмытылмайды. Сол ерліктердің жемісі-Жеңіс. Жеңіс! Қандай кең мағыналы сөз. «Жеңіс» сөзі бүкіл халыққа бейбіт өмір әкелді, елге тыныштық оралды. Халық ерлігі қай қоғамда, қай идеология кезінде болмасын өшпейді де, өлмейді де, ол адам баласының жадында ғасырлар бойы сақталып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, өзінің жалғасын таба береді. Бұған дәлел ретінде қоғамда ерте заманнан бері орын алып отырған сан алуан соғыстар тарихы бар. Соғыс бір елдің жеңісімен немесе жеңілісімен аяқталады. Жеңіске жеткен елдердің қатарында біздің ел де бар. Біздің халқымыз үшін жеңіс – ұлы оқиға, бейбіт өмір, ашық аспан, кең дала, айналадағы табиғаттың алуан түрлілігі, жаңа сәбилердің өмірге келуі, туып –өскен жердің, Отанның азат етілуі. Ұлы майданның асыл ардагерлері қаншама! Тарих үшін Отанын сүюдің шын үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова сынды аға-апаларымыз бір төбе. Бейбітшілік сүйетін әлем үшін аса қадірлі мереке. Сол себепті де жеңіс мерекесі арамыздаға соғыс ардагерлеріне арналады. Неменеңе жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, -деп М. Мақатаев жырлағандай, осы бір айтулы 70 жылдыққа аман-есен жетіп, ұлы тойға куә болғалы отырған қариялар саны, жыл сайын қатары сиреп бара жатқаны көңілге мұң ұяталады. Ардагерлер бара жатыр азайып, Олар жайлы ойлаумаудың өзі айып. Ғұмырлары аңыздайын ғажайып, Ғажап жандар жайын тарихта жазайық, -деп, алапат заманның қатігездігін, қаһармандарымыздың ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізетін ауданымызда үш Ұлы Отан соғысының ардагері және 97 тыл тыл ардагерлеріміз бар. Олар: Кулиев Ермек,Утаев Абдулла, Серебрякова Фахрузияна осы ардагерлер қан майданның куәгерлері. Утаев Абдулла-1923 жылы Түрікменстанның Ташауыз облысында туылған, жеңіс мейрамымен қатар 90 жасқа келіп отыр. Жоқшылық пен жетімдікті көре жүріп мектеп табалдырығын 17 жасында аттайды. 4-сыныпты оқып жүргенде соғысқа шақырылады. Өзбекстанның Хиуа қаласында 4 айлық оқу-жаттығудан кейін Ресейдің Челябі облысына, 2 айдан соң Украинаның астанасы Киевке жіберіледі. 20 жастағы жігіт жаумен алғаш осы шаһарда беттеседі. Соғыстан жараланып қайтқан солдат ауылына келісімен жұмыстың ауыр-жеңілін талғамастан еңбек етіп, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарын белсене араласады. 1953 жылы Түрікменстаннан Жетісайға қарай көшіп, көп тұрақтамай Өзбекстанға қоныс аударады. Содан 2007 жылы Маңғыстауға келіп орналасады. Абдолла атай бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 24 немере, 7 шөбере сүйген бақытты қария атанып отыр. Құлиев Ермек- 1924 жылы дүниеге келген. Әскер қатарына 1942 жылдың қыркүйек айында шақырылып, Ташкент қаласыннан әскер қатарына кетеді. Соғыста Сталинград майданында басынан жарақатанады. Сол жақта емделгеннен кейін Қазақстан және Өзбекстан Республикасында лагерінде еріксіз еңбек өтеп жүрген неміс тұтқындарын қарауылдау қызметіне ауыстырылған. 1-дәрежелі Ұлы Отан соғысының Ордені иегері. Соғыс аяқталғаннан кейін де бірқатар жерлерде еңбек еткен. Атажұртқа 2002 жылы қоныс аударған. Қазіргі таңда Ермек ата 6 бала, 27 немере, 31 шөбере сүйіп отырған сыйлы ақсақал. Серебрякова Фахрузияна 1925 жылы Ресей Федерациясының Елхов ауданы, Ульянов облысында дүниеге келген. 1944 жылы 19 жасында соғысқа аттанып, № 221 атқыштар полкінде қатардағы әскер қызметінде болып, 1945 жылы отанына оралып еңбек еткен. Сондай-ақ, ауданымызда қолына қару ұстап күреспесе де құрал-саймандарымен, қолдан келгенше жер жыртып, егін егіп, мал бағып, еңбектерімен Жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан 97 тыл ардагерлеріміз бар. Сондай жандардың бірі Әбіл Ешимов 10 баладан тараған ұрпағы бір жерге жиыла қалса сырттан кішігірім той болып көрінетін бұл әулеттің әкесі Әбіл Ешимов пен анасы Балжан Қожамжароваға бір кездері мұндай отбасын армандау түгіл, жан бағып, жер басып жүрудің өзі оңай болмапты. Туыла салып табиғаттың тосын мінезіне тап болған – Әбіл ата 1929 жылы көшіп бара жатқан керуенде дүниеге келген. Қолына қару алып, жауға шаба алмаса да күрек пен кетпен ұстап, егін салуға жарап қалған-ды. Онда Түрікменстанның Ташауыз облысында тұратын. Еңбек майданына осы жерден қатысқан. Жеңіс туы желбіреп, бейбітшіліктің бес жылы өткен соң Әбіл ата әскери борышын Ресейдің бұрынғы Чкалов облысында өтеуге шақырылған. «Біз көрген ызғарлы күндерді, ұрпағымыз көрмесін, Елімізде мәңгі бейбітшілік орнасын...» - деп, батасын беріп, ел-жұртына амандығын тіледі. Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ардагерлерге тағзым ету біздің қашанда парызымыз. Себебі, олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Сондықтан да бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыздармыз. Ұлы жеңістің қандай күшпен келгенін ешбір азамат ұмытпай, соғыс тарихын ұрпақтан – ұрпаққа естелік ретінде қалдыратыны сөзсіз. Азаттықтың ақ таңында өмір сүріп жатқанымыз – соғыстың жеңіспен аяқталуы. Оны әперген ата-әжелеріміздің ерен еңбегі деп білемін. Осы ардагерлерге қандай сый құрмет көрсетсек те, артық етпейді. Келер ұрпақ, мына біздер үшін жанын қиюға да дайын еді. Соғыс ардагерлеріне мың алғыс білдіріп, бейбіт күнде дендеріне саулық, өмір жастары ұзақ болғай дегім келеді. 

http://mng.prokuror.gov.kz/kaz/prokuratura/uly-zheniske-70-zhyl/ardagerlerge-myn-tagzym

...