0 дауыс
1.5k көрілді
Қортынды аттестатауга эссе керек?! Шоқан шыңы деген тақырыпқа

1 жауап

0 дауыс

Кіріспе

Тағдырдың тəлкегіне түскен қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов аз ғана ғұмырында аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырған дарынды Алаш азаматы. Шоқан Шыңғысұлының көп салалы, əр қырлы бай мұрасы, оның дүниетанымы, қоғамдық, философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары биік деңгейде болғанын танытады.

Заманында дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Ш. Уəлихановтың терең мазмұнды еңбектері, өзінің асыл тұлғасы мен жарқын бейнесі тарихтың əр кезеңінде жоғары бағаланды. Ол туралы замандастары жан тебірентерлік жылы лебіздер қалдырды. Оның еңбектері орыс, ағылшын, неміс жəне француз тілдерінде жарияланды. Мысалы, қазақ ғалымының еңбектері ХІХ ғасырдың əр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде.

Шоқан еңбектеріне алдыңғы қатарлы орыс зиялыларының берген бағасы

Қазақ жерінің Ресей империясы құрамына қосылған кезеңінде патша əкімшілігінің отарлық саясатына орай жергілікті халықты төмендету, оның құқықтарын барынша шектеу жасалуына қарамастан, қазақ халқының тағдырына ортақтасып, оның болашағын болжаған, нағыз досына айнала білген сол дəуірдегі орыстың озық ойлы азаматтарының есімдерін қазіргі жəне келер ұрпаққа жеткізу уақыт талабы екендігі белгілі.

Олардың үлкен тобы халқымыздың өткенін зерттеп, оның мəдени дамуына, өнері мен салт- дəстүріне оңды баға берді. Келесілері жергілікті халықтың ауыр тағдырын бүкпесіз жазып, отарлық үкіметтің назарын аударды. Тұрғылықты халыққа білім беру, халықты ағарту, т.б. мəселелерді көтеріп, оның орындалуына тікелей үлес қосқандар да болды. Жергілікті халықтың дарынды перзенттерінің заман талабына сай білім алуларына қамқорлық жасады.

Осы тұрғыда қазақтың жастай кеткен ғалымы Шоқан Уəлихановтың қабілеті мен ғылымға деген дарынын дер кезінде ұғынып, дəріптеген, онымен пікірлес, дос болған, шығармаларын Ресей, Еуропа жұртшылығына танытуға үлес қосқан орыс зиялыларының қызметтеріне халқымыз əрқашан риза.

Олар өз шығармаларында Шоқанның Омбыдағы кадет корпусында оқыған кезінен басталған қызметіне талдау жасаған. Оның табиғи талантын, қабілетін сипаттаған. Зерттеушілік қызметін саралаған. Отаншылдығын, өз халқына деген сүйіспеншілігін айрықша атап көрсеткен [1].

Əсіресе дүние жүзі мəдениеті ордаларының бірінен саналатын Петербургты дүр сілкіндіріп,«Ғажап ғалым», «Жас данышпан» атанған Шоқанға берілген бағалар биік, өте асқақ еді. Орыс халқының Н.Г.Чернышевский, Ф.М.Достоевскийдей даналары; В.А.Обручев, А.Н.Бекетов, И.В.Мушкетов, Н.А.Аристов секілді атақты ғалымдары; П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Н.М.Ядринцев, И.Н.Березин, Г.Н.Потанин, В.П.Васильев, В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Григорьев сияқты əйгілі Шығыс зерттеушілері; А.Н.Майков, С.Ф.Дуров тəрізді белгілі ақындары, тағы басқа да көптеген зиялылары оның талантына бас иіп, таңдай қағып, талай тамсанып жазған болатын [2].

Солардың ішінде келесідей белгілі орыс зиялыларының Шоқан Шыңғысұлына берген бағасы біз үшін ерекше қымбат:

  1. Веселовский Николай Иванович (1848–1918) — орыс археологы. 1890 жылдан Петербург университетінің Шығыс тарихы кафедрасының профессоры. Орта Азияның тарихы мен археологиясын зерттеді. 1902 жылы ол орыстың белгілі Шығыс зерттеушілерімен (В.В.Бартольд, И.М.Мелиоранский, В.В.Радлов, т.б.) бірігіп, Орта Азия елдерінің (Қазақстан да бар) тарихын, этнографиясын, мəдениетін зерттеу үшін Орыс комитетін (1919 жылға дейін жұмыс істеді) ұйымдастырды [3].

Н.И.Веселовский өзінің «Аққан жұлдыз» [4] деген естелігінде:

  • Ш. Уəлихановтың қызметіне, алғашқы көзқарасының қалыптасуына кеңінен талдау жасаған. Ол ғалымның өмірден ерте кеткеніне налыған: «Қырғыз хандарының ұрпағы жəне орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыс шығыстанушылары оны бір ауыздан ерекше құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы жəне маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді, бірақ Шоқанның мезгілсіз дүние салуы бізді бұл үміттен айырып отыр»;
  • Шоқан Шыңғысұлының Омбы кадет корпусында оқыған кезінен басталатын ғылымға деген талантын ерекше атап көрсеткен: «Батыс Сібір генерал–губернаторы Гасфорт Уəлихановтың айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасады жəне ғылым əлеміне тамаша нəтиже əкелген Қашғар сапарына баруына жəрдемдесті. Уəлиханов Қашғардан оралған кезде Гасфорт сапардың есебін реттеуге өзі қатысып, кейіннен Уəлихановқа Петерборға барып-келуіне жағдай жасады»;
  • Шоқан қайтыс болғаннан кейін оның шығармаларын жарыққа шығару мəселесінің қалай шешілгенін жазған: «Уəлихановтың барлық ізденістерінің маңызы соншалық, Орыс географиялық зерттеу қоғамы 1867 жылдың 24 сəуірі күнгі мəжілісінде Ш.Ш.Уəлихановтың соңында қалған барлық мұраларын басып шығаруды ұйғарды. Бұл шешім сол кезде жүзеге аспай, Уəлихановтың өңделуге тиіс біраз мақалалары əркімнің қолында кетті. Мəселен, В.В.Григорьевтің қағаздарының арасынан мен Шоқанның екі дəптерін таптым, біреуі Едіге туралы қырғыз аңызы, екіншісі — оның ықшамдалған орысша аудармасы.

1887 жылы Г.Н.Потанин Уəлиханов шығармаларын басып шығару туралы мəселені қайта көтерді жəне дала генерал–губернаторы Г.А.Колпаковский баспаға қажетті қаржы жайын қарастыруға келісім берді. Бірақ Колпаковский көп кешікпей Петерборға қызметке ауысып, бұл мəселе тағы тоқтап қалды. Сол кезде Г.Н.Потанин менен Уəлихановтың жарық көруге тиіс жинағына редакция жасауымды жəне баспагер табуымды өтінді. Өз жұмысым қиын болса да, бұл істің жеңіл еместігіне қарамастан, Шоқан Уəлиханов аруағының ризалығы үшін жəне шығыстануға үлес болсын деп бас тартпай, оның жазбаларын қарап шығуға келістім. Бұл жұмыс мен ойлағаннан да күрделі болып шықты».

Н.И.Веселовский – Ш.Уəлихановтың бір томдық шығармалар жинаған алғаш бастырып шығарушы (1904) əрі оның редакторы. Оның баяндауы арқылы қазақ ғалымының нағыз талантын, оның жазбаларының ғылым, болашақ үшін керек екендігін Ресей оқымыстыларының ұққандығын көруге болады.

  1. Потанин Григорий Николаевич (1835–1920) — Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ, этнограф, фольклоршы, Шоқанның жан досы. Омбыдағы кадет корпусын бітірген. Осында оқып жүргенде жас Ш.Уəлихановпен достасып, оның жəне корпус оқытушысы Н.Ф.Костылецкийдің ықпалымен қазақ даласын, көшпелілердің тұрмыс жағдайларын, тарихын танып-білуге əуестенген. 1853–1858 жылдары Семей мен Омбыда əскери қызметте болған. 1859–1862 жылдары Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыған. 1861 жылы студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылған [5].

Г.Н.Потанин — Ш.Уəлихановтың Омбы кадет корпусындағы кезінен өмірінің соңына дейінгі досы, пікірлесі, ғылыми зерттеушілік қызметіндегі əріптесі, өз шығармалары арқылы қазақ халқының нағыз жанашыры мен қамқоршысына айналған ғалым. Оның досы Шоқан туралы жазған еңбегінің бірі — «Ш.Уəлиханов туралы өмірбаяндық мəліметтер» [6]. Осы көлемді шығармасында орыс зерттеушісі Шоқан Шыңғысұлының Омбы кадет корпусына оқуға келгенінен басталған өмір жолын саралап, оның табиғи дарынын, ерекшелігін, ғылымға деген құмарлығын; өз халқына деген сүйіспеншілігін кеңінен баяндаған:

  • «Сібір ведомствосы қырғыздарын басқаратын, шекара бастығы, яғни генералдың, қызметіндегі қырғыз тілінің аудармашысы В.И. Дабшинский 1847 жылдың күзінде Шоқанды Омбыға ертіп келді»;
  • «Шоқан орысша бір сөз де білмейтін, сол кездің өзінде қарыңдашпен сурет салуды жақсы көретін. Омбыда Дабшинский Шоқанның салған суретін көрсеткен. Орыс қаласы баланы таңғалдырғаны сондай, ол қарындашпен қаланың бір көрінісін бейнелепті»;
  • «Өзінің орыс жолдастарынан озып, Шоқан өте тез дамыды. Оның табиғат берген ақыл-ойынан басқа да артықшылықтары болатын. Жексенбі күндері қалада таныстары, туыстары бар кадеттерді демалысқа жіберетін. Шоқанның қалада туысы да, танысы да жоқ еді. Оқуға түспей түрып сурет салатын, өзі өте қабілетті қырғыз баласы көбінің көңілін аударды. Мұндай əдеттен тыс құбылысты бағалайтындар оны демалысқа үйлеріне алып кететін»;
  • «Сол кездің өзінде-ақ, яғни Шоқанның 14–15 жасында, кадет басшылығы оған зерттеуші, тіпті ғалым ретінде қарай бастады»;
  • «Кейін менің бір сыныптасымның айтқаны бар: бала кезінде оған Шоқанның армандары таңғаларлық көрініпті. Корпус ауласының Ертіске қараған артқы есігінің алдында бір топ кадет тұрған. Осы жерден Ертістің қарама-қарсы жағасында төселіп жатқан даланың кескіні көрінетін. Бұл көріністе ұшы-қиырсыз жазық дала көкжиегімен өзіңді Орталық Азия шөлінің етегінде тұрғандай армансыз сезінесің. Шоқан топ ішінде тұрып, өз арманын ары қарай жалғастырды: ол осы далаға оңтүстік шетіне дейін енсе, аржағы Қиыр Шығыс, ол жерден жұмбақ Қытай басталады»;
  • «Бұл кезде П.П. Семенов Батыс Сібірде саяхат жасап жүрген еді, алдымен ол Омбы аркылы Іле өңіріне өтіп, Ыстықкөл мен Тянь-Шаньның ең биік нүктесі Хан Тəңірінде болып, қысқа қарай Барнаулға қарай шығып кетеді. Омбы арқылы өткен жолында ол Гутковскийдің үйінде болып, онда Шоқанды көреді. Ол Шоқанның университеттің Шығыстану бойынша курсын тыңдау үшін Петербургке бару ойын құптады. Шоқанға барғанымда ол жаңа ғана келіп кеткен саяхатшы туралы ғажап əсерде отыр екен. Шоқанның бұл таныстыққа қатты қуанатындай жөні бар еді, себебі Шоқан Шығыс тарихына бұрынғыдан да тереңірек, қызыға кіріскен еді. Бұл тарихпен қырғыз тайпасы арасындағы жұмбақ қатынастар, оның арасында үйсін, керей, найман секілді ескі рулардың аталуы — олардың бір ұрпақтың атауы болуы оны ойлануға итеретін, мүмкін, ол Шығыстың көне тарихын əшкерелеуді армандаған болар»;
  • «Əулиеата жорығында орыс əскерінің Шоқанның діндес бауырларына немесе мүмкін руластарына, яғни қырғыздарға, жасаған айуандық істері оны қатты ренжітеді. Ол осыдан кейін бұл жорыққа қатыса алмайтынын көріп, Черняевпен айырылысып кетеді. Сол жерден Верныйға кетіп, одан əрі Құлжаның батыс жағын қоныстап жүрген албандардың (Үлкен Орданың руы) билеушісі Тезек сұлтанның аулына барады»;
  • «Шоқанның қырғыздар туралы жазған əңгімелері өте қызық болатын. Əрине, ол басшылары оның ағалары Саржан мен Кенесары болған қырғыз көтерілісінің тарихын қызықтырақ етіп жаза алатын еді. Осы тарих жөніндегі əңгімелерді қырғыз өлеңдерінен алынған үзінділер, мақал- мəтелдер, халық аңыздары жəне ұлттық салт-дəстүрлермен байытып отырды»;
  • «Шоқан қырғыздар бейбіт сүйгіш халық екенін дəлелдегісі келді, олар — ұры-барымташылар емес, бейбіт сүйгіш бақташылар. Олардың киімдеріне, қару-жарақтарына қараңдар, — деді ол. Оқ-дəрілері бар шекпен, қайқы қылыш, т.б. оларға беймəлім; олардың киімдері — халат, қаруы — табынның ішіндегі жылқыны ұстайтын сырғауыл»;
  • «Шоқанның өз халқын сүйгені анық еді. Қырғыздан шыққан қызметшілерге, қайыршыларға нəзік ілтипатпен жəне ізгілікпен қарай бермейтін, мүмкін қырғыздың қарапайым адамдарына сүйіспеншілік болмаған шығар, бірақ оларға жақсылық жасау жəне өз халқының болашағы үшін қызмет жасау оның арманы болатын. Ол, ең алдымен, қырғыз халқын, содан соң Сібірді, содан кейін Ресейді, сонан соң барып бүкіл адамзатты жақсы көретінін айтатын. Орталық Азиядағы бай адамдар бір-біріне сыйға тартқанды жақсы көретін бірінің ішіне бірі салынған сол күңгірлік сандықтар сияқты бір сүйіспеншілік екіншісімен ұласып жатты. «Егер орыстар қырғыздарды сабап жатса, онда орыстарға қарсы шығамын, — деді ол, — ал егер француздар орыстарға қарсы соғыс ашса, онда менің жүрегім орыстар жағында».

Г.Н.Потанин Шоқанның кемеңгерлігін жоғары бағалаған. Оның қазақ қоғамындағы алар орнын болжаған: «Шоқанның мінезінде Пушкин немесе Лермонтовтың мінезіне ұқсас белгілер бар болатын... Егер Шоқан қырғыз халқының ішінен оқырман ортасын тапса, өз халқының кемеңгері болып шығар еді. Сондай-ақ өз жерлестерінің əдебиеті пайда болуының негізін қалар еді».

Орыс (Г.Н.Потанин) жəне қазақ (Ш.Ш.Уəлиханов) халықтарының атақты екі өкілінің саяхатшы- географ ретінде қалыптасу жолы бірге өткен. Бұл туралы Г.Н.Потанин Н.И.Веселовскийге жазған хатында: «Мен Шоқанмен бар болғаны төрт рет кездесіппін: Омбыдағы корпуста — бес немесе алты жыл; кейін Омбыда офицер болған кезімізде, мен казак офицері болып Казак əскери басқармасында қызмет еттім, Шоқан Гасфорттың адъютанты болған кезінде — екі жыл, содан соң Петербургте бір жылдай жəне ең соңғы рет Омбыда жолығыппын» [7], — деп жазған.

Г.Н.Потанин Шоқан Шыңғысұлы қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған ғылыми мұрасын жинап, бастыру ісіне үлкен үлес қосты. Ол өмірінің соңына дейін Шоқан тақырыбынан қол үзбеген, аяулы досының өмірі мен қызметі туралы баспасөз бетінде жиі мақала жариялап отырған.

  1. Ядринцев Николай Михайлович (1842–1894) — орыс этнографы, археолог, Сібірді зерттеуші, публицист. Сібір мен түркі тілдес халықтарды зерттеуге елеулі үлес қосты. Алтай өлкесіне жүргізген комплексті экспедициялары үшін (1878, 1880) Орыс география қоғамының алтын медалімен марапатталды. Ш.Уəлихановпен жақын таныс болып, ол жайлы көптеген мақалалар жазды [8].

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның шығысы, Батыс Сібір өңірін кеңінен зерттеуші, Ш.Уəлихановтың досы, пікірлесі болған Н.М.Ядринцев. «Шоқан Уəлиханов туралы естеліктер» [9] деген туындысында Шоқанның таланты, қабілеті, ғылымға бейімділігі, оның қоғамдық белсенділігі, туған халқының тарихына қызыққандығы туралы былайша суреттеген:

  • «Шоқан Уəлиханов корпуста ізденімпаздық жəне асқан қабілеттілік танытты, ол көп оқыды жəне оның сүйікті авторлары Диккенс пен Теккерей болды. Бұл авторлар оған ерекше ұнады, себебі Уəлихановтың өзі керемет əзілқой болды...
  • Петерборда мен Шоқан Уəлихановпен Қашғар сапарынан кейін даңқы жайылған офицер ретінде кездестім. Шығыстанушылар онымен таныстықта болып, мен оның əр түрлі шығыстық қолжазбалар мен карталармен айналысып жүргенін көріп жүрдім»;
  • «Оған түркі əдебиеті саласы оңайға түсетінін байқадым, себебі ол қырғыз тілін еркін меңгерген еді. Ол қытай тілін білмеді, бірақ қытай авторларының аудармаларын қызығып оқыды»;
  • «60-жылдары Уəлиханов орыс өмірінің қозғалысы мен жаңаруын бақылап отырды, ең жақсы журналдарды оқыды, Костомаров сүйікті профессоры еді, Уəлиханов оны тыңдау үшін университетке баратын. Тап осындай қызығушылықпен Уəлиханов Орыс географиялық қоғамында не боп жатқанын бақылап отыратын, қырғыз даласы туралы географиялық мəліметтермен қамтамасыз етіп, қырғыздар жайлы этнографиялық зерттеулер жүргізіп, материал дайындады»;
  • «Ол толыққанды білім алған, зиян əдеттерден аулақ адам еді жəне білімі мен мəдениеті жағынан төмен тұрған қандастарына астамсып қарамайтын. Ол өзін қоршаған орыс ортасын түсінді жəне еуропалық өркениеттің негізінде онымен етене болуға əзір еді. Бұл оның өмірінің жаңа қағидасы еді»;

«Біз онымен 1863 жылы Омбыда қайта кездескенімізде, Г.Н.Потанин қатысқан Струве экспедициясынан оралған болатын. Осы кездесуді атап өтіп, біз бір кеш жиналып отырдық. Шоқан да осы отырыста болды. Эдуард Струве қырғыздардың казактарды жек көретіні жайлы əңгіме қозғады. Кенет Уəлихановтың еріндері кекесінмен дір етіп, өзінің ең жақын досы əрі мектептес жолдасы, бұрынғы казак сотнигі Г.Н.Потанинге сондай мейірлене көз тастап, Струвенің алдында тұрып былай деді: «Мен қырғыздардың казактарды жек көрмейтініне куə келтіргім келеді. Сондықтан да қырғыз ретінде казак досымды құшамын жəне оған арнап тост көтеремін». Осылайша, ол Потанинді ыстық ықыласпен құшақтап сүйді».

Өмірден ерте кеткен Шоқанның атқара алмаған істеріне Н.М.Ядринцев қынжылады, оның арманының орындалмағандығына өкінеді:

«Қырғыздың киіз үйінде бесіктен шыққан дарынды қырғыз өмірінің соңғы сəтінде өз отанына оралып, туғандарының арасында тыныш өмір кешеді. Бұл дарынды туманың өзге өмірді, өркениетті көріп, білім алып ақыры, осының бəрінен безініп келген тағдырының бір көрінісі. Бұл безінуде өзге елдің мəдениетіне сенбеу, қауіптену, өз-өзін сақтап қалуға деген ниет жатыр. Дəл осы сезімнің жетегімен Шоқан Уəлиханов туған жеріне оралса керек. Ескі орта, əдет-ғұрып, туған ел жүректен оңай кетпейді, Шоқан өзінің еліне, жеріне адал, халқын сүйетін азамат болып қала берді. Оның арманы халқын сақтай отырып, оны еуропалық біліммен сабақтастыру еді.

Көп жыл өткеннен кейін біз Шоқан Уəлихановтың бейітіне арнап ескерткіш тұрғызу жайлы сөйлесуге келген Шоқанның туыстары, екі қырғыз қартты көрдік. Олардың бірі сұлтан Мұса Шорманов болатын. Бұл тілекті генерал-губернаторлардың біреуі айтса керек. Жоңғарияға саяхат жасаған, География қоғамының мүшесі бұған, əрине, лайық болатын.

Қариялармен əңгімелесе отырып, біз қазақ даласының өкілдері — қарттардың көз жасының куəгерлері болдық. Шоқан өз ұлтының мақтанышы жəне сүйікті ұлы болды. Жəне ол естеліктерде де осылай қала бермек», — деп жаза отыра, орыс зерттеушісі қазақ халқының ғұлама ғалымының шығармашылығының өз халқы, жалпы өркениет пен ғылым үшін өлместігін атап көрсеткен.

Исатай мен Махамбет, одан кейін туысы Кенесары бастаған қарулы көтерілістің жеңілісінен кейін өзінше ой түйіндеп, қазақ қоғамына эволюциялық дамудан басқа жолдың жоқтығын түсінген Шоқан өмірінің соңғы кезеңінде өз сенімдерінің дағдарысқа ұшырағанын сезінген. Мұны маңайындағылар да байқаған. Мысалы, Н.М.Ядринцев оның Түркістан жорығынан əбден қалжырап қайтқан кезін былай деп еске алады: «Ерекше дарынды əрі білімді, Орта Азия географиясын зерттеумен шұғылдаған, өз халқының сүйікті ұлы, қырғыз Ш.Уəлиханов офицерлік ортада алаңсыз өмір кешіп, асқан ақыл жəне тамаша тапқырлық қасиетке ие бола тұрып ол орыс өркениетіне күйінішпен қарады, бұратана халыққа жасаған қиянаттарын көріп, қапаланған ол түркістандық саяхаттан күш-қуаты сарқылып, далада, қазақ үйінде, көшпенді туған–туыстары арасында, оларға болашақта жақсы өмір сүру туралы үмітін де айтуға шамасы келмей, өкпе ауруынан қайтыс болды»

Толығырақ: https://articlekz.com/kk/article/16190

...