0 дауыс
91.6k көрілді
XIX ғасырда Ресей империясы Орта Азия, Шығыс Түркістан өлкелеріндегі мемлекеттермен сауда және саяси қатынастарды орнату мақсатында зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып отырды. Орыс Географиялық Қоғамының зерттеушілері аталған өлкелерге жасаған саяхаттары туралы құнды еңбектер қалдырған.

Ресей империясының офицері, қазақ халқының ғалым ұлы Шоқан Уәлиханов жазған «Ыстықкөл күнделігі» сол кездегі ең бағалы ғылыми еңбек болып табылады. Ғалым осы еңбегінде Тарбағатай, Жетісу, Жоңғар Алатауы, Қырғызстан жерлеріне жасаған сапарлары жайында, сол жерлердің климаты, халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, көптеген тарихи ескерткіштері туралы толық мәлімет береді.

Кейбір көңіл аударарлық тарихи ескерткіштердің суреттерін өз қолымен салады.

1 жауап

0 дауыс
Шоқан Уәлиханов 1856 жылы Ыстықкөл аймағына сапарға шығып, жол бойы көрген-білгенін қағазға түсіріп, күнделік ретінде жазып отырған. 18 сәуір мен 23 маусым аралығында жазылған. Бұл сол заманға ерекше жаңалық боп енді. Сол заман демей-ақ қазірдің өзінде осындай әрі күнделік, әрі әдебиет, әрі тың зерттеу еңбегі ретінде жарық көрген осындай құнды туынды жоқтың қасы. Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі» еңбегінің жаңашылдығына бойлап көрейік.

Біріншіден, күнделік ұғымына тоқталайық. Күнделікті осындай ауқымды зерттеу еңбегіне айналдыру екінің бірінің ойына келмейді, ойына келген күннің өзінде қолынан келмеуі мүмкін. Осыған дейін алыс сапарға аттанып, жүрген жері туралы қызықты деректер жинап, оны қағазға түсіріп, күнделік етіп жазған еңбек болмаған. Бұл Шоқан Уәлихановтың аса зеректігін, ұқыптылығын, тиянақтылығын көрсетеді. Күнделікке жай ғана жүрген-тұрғанын, әркімнен естіген әңгімелерін, күлдіргі сөздерін жазбай, оны нақты ғылыми ақпараттармен байытқан.

Уақыты жағынан алар болсақ үш ай бойы ерінбей жазып, бір де бір күнін босқа жібермей, үзбей тізбектеп отырған. Қай жерге неше күн тоқтағанын, неше күннен соң қай бағытқа ауысқанын, әр аттаған қадамының бірін қалдырмай қағаз бетіне түсірген.

Қазақта әр романда жер-су атаулары көп кездеседі, әр жердің өзіне тән тарихы, атауының мән-мағынасы, қойылуы, ол жердің өзіне тән салт-дәстүрі, халқының ерекшелігі жазылады. Алайда жүріп өткен жолында бірде бір жерді елеусіз қалдырмай, оның әрқайсысының тарихына тере бойлап, оқырманын да хабардар етіп отыратын көркем шығарма болуымен де «Ыстықкөл күнделігі» жаңашылдыққа жақындайды. Әр өңірдің ауа райы, тұрмыс-тіршілігі, табиғаты көркем тілмен керемет суреттелген.

Өзі басып өткен қорғандар, үйінділер мен егістер туралы жазса да әрқайсысының тарихына тоқталмай өтпейді. Қай жерде қандай өсімдік өсетініне дейін, не себепті басқа өсімдік өспейтінін де жазғанда Шоқан Уәлихановты құдды бір өмір бойы өсімдік зерттеумен айналысқан ботаник дерсіз.

Сол замандағы мықты географтардың қолынан келмеген істі тындырып, әр жердің жынысын, граниттен бе, басқадан құрылған ба, онысын да жазып, түсті металдарын, бағалы тастарына дейін, әр сүрлеудің биіктігіне дейін жазып, бас шайқатар мәлімет береді.

Бұл еңбек алуан түрлі пейзаждан, картинадан да кенде емес. Топограф М.Сироткин, Суретші П. Кошаров, тіпті Шоқан Уәлиханов өзі салған картиналары да көрініс береді, олардың қандай бояу түрімен, қай жылы, қалай салынғаны, суреттің атауы, қай жер екені түгел жазылған.

Қырғыз ауылына түскенде үш аяшпен (қырғыздар әйел дегенді осылай айтады екен, әдейі солардың тілінде жазған) қатар отырып, олардың жүріс-тұрысын, болмысын, мінезін, тіпті киім киісін әбден зерттейді. Қызы мен тұрмыс құрған келіншегінің айырмасына дейін байқап, қағазына түсіріп отырады. Қырғыз әйелдерінің аса тәкаппар әрі қағытпа қалжыңға келген шебер, батыл сөйлейтінін жазған. Қырғыз әйелдеріне Шоқан Уәлиханов өз қолымен салып, екі бірдей картина арнаған, еңбегі осы күнделігінде жарияланған.

Сапарға бірге шығып, жолдас болған жолаушылары – казактар туралы да көп тың деректер алуға болады. Олардың өзара әңгімелескенде бір-біріне айтқан сөздері, жай ғана сөз емес, нақылға құрылған ойларын, ол сөздерді қазақтар қалай айтатыны да келтіріледі. Мәселен казактар арасындағы мысқылшыл біреуі «Момын Миколаны бұзау жалайды» десе, бұл қазақтың «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дегенімен парапар деп, бізге әңгіменің тұспалын, мағынасын да ұқтырып отырады.
...