0 дауыс
2.1k көрілді
10 мамыр күніне дейің керек. Ұлы даланың ұлық тұлғасы жайлы эссе жазу қажет?

1 жауап

0 дауыс

Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Узлағ ибн Тархан әл-Фараби ат-Түркі – ұлы ғалым, энциклопедист, Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің толық аты-жөні осылай болып келеді. Әл-Фараби 870 жылы Жібек Жолының маңызды орталықтарының бірі болған Отырар қаласының маңында дүниеге келген.

Ол бала кезінен сол дәуірдегі өркениет пен мәдениеттің ірі орталықтары саналған Бұхара, Самарқан, Мерв, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппо, Шам қалаларында болып, білімін үнемі жетілдіріп отырған. Әл-Фарабидің ғылыми қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің гүлдену дәуіріне, яғни біздің дәуіріміздегі X ғасырдағы – Мұсылман Ренессансына сәйкес келеді, міне сол ғұламаның 1150 жылдығы қарсаңында ұлы ғұлама туралы оқыған, түйінді мағлұматтармен бөліскенді жөн көрдім.

Әл-Фарабидің әлем өркениетінде алар орнына тоқталмас бұрын, ғылымдағы әл-Фарабиге қатысты түрлі көзқарастарға тоқтала кетейік. Кейбір еуропашыл ғалымдар “Әл-Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, ол тек Платон мен Аристотельдің мұраларын насихаттап, түсіндіріп келді” – деп есептейді. Антика дәуіріндегі ғұлама ойшылдар Платон мен Аристотель – бүкіләлемдік мәдениеттің ең жоғарғы шыңы. Әл-Фараби осы антикалық мұраны игеріп, оны араб-мұсылман мәдениетінің гүлденуіне жұмсап, үлкен екі жаңалық ашты.

Біріншіден, әл-Фараби антикалық заман мен исламды өзара жақындастыра синтез жасап, жаңа бір мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Келесі кезекте ол грек ойшылдарының асыл мұрасын жаңғыртты. Сөйтіп, шығыста үлкен қозғалыс, жаңа бағыттар басталды. Араб-мұсылман мәдениеті негізінде антикалық дәуірдегі шешілмеген мәселелерді шешіп, оны ілгері дамытты.

Барлығымызға мәлім, әл-Фараби өмір сүрген уақыт айрықша кезең ретінде аталады. Отырар өлкесінде әл-Фарабиге дейін ойшылдар өте көп болса, оның өз заманында да ғұламалар аз болмаған. Ол жастайынан туған өлкесінде білім алып, Отырар кітапханасында отырып, шаң басқан қолжазбаларды ақтарып, көз майын тауысып, талмай кітап оқып, оқу-білімге ерте құмартқан. Отырар кітапханасына алыс-жақын елдерден керуенмен сан түрлі кітаптар ағылып келіп жататын. Әл-Фараби өмір сүрген IX-X ғасырларда Отырар өркениетінде рухани мұра жоғары бағаланған. Араб-Мысыр әлемінде Александрия кітапханасының шоқтығы биік.

Одан кейінгі орынды Отырар кітапханасы иеленген. Сол кітапханадан әл-Фараби жиырма жасқа дейін тәлім-тәрбие алып, ондағы бар кітаптарды, трактаттарды оқып зерттеген. Одан кейін білімін толықтыру үшін керуенге ілесіп, араб еліне аттанады. Бағдад, Дамаск сынды басқа да өркениеті дамыған ірі шаһарларда болып, артында ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырған. Әл-Фарабидің дүниетанымына келетін болсақ, кеңестік дәуірде оны маркстік-лениндік, атеистік дүниетанымға алып келді. Бірақ шын мәнінде әл-Фараби ислам руханиятындағы айтулы тұлға болған.

Біріншіден, ол-әлем мойындаған философ, Платон мен Аристотельдің еңбектерін шығыс, араб-мұсылман әлеміне таратқан үлкен ғұлама. Екіншіден, әл-Фараби – үлкен ғалым. Әл-Фарабидің философиялық көзқарасы өте күрделі. Оны бір сөзбен айтып шығу мүмкін емес. Әл-Фарабидің көзқарасында диалектика да, таным теориясы да, ғылыми рационализм де бар. Әл-Фараби ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан. Сондықтан әл-Фарабидің дүниетанымы туралы айтқанда оны материалист, болмаса идеалист немесе атеист деп айтуға болмайды. Ол белгілі бір ғылым академиясы тәрізді.

Әл-Фарабидің мұрасы ғылымның әр түрлі саласына қатысты еңбектерден тұрады. Сондықтан да ол – әлемдік деңгейдегі философ, ойшыл. Әл-Фараби дүниетанымының қайнар көзі өте тереңде. Себебі, қазақ даласында оған дейін де ғұлама ойшылдар көп болған. Мысалы, гректерді өнерімен тәнті еткен, аузымен құс тістеген шешен Анахарсистің өзі бір төбе болса, Тоқсары, Тоныкөк, қобызымен кең дүниені күңіренткен Қорқыт Ата және басқа да ойшыл данышпандар болған. Осының бәрі – ғұлама ғалымның бастау алған қайнар көздері.

Осы орайда, Платон мен Аристотельді атап өткен жөн. Әл-Фараби олардың ғылыми мұрасын оқып қана қоймай, әрі қарай жалғастыра зерттеп, дамытқан. Әл-Фараби тағылым алған дүниелер өте мол. Солардың бірі ежелгі «Авеста» мен Құранды атап өтпеуге бола ма? Әл-Фарабидің рухани толысуына Құранның игі әсері көп болған. Кеңес дәуірінде әл-Фараби мұрасын аударғанда исламға қатысты жағын кесіп тастап, көбіне материалистік, атеистік жағына мән беріп, ислам руханияты, ислам мәдениеті мен антикалық мәдениетті синтездеу жағына ешқандай мән бермеген.

Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек. Әл-Фараби араб елінде аты шығып, «Шығыстың Аристотелі» атанып, артында мол мұра қалдырған. Сөйтіп сексен жасқа келгенде өмірмен қоштасады. Ол: “Мен Қыпшақ елінен ешқандай атақ-даңқ іздеп келген жоқпын. Мен білім іздеп келдім, сол білімді араб елінен таптым, бірақ менің Қыпшақ еліне сүйіспеншілігім шексіз”,- деп өзінің туған жерге деген сағынышын өлеңге түсірген.

Ол керемет өлең де айтқан, қобызда да ойнаған. Қобыз аспабын жасап, күй тартқан Қорқыт Ата дейміз. Шын мәнінде Қорқыт Атадан кейін әл-Фараби де қобызды дамытып, оның құлағында ойнаған ойшыл, көп тілде сөйлеген ғұлама адам болған. Әл-Фараби – қазақ өркениетінің, музыка философиясының негізін қалаған үлкен ойшыл. Бірақ ол – тек қазақтың ғана емес, қазақ халқы қалыптаса қоймаған кезеңде өмір сүргендіктен, бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға. Әл-Фараби мұрасы түркі халықтарын біріктіретін рухани негіз деп айтуға болады.

Орта ғасырда энциклопедияшы оқымысты әл-Фарабидей ғалым болмаған. 1980 жылдардан бастап фарабитану атты жаңа бағыт пайда болды. Әлемдік және отандық фарабитану деген бар. Әл-Фараби шетелге емес, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік мүддесі мен ұлттық ұстанымы үшін қызмет етуі керек. Сондықтан әл-Фарабидің ғылыми – философиялық мұрасын өзіміз ғана біліп қоймай, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Әл-Фарабидің мұрасы, әл-Фараби әлемі туралы білетініміз аз. Оның құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Ол- әлем халықтарын біріктіретін тұлға. Әл-Фарабиді хан тұтатын үш мемлекет бар.

Біріншісі – Иран (олар әл-Фараби бізден шыққан дейді), екіншісі – Қазақстан (әл-Фараби халқымыздың этногенезінің негізінде жатыр, ол Отырардан шыққан), үшіншісі – Араб елі, Мысыр мен Сирия және басқа да мұсылман елдері әл-Фарабиді айрықша қастерлейді. Әл-Фараби мұрасын мектептерде пән ретінде оқытып, жоғары оқу орындарында арнайы курстар жүргізген жөн.

Қазіргі уақытта Әл-Фараби ойларының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Оның көзқарасында саясат, дін және бақыттың өзара терең қатынасы көрсетілген. Бүгінде әлем Ислам және Батыс өркениетінің текетіресу қаупі алдында тұрғанда, ислам мәдениетімен астасатын экстремистік және лаңкестік көңіл-күй үдеп келе жатқан кезде, ұлы философтың мұрасы адамзаттың түрлі көзқарасын шешуге көмек бере алады.

Бүгінгі күнге дейін оның логика, метафизика, этика, саяси және әлеуметтік философия, музыка мен медицинаға арналған жүзден аса трактаттары сақталған. Ол ең алғаш болып музыканы математикалық негізде жүйелеп, оны ғылымның бір бағыты ретінде көрсеткен.

Түйіндеп айтқанда, Орта Азия мен қыпшақ даласы үшін X—XII ғасырлар қоғамдық-әлеуметтік, саяси тұрғыдан дамудың жаңа басқышы болып табылады. Бұл кезеңде түркі тілдес халықтардың мәдениеті, әдебиеті, ғылымы едәуір өркендеп өсті. Әсіресе, түркі әдеби тілі жан-жақты дамып, жетіле түсті. Мүның өзі түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, т. б. халықтардың этностық қүрамының қалыптаса бастауы мен олардың әлеуметтік-қоғамдық өміріндегі рөлінің біртіндеп артуына байланысты болды.

Алдағы 2020 жылы «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, күллі түркі жұртының бас ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде, Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланатын болады. Сондай-ақ, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, мұралары «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.

“Біз үшін бұл мерейтойлардың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – ұлы тұлғалардың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мектептерде оқыту үдерісінде пәндерді оқытуда ұлы ғалымның тұжырымдамаларын ұлттық құндылықтар ретінде тақырыптармен тиімді байланыстырған дұрыс. Сол сияқты мерейтойларға байланысты әр түрлі тақырыпта мазмұнды іс-шараларды белсенділікпен ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жөн деп ойлаймын.

Толығырақ: https://bilimdinews.kz/?p=80657

...