0 дауыс
3.5k көрілді

Мына тақырыптарға Шығарма жоспары және эпиграфымен болса(Бір шығарма болса да)Отінемін оте керек

image

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

1.АТАЛАР СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ.

Ұлы Абай: «Халық даналығы – қағазға басылып кітап болып шыққан шариғаттан да, анау патша заңынан да асып түспесе кем түспейтін қазақтың қанатты сөздері, мақал-мәтелдері. Халық сол астарлы, ақылды, ұшқыр асыл сөздерімен билік айтып, соны заң деңгейіне жеткізген. Талқыға түскен істерге айтылған билік тапжылмайтын үкім деп есептелген… Ал, қазақ халқының осындай белгілі сөздері, айтқан ойлары, амал не, хатқа түспей, көпшілігі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келді…», – дейді. Өте орынды айтылған ой. Бұл жайт бүгінгі күнге дейін еш құнын жоймағаны сөзсіз.


Халық даналығы дегенде ең алдымен біз мақал-мәтелдер мен айшықты сөздерді, бата-тілектерді, сондай-ақ, халықтың бай рухани құндылықтарындағы ұлттың ұлағатты сөздерін – ырым сөздерін, тыйым сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, афоризмдерді еске аламыз. Мұның бәрін бір сөзбен «аталар сөзі», «халық даналығы» деп жинақтап айтқан жөн секілді. Расында да, егер даналық сөздерді жеке-дара мән бере талдап көрсек, олардың жайдан-жай айтылмағанына куә болып, ондай рухани-мәдени мұралардың әрбірінің тамыры тым тереңде жатқанын көреміз. Олар ел өмірінің әр кезеңдерінде пайда болып, әрқайсысының өзіне тән қалыптасқан тарихы бар екенін де сеземіз. Тіпті, кейбірінің тарихи тамырын болжап айту да қиын. Әйтеуір, атам заманнан бері халықпен бірге жасасып, қатар өмір сүріп келе жатқандай әсер етеді. Қалай дегенде де, қазақ халқы ғасырлар бойы әрбір жаңа буынды осынау байтақ мұра – нақыл сөздермен оқытып, солар арқылы жастарға тәрбие өнегесін беріп келгені даусыз. Бүгінгі күнде де, мақал мен мәтелдерді мектеп қабырғасында үйретудің тәлім-тәрбиелік маңызы орасан зор. Себебі, олар көңілдегі күрделі ойлардың мәнін дәл, қысқа да нұсқа жеткізудің, жинақты ойды көркемдеп танытудың таптырмас құралы.
Жалпы білім беретін орта мектептердегі ана тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда ұстаздардың негізгі мақсаты білім нәрі мен тәрбие тағылымын ұштастыра жүргізу дейтін болсақ, онда бұл мәселеде мақал мен мәтел сынды даналық ойлардың жалпы мектеп тұрмысындағы оқу-тәрбие жұмысына тигізер пайдасы мол дер едік. Мұнда елдік нақылдар әуелі сабақ тақырыбы мен ондағы білім мазмұны жайлы жинақты ой түйіндеп, кешенді тәрбие беретін болса, одан кейін шәкірттердің ой-өрісін дамытуға, өмірге деген көзқарасының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен бірге, оқушылардың тілдерін ұстартып, ойын жүйелеуіне, өз беттерінше ізденуіне, өмірді тани білуіне үйретеді. Ресми деректер бойынша тілімізде 15 мыңнан астам мақал-мәтелдер бар. Мектеп қабырғасында мақал-мәтелдерге бастауыш сыныптардан бастап назар аударылып, ортаңғы буында оқу бағдарламасына орай арнайы тақырыппен ажыратылып оқытылады. Әрине, оған бөлінетін 1-2 сағатта мақал-мәтелдердің танымдық-тәрбиелік астарларын, тақырыптың мазмұнын түгел ашу мүмкін емес. Сондықтан, мұғалім арнайы белгіленген сағат мөлшерінде ғана таныстырумен шектеліп қалмай, әрбір сабақ үстінде жайшылықтағы өмірде ретіне қарай мақал-мәтелдерді, даналық сөз үлгілерін ұтымды пайдаланып, оларды күнделікті тәжірибеде қолдануға оқушыларды дағдыландырып отырғаны абзал. Мұнда кейде сабақ үстінде шәкірттердің өзін қатыстыру да жақсы нәтиже бермек. Әдетте, сыныпта немесе пән кабинетінде сабаққа қатысты тақырып-тақырыптар бойынша жазылып ілінетін даналық үлгілері, мақал-мәтелдер жазылған тақырыптық альбом, жаңа сабаққа арналған стенд көрнекілік ретінде алдын-ала әзірленіп, оқушылардың әдебиет пәнінен жазып жүрген жеке дәптерлері қамтамасыз етіледі. Бұл құралдар сабақтың мазмұнын ашып, шәкірттердің жаңа тақырыпты жеңіл түсінуіне, саналы түрде меңгеруіне көмек етеді.
Тақырып дегеннен шығады, халқымыздың бай рухани мұрасындағы даналық ақыл-нақыл сөздердің тақырыптары да, мазмұндары да әр алуан болып келеді. Айталық, жас жеткіншек балаларға, тамақ-асқа, мал-жанға, үй хайуандары мен адам тіршілігіне, киім-кешек, жүру-тұруға, ыдыс-аяқ, уақыт-мезгіл, жақсылық пен жамандыққа, аман-саулыққа байланысты мақал-мәтелдер күнделікті тұрмыста өте жиі кездеседі. Өйткені, аталған тақырыптар өздеріне тиісті мәселелерге сәйкес халықтық тәрбиеде өзара қарым-қатынас әдебін қалыптастыруға, дұрыс пайымдаулар жасауға бағыттайды. Сондықтан, өмірде жиі қолданылатын мақал-мәтелдерді бірнеше тармақта төмендегіше саралауға болады:
1. Жас балаларға байланысты айтылған мақал-мәтелдер;
2. Тамақ-асқа байланысты айтылған нақылдар;
3. Мал-жанға, үй хайуандарына байланысты айтылған мақал-мәтелдер;
4. Үй тіршілігіне байланысты айтылған нақылдар;
5. Киім-кешекке байланысты айтылғандар;
6. Жүру-тұру, қарым-қатынас әдебіне байланысты айтылғандар;
7. Ыдыс-аяққа байланысты айтылғандар;
8. Табиғат, қоршаған ортаға байланысты айтылғандар;
9. Жақсылық пен жамандыққа байланысты айтылған нақыл сөздер;
10. Уақыт-мезгілге байланысты айтылған мақал-мәтелдер;
11. Денсаулық, адам өміріне байланысты айтылған мақал-мәтелдер.
Аталған тақырыптар ауқымында халықтық педагогикамыздағы адамгершілік, имандылық, патриоттық, ақыл-ой, еңбек, этикалық, эстетикалық секілді тәрбие түрлерінің барлығы қамтылады. Олардың әрқайсысының жас ұрпаққа тәрбие берудегі мән-маңызын зерделесек, нәтижесінде, бұл даналық сөздер адамның өмір сүруіне қажетті жақсы нәрселерден үлгі алуға, жаман нәрселерден аулақ болуға үндейтініне көз жеткіземіз. Жоғарыдағы аталған тақырыптардың ішінен жас балаларға байланысты айтылған «бос бесікті тербетпе», «бесікті аяқпен тербетпейді», «бесікті теппе», «нәресте балаға көп қарамайды», «баланың бесігін жабусыз қалдырмайды», «ұйықтап жатқан баланы аударып жатқызбайды», «жас нәрестені қос алақанға салып көтермейді», «тілі шыға бастаған баланың киімін жұлдызды түнге қалдырмайды», «нәресте баланы қолменен салмақтап өлшемейді» сынды тыйым сөздердің тәрбиелік мәні терең.
Мұндай тыйым сөздердің халықтың даналығы ретінде айтылу себебі, ұлттың мистикалық ой қорытуларына байланысты болғаны белгілі. Өйткені, халықтың нанымында бала бөленіп, тербелген бесік, бала бесіктен шыққанша (тәй-тәй басып, тұсауы кесіліп, бесікке бөленуден қалғанша) бос тербелсе, жамандық қатары көрінген, ол жаман ырымға саналған. Былайша айтқанда, аман-сау бала бесіктен жайдан-жай шығарыла салмайды; ырыммен бөленіп, ырыммен шығарылады, сондықтан ол құр бос тербетілмеуі керек. Бала аман-есен болса, бесік те ата-ананың көзіне сүйкімді көрініп, үйдегі ең қасиетті де қастерлі бұйым ретінде төрден орын алады. Ал, егер, нәресте бала ауырып, т.б. себептермен бесік бос қалып қалса, оны көрген нәрестенің анасының қос емшегі сыздап, қайғысы артқан. Бесік тербетілмей, үстіне жабуы жабылмай, көңілден тыс қалған. Сондықтан нәресте жатқан «тал бесікті аяқпен теппе, аяқпен тербетпе, бесіктің үстіне асылып жатпа» деген секілді тыйым сөздерді ата-бабаларымыз ежелден өсиет-насихат еткен. Оған қоса, қазіргі медицинадағы адамның қорғаныс қабілеттерін, оны сыртқы дерттерден қорғайтын биоэнергия, биоөріс ілімі туралы халықтың ертеден мәліметі болғанын, ел ішінде оған «кірнелеу» сияқты емдік ырымдарды жасағанын баяғыдан білеміз. Ауырып қалған баланы тұзбен, аршамен кірнелеп, баланың бүкіл денесін сылап, «шық, кірне, шық, сені нәресте балам көтере алмайды, шық, кірне, шық, түнде жортқан түлкіге бар, абалап үрген итке бар, көкте ұшқан құсқа бар, шық, кірне, шық» деген сияқты ырым сөздер айтқан. Сөйтіп, бөлмеге арша немесе адыраспан түтінімен иіс шығарып аластаған. Сол арқылы микробтарды өлтіріп, жас баланың денесін қой майымен бірнеше рет сылап, бұзылған биоэнергияны қалпына келтірген. Сонда ғана ауырған жас нәресте бас көтеріп, сырқатынан тез айығып кеткен. Мұның нәресте балаға үлкен (биоэнергиясы күшті) адамның көңіл қойып, назар салып қарағандығынан болатын жағдай екенін халықтық медицина жақсы түсіндіреді. Өйткені, биоэнергиясы әлсіз жас нәрестені үлкен адамның «назарынан» шыққан бұзылған биоток әлсіретіп тастаған. Оны ел ішінде «назарланды», «көз тиді», «назарланып ауырып қалды» деп жатады. Сондықтан, халық «жасы үлкен адам жас балаға көп назар салып қарамайды, көзі тиеді» деп оны қорғаштаған, бала денсаулығын ойлап алдын ала қам жеген.
Тамақ-асқа байланысты айтылған ырым немесе тыйым сөздердің мән-мағынасы да жоғарыдағы сөздерден кем емес. Халқымыз нанға, дастарханға ерекше мән беріп, жоғары бағалаған. Ел ішінде бір ұрттам су да, бір сындырым нан да адамның негізгі ырыздығы ретінде есептелген. Үйге келген адамға «құтты үйден құр шықпайды» делініп, нан ауыз тигізген. Үй жанынан өтіп бара жатқан жолаушы адамды да «Қырықтың бірі – қыдыр» немесе «Ырысты үйдің жанынан құр ауыз өтпейді» деп ырымдап дәм татқызған. Үйіне жақын көрші болып көшіп келгендерге «ерулік» беріп, сый көрсеткен. Ал, алдына келген асты күттіріп, басқа шаруамен айналысқандарды ел жақтырмаған. «Алдыңа келген ырысқыны күттірмейді» деп қатаң ескерткен. Сонымен қатар, қонаққа шақырған адамы уақытында келмей қалса, оған арнап алып қалған тамақты сол кісінің өзіне беруге әрекет жасаған, сол үшін «біреуге қойған несібе-ырысқыны басқаға бермейді» деп үйреткен. Дастарханды теріс қаратып салуды да дұрыс көрмеген. Онда дастархан үстіндегі ырыздық аударылып қалады деп есептелінген. Дастарханды аяқпен басу әдепсіздік, білмегендік болып танылған. Нан халқымызда ерекше бағаланып тамақ-ас ретінде бар ырыстың бастауы деп есептеледі. Бұл күн сайын жас жеткіншектерге халықтық ереже түрінде айтылып, «нанды теппейді, нанды аттап өтпейді, нанды бір қолмен жұлып жемейді, тамақ жеудің алдында наннан ауыз тиеді, нанды теріс аударып тастамайды, кір-лас қолмен нанды ұстамайды» деп ескертіледі. «Нанның ұсағын аяқ астына тастама, нанды тең бөліп сындырса, ырысқы үйге тең болады, нанды лақтырмайды» деп ұлағат айтқан.
Төрт түлік малдың ішінде жылқыны қазақ халқы айрықша бағалаған. Оны «Ат – ердің қанаты», «Ат сыйлаған жаяу қалмас», «Жылқы – мінсең көлік, жесең тамақ, ішсең сусын» деген секілді бірқатар айшықты мақал-мәтелдермен әспеттеген. Жақсы ат жігіттің жан серігі болған, онымен қалаған жеріне жеткен, қашса құтылған, қуса жеткен. Ол иесін жолда қалдырмаған. Сондықтан қазақ халқының жылқыға деген сүйіспеншілігі өзгеше болып, ол туралы көптеген өнегелі нақыл сөздер, ұлағатты әңгімелер қалдырған. Айталық, «Мінген атыңды басқа ұрма, жолыңнан адасасың», деп халық жылқыны күте білуге, мәпелеп міне білуге үндеген. Бұл сөздің төркінінде атты күте білу мәдениеті мен ырым-салттар жатқандығын аңғаруға болады. Үй тіршілігіне, отбасы тұрмысына байланысты да айтылған ырым сөздер өте көп кездеседі. Бұл сөздер жастарды күнделікті өмір сүру мәдениетіне шақырған халықтық қағидаттар секілді екені сөзсіз. Өйткені, олар ұл балалардың да, қыз балалардың да жастайынан күнделікті жадында болатын, міндетті түрде орындайтын халықтық педагогикалық құндылықтар қатары қабылданған. Мұнда халықтық тыйым сөздер де, оны орындауға үндеген тәртіптік қисындар да, үгіт-насихат түріндегі өнегелі сөздер де молынан табылады.
Халқымыз ырысты ынтымақ пен достық-бауырластықты, кез келген адамға ақ ниетпен қарым-қатынас жасауды, ізгілікті әрқашан жоғары қойған. Қонақжайлық, үйіне келген адамды таныс-таныс емес болсын ашық, ақжарқын қабақпен қарсы алған. Толеранттылықпен мәміле жасап, кез келген қиын шиеленістің алдын алған, ондай қиын жағдайда «Сабыр түбі – сары алтын» деп оны ынтымақпен реттеуді, бейбіт келісіммен шешуді мұраға қалдырған. Бұл секілді қарым-қатынастың ереже-тәртіптері де ұлттық педагогикалық салт-дәстүрге айналған, қағаз жүзінде жазылмаса да халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде елдің даналық ойлары түрінде қатаң сақталған. Мәселен: «Сыпырғышпен адамға тап бермейді»; «Балта, пышақ және мылтықтың серті бар, олармен бөтен адамға қаратып, ойнап оқталмайды»; «Үйге қонақ кіріп келе жатқанда үй сыпырмайды» деген секілді өсиет сөздер өмір тәжірибесінен туындаған тарихи мәні бар шешімдер. Бұл айтылған мәселелерден шығатын қорытынды – біз халықтық даналықтарымызды үйде де, балабақша мен мектепте де, қайда жүрсек те үнемі жастарға айта жүріп, олардың мәнісін түсіндіріп отырсақ, осынау бай рухани құндылықтарымыздың өмірін ұзартып кейінгі ұрпаққа бұдан әрі қарай да мұра етіп қалдыра алар едік. Сонда ғана жасы үлкендердің жастар алдындағы үлкендік парызы орындалар еді, әрі ұлттық тәрбие тағылымы қалыптасар еді.

осыған жоспар болса отинемин))
...