0 дауыс
1.5k көрілді
ЭКСПО 2017 туралы шығарма жоспарымен керек?

1 жауап

0 дауыс
Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқысы бола білді.[1] ЭКСПО көрмелерінің идеологиялық теке тірестің алаңына айналу арқылы да ғажап нысандардың, ғажайып туындылардың дүниеге  келуіне себепші болған жайлары жеткілікті. 1937 жылы Парижде өткізілген Бүкіләлемдік көрме тарихқа адамзаттың Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы жетістіктерінің байқауы ретінде де, жиырма жылдығын жаңа атағалы жатқан социализм мен енді-енді бас көтере бастаған фашизм идеяларының бетпе-бет келген сәті ретінде де енген. Эйфель мұнарасына барар жолдағы екі қанаттан орын берілген КСРО мен Германия павильондарының бәсекесі елді ерекше елең еткізген. Біздің қазақ наурыз туғанда ериді деп аңызға айналдырған Самарқанның көктасымен көмкерілген ұзындығы 150 метрлік советтік павильонның дәл ортасына мүсінші Вера Мухинаның қолынан шыққан биіктігі 24 метрлік «Жұмысшы мен колхозшы» скульптурасы қойылған еді, оның дәл қарсысына неміс архитекторы А.Шпеердің ойластыруымен мүсінші Й.Торактың «Жолдастық» пен «Отбасы» скульптура тобы, ал жалпы неміс павильонының ұшар басына Үшінші рейх символы – бүркіт орнатылған болатын. Жалпы салмағы 185 тонналық Мухина мүсінінің монументті өнердің аса көрнекті жәдігерлігі ғана емес, советтік дәуірдің бөлекше бір символы екендігі орта жастағы, егде оқырмандарға жақсы мәлім деп ойлаймыз.[2] Әйелдің қолындағы орақ пен ер азаматтың қолындағы балға жұмысшы табы мен колхоз шаруаларының – жаңа совет елінің жаңа қожайындарының бұлжымас бірлігінің бейнесі ретінде бүкіл әлемге танымал болған. Кезінде Мәскеуге жолы түскен адамның Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алдында орнатылған осы ұлы туындыны бір көрмей кетпейтіні сирек еді. Бүкіләлемдік көрменің мәдениетке әсер-ықпалы дегенде біз сол 1937 жылғы ЭКСПО-да Пабло Пикассоның атақты «Герникасы» қойылғанын да айтамыз.

«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. [3]

Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындап отыр? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді.

Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Егер EXPO-ны өткізудің сәті түссе, осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады.
Шындығында да еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажеттіліктің орнын толтыруға тамаша мүмкіндік туып отыр. Қазақстанның сағатына 1 трлн кв энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Оның үстіне Астана көрмені өткізу құқығын жеңіп алған жағдайда, ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшеді. [4]

 Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.  Демек, бұдан шығатын қорытынды, әлемдегі белді ұйымдар Қазақстанның EXPO көрмесін өткізуіне бір жағынан мүдделі болып отырса, екінші жағынан Қазақстан мен оның «энергия» тақырыбына деген қызығушылығын көптеген елдер қолдауда. Қазір елуден астам ел Астанада көрмені өткізуге жазбаша келісім берсе, қырықтан астам мемлекет ауызша растаған.
Тағы да мамандардың пікіріне тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. КХБ бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астананың EXPO-2017 өткізуге мүмкіндігі жоғары деп есептейді. Ол біздің еліміздің үш артықшылығына бас мән беретінін жеткізді. Оның пайымынша, біріншіден, Қазақстан басшылығының саяси еркіндігі бар, екіншіден, бұл істі абыроймен атқаруға қажетті қор жеткілікті, үшіншіден, біздің еліміз ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінде бүкіл дүние жүзінде маңызға ие болып отыр. [5]

Тарихқа көз жүгіртсек, EXPO дәстүрлі көрмесі бұған дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Ал енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір болып табылатын жаңа өңірде, Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен, бұрынғы Кеңес республикаларымен, сондай-ақ  Орталық Азия елдерімен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан жас мемлекетте өткізу Астанаға тағы бір ұпай алып келеді.

  Қазақстан елордасы сайлау алды бәсекеде жеңіске жетсе, осы саладағы үздік әлемдік үрдістер мен әзірлемелерді көрсетіп, оны талқылау үшін тиімді алаңға айналары сөзсіз. Қазірдің өзінде «Болашақ энергиясы» тақырыбында жұмыстар басталып кетті. Қазақстан жаңа энергия көздерін енгізу бойынша халықаралық пікірталастарға белсенді түрде қатысып келеді.
http://e-history.kz/kz/contents/view/2007
...