«Райымбек! Райымбек!» поэмасының көркемдік поэтикасын бірнеше қырынан бағалауға негіз бар. Біріншіден, поэма фольклорлық дәстүрді жалғастырған ұлттық сипатымен ерекшеленеді. Екіншіден, ақын Райымбек батыр бейнесі арқылы ұлттық рухты жырға қосып, қазақ батырының ерлігі жайлы баяндайды. Бұл поэма күні бүгінге дейінгі қазақ жазба поэзиясындағы Райымбек батыр тақырыбына арналған жалғыз үздік туынды десек, артық айтпаспыз. Үшіншіден, ақын қайсар рухты батыр бейнесі негізінде ұлт азаттығы мәселесін толғайды. «Мұқағали өмір сүрген кеңестік дәуірде Әлмерек би, Райымбек батыр, Қабай жырау, Сырымбет, Хангелді, Түке бабалардың есімін атаудың өзі үлкен қылмыс болып саналушы еді. Соған қарамастан, ақынның батылдығы арқасында тарихи шындық жыр тілінде өрілді. Бұл да Мақатаев поэзиясының ұлттық рухты көтерудегі зор үлесінің дәлелі», - дейді ғалым Б.Жақып.
«Мұқағали қазақтың бай ауыз әдебиетін, одан кейінгі жазба әдебетінің озық үлгілерін, әлемдік әдебиет жетістіктерін бойына толық сіңіріп қабылдай отырып, поэзияда қалыптасып орныққан өлшем-өрнекті керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан шеберлік танытты», - дейді ақын шығармашылығын зерттеуші Ж.Өтейұлы. «Райымбек! Райымбек» поэмасы ақын поэзиясындағы жеке қаламгерлік стиль өрнектерін тануға, ұлттық мұраттарды батыл жырлауға деген шығармашылық интенциясын зерделеуге мол мүмкіншілік береді. Осы орайда поэманың соны тақырыпқа қозғау салып, Райымбек ерлігін жырлауы жағынан да, ұлт-азаттық рухты жаңғыртуы тұрғысында да, қазақ өлеңін өзіндік бояу және нақышпен байытуы бойынша да ақынның бұл туындысы әлі де жан-жақты зерделеуді қажет етеді.