Кітап, Әдебиет | 19.2k қаралды
19.2k қаралды
Мұқағали Мақатаевтың Райымбек, Райымбек поэмасына шығарма қажет?

3 жауап

«Қарасаздан ұшқан қарлығаш» деген өлеңінде:
«Мен өзім жайында мынаны айтам:
мен XXI – ғасыр ұрпақтарының құрдасымын.
Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да ...»
деп жазған екен.

Иә, Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз аулында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген Мұқағали шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» жорналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.

Тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») жорналында, одан кейін бір шоғыр жыры Әбділдә Тәжібаевтың сәт сапар тілеген сөзімен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған.

Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған.

Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, сынға ұшырағанда да "Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана" деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.

Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали "Жан азасы" (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, "Райымбек, Райымбек!" дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.

М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен

бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.

Ақын қай тақырыпты жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: «мен жырламаймын, сырласамын. Сыры бір замандаспен мұндасамын.Көгендеп жыр қосағын, келмейді жыр жасағым» немесе «тіпті де мен еместі «Мен» дегенім... өзгенің жан–сырын ұғу үшін, өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді. Мұқағали шығармашылығының негізі «өзін – өзі» зерттеуден тұрады. «Өмірдастан» атты топтамалы талғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар намыс, рух пен нәпсі арасындағы толласыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізілген.

Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды ( Тауды өстім, Тау бір аңыз т.б.). Мысалы «Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған».

Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. «Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» дейді ақын. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағали поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді, мұны айқындайтын мынандай өлең жолдары бар: «Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсын-ау, қайран жеңген». Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған: «О , Муза, маған алыс сөреңді бер, Ғайыптан кел де, мені демеп жібер».

Ол Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін «адам жанының инженері болып қалу» дегенді ұстанды. Мұқағалидың адамзат ғұмыры мен әлем сырың жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қолмақты мұра боп енді.

Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің «Қош, махаббат» жинағына (1988) әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже», әңгімелері,«Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош, махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде О. Сүлейменов, М. Әлімбаев, Қ. Мырзағалиев,Ж. Нәжімеденов, С. Мәуленов, т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия, туралы ой толғайды. Ақынның көз тірісінде 3 аударма кітабы (У. Уитмен, «Шөп жапырақтары» (1969); У. Шекспир, «Сонеттер» (1970); Д. Алегерьи, «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімі (1971) ),8 жыр жинағы («Ильич» (1964), «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұыйқтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмірдастан» (1976) ) жарық көрді. У. Уитмен, У. Шекспир,

Н. Тихонов, Р. Бернс, Ф. Ансари, А. Акопян, А. Исаакян, Е. Евтушенко, Ф. Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды.

Ақын өз шығармашылығында әр-түрлі тақырыптарда жаза білген. Мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, олардың кейбіреуін мынандай етіп жіктедім:

1. Махаббат туралы: «Махаббатым өзімде», «Махаббат диалогы», «Ғашықпын», «Махаббат» және т.б. Бұл шығармалардың ішінен маған ұнаған «Махаббат» өлеңін сіздерге оқып бергім келеді.

Құмартасың жете алмай,
Қайғырасың сағынып.
Қыл көпірден өте алмай
Қиыласың табынып.
Жүрегіңді бос етіп,
Жүдеп жүріп сүйерсің.
Өзіңе өзің қас етіп,
Өз отыңа күйерсің.
Өзіңе бал,басқаға у,
Сезімдіге ең қымбат:
Қайғы, сүю, құмарту-
Ең бірінші махаббат.

Менің ойымша бұл өлең жолдары алғашқы махаббатқа арналған және бұл махаббаттың сәтсіздікке ұшырағандығын көрсетеді.

2. Табиғат туралы: «Қыстың күні», «Көктем», «Күзгі таң», «Түнгі табиғат» және т.б.

3. Достық туралы: «Достарға», «Менің бір досым», «Досым менің», «Досыма хат» және т.б.

4. Ана туралы: «Анама», «Анашым», «Сәби ана», «Жас ана» және т.б.

5. Отан туралы: «Сүйемін, өскен отаным», «Отаным», «Туған жерім» және т.б. Бұл тақырыптағы өлеңдердің ішінен мені тамсандырған «Отан туралы» өлеңі:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Сонымен қатар өздеріңіз білесіз Мұқағали өлендеріне ән жазылып, оны көптеген әншілер орындауда. Мысалы: «Мұзарт» тобы «Көзін сенің», «Бала ғашық», «Нұрмұқасан» тобы «Бақытынды жырлайды» деген өлеңдерді орындайды.

Мұқағали Мақатаев туралы көптеген ақындар,зиялы адамдар өз пікірлерімен бөліскен. Бексұлтан Нұжекеұлы ақын туралы былай деп жазады: «Ойын сиқырлы сөзбен айта білу, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізе білу – Мұқағали өлеңдерінің негізгі құдіреті. Оның талай өлең жолы қанатты сөз боп халық аузында жүр. Мақалға, мәтелге, үлгілі сөзге сұранып тұрған талайының әлі тәлейі алда.Мұқағали- өлең түрін түрлендіруге де көп көңіл бөлген ақын. Ол көне шығыс үлгілерін де, әр сөзі ой шегелеген өзіндік тәжірибелерін де қазақ өлеңінің қанына сіңіріп кетіпті. «Алатау, ассалаумағалейкум!» деген өлеңінде :

- Шаруа-ата секілденіп, өміріңді сарып қып,
Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып,

Аман – есен жатырмысың, айналайын жарықтық! - дейтін жан тебіренісі бар. Осындағы «жарықтық» сөзінін кезінде жаман пиғыл көргендер де болған. Алайда тауды кәриядай әулиеге айналдырып тұрған да сол сөз ғой.»

Қорыта келе айтарымыз. «Ғасыр ақыңы» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің рухани дүниесін, тұрмыс-күйін, арман-мүддесін, тарихи тұрғыдағы ұлттық портретін шыншылдықпен хаттаған асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. «Жүрегінің түбіне кір жасырмай» айтып кетті, армансыз ақтарылып кетті. Мұқағали Мақатаев- қазақтың қарапайым тілінің нәрі мен мәнін Абай, Қасымдардан кейін түсініп жазып, түсіндіріп өткен ақын. «Сөз өнерін дертпен тең» көрген парасатты қаламгер. Ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті. Мұқағали шығармашылығы әлі де терең зерттеу қажет деп ойлаймыз.
Жақсы Жауап

Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасы

Конференция

Конференцияның мақсаты:

М.Мақатаев шығармашылығын тереңдей оқып талдау. Поэма мазмұнын меңгерту, тақырыбымен идеясын ашқызу.

Оқушыларды іздендіре отырып, поэзиялық шығармаларды талдай, саралай білуге дағдыландыру, әдеби тілде сөйлеуге дағдыландыру, ғылымилыққа баулу.

Елдік, ерлік, патриоттық рухқа тәрбиелеу.

Шараның көрнекілігі: Портрет, кітаптар көрмесі, слайд бетшелер, теледидар.

М.Мақатаев өмірі туралы мағлұмат.

Шебер суреткерлігін танытатын пейзаждық өлеңдерінен үзінді жатқа оқу.

«Мен бір нәрсеге –поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне –кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін. Қайтсе де бір парасатты адам болады. Ол-ақын. Ақырғы сөз сонікі»,-деп өзі күнделігіне жазғанындай Мұқағали поэзиясы өмірмен бірге жасасап келеді. Ақын жырларын оқи отырып, әркім одан бүгіні мен өткенін, келешегі мен арманын көреді. Көреді де содан сабақ алады.

Туған жерінің қадыр-қасиетін, тарихын келешек ұрпаққа ұғындырып кету мақсатында жазылған «Райымбек, Райымбек!» поэмасы желісімен өткізілетін конференциямызды ашық деп жариялаймын.

Поэманың авторы

Мұқағали Мақатаев 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты - Мұхаметқали. Әкесі қарапайым шаруашы: колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туылған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері - Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады ("Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?"). Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970),«Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.

Мұқағали поэзиясына кезек берейік.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары.

Жеткіз жұртқа бүгіні өткендерін,

Қысы, жазы мен көктемдерін.

Жадында тұтсін ұрпақ жасырмай айт,

Ақтабан шұбырынды өткелдерін,

Аруды арам жандар өпкендерін,

Боз інген ботасы өлген бой жаза алмай

«Елім-ай» Аруана шөккен жерін.

өлшесін бүгіні мен өткендерін!-деп басталатын ақынның шығармасы жоңғар шапқыншылығы кезінде еліне қорған болған Райымбек батырға арналады.

Конференцияның жоспары:

«-Өзің бала болсаңда сөзің дана, отты екен,

Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен».

«Дауасы жоқ жан екен оты жанған,

Ілесіңдер осыған оты барлар!»

Оқушылар поэмадан үзінділер оқиды.

Жау шапқан қазақ ауылы

Жыраудың балаға кездесуі

Жырау мен баланың әулиеге тәу етуі

Баланың өз атын ұрандауы, халықтың наразылығы

Қатал сын

Райымбектің қолбасшылыққа қол жеткізуі.

I бөлім

«Қаратаудың басынан көш келеді».

-Балалар, ақын осы шығармада қазақ халқының басына түскен сұрапыл соғыстың зардаптарын қалай суреттеген?

Қара жауы қанатын кескен еді,

Шұлғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді.

Қара жұртта бықсыған шала қалған,

Аналардан ес кеткен, балалардан.

Талда таппай қармауға жағалаудан,

Ақыл қашқан адыра бабалардан.

1-оқушы: Тыныш жатқан қазақ еліне жоңғарлар шабады. Сол уақытта елінің,жерінің қиын жағдайға түскенін Қабай жырау зарлана айтады. Бастарына қара бұлт төніп, батырларынан айырылған қазақ елінің ауыр жағдайы суреттеледі. Қайтыс болған адамдардың бетін жауып, дұға оқып жүрген Қабай жырау өліктер арасынан кішкентай баланы тауып алады......

IIбөлім

Жыраудың балаға кездесуі.

Поэманы оқушылар кезекпен жалғап оқиды.

-Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,

Мен де көпке бармасыпын, сен қаларсың.

Ойран болған ордаңның орнына кеп,

Отау тігіп, оттарын сен жағасың!

2-оқушы: Даланың құзғындарына жем болған шағын жұртынан тігерге тұяқ қалмағанына өзегі өртеніп, үмітсіз сайтан десек, бұл баба кеудесіндегі жаны болмаса сайтаннан да аласарып, кетіп бара жатқандағы кеудесінде үміт отын жаққан осы бір дауыстың қаншалықты сағынышты, қымбатғ ыстық болғанын байқаймыз. Сол баламен бірге өлгенінің бәрі тірілгендей қуанған Қабай-жырау балаға үлкен сенім, үміт артады да жүріп кетеді.

Кітапханашы:

-Соғыс кезіндегі жетімдіктің себебі неде?

 

-Бейбіт өмірдегі жетімдіктің себебі қандай?

 

Жырау мен баланың әулиеге тәу етуі:

«Жайлауымды жау алып,

Өрісімді өрт алып,

Өзегеімді дерт алып,

Келдім саған, әулие!»

Оқушылар поэманы жалғастырып оқиды.

Бабаларымыз қуанса, қиналса да ата-бабаға сиынуды еш ұмытпаған. Қаңғыған қос жетімек әулиеден бағыт-бағдар сұрайды.

Баланың өз атын ұрандауы, халықтың наразылығы

Батырдың жан күйзелісін ақын қандай шеберлікпен жеткізген?

Бала Райымбек ат жарысынан "Райымбек! Райымбек!" деп өз атын өзі ұрандап келеді. Баланың бұл қылығына ауыл ақсақалдары ашуланады. Райымбек өзіне Қабай жырауды қалқан тұтып, өз ойында түйіп жүрген сөздерін халыққа айтады. Оның осы айтқандарынан кейін әкесі Түке қайтыс болады. Райымбектің жасы 18-ге толады. "Қазақтарды жау шауып жатыр", деген хабарды естіген Райымбек жауға аттанбақ болады.......

III бөлім

Өзінің жауға аттанбақ тілегін биге айтады. Би оған қиын да қатыгез талап қояды. Би батырға Іледен өтсе, тілегі орындалатынын айтады. Бидің шартын орындап, Ілені кесіп өтеді. Халықтың ықыласына бөленіп, артына қол жинап, жауға шабады...

Оқырмандардың пікірі тыңдалады.

Кітапханашы:

-Бүгін міне осы секілді қаншама батырлардың ерлігінің арқасында бейбіт өмір сүіріп жатырмыз. Бірақ «қырық жыл аштық, қырық жыл тоқтық жоқ» деген халық даналығы. Ел басына күн туса үміт арататын жастарымыз сіздерсіздер. Өз замандастарыңыздан осындай ірілік, кісілік шыға ма?

-Поэмада қандай мәселе көтерілген?

-Ақынның осы поэма арқылы айтпақ ойы не?

- Сөз құдіреті туралы пікірлерің қандай?

-Қай кейіпкердің тағдыры сені қатты толғандырады?

-«Болар бала он бесінде баспын дер» деген сөздіқалай түсінеіздер?

-Ақын осы шығармада нені дәріптейді, нені сынайды?

Поэманы оқи отырып қандай ой түйдің?

-Поэма соңында Райымбек неге қол жеткізеді?

-Ақын Райымбекті қандай адам үлгісінде суреттейді?

Жас болса да ақылды, өжет, батыл, ел бірлігіні ойлаушы, үлкен ақыл иесі.

3-оқырман: Поэма да ол бар батыр тұлғасымен көрінеді. Қазақ батырларының ішінде сан жорықта оттай ойнап, жалын шашып жауын жеңген батыр, «Алаш» деп еңіреген ер. Ол -өз мүддесін ел мүддесінен жоғары қоятын елжанды азамат. Оның бұл қасиетін би де, халық та мойындаған. Басына сын сәт түскенде ол ел намысы үшін жанын қиып, ажалға қарсы тұрады. Өзеннің тереңдігін, ағысының қаттылығын біле тұра, көзсіз ерлікке барады. Бұл оның өзіне бұйырған сынағы еді. Райымбек асқақ батыр ретінде көп оқырман көңілінен орын алады.

4-оқырман: Бұл поэма -өршіл рухта жазылған психологиялық поэма. Райымбектің батырлығы, оның адамгершілігі, ашуы, ыза-күйігі, өкініші, қалмақтан кек алу үшін қол жинаудағы жасаған іс әрекеттері шығармада жарқырай ашылған.

5-оқырман: «Райымбек! Райымбек!» поэмасында ақын тек Райымбек батырдың бейнесін ғана жасап қоймай, сол кездегі қазақтың басына төнген ауыр күндерді және оның себептерін өз бетінше баяндайды, қазақтың өзгелердің боданы болуының қасіретін сипаттайды.

 

Поэманың идеясы

Поэманың негізгі идеясы - XVIII ғасырдың басында жоңғарларға қарсы шапқан Райымбек батырдың ерлігін кейінгі жас ұрпаққа дәріптеу. Жастарға патриоттық сезім сыйлайтын туындыларды оқыту. Елін, жерін сүюге уйрету.

Поэманың басты кейіпкері

6-оқырман: Поэманың басты кейіпкері - Райымбек батыр. Райымбек Түкеұлы[1] (1705, қазіргі Алматы облысы — 1785, Алматы) — батыр, қолбасшы. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғ-дың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 ж. Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Ионновнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті, 17 баһадүрмен соғысып,бәрінің басып алып тастаған.Осыдан кейін жоңғарлардың беті қайтқан. Бұдан кейін жоңғарлар бізге шабуыл жасамаған.

7-оқырман: 1733 ж. Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі Албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісінде “көріпкел”, “әулие” атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Аумалы төкпелі жаугершілік заманда елін, жерін жоңғарлардан қызғыштай қорғаған қолбасшы,шайқасқа жастайынан қатысқан. Тасып жатқан Іледен әскерін аман өткізу, сусыз жерден су шығарып,болашақты болжаған көріпкелдік қасиеті ел жадында шежіре-дастан болып сақталады.

8-оқырман: Алматы облысында жұмыс сапарымен жүрген Елбасы Баба тойы ұйымдастырылған Шалкөде жайлауына ат басын бұрады. Елбасының әкесінің өзі Әбіш перзентке зар боп жүргенде Райымбек батырдың басына келіп, жаратканға мінәжат етіп,ұлды болған. Сондықтан, Елбасының бұл құрметі ата мен баба әруағы алдында ұлы парыз деп есептесе де болады. Бұқара алдында сөз алған Елбасы Елордада үлкен көшенің біріне және Алматыда әскери полкке баба есімін берілгенін жеткізді.

9-оқырман: -Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали «Жан азасы» поэмасында өмір туралы гимн туғызды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, «Райымбек, Райымбек» дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.

Олай болса Мұқағалиға және оның осы «Райымбек, Райымбек!» поэмасына айтылған замандастарының сөзіне кезек берейік.

10-оқырман: Әрбір аңыз төркінінде ақиқат жатады.  Ақиқат құдіретті болса, халық санасында қалып­тас­қан аңыздың сәулесі мен нұры да соғұрлым алысқа та­райды.
Ақиқат өмір шындығы болғанда, аңыз – сол өмір шын­дығын ғасырлар қойнауынан суырып, алдағы уа­қыт, замана айдынына алып ұшар Тәңір нұрындай қа­нат­ты, әрі жүйрік, әрі тылсым сырлы ғажайып күштің кө­рінісі.

Қорытынды бөлім.

«Хат жазу» стратегиясы бойынша оқырмандар авторға, поэма кейіпкерлеріне өз пікірлерін білдіріп хат жолдайды.

«Болар бала он бесінде баспын дер» деген тақырыпта Райымбектің іс-әрекетіне талдау жасай отырып эссе жазу.

Кітапханашы: Көшпелі өркениеттің ақырғы алтын бесігі болған қа­зақтың Ұлы Даласы басынан нендей уақыт зобалаңын өткізбеді?! Қаншама тарихи қырғын оқиғалардың куәсі болмады?! Алапат соғыстар сойқанын көрмеді?! Ел ба­сы­на күн туғанда елін, жерін қорғап, тағдырын шүбе­рекке түйіп, тас шайнап, құм бүркіп, өмірдің қызыл жа­лынына күйіп, жан алысып, жан беріскен, қылша мойны талша боп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған, «еңку-еңку жер шалған, тебінгісін терге шіріткен, терлі­гін майға еріткен» алаш ұранды ерлер мен кескілесіп келгенде қас дұшпанын «арыстандай ақыртып, лауазымын көкке шақыртып» тізе бүктірген хас батырлар аз өтті ме қазақта?

Биыл міне «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мен «Жеңіс күніне -70 жыл» толуына орай таным тойы өтіп жатыр.

М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең ауқымды, тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адам тағдыры, өлім мен өмір, ана мен бала, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген. Халық қайнары болатын осындай ағамыздың шығармаларын оқып, қанығып өссеңіздер сіздерде елжанды азамат болатындарыңызға сенемін.

«Қара таудың басынан көш келеді».

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ Қара түнді басынан кешкен еді. Қара қайғы көрсетпей ештеңені, Қара жауы қанатын кескен еді. Шұлғау болып қыздардың кестелері, Талай қара шаңырақ өшкен еді.

«Қара таудың басынан көш келеді!!!»

Қара жұртта бықсыған шала қалған, Аналардан ес кеткен, балалардан. Тал да таппай қармауға жағалаудан, Ақыл қашқан адыра бабалардан.

Қандай қарғыс атты екен қайран елді?!

Қайда барып тығылар паналауға?!

Қайда барып, қалжырап жатыр екен?!

Қандай сорды сортаңын татар екен?!

Көр болса да болса екен қазақ жері, Қазақ жері болғасын - Атамекен.

Көш келеді, боздатып боз даланы,

Көз ұшында боз сағым қозғалады.

Әлдекімнің естілсе созған әні,

Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,

Әр кеудеде бір шемен қозданады Әр қазақтың естіліп боздағаны. «Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық, Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.

Опат болып, ақ ордаң ойраңданып,

Қара жауың әкеліп қара қайғы,

Тас уатты- ау тебеңе тайраң қағып.

Аңырауды доғарып, аттан қазақ!

Алты жасар ұлыңды майданға алып».

Шұбатылған шаң көріп алыстағы,

Қабай- жырау жар сала дауыстады:

- Жау келеді, жұртым- ау, жау келеді! Жаудан қалған жемтікке жабысқалы, Тағдырыңды біржола тауысқалы...

Caп түзеді қажыған нар боздақтар,

Қара жаумен қайтадан алысқалы,

Қайта қозып қазақтың намыстары.

Қайта шулап, жамырап қатын, бала,

Қанға шөлдеп, қаңырсып жатыр дала.

Қайта жауып, жай оты шатырлаған, Қайта төнген тамұқтың сотын қара. Қара жауы қайтадан лап қойды, Кезек бермей пақырға, батырға да.

Қазақ қанын сылқытып жатыр дала...

Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,

Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін,

Тозған жұртты топырлап, тапап кетті, Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін.

Боздақтардың желкесін шайнап кетті,

Қалған малды қайтадан айдап кетті,

Қанжығаға байланған қыз- келіншек, Бозторғайы шырылдап, сайрап кетті.

Хас батырдың көзі еді қара жорға, Қара жаудың астында ойнап кетті.

(Кім айдаса, соныкі түздің малы.)

Қара жауға қатын боп қыздың бәрі,

Әр өлікке жалп беріп, қонып жатыр, Даланың түндік қанат құзғындары.

Тұяқ та жоқ тігерге дым қалмаған,

Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған,

Сырлар бар- ау қойныңда, туған далам,

Ақтарылған қанынан қазағыңның, Құзғыны да құдайдың құр қалмаған.

Сенде ме?..

Сенде сұмдық сыр бар, далам...

Қан сасыған далаға қарайды да,

Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау:

- Пәруәрдігер, неғылған сұмдық еді!

Өңім бе, әлде түсім бе, қалай мынау?!

Боздақтардың даланы бояп қаны, Құзғындар да әнеки тояттады... Өңім болса, тәңірім, тарт жанымды, Түсім болса, ұйқыңнан оятпағын?

Оятпағын, мәңгілік оятпағын?!

О, тәңірім!

Неғылған шаққа айналды?!

Бір өзіңе жалынып, жақ байланды,

Түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды,

He қылығы жұртымның жақпай қалды

Көлім кеуіп, өзенім ақпай қалды, О, тәңірім!

Неғылған шаққа айналды?!

Қаусаттың- ау іргемді қара жауым,

Қан боп ақсын басыңа қара жауын!

Қатын, қызың күң болып әр есікте, Құл боп өтсін мәңгілік балаларың!

Ордаң опат, айырыл елдігіңнен,

Босамасын басың бір шерлі күннен,

Тоз- тоз болып ұрпағың әр қияңда, Билігіңнен айырыл, теңдігіңнен!

Байқап еді өліктің қозғап бәрін,

Бәрі де өлік, бірі де сөз қатпады.

Қабай- жырау басы ауған жаққа кетті,

Құзғындарға қалдырып боздақтарын!..

Кете барған, артына бұрылмаған, Аят оқып, ішінен сыбырлаған.

Қозыкөш жер қырғыннан ұзағанда, Құлын- дауыс естілді шырылдаған.

Аппақ нұрын жинап ап, тауға келіп,

Күн де батып барады қанға бөгіп, - О, жасаған, кімдікі әлгі дауыс.

Тірілді ме артымда қалған өлік!? Жетім қалған құлындай құлдыраған, Көз ұшында бір қара бұлдыраған.

Тағат етіп тұруға дәрмен қайда,

Аттың басын сол жаққа бұрды баба.

Есі кеткен алдында тұрды бала.

Ат үстінен баланы алдына алып,

Бір алданыш тапқандай шал жұбанып. Қырғын көрген қызыл Күн қырдан асты, Қызыл- күрең қанына тауды малып.

- Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,

Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.

Ойран болған ордаңның орнына кеп, Отау тігіп, оттарын сен жағасың!

             

II

Дала жатыр.

Сағымы ширатыла,

Бара жатыр қырына, бұйратына.

Екі жетім, бұлақтың басындағы Әулиенің бұрылды зиратына. Бастарына іс түскен шақты ойлаған, Ағашыңа пәнделер ақ байлаған. Құлан жортса құтылмас құла- дала Құлазыған, иесіз жатты айнала. Керуен жол қасынан кесіп өткен, Осы жерді әулие бесік еткен.

Мұсылмандар ғибрат етуші еді,

Мұндар- тірлік мұқалтып, ескі кеткен.

Әулиенің бас иіп мекеніне,

Мұсылмандық парызын өтеді де, Қабай жырау қайтадан еріп кетті, Қажап тұрған ойының жетегіне.

«Жайлауымды жау алып,

Өрісімді өрт алып,

Өзегімді дерт алып,

Келдім саған, әулие!

Боздақтарым жоғалып,

Боз кебінге оранып,

Маңдайымнан cop ағып, Келіп тұрмын, әулие.

Қыздарымды қатын ғып,

Шаңырағымды отын ғып.

Отауымды топыр ғып,

Отанымды қоқыр ғып, Ойран етті, әулие!

Қан сасыған даламның,

Қатын менен баламның, Кегін қайтіп алармын?

Жебеп жібер, әулие?!

Елінің есін кіргізер,

Жерінен малын ергізер,

Жауына зауал төнгізер,

Қырықпышақ хандарды,

Қылығына көнгізер,

Дегеніне сенгізер, Соңынан жұртын ергізер,

Бар қазақтан - бір қазақ Тумас па екен, әулие?!

Көкірегім күркілдеп,

Көзімнің асты көлкілдеп,

Ақ сақалым желпілдеп,

Кәрі басым селкілдеп,

Бас ауған жаққа барамын.

Іздесем кімді табамын?

Бағыт сілте, әулие?!

Айтса тілін алдырған.

Алмастан оғын жондырған.

Ата- қазақ баласын

Алақанға қондырған.

Бар қазақтан - бір қазақ,

Табар ма екем, әулие?» - Армысың, Ата!

Бар бол, балам, аман ба?

Жолыңыз болсын?

Жолдың несін сұрайсың, мына соқыр заманда.

Қайда барса, Қорқыт көрі қазулы тұр адамға.

Елде жүрген ескі аңызды, Естіп пе едің, қарағым?

Мына біздің ғаріп жағдай еске соны салады.

Сыңар қанат екі құс жаралыпты жалғанда,

Бір- біріне жабысып алады екен самғарда. Құдірет деп екеуі зарлайды екен толассыз, Бірінің - оң, бірінің - сол қанаты болғанда.

Құдіреттің құсы деп аталыпты екеуі,

Қайда екені белгісіз жері, суы - мекені.

Сыңар қанат құстардың сайымыз, қарағым,

Тағдырымыз, білмейміз, қайда бастап кетеді...

Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой,

Қанатымыз қайрылып, топшысынан сынды ғой.

Ата- қазақ бір- бірін арашалай алмай- ақ,

Алауыз боп өзді- өзі құдай бізді ұрды ғой.

Қара жаумен іргелес ел едіңдер, қарағым,

Ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалың?

Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ, Білуден де қалды ғой бір- бірінің хабарын.

Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын,

Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын,

Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ, Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын.

Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады, Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады. Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар, Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады. Тартпаған соң олар да әуреленіп жатпады, Алдындағы аларын, белімізден аттады. Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде, Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге. Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде, Әркім қара басының амандығын тілеуде.

Жамандама жұртыңды, жамандасаң, болмассың?

Қатындардың ішінде өзім- дағы оңбаспын.

«Үні шықпас жалғыздың, шаңы шықпас жаяудың»

Мен де қатын болармын, сірә, батыр болмаспын - Нешедесің?Кімнің сен тұқымысың, құлыным?

Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын,

Мал соңына caп қойды, ұстатты да құрығын,

Жылкы жады әкеме жақпай қалып қылығым.

Жылым барыс, мінеки, асып барам он үштен,

Қатын алып берем деп, әке- шешем келіскен.

Адамынан айттырған ат- тонымды ап қашып,

Қатынды өзім табам деп, әкемменен керіскем.

Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің?

Ішіңдегі шалдардан, анау қараша үйлердің.

Бірін төре, бірін би етсем деген ойым бар, Бабам қолдап, бір кезде маған билік тиген күн.

Қара жауың қайтадан шапса еліңді не етер ең?

Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем. Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып, Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем!

Өзің бала болсаң да, сөзің дана отты екен,

Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен

Қалдым сенің ығыңда, мынау екі ғаріпке,

Барар жер мен басар тау, басқа пана жоқ мекен..

             

III

Қарадай жерге қаратып кетті- ау, қағынды, Уатып кетті- ау, уатып кетті- ау тауымды!

Қарадай неге түңіле қалдың, байғұс- ау,

Басыңда үйің, баурыңда қазан, нағылды?

Неғылушы еді!Күшігің жерге қаратты!

Күлкі етіп мені күйінгендерге талатты. - Түңіле бермей, туралап айтшы мән- жайын, Білейін мен де, естиін мен де, аңдайын?..

Білесің әлі, атаңның басын аңдайсың?

Ұл емес, маған, жын таптың десем нанбайсың.

Ер орнына екесті ұлды туғанша,

Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың?

Шағылып тауы, құлазып көңіл мекені, Үкенің астан оралған осы беті еді. Бәйгеде болған ұлының әбес қылығын Иланса болды, өрт қарып ішін өтеді. Намыстан өліп кетердей, міне, үзіліп, Өкпесі кеуіп, қуарып, өңі бұзылып.

Малдасын құрып жұдырығымен жер тіреп,

Бейкүнә, момын бәйбішені отыр қыжырып.

Жатаған келген Түкенің жалдас күреңі,

Дүйім ел білген дүлдүлдің нағыз бірі еді.

Кешегі аста бәйгеге қосып жүйрігін,

Келерін біліп, қауіпсіз, бейқам тұр еді. Көз ұшындағы көлденең жатқан қырқадан, Көрінген кенет бәйгенің шаңы бұрқаған.

Ию да қию ұрандап тұрған рулы ел,

Жамырай тілеп, жақындай түсіп бір табан. Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді, Кермені үзіп, сәйгүліктер де жеткен- ді. Көре алмай Түке баласы менен күреңін, Көзінің алды көлеңке тартып кеткен- ді.

Озғанды қауым қаумалап- киіп жатқан- ды,

Қалғандар кейін, озғандар гулеп, мақтанды. Шорт сынған сағы, шошайып жалғыз Түке тұр, Күңірентіп жүрген күрең ат қайда мақтаулы?!

Желпіне барып, желігін жұрт та басқан- ды; Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.

Жалғыз бір қара жүлдыздай ағып келеді,

Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.

Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,

Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.

Өз атын өзі ұрандап бала келеді,

Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған. Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ, Келеді бала, есімін өзі ұрандап.

Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ, Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап Келеді қыршын есімін өзі ұрандап. Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты, Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты. Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек, Албанға алғаш өсітіп өзін танытты.

Күрең ат тарпып, қара темірді шайнаған,

Қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр айнала.

Асасын ұстап, Әлмерек дейтін би келді.

- Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?! Е- е- е, Түкенің ұлы - түлейдің ұлы сен бе едің Осы болған ғой түлей әкеңнен көргенің.

Саскөкектей. Өз атыңды өзің ұрандап...

Сырымбет пенен Хангелді сенен кем бе еді?!

Жетесіз туған, ант ұрып кеткір зәнталақ! -  Булығып тұрды, баланың көзі қанталап.

Қоқилана көлігі, басына қамшы үйірді,

Ақсақалдар да, көксақалдар да анталап. - Оу, ағайындар!Жәбірлемеңдер баланы, Жәбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?! Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой, Желісін үзіп, сендерден қайда барады.

Бара да қоймас, ұзай да қоймас сендерден, Сендермен бірге тағдырын тәңір тең бөлген.

Өз атын өзі ұрандағанның несі айып?

Аузына салып, періште шығар дем берген.

Жауына шапса өз атын өзі ұрандап,

Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ.

Есі бар тентек есейе келе ер болар,

Ерік беріңдер, неғыласыңдар бұғаулап... Қарсы алдындағы қалқан боп тұрған Қабайды, Қаршадай бала сүйеніш бәлкім санайды.

Санайды- дағы қауымға тіке қарайды.

Жүрегін жеген сөзін айтпақ боп талайғы.

Күреңіменен атылып шетке шықты да,

Айғайлап тұрып, анықтап, нақ- нақ, ұқтыра:

- Дәрменсіз сорлы кедей- кепшікті бұқтыра,

Күшік тазыдай жылмаңдайсыңдар мықтыға!

Ата жауларың арқаңа бәлем, шықты ма, Әкелеріңнің көріне, бәлем, тықты ма! Қызыңды сатып, қымызға мас боп жатыңдар, Xалықпысыңдар ?!

Қазан аңдыған қатындар!

Қорқау қасқырдай бірісін- бірі талаған,

Бірісін- бірі тонаған, тозған пақырлар! -  Деді де, бала күреңіменен самғады, Өз атын өзі ұрандауынан танбады.

Тетір де болса, тентек баланың аруағы

Шашылып жатқан ауылды тегіс шарлады.

Кешегі аста Әлмерек бидің секкені,

Түкенің мүлде есінен бір сәт кетпеді. Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс,

Талақ етті де бүгіні менен өткенін...

Түке өлген.Он сегізде Райымбек,

Жүрген жоқ әке өлді деп, уайым жеп.

Тіріге тізе бүгіп, бас имеген,

Тізесін бүктірмесе құдайы кеп.

Білігі, бітімі де бөтен екен,

Бар күні мал соңында өтеді екен. Ерін - жастық, тоқымын төсеніш етіп, Белін шешпей, қисая кетеді екен.

Ел арасы дау- шарға араласпай,

Лоқ беріп, ағайынмен жағаласпай,

Қайсар болып, қатты боп өсті жігіт, Қатыгез құмға біткен қарағаштай.

Қанағат қып әкеден қалған малды,

Бәленнен ассам деп те қамданбады.

Бозбасы сауыққа да алданбады,

Бойында болсам деген қалды арманы.

Қалқалап, қадір тұтып естілерді, Талайды түйді жігіт, өсті, көрді. Қазақтарды жау шауып жатыр деген,

Үзік- үзік хабарды естіген- ді.

Ойлап тұрса, сол жауы іргесіиде,

Ойлап тұрса, сол жаудың түрмесінде

«Айламен алдарқатып кеткен дұшпан,

Кім кепіл қайта шауып кірмесіне?!» Қиын екен өмірдің сұраулары,

Ойланды балаң- жігіт, біле алмады.

«Белінен дұшпан аттап баратқанда, Біздід ел неге қарсы тұра алмады?!

Қайда жүр баяғыңның батырлары?

Бас қойып, неге ұранын шақырмады?! Жігер тайып жігіттің жетесінен,

Сарқылды ма қарттардың ақылдары?! Heгe бірі садақ боп атылмады?! Қойын сойып, қолдарын қусырды да, Дұшпандарын жіберді ту сыртына.

Қақпа бола алмаған қайран елге,

Қауқары жоқ күндерің құрсын мына!

Әзірге аман тұрғанға малы- басын, Сауық пенен сайранға салынасың.

Қазақ жылап жатыр ғой, қазақ жылап, Неменеңе жетісіп, қағынасың?!

Қайта шапқан жауының тапығасын,

Құдайыңа шынымен табынасың, Атамекен, жұртыңды сағынасың.

Бұралқы боп, жат жерде зарығасың. Құланыңды бауыздар желіге айдап.

Құраныңның өртенер соры қайнап,

Қайда барсаң Қорқыттың көрі болып, Қонысыңнан ауарсың «Елімайлап».

Қайтсем екен?

Аттан! деп ағайынға,

Құрбандыққа басымды шалайын ба?!

Қабай- жырау қайда екен, не дер екен?

Ақыл сұрап көрейін барайын да».

Ар ма, ата!

Арнай келдім, батаңды бер?

Қасыма балаңды қос, қатар жүрер? Жол сілте, ақылыңды айт, қысылғанда Аятым болсын менің атап жүрер.

Сырымбет әулетінен таралғамын, Хангелді қасиетінең нұр алғанмын.

Әкемдей малжанды боп, өріс күйттеп,

Жарамас жабағы үйде қамалғаным,

Жанымды тұншықтырған бар арманым.

Айт, балам Арманыңды айт, жасқанбағыш,

Көріп тұрмын, көзіңнен шашқан жалын. He айтам саған, көл едім, келшік болдым, Көзі бітіп, суалған бастауларым.

Тыңдайын, арманыңды айт, жасқанбағын,-

Кенедейден көзімді ашқан жауым,

Еске түсіп, бойымды басқанға мұң,

Деген ой «жастығымды ала жатсам»,-  Жоқтұғын менің мүлде басқа арманым,-

«Арманда, балам, арманда,

Арманға толы жалғанда,

Армансыз, сірә, жан бар ма?

Армансыз жүрген жандарға Алданбас, балам, алданба!

Арманда, балам, арманда,

Қапелімде, жауларда,

Ақырғы демің қалғанда,

Айрылып естен танғанда,

Ақырғы рет қарман да,

Арманда, балам, арманда!

Ақылымнан танғанда,

Азуымнан шалғанда,

Кәрі қойдың жасындай,

Аз ғұмырым қалғанда,

Нендей ақыл айтармын?!

Аға жауың қалмақ- ты,

Ел- жұртыңды зарлатты.

Ата- қазақ ұрпағын

Аяқ асты қорлапты,

Аспаныңды торлапты,

Жазираңды шаңдапты,

Жазықсыз елді қандапты.

Жалғыз қайда барарсың?

Жауыңды қалай табарсың?

Ауызданбаған арланым, Абайсызда шабарсың,

Айлалы жаудың алдында Тұзаққа түсіп қаларсың!

Соңыңнан жұртың ермесе,

Қолының ұшын бермесе,

Дегеніңе көнбесе,

Ауызданбаған арланым,

Жауыңа жалғыз бармағын, Қиылып қалар арманың!

Халқыңа хабар арнағын,

Аужалын түйіп, аңдаған,

Кекке соққан қанжарым,

Кемтіліп жүзің қалмағын,

Жауыңа жалғыз бармағын!

Беліңнен бір- ақ аттаған,

Берекеңді таптаған,

Қулығын ішке сақтаған,

Құмырсқадай қаптаған, Жауыңа жөнсіз ұрынбай,

Ұрымтал жерден шап, балам!

Жауыңның күшін аңдамай, Бетпе- бет ұрыс салмағай!

Ол көп- тағы, сен азсың,

Опық жеп, балам, қалмағай,

Алды- артыңды барламай, Орынсыз іске бармағай!

Тұтқиылдан лап беріп,

Томаға- тұйық шап келіп.

Жауыңның есі кіргенше, Қара түнді қақ бөліп,

Ізіңді жасыр жалт беріп.

Алды- артыңды аңғармай,

Айқаспай тұрып қорғанбай,

Қолайлы жерде қамданбай,

Ашкөзденіп, мерт болма, Қораға түскен арландай!

Шабарыңды білдірме,

Шаужайыңнан ілдірме!

Жекпе- жек күтіп, ділгірме!

Жер қайысқан жауыңды Жеңемін деме бір күнде!

Көзсіздік іске татыр ма?

Айласыз батыр батыр ма?!

Отырып қалар тақырға.

Күндіз ұйықтап, түнде жорт.

Қарасын Күннің батыр да,-

Кегіңді қайра ақылға,

Жалғыз жортып, шатылма

Аттанып жар сал, ер ұлым, Ел- жұртыңды шақыр да.

Дүние - қоңыз, енші бер,

Соныңнан ерген пақырға».

Бидің үйі,

Іленің жағасында.

Жақсы менен жайсаңның бәрі осында

Қарасақал, ақсақал - алқалы топ,

Алдына алып бір істі қарасуда, Бірі көнсе, біреуі таласуда.

Бірі олай тартады, бірі былай,

Бірі өзінше патша, бірі құдай,

Бір сәтте ұйып, бір сәтте іруін- ай, Қазекемнің осы бір ырымын- ай. Бірі әріден, білгенсіп, мысалдайды, Бірі езінше түңіліп, құшар қайғы.

Жүз лоқсып, жүректе запыранын,

Бірі іштен тынады, құса алмайды.

Бидің бағып біреуі қас- ңабағын,

Бүлк етуден бишара жасқанады.

Бірде бәрі жабылып біреуіне,

Жемтік көрген бөрідей бас салады.

Екі ортаны біреулер аңдасады,

Жең ұшынан жеңгенмен жалғасады.

Бидің ығын қалайша табамыз деп, Бір- бірімен жылаиша арбасады.

Ұйқылы- ояу би отыр данасынып,

Қақ төріне қауымның дара шығып.

Би билігін күтуде Райымбек,

Алып ұшып, жүрегі аласұрып.

Би дауысын бір сәтте кенеді де,

(Жұрт назарын аударсын дегені ме?!) Қарт жырауға қаһарын атты келіп:

«ЬІлаң, дүбір саласың неге еліме?! Атыспай да шабыспай тірлік құрып,

Тыныш жатқан жұртымды дүрліктіріп,

Арандатпай, жәйіңе жүрсең еді,

Иман сұрай алладан, құлдық қылып.

Тіршілікке тірек қып дін- арманын,

Жақсылығын күтуші ек бір алланың.

Кедей менен кепшікті айдап салып,

Келдің- дағы сен, бейбақ, ылаңдадың!

Бас білмейтін байғұсты еліктіріп,

Қолтығына су бүркіп, желіктіріп...

Амал қанша, ұялам сақалыңнан,

Таспа алар ем жоныңнан керіп тұрып!

Бет алыпсың, халайық, бұрылмасқа, Қалауыңды қақым жоқ ұғынбасқа. Бір шартым бар «батырға» қоятұғын, Жамыраспа, беталды шуылдаспа. Басын тартпас, «батыр» ғой несі кетсін, Басын тартса, сөз басқа, есі кетсін.

Toң ішейін таңдаған атын мініп, Мына жатқан Ілені кесіп өтсін!

Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да,

Дуылдасқан дау- шарды доғарсын да,

Ақ күн тусын алдынан, тарта берсін, Таңдап- таңдап елінен қол алсын да.

Шартым - осы!

Осыған шыдайсың ба?

Шыдамасаң тынасың, құлайсың да.

Болсаң сосын боларсың, қол бастарсың.

Алдыменен бағыңды сынайсың да.

Шыдайсың ба?

Бағыңды сынайсың ба?..

Оны да біл, құның жоқ суға кетсең,

Күнәлі едің, жаныңды құрбан етсең!

Қайда жүрсең аманат бір құдайға,

Аман- есен осынау сыннан өтсең». «Болса болсын, тәуекел, шыдап бағам, Болашағым белгісіз сұрақ маған.

Өлсем өлдім, өзіме өз обалым, Ахиреттен орнымды бір- ақ табам.

Қайда барсаң, бәрібір, кірерің көр, Қабылдайды қойнына түнеріп жер.

Қапталына түсіріп күреңімнің,

Қамыс артып, жігіттер, жіберіңдер?»

Жарлы менен жақыбай намысты ойлап, Артып берді екі тең қамыс байлап.

Тілсіз жауға тірексіз тура тартса,

Жылым жұтып, жігіттің бағы ұшпай ма?

Райымбек мінді де күреңіне,

Келді өзенге, жетпек боп тілегіне,

Шым- шым қайнап, ширыға шұбатылған, Тылсым дүлей алдында - Іле міне. Оңтайлау жер осы- ау деп өтпек еді, Осқырынып күреңі беттемеді. Жағада жұрт, жаны ашып, жамырасып, - Қайтсаңшы, өлесің ғой текке,- деді. Тұрғанда ашу, намыс, сезім арбап,

Тоқтасын ба, қауымнын сөзін аңдап,

Қамшы басып күреңге суға атылды,

Өз есімін айқайлап, өзі ұрандап.

Кәрі мен жас ұстасып жағаларын,

Жамырайды, білмейді не боларын.

- Кеш, аруақ,- деп,- тентекті.- жалынады.

Жаудырады иманын, тобаларын.

Артқан қамыс тірліктің белгісі боп,

Демеу жасап, жылымға бергісі жоң.

Ақ айдыннан екі бас көрінеді,

Адамның да, аттың да өлгісі жоқ.

Күрең жүзіп барады өлгісі жоқ.

Жұрт назары - осынау ақ айдында,

Екі басқа еміне қарайды да,

Аруақтарды көрінен шақырады, Талай аят оқылып, талай дұға. Күрен, менен жігіттің бағын ойлап, Жалынады жағалау «а, кұдайлап».

Екі басты қақпақыл қағып алып, Әлдеқайда барады ағын айдап.

Ағынменен күрең ат жалдап кетті.

Кетті!

Өлді! - жағалау зарлап кетті.

Бір кісінеп жануар жіберді де,

Ағын айдап, есен- сау ар жаққа өтті. - Дауасы жоқ жан екен, оты жанған, Ілесіңдер осыған оты барлар! Су жол берген батырға мен жол бермей, Қамауда ұстап қыранды отыра алман.

Барыңдар, әкеліңдер салға салып,

Сынайын сырттанынды жауға салып.

Қияннан құйылып кеп, қиратсын бір, Қатарын бөрілердің қанжоса ғып. Дауасы жоқ жан екен жаратылған, Тұлпар екен тұғырдан дара туған. Қамауда ұстап қыранды отыра алман, Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.

Хангелдінің сауытын кигізіңдер,

Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.

Сырымбеттің туының алдына әкеп, Тәубе еткізіп, басын да игізіңдер.

Шауламаған шабыты бала қыран, Балалықпен қапыда қалары бар.

Баптап езің, батырды қалауыңа ал,

Бас болғайсың балаға, дана- жырау.

Қашаннан би кесімі бір кесулі,

Кенсең де, көнбесең де үйлесімді.

Білгеніңнен жаңылтып бидің десі, Білдіретін кезі ғой білмесіңді.

Би кесті.

Қара халық қабылдады,

Кару алып, қол жимақ қабырғалы.

Жорыққа әзірленіл жатты қауым, Қасынан Райымбек табылғалы.

Ақтабан шұбырынды.

Ақтабан шұбырынды...

Қадарсың қайда барып тұғырыңды?!

Қазақ жері- алып бір қара қазан, Қазанда қайран жұртым қуырылды.

Ақтабан шұбырынды.

Қарғаған кім болды екен ғұмырынды?

Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды, Шаппай тұрып, үйрендің тығылуды.

Ақтабан шұбырынды, Ақ туың жығылулы. Олақ қатын тоқыған алашадай, Өрмегіңнің арқауы суырылды.

Жәннатыңды жамсатып жау орнады,

Жатқаны анау өртеніп қара орманың.

Туырлығы туралып, тоқым болып,

Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың. Ақтық байлап, табынып тал- қайыңға, Өтті күнің, cop қатып маңдайыңда.

Кетті қымыз жауыңның тандайында,

Кетті қызың жауыңның борбайында.

Ақыныңа, серіңе, батырыңа,

Туысыңа қимаған, жақыныңа, Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,

Тулап кетті жауыңның тақымында.

Нәлет айтып, кеш кірген ақылыңа, Ана сүтің аузыңа татыды ма?!

Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар, Бәрібір, пана болмас ауызға алар. Бәрібір, моңғол шапсын, жоңғар шапсын, Әйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар.

Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар, Арнасында наласы жылап ағар. Қандай жаудың болса да қарауылы -  Қазақ байғұс.

Қалқайып тұра қалар.

Өзіңнің тұрмағасын уысыңда,

Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!..

Жер шегімен шекараң шектелсе ғой.

Жатса ғой алып мұхит шығысыңда. Жалғанның жартысындай мынау өлкең Кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба?! Пайдаланып былығың- шылығыңды,

Жауың кен, шырылдатты шыбыныңды.

Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,

Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды, Қайда босып барасың, қайда, қайда?

Ақтабан шұбырынды!

Ақтабан шұбырынды!!!

Ақтабан шұбырынды!!!

Боса берген.

Артына қарамаған. Өзіне жат өз жерін аралаған, Тау қуысы, өзенді сағалаған. Бірі барып құл болып Хиуаға, Екіншісі орысты паналаған.
118,357 сұрақ
305,199 жауап
153,292 пікір
67,554 қолданушы