0 дауыс
22.3k көрілді

Еңбек қылмай ер оңбас,
Бірлік қылмай ел оңбас.


Еңбек туралы мақал-мәтелдер жазу керек болып жатыр? Осында жоқ, еңбек туралы мақал мәтел жазу керек?

 

Мал семіз болса, төл егіз.
Жер семіз болса, дән егіз.

Еңбегі аздың өнбегі аз.

Ұстаның өрісі көрігінен төсіне дейін.

Шебердің инесі де алтын,
Соққан күймесі де алтын.

 

Шеберді саусағы асырайды.

Еріншектің ертеңі бітпес.

Жатқанға жан жуымас,
Жалқауға мал құралмас.

Құс қонбаған көл жетім,
Ел қонбаған жер жетім.

 

Еңбексіз өмір жоқ,
Ауырсыз жеңіл жоқ.

 

Ұстаның бізі сүйкімді,
Жақсының сөзі сүйкімді.

 

Қойшыны таяғы асырайды,
Қасқырды аяғы асырайды.

Атан түйе жүк астында қартаяр.

Түйір нан – тамшы тер.

Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді.

Күн шыққан соң суарған суды
Күн жұтады,
Күн батқан соң суарған суды
Жер жұтады.

 

Бір тал кессең, он тал ек.

Еңбексіз өмір – сөнген көмір.

 

Жер құтты болса,

Мал сүтті болады.

 

Азығымен жер мүсінді,
Еңбегімен ер мүсінді.

 

Қыста малыңды бақ,

Жазда шөбіңді шап.

 

Қолы қимылдаған адамға

Кедейлік жоқ.

Аяғы қимылдаған адамға

Алыстық жоқ.

 

Диқан жерді анасындай сүйеді,

Жер диқанын баласындай сүйеді.

 

Жылай-жылай арық қазсаң,

Күле-күле су ішерсің.

 

Алтын менен күмісті

Зергер үшін жаратқан.

Арқар менен құлжаны

Мерген үшін жаратқан.

 

Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің.

 

Жер тоймай, ел тоймайды.

 

Қой шелді болмай,

Төлді болмайды.

 

Ерте шықсаң алдыңнан күн шығады,

Кеш шықсаң алдыңнан түн шығады.

 

Еге білсең, егін тасқа да шығады.

Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды.

 

Бәйгеден ат келмейді, бап келеді.

 

Тұлпар шаба жетіледі,

Сұңқар ұша жетіледі.

 

Еңбектің көзін тапқан,

Байлықтың өзін табады.

 

Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды.

 

Ердің атын еңбек шығарады.

 

Еңбек ерлікке жеткізер,

Ерлік елдікке жеткізер.

 

Бақыт кілті еңбекте.

 

Жер көңді жақсы көреді,

Ат жемді жақсы көреді.

 

Көп еңбегі көңілді.

 

Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді.

 

Отырған жерден отын кескен.

 

Сүйіп істеген іс шаршатпайды.

 

Жұмысы жемістінің - өмірі келісті.

 

Егін піспей, қам сайла.

 

Жігіттің жұмсаған күшін сұрама,

Бітірген ісін сұра.

 

Жақсы жұмыс – жанға тыныс.

 

Еңбек ширатады,

Өмір сүйретеді.

 

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді.

 

Еңсесі қайтадан еңбек - игі.

 

Еңбек патшалықты асырайды.

 

Еңбек шаһар түзетеді,

Еңбексіздік оны жүдетеді.

 

Еңбек өмірді ажарлайды.

 

Терең құдықтың суы тәтті.

 

Қой семізі қойшыдан.

 

Жақсы бастама – істің жартысы.

 

Мал баққандікі,

Жер жыртқандікі.

 

Мақтаның атасы - жер, атасы – су.

 

Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады.

 

Көктемде жерге түскен бір дән,

Күзді күні мың дән болады.

 

Жер байлықтың көзі,

Еңбеккер иесінің өзі.

 

Су - ырыстың көзі,

Еңбек кірістің көзі.

 

Малды баға білмеген пайданы таба білмейді.

 

Қолыма жұмыс бергенің – жаныма тыныс бергенің.

 

Күндіз қойын күтерсің, кешке жүнін түтерсің.

 

Тігіншіні инесі асырайды.

 

Ерінбей еңбек етсең – ерінің асқа тиеді,

Ерініп ілбіп кетсең – иегің тасқа тиеді.

 

Қораң оңды болса, қойың қонды болар.

 

Ащы еңбектен тәтті нан.

 

Тары болса, тауық табылады.

 

Жаман іс жоқ, жаман ісші бар.

 

Екпіндінің үйі көрікті келеді.

 

Малдың тамағына қара, малшының табағына қара.

 

Диқан бабаның кетпенінен,

Шопан атаның таяғынан.

 

Жан қиналмай жұмыс бітпес,

Талап қылмай мұратқа жетпес.

 

Ырыс алды – ынтымақ.

 

Біткен істің міні жоқ,

Бітірген ердің кемі жоқ.

 

Ерте тұрған еркектің ырысы артық,

Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.

 

Әлің барда еңбек ет,

Еңкейгенде емерсің.

 

Алтын шыққан жерді белден қаз.

 

Арамнан алған түйеден,

Адалдан алған ешкі артық.

 

Қимылдаған қыр асады.

 

Керек тастың ауырлығы жоқ

 

Ерте тұрған өкінбес.

 

Істегенің еліңе жақсы,

Үйренгенің өзіңе жақсы.

 

Жігіттің түсін айтпа, ісін айт.

 

Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар,

Олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар.

 

Отынды шапқанға жақтыр,

Малды тапқанға бақтыр.

 

Сөз қуған пәлеге жолығар,

Шаруа қуған қазынаға жолығар.

 

Қазаныңа не салсаң,

Шөмішіңе сол ілігер.

 

Шегірткеден қорыққан егін екпес.

 

Дихан болсаң, қос өгізің тең болсын,

 

Шаруа болсаң, қос етегің кең болсын.

 

Шөбі жоқ деп жерден түңілме,

Мал бітпес деп ерден түңілме.

 

Айыр пішен басында,

Кісені кереге басында.

 

Орақшының жаманы орақ таңдайды.

 

Ауру өле-өлгенше жаннан дәмелі,

Жалқау жан қинамай малдан дәмелі.

 

Жалқауға сөз, шабанға таяқ өтпейді.

 

Айтқызған жаманның ісі,

Қамшылатқан шабанның ісі.

 

Жаман болатын жігіт, шегіншек келер,

Кедей болатын жігіт еріншек келер.

 

Сен салар да мен салар

Атқа жемді кім салар.

 

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен.

 

Арзанның жілігі татымас.

 

Отырам деп еріншек өлер,

Кісіге жақсылық қылам деп көңілшек өлер.

 

Әңгіме бұзау емізер,

Бұзау таяқ жегізер.

 

Ерінбеген шелектен су ішеді.

 

Қолы қимылдағанның

Аузы қимылдар.

 

Ерінген екі істейді.

 

Ынта болса адамда,

Қиын іс жоқ ғаламда.

 

 

Кедейлік жаны тәтті жалқауға үйір,

Еңбек ете білмейтін, аңқауға үйір.

 

Маңдайы терлемегеннің

Қазаны қайнамайды.

 

Ақымақ күлкіге тоймайды,

Жалқау ұйқыға тоймайды.

 

Еріншектің егіні піспес.

 

Еріншектің ертеңі бітпес,

Жеңілтектің селтеңі бітпес.

 

Екпей егін шықпас,

Үйренбей білім жұқпас.

 

Егін ексең тыңға,

Шықтым дей бер шыңға.

 

Бас болмақ оңай,

Бастамақ қиын.

 

Көз қорқақ, қол батыр .

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...