0 дауыс
5.1k көрілді
"Біз - Махамбет аңсаған тәуелсіз елдің бақытты ұрпағымыз " деген тақырыпқа шығарма тауып бере аласыздар ма? Өтініш

1 жауап

0 дауыс
Қазақтың ең басты қазынасы – Тәуелсіздігі. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Қазақ деген ұлтқа ғана тән асыл қасиеттер – асқан қайсарлық, болаттай берік күш-жігер, табанды рух – егемендікке қол жеткізді. Жиырма жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, өз орнымызды әлемдік аренада белгілеп, дамыған елдер қатарынан бой көрсетіп, иық тіресердей межеге жақындадық. Еліміз дамыған үстіне дами түсуде. Әлеуметтік, экономикалық жағынан бірнеше табыстарға жетіп, халықтың хал-ахуалы түзеле бастады. Жастар – ел тұтқасын ұстар болашағымыз. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы мамыр айында жастар саясаты жөнінде кеңес құрды. «Нұр Отан» ХДП-ның жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының I съезінде сөйлеген сөзінде «Тәуелсіз Қазақстанның жастары, нақ сендер елдің ең басты байлығы болып табылатындарыңды және біздің Отанымыздың болашағы сендерге байланысты екенін естен шығармаңдар! Ата-бабамыз соңғы екі жарым ғасырда ірілі-кішілі 300-ге жуық көтерілісті бастан кешкен. Соның дені ұлт-азаттық шайқас еді. Найзасы айға шағылысқан сол бостаншыл бабалардың рухы алдында біз мың мәрте тағзым етуге тиіспіз. Аталардан қалған арманды, тәуелсіздікке деген аңсарды жүзеге асыруды тағдыр біздің маңдайымызға жазды. Тәуелсіздік атты киелі ұғымның төрт аяғын тең басып келмегенін сендер жақсы білесіңдер. Тәуелсіздіктің қыран қанат көк туын әлемнің әр түкпірінде жүрсеңдер де шырқау биікте ұстап өтулерің – парыз. Қанмен жазылған, арманмен әдіптелген, күреспен көмкерілген, болашақпен баянын табар тәуелсіздік шежіресін сендердің қуатты қолдарыңа табыстамақпыз. Бұл – ұлы сенім! Бұл – аталардың аманаты! Бұл – туған жердің мәртебесі, мерейі», – деп үлкен аманат жүктеген болатын. Тәуелсіздікті қастерлеу тек міндет емес, үлкен жауапкершілік. Ынтымағы – ырысы, берекесі бірлігі болған осынау нұрлы Отанымыз – Қазақстанның шаңырағында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Олар тату, бейбіт тұрмыс кешуде. Тәуелсіздігіміздің тарихы тереңде сайрап жатыр. 20 жыл дегеннің өзі де аз жыл емес. Сол 20 жыл ішінде ел үшін жасалған барлық жақсы істер көзбен көрмеген адамға түс секілді болары хақ. Астананың Елордамыз атанып, алып шаһарға айналуы, қалаларымыздың көркейіп, гүлденіп, құдды бір ертегілер еліндей күйге бөленуі, шет елдермен сауда-саттық, ынтымақтастық мәмілесіне қол қойып, келіссөздер жүргізуі, көптеген ұйымның мүшелігіне еніп, төрағалық етуі де тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері жүзеге асқан ғажайыптар. Сан мыңдаған тарам-тарам жолдардан өтіп, талай сын сағаттарды бастан кешіп, еліміздің төріне орныққан тәуелсіздікпен бірге біз де 20 жасқа шығып жатырмыз. Біз, сонау 1991 жылы еліміз бодандықтың бұғауынан азат етіліп, тәуелсіздік деген зор мәртебеге қол жеткізген жылы дүниеге келдік. Тәуелсіздігімізбен бірге өсіп келеміз, тәуелсіздік құрдастарымыз. Біз бақытты елдің ұрпағымыз, барға қанағат етіп, шүкіршілік айтып, күпірліктен сақтанайық. «Ақын болу – өз еркің, ал азамат атану – міндетің» демекші, егеменді еліміздің өскелең ұрпағы ата-бабамыздың асыл қасиеттерін жанымызға медет тұтып, Отанымыздың, еліміздің, жеріміздің өркендеп өсуі жолында көп тер төгуіміз қажет. Әрине, ол үшін көп оқып, «ізденген жетер мұратқа» демекші, көп ізденіп, ерінбей еңбектену – басты талап. Ауыл деген алтын бесіктің қара топырағына аунап-қунап өскен жан үшін туған мекеніңнің өсіп-өркендеп, қай саласы жағынан болмасын дамып, алдыңғы межелерді бағындырып жатса, ол да көңілге қуаныш, жүрекке сенім ұялатады. Яғни, ел дамуы жолында тамшыдай болса да өз үлесіңді қосу дегеніңнің өзі түсінген адамға үлкен абырой емес пе? Ауданымыздан әрбір түлеп ұшқан ұл-қыздардың арманы да сол. Өз туған жерлерінің көркеюі, дамуы. Олар қазір жан-жақта оқып, білім алып жатыр. Барлығындағы мақсат біреу – елге адал қызмет ету, ауданның, ауылдың атын айға болмаса да, алысқа шығару. Қай елде, қай салада қызмет атқарса да, жүректегі Отанға, елге, жерге деген ыстық ықылас, махаббаты өзгермейді! Себебі, туған ел, туған жер, туған тіл әрқайсымызға ыстық болатыны мәлім. *Балнұр САПАРОВА, Индер ауданы.* Болашаққа бастаған жол Коммунистік режим 70 жылдан астам өмір сүрсе де бірыңғай Кеңес қоғамын қалыптастыра алмады… «Мой адрес не дом, не улица, мой адрес Советский Союз» (70-жылдардағы орыс өлеңі) деп әндетсе дЕ әр ұлт өз отауын тікті. Сол жаңадан отау көтерген жас мемлекеттерінің бірі – менің Қазақстаным еді. «Күштімін деген сенімнің өзінде күш жатыр» (Бауви). Халқымыз тәуелсіздікке әп дегеннен сенім артты. Ал, сенімнің отын жаққан әлем таныған қайраткер, тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев. Бар-жоғы 20 жыл. Халқымыз айтады: «Шапшаң жүргенге шаң жұқпас» деп, мұратына жүрген жетеді. Аз уақытта ұлт бойындағы кернеулі күш әлемді таңдандырған жеңістерге жетеледі. Ерке Есілдің толқындары тербеген, еңсесі биік Ақ Орда әлем назарын аударды. «Біз Алатаудың бауырына симай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты – Жетісуды қимай-қимай кеттік. Табиғаттың қатал талабы осындай» – деген-ді кемеңгер көшбасшымыз. Жүз ойланып, мың толғанып барып, керуен басын кіндік қала – Ақмолаға тіреген Президентіміздің бұл шешімі бірден-бір көреген екендігіне тарих куә. Енді, бұл қала xxi ғасырдағы әлем өркениетіне қадам басқан бірегей Ақ Орда болмақ. Болашақты көрегендікпен көрген Елбасына қалай бас имейсің?! Айбарлы Абылайдың ақ туы аспан түске боялып, киелі дала төсінде қайта желбіреді. Әнұран бойға қайрат, жүрекке жігер құйды. «Алдыңда не күтіп тұр, соны ойла, игі мақсатқа тура жүрген жетеді» демекші, «Қазақстан-2030» бағдарламасы ұлы далада өмір көшін алға жылжытты. «Сенім – Дәстүр – Ашықтық – Төзімділік» ұранымен өткен ҚР Еуропаның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының жетістігіне еліміз ғана емес, бүкіл әлем куә болды. Астанада серіктес елдерден 73 ресми делегация қатысқан Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің өтуі – барша қазақстандықтардың жетістігі мен мақтанышы. Тәуелсіздіктің 20 жылдығының шымылдығы ретінде 7-қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуі тамаша жетістік емес пе?! Одан да қуаныштысы, нәтижесіндегі 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальмен топтық сайыста жеңіске жеткендігіміз. ЕҚЫҰ-на төрағалығымыз – еліміздің әлем алдындағы саяси беделі. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болған алғашқы Азия мемлекеті. …Қазақстан Ислам дініндегі – иманды ел. Жаратқан бізге қырын қарамай, халқымыздың пейіліне сай ұланғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, елі үшін жанын сауда ететін есті де кемеңгер ұл берген. Елбасымыздың ұлылығын тарих әлдеқашан-ақ мойындаған. «Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес, аңғал болмағанымыз абзал» – деген-ді Елбасы. Ақ жұмыртқа, сары уыз тәуелсіздігімізді абайлап әлдилейік, сындырып алсақ, енді қайтіп келер ме?! «Қазақстан-2030» бағдарламасымен ұлы болашаққа қарай Тәуелсіз Қазақстан кемесі жүзіп барады. Палубасында жарқын жүзді қазақ жұрты. Ал, рөлінде әлемнің 230 мемлекеті мойындаған кемеңгер саясаткер тұр!
...