Әзілхан Нұршайықовтың ұлдар мен қыздарға арнап жазған өсиеттері
Ұлдар! Алдымен сөзімді сендерге арнаймын. Менің сендерден тілегім мынадай:
- Арақ ішпендер айналайындар! Арақ – азаматтың жауы: халықтың, қоғамның дұшпаны…
… Адам арақ ішпегенен өлмейді, араны ашылып арақ ішкенен өледі. Әрбір арақ ішкен адамның өмірі аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстіне маскүнемнің өмірі мәнсіз болады. Адамның өмірі онсыз да қысқа. Ендеше аз өмірді ардақтап, шамаң келгенше мағыналы, мәнді етіп өткізгенге не жетсін, шіркін.
Жігіттер, қастарыңда отырған қыздарды құрметтеңдер, мәпелеңдер. Алақандарыңа салып әлпештеңдер. Қыздың жанын қинамаңдар! Қыз- болашақтың анасы. Қыз-алдағы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметтесең – қызды сыйла, қарағым.
Қыздар! Жаңдарында жүрген жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер. Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік асыл қасиеттермен бұйдалап алып, оларға айтқандарыңды істетіндер: арақ ішкізбеңдер,айқайға жуытпаңдар. Оларды түнгі он екіде мас боп рестораннан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып, терезесінің түбінен текедей бақылдап өлең айтып өтпейтін етіңдер. Өйткені қыз жетектесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ бұл дүниеде. Өйткені ақыл анадан тарайды, адамгершілік әйелден басталады, қыздан – қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Өздеріңе табиғат сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда қаумалап жүрген жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт – жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе орманың, шетке шықса қорғаның. Қорғаның, қормалың сенін! Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер! Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым!
Өмірдің қызық ләззаты – адал достық, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін әрқашан да естеріңде сақтаңдар.
2-ші өсиет (Қыздарға кеңес):
Қыздар!
1) Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер,еңбекшіл болыңдар!
2) Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
3) Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
4) Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
5) Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!
Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам – ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы.
…Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.
Қыздар!
Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар!
Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
… Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. “Жылтырағанның бәрі алтын емес” дегендей,жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысын, өз денеңе жарасымдысың, сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын біліңдер.
Көрсе қызар болмаңдар!
Қол жетпеске тыраштанбаңдар!
Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағыныңдар.
Қыздар!
Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ құлғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар… Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!
Қыздар!
Сұқ көзден сақтаныңдар. Сұлу сөзден сақтаныңдар. Шынайы махаббат мақтауды қажет қылмайды. Орынсыз мақтаудын сақтаныңдар, абыройдан аттаудан сақтаныңдар!
Пәк болыңдар!
Пәк болу үшін сақ болыңдар бауырларым!
Алайда, қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа қарайлап көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейті сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтаң жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер…
… Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы…
Маскүнемдік зардаптары мен салдары
Бұдан бұрын айтқанымыздай жанұя құрылымына түрлі факторлар қауіп төндіреді. Көптеген зерттеулердің қорытындылары көрсеткендей, адамның жеке және қоғамдық тұлғасын қалыптастыруда жанұя маңызды және күрделі рөл атқарады. Сондықтан жанұя ортасы дұрыс болмаса балалар мен жасөспірімдердің көптеген келеңсіздіктеріне соның ішінде үйден қашуына себепші болатыны сөзсіз. Кейбір факторлар жылы және тыныш жанұя ортасын қарама-қайшылықтар мен жанжалдар кеңістігіне айналдыра алады. Осындай жағымсыз факторлардың бірі әсіресе әкенің немесе ананың жаман әуестері. Алкогольдік ішімдіктерге әуес болу, отбасы жүйесіне есесі толтырылмайтын зардаптар тигізе алады. Алкогольдік ішімдіктерге әуестену жанұяның экономикалық ахуалына ауыр соққы берумен қатар, отбасы мүшелерінің қарым-қатынастарында да алуан түрлі түйткілдер тудырады.
Отбасының ең маңызды қызметтері – отбасы мүшелерінің әсіресе әйелдер мен балалар және қариялардың тіршілігіне, сезімдеріне және мінездеріне қолдау көрсету болып табылады. Алкогольдік ішімдік ішетін әкелер, арақ ішуді жалғастырып әйелі мен балаларын бағып-қағуда әлсіз болады. Осылайша үйдегі балалар әке мейірімінен мақрұм қалады. Осының салдарынан балада психикалық өкініштер мен ашулар және әлеуметтік қысымдар пайда болады. Мұндай жағдайда бала өзін қолдаушысыз сезінеді және оны қоршаған қоғамда оған жанашыр адам табылмайды. Отбасының әкесі араққа салынған кезде оның жұбай әдетте қарсылық білдіреді, сондықтан ол алкогольмен байланысты жанжалдарды азайту үшін түрлі әдістермен соның ішінде алдау немесе оны қорқыту арқылы жұбайын да араққа әуестендіруге тырысады. Осылайша жұбайы қарсылық көрсеткенде жанжалдар тіпті төбелестер пайда болып, ақырында ажырасуы да әбден мүмкін.
Арақ ішкіш адамның өз жұбайына көрсететін әлімжеттіктері – оған жаман сөз айту, ұрып соғу, оған күмән ойлау тәрізді әрекеттер. Еркектің араққа салынып, үйде де сыртта да жағымсыз қылықтар көрсетуі, оның жұбайын ана міндеттерін атқаруда әбден үмітсіздендіріп, ренжітеді. Мұндай жағдайларда ол жанұядан кетеді немесе шарасыздықтан оның жағымсыз қылықтары мен әлімжеттіктеріне шыдауға мәжбүр болады. Тіпті күйеуінің бей-берекеттігі мен жанұяны басқарудағы әлсіздігі себебінен үйдің экономикалық қажеттерін қамтамасыз етуді өз мойнына алады. Өйткені көп жағдайларда еркек шектен тыс араққа салынып жұмысы мен әлеуметтік жағдайларынан айрылады. Мұндайда әйел отбасындағы істерді атқаруда үмітсізденіп, жүйкенің тозуына шалдығады. Әйелдің психикалық саулығы зардап шеккесін отбасының негізіне де қауіп төнеді.
Алкогольдік ішімдік ішетін ата-аналар балаларының сырттағы жүріс тұрысын мұқият бақыламайды және өз балаларына жақсы үлгі болмай оларға оң тәжірибелерін бере алмайды. Осының салдарынан бір дұрыс және қолайлы тұрмыстан бейхабар бала, өзгелермен әлеуметтік қарым-қатынастарда қиындықтарға кездеседі. Ол басқалармен дұрыс байланыс орната алмай, қоғамнан шеттетіледі. Сондықтан көп жағдайларда ата-анасы алкогольдік ішімдікке әуестенген отбасының балалары қоғамның түрлі саласында өзін лайықты түрде көрсете алмайды. Кейде баланың ата-анасы маскүнем болғандықтан, ол сырттан көп сындар естіп, жаман атаққа ие болады.
Әкесі және шешесі немесе екеуі де маскүнем болған жанұяда балалардың да алкогольдік ішімдікке үйренуіне жағдай пайда болатыны шүбәсіз. Өйткені біреудің оң немесе кері әдеттері қайталана берсе, басқаларға әсерін тигізеді. Сондықтан алкогольді үнемі тұтына беру, жанұяның өзге мүшелерін де бұл ішімдікке оңай үйренуіне септігін тигізеді. Дегенмен кейбір жағдайда ата-аналардың жағымсыз қылықтары, балаларда кері әсер тудыруы мүмкін, яғни мұнай бала өмір бойы алкогольге жоламауы ықтимал.
Көп жылдар бойы алкогольдік ішімдіктер ішіп, енді міне осы жаман әдетін тастаған германиялық азамат Фридрих былай дейді: "Арақты қоймақшы болған кезде, алкогольдік ішімдік ішіп әкемнің жолына түскенімді түсіндім. Ол маскүнем еді сондықтан біз күнәра оның жанжалы мен әлімжеттіктеріне куә болатынбыз. Осылайша мен де араққа әуестенген соң тұрмысым дағдарысқа ұшырады, арақты көп ішкенім сонша тіпті арақ пен жұбайым, жұмысым және өмірім арасынан біреуін таңдауға дейін жеттім. Сол кезде жолдың соңына келдім, сондықтан бұл қиратушы әуесіміді қоюға шешім қабылдадым. Әрине маған жәрдем берген Құдай, мен бақыттымын". Фридрих сөз сөзін жалғастыра келе: маскүнеммен бірге тұру өте қиын. Оның өтіріктері және жасыруларына кезігу қиын. Егер үйде біреу маскүнем болса және ол тек арақты ойласа, психологпен кеңесіп, оған көмектесуге тырысыңдар. Кейбір жағдайда алкогольдік ішімдікке әуестенген кісіге көңіл аударып, оған жанашырлық білдіру оны осы жағымсыз құбылыстан құтқара алады. Мен де осындай ауыр жағдайға кезігіп, әйелімнен айырылып бара жатқанымды сезген шақта есімді жиып, алкогольді қойдым,-деді.
Бүгінгі әңгімеміздің соңында, әр қоғамның негізі – сол қоғамдағы дін мен мәдениет өз мүшелеріне белгілеген құндылықтар мен салттарды сақтауға сүйенеді деу керек. Осы құндылықтар қоғамға тәртіп пен ынтымақ сыйлайды және келеңсіздіктерді кетіріп, қоғамның істерін өзінің негізгі жолына түсіреді. Зерттеулер көрсеткендей, алкогольдік ішімдіктер ішу әлеуметтік және діни құндылықтарды орындамауға және жағымсыз қылықтар орындауға апарады. Арақ адамның құдаймен және халықпен байланысына нұқсан келтіретін болғандықтан, жеке және қоғамдық адасушылыққа жол береді. Сол себептен де Ислам пайғамбары(с)-нің ұрпағы Имам Садық(ғ) бір хадисте: Құдай шарапты харам қылды, өйткені шарап ішкен адамда мейірім мен нұр жойылады. Ол күнә мен қылмыс және харам әрекеттер жасауда ұялмай батылы көбейеді, және мас күйде өзіне жақын адамдарға да зорлық көрсетуі мүмкін. Шарап жаман нәрсе ғана әкеледі, сондықтан шарап ішкен адамның дініне зардап тиеді,-дейді.