0 дауыс
7.9k көрілді
Әкем арақ көп ішеді қалай қоюға болады. Арақ ішкен соң үйдің берекесі кетті. Күнде айқай шу, лас жер. Қалай арақты қойдыруға болады?

1 жауап

+1 дауыс

Бұл нәрсені айтпас бұрын ең алдымен мынаны ескерткіміз келеді. Егер сіздің күйеуіңіз не әкеңіз немесе сол секілді жақыныңыз ащы суға әуес болса, онда мынаны біліңіз: ол кісі қанша алқаш, есі жоқ маскүнем болса да, «оны бітті, бұл енді осымен кетті» деп тастап қоюға болмайды Оған дұға арқылы, іс-әрекет арқылы көмектесуіңіз керек

Сонымен, жақынын арақтан құтқарғысы келген адамға ішімдікті тастаудың мынадай жолдарын ұсынамыз:

Арақ ішкен адамға оқылатын дұға

Дұға қабыл болатын уақытта, әсіресе, түннің соңғы бөлігінде Құдайдан тілек тілеңіз. Тәһәжуд намазын оқып, Алладан көмек сұраңыз. Ең бірінші жасайтын амалыңыз осы болсын. Себебі, кез-келген іске Алладан басқа ешкім көмектесе алмайды. «Алла оны кешірмейді», «Алла оны тура жолға салмайды» деген ойдан аулақ болыңыз. Мейлі, ол қанша жерден күнәһар, қанша жерден адамдардың ең жексұрыны болса да, Алла мейірім етсе, ол ең жақсы адамға айнала алады! Алла Құранда: «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла барлық күнәларды жарылқайды. Өйткені, Ол – тым Жарылқаушы, Аса Мейірімді», - деген.

(«Зумәр» сүресі 53-аят)

Ал кезінде адамдар Омардың қаттылығына, бірбеткейлігіне қарап: «Исламды Омардың әкесінің есегі қабылдаса қабылдайтын шығар, бірақ Омар қабылдай қоймас» - деп күлетін еді. Алайда, сол Омар (р.а) кейін белгілі сахабаға, Пайғамбардың (със) ізін жалғаушы ізгі тұлғаға айналғаны белгілі емес пе?

 Арақтың зияны туралы, оның зардабын көрсететін видеоларды көп көрсетіңіз. Өзіңіз де көріңіз. Ішімдіктің зияны туралы діни және медициналық тұрғыда ғылыми ақпараттарды жинап, алдына тосыңыз.

(Мысалы, профессор В.Г.Ждановтың видеосабақтарын тыңдауға және сол секілді көптеген фильмдерді көруге болады)

Құрандағы шипа аяттары арқылы дем салдырыңыз. Себебі, арақ ішу, құмар ойнау секілді лас амалдар - шайтанның ықпалымен болатыны анық.

Алла Құранда: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар және бал ашатын оқтар - лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», - деген. («Мәида» сүресі, 90-аят)

Кейде адамның араққа салынуына достарының, әріптестерінің де ықпалы зор болады. Мұндай жағдайда ол адам ортасын өзгертуі керек. Неғұрлым дұрыс жүріп, дұрыс тұратын, үлкендердің тілімен айтқанда «жібі түзу» адамдармен араласса, соғұрлым өзгеруі де оңай болады.

Арақты тастаудың ең тиімді тағы бір әдісі – иманды күшейту, намазға тұру. Себебі, намаз – жамандықтан, күнәдан тыюшы. Батырдың қалқаны батырды жорық кезінде оқтан қалай қорғаса, қабыл болған намаз да пендені дәл солай жамандықтан тыяды. Бұл туралы Алла: «Расында, намаз барлық арсыздық пен жамандықтан тыяды», - деп анық айтып қойған. («Әнкабут» сүресі, 45-аят)

Арақты қойдырудың тағы бір жолы – альтернатива, яғни оны алмастыратын басқа нәрсе ұсыну. Тіпті, қатты бірдеңе ішу керек болып бара жатса, қымыз ішу дегендей) Бірақ ерік-жігері мықты, ниеті дұрыс адам бұл әдіссіз-ақ жағдайдан шыға алады деген ойдамыз Дегенмен, мұны да қаперіңізге ала жүріңіз!

Жақынының арақ тастауына көмектескісі келетін адамға айтар соңғы кеңесіміз мынау: жағдайыңыз болса, шама келсе, жоғарыдағы әрекеттерді жасап болғаннан кейін ол кісіні умра сапарына, яғни кіші қажылыққа алып барыңыз

Себебі, қасиетті жерге барып уағыз тыңдау, қасиетті жерлерді өз көзімен көріп, оның тарихымен танысу, білімін, иманын қуаттау, әлбетте, оның дұрысталып кетуіне, ойлануына, ақылға келуіне жол ашады. Алла қаласа, білімі өсіп, санасы сергіп қайтады.

Ендеше, сәттілік! Алла бәрімізді Өз мейірімімен тура жолына салып, жамандық атаулыдан бойымызды аулақ етсін деп тілейміз!

Толығырақ: https://www.******.com/kz/pray/38867-arak.html

...