0 дауыс
3.4k көрілді

Интернет-конференция,СЕРІК ЖАНБОЛАТ

Интернет-конференция: СЕРІК ЖАНБОЛАТ

Конференцияның кезекті қонағы – «Алаш айнасы» интернет-газетінің бас редакторы Серік Жанболат.

Елге белгілі журналист, тележүргізуші, композитор,  қазақ журналистикасында өз қолтаңбасы бар Серік Мейрамбекұлы Қазақстанда тұңғыш рет жарық көрген күнделікті  басылым – «Айқын» газетінің алғашқы редакторы болды. Күнделікті газет шығару ісін әрі қарай жалғап, «Алаш айнасы» газетін шығарды. Қазіргі уақытта заман талабына сай интернет-газетке айналған аталған басылымды басқарып отыр.

Серік Жанболат телевизия саласында да өз жолын қалыптасыра білген тележүргізуші. Кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасында «Көкпар» қоғамдық-саяси ток-шоуын жүргізгені ел есінде.

Серік Мейрамбекұлы қазақ журналистикасындағы танымал кәсіби маман ғана емес, талантты композитор.

Конфереция қонағы - Серік Мейрамбекұлы оқырмандардан келіп түскен сауалдарға толықтай жауап берді.

Cіздің пікірінізше ҚР қандай жоғары оқу орындарынын журналист маман түлектері кәсіби біліктілігі жағынан алдынғы қатарда келеді?

Серік Жанболат:

Бүгінгі журналистикада ғылым, бизнес, кәсіп, өнер, маман, блог, ақпарат,имидж, қаржы-бәрі де бар. Бұл міндеттерді қай оқу орнының түлегі, қалай атқарып жүргеніне баға беру мүмкін емес меніңше. Оның үстіне журналистердің рейтингін қалай түзуге болады? Қандай белгілері бойынша? Дегенмен де өзіме қанат байлап берген ҚазҰУ журналистика факультетіне бүйрегім бұрып тұратынын жасырғым келмейді.

 

Серік Мейрамбек ұлы, жобалауымша 1986 жылғы көтеріліс кезінде студент болған боларсың,сол кездегі жағдайды көзіңмен көрген немесе қатысқан азамат шығарсың,Шындық қашан айтылады,әділ бағасы қашан беріледі?Дәл қазіргі Қазақ ұлтының (Тілінің,дінінің,ділінің)жәйі Сізді қанағаттандырама? Ұлттық болмысымыз жойылып бара жатырған жоқпа,қалай ойлайсыз?

Серік Жанболат:

1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде біз студент болатынбыз. Жалпы сол жылдары студент болғандардың алаңда болмағаны кем де кем. Кейін біразы жазаланды.Көбі аман қалды. Өйткені неше мың адамды бірдей жазалау мүмкін емес еді. Бұл жерде мен курстасым, журфактың сол кезде комсомол ұйымының хатшысы болған Әміржан Қосановтың есімін айтып жүремін. Көтерілістен кейін алаңда болғандарды фотосуретімен іздеу басталды емес пе? Сонда Әміржан бөлмеге келіп: «іздеп жүргендердің ішінде сенің суретің бар екен. Танымаймыз дедік.Екі-үш апта бөлмеден шықпа. Киіміңді ауыстыр.Болмаса ауылға кетіп қалсаңшы» деді. Албырт жастық қой ауылға кеткен жоқпын. Бірақ көзге көп түспеуге тырыстым. Сөйтіп аман қалдым деп ойлаймын. Желтоқсан дегенде біз елді жазалау туралы айта береміз, бірақ неге көбісі жазаланбай қалғанына назар аудармаймыз. Бұл айтылуы керек: сол кезде сатқындық, көрсету болып жатқан да шығар. Бірақ, керісінше көрсетпегендер, сатпағандар көп болды. Оқытушылар студенттерін қорғап шыр-пыры шықты. Небір жаныңды елжіретер оқиғаларды естідік. «Мұндай қанды марапатты алмаймын» медальдан бас тартқан қырғыз жігіті естеріңізде ме? Тіпті жастарды жазалауға тиіс милиционерлердің өзі құтқарып жіберуге тырысты ғой. Қазақтың қазаққа бауыр болып кеткенін көрдік. Қазақ деген рухтың бір жұдырыққа қалай түйілгенін, біздің қырық құрау ру емес, ұлт екенімізді сонда сезінгенбіз. Алаш арыстарының жарлары, сүйгендері азаматын сүйеу үшін басын бәйгеге тігіп, ібір-сібірге ілесіп барғанын білеміз ғой. Қазіргі қазақ қыздары сондай бола ала ма деп сұрақ қоямыз. Жер бетінде қазақ қыздарынан берік, адал жандар болмайтынына көзім жетті. Сүйген жігіттерін түрмеден іздеп, шығарып аламыз деп шырқырады ғой олар. Ал жігіттер қыздардың абыройы үшін отқа түсіп кететінін де желтоқсан көрсеткен. Сондықтан желтоқсан көтерілісін ұмыту мүмкін емес.

Ал қазіргі ұлттық болмыс туралы сұраққа келсек: технология заманы бәрімізді бірдей қалыпқа салады, қалыптан шыққан кірпіш сияқты қалап жатыр. Сондықтан жоғалтатынымыз көп болмақ. Ал сол технологияны ертерек меңгеріп ұлттық дүниені насихаттауға бейімдесек, ұтарымыз да аз болмас. Электронды бесік жасап шығарған қазақ баласы бар ғой. Сол бесік қытайша емес,анасының дауысымен қазақша бесік жырын айтатын болса қандай ғажап! Әрине ол үшін елдің ішідегі бесік жырының нұсқаларын жинау керек. Бесік жыры әлемді тербететін дүние. Сол сияқты телефон да, компьютер де қазаққа бейімделсе,ұлттық болмысқа тың тыныс бітеді деп ойлаймын. Ұлттық болмыс тың пішін табады. Мысалы Тойота немесе Эйфель ұлттың өзі туғызған дүние емес еді. Бірақ қазір осылар аталса бірден  көз алдымызға жапон немесе француз елестемей ме?

Сіз қазақтың бір мықты азаматысыз! Украинадағы жағдай қайталанбау үшін бізге не істеуміз керек! Өзіңіз білесіз бізде де толып жатыр 5-колонна! Біздің әскеріміз дайын ба, солтүстік шекарамыз қараусыз жатыр!

Серік Жанболат:

Шын мәнінде Украйна тәуелсіздіктің салмағы қандай екенін көрсетіп тұр. Қырым мен Украйна тәуелсіздікті ешқандай Президент те, Парламент те, әскер де, саяси одақ та қорғай алмайтынын, тек жұдырықтай жұмылған халық қана тәуелсіздік тағдырын шешетінін анық көрсетті. Ондай жағдай қайталанбау үшін етек-жеңімізді жинау керек, бекем болу керек. Аты дардай екен деп ыға беруге де болмайды. Азуын көрсететіндерден басқалар да ығып жүрмей ме? Бірақ артық өзеуреп кетуге де болмайды. Украйнаның ұлтшылдары унитарлық мемлекетке білектің күшімен жетпек болды. Әрине жиырма жылда украйн тілін меңгеруді талап етуі жөн. Бірақ әкіреңдеп әпербақандыққа салмауы керек еді. Өйткені орыстардың империялық науқастан арылуы үшін жарты ғасыр уақыт керек. Жарты ғасыр мен есептеп шығарған уақыт емес. Қазақ «елу жылда ел жаңа» деген. Демократ  ағылшындардың өзі өткен ғасырда африкадағы колонияларынан айырылуды ауыр қабылдады. Де Голлдің батылдығы болмағанда француздар Алжир үшін бірін-бірі қырып тастар ма еді. Біз тәуелсіздік алған жылы Түркия президенті Тұрғыт Өзал туысымыздың: «Сіздерге толық тәуелсіздікке жету өте қиын болады.Сіздер орысқа мыңдаған жіппен байланғансыздар. Ол жіптерді қан шығармай біртіндеп үзу өте қиынға түседі. Төзімділік пен жанқиярлық керек» демеп пе еді. Бізге қазір қазақтың өзін бір қалыпқа келтіретін, бір рухқа тоғыстыратын ортақ идея керек. Еврей мен орыста бар дін мен дәстүрдің, рухтың бірлігін дәлелдейтін ұлттық философия керек. Сонда ғана біз дінге, тілге, руға, аймаққа бөлінбейтін бір рухқа келеміз. Ол философияны аспаннан іздеудің қажеті шамалы. Ол біздің бойымызда. Мен бірнеше жылдан бері құрмақ болып жүрген «Қазақтану» орталығының міндет-мақсаты осы. Біраз жыл бұрын ғалымдарды жинап осы жұмысты бастаған едік. Өкінішке қарай қаржының жоқтығы қолбайлау болып, орталықты жауып тындым.  Ұлттық рух –саф дүние, кристалл. Ұлттық қасиеттің ядросы, генофондтың анасы. Ол сынбайды.Ол жоғалмайды.Онда шекара жоқ. Қазақ сияқты ұлан-байтақ жері бар халыққа ең керегі сол. Қанша қуғын көрсе де, қанша тілде сөйлесе де  еврей жұртын тұздай құрып кетуден сақтап келе жатқан да сол. Көрші елдегі қазақ баласын ірітіп, өзгеге өзегін жарғызып отырғаны-соның аздығы. Сол жарты жылғы зерттеудің қорытындысын реті келсе жариялау ойым бар. Украйна әскер әскер емес, халық- әскер екенін көрсетіп отырған жоқ па? Сондықтан тәуелсіздікті қорғау да, баянды ету- әр қазақтың қолында. 

 

"Қазақта ел қамын жейтін шал қалмады" дегенді жиі оқи бастадық. Қабдеш Жұмаділов "Нұрсұлтанның нұрлы жолы!" деп жар салған кезінде. Соңғы бір кітабінде ол кісіні оңдырмапты. Стипедия бергенде жақсы Президент, стипедия бермей қойып еді, қолма- қол жаман болды. Мұхтар Мағауин шет елде жатып алып, қазақтың қақ жартысын қарақытай деп жар салып жүр. Керейден өзге рулар түп- түгел қойыртпақ ол кісінің жазуынша. Қазақты бөле алмай әлек. Мырзатай Жолдасбеков жүр өз атын қазақша айта алмайтын Гани
Касымовты тіл емтиханынан беске өткізіп, Ақтамберді жыраудың етегіне жармасып. Әне бір шал қазақ даласында Нұрекеңді патша жасайық дейді. Немасқара шалдарымыз? Ағатай, айтыңызшы не істейміз?

Серік Жанболат:

Қадірлі тау баласы, сіз ақсақалдардан тек көлеңке іздейсіз бе? Ақсақалдық дегеніміз тұтас институт емес пе? Сізге кеңес беру менің қолымнан келмейді-ау. Тек Табылды досымның «Биіктік» деген өлеңінен үзінді келтірейін. Сонда сізге де, сіздің сауалдарыңызға да жауап бар: 

Алты алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті, айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген.

 

Бір құдырет тұла бойда тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңғы, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға.

 

Серік Жанболат десе, таэквондоның хас шебері Мұстафа Өзтүрік көз алдымызға келеді. 1989 жылы қазақ еліне алғаш рет келіп, Қазақ циркінде өз өнерін паш етіп, қазақ елімен қауышқан Мұстафаның кездесуінің куәгері болып едік. Жүрегі қазағым деп елжіреген азаматтың өмірі, өнері кинотуындыға да, жазу шығармашылығына да сұранып тұрған дүниелер. Елін аралаған Мұстафаның жанынан өзіңіз табылып, ол азаматтың жүрекжарды ойларына, сырларына куә болдыңыз, экран арқылы халыққа да жеткіздіңіз. Мұстафадай арда азаматтың еліне берері көп еді...

Серік Жанболат:

Рухы биік азаматтың тұлғасының өзі-елдің айбары ғой. 90-шы жылдары біз Серік Байхонов дейтін белгілі жазушы ағаңызбен бірлесіп, Балуан Шолақ атындағы спорт  сарайында «Қазақтың Қажымұқаны» деген палуандар сайысын өткізген едік. Шараға қазақтың рухы биік ұлдарының бірі Сабыржан Махметов қолдау көрсетіп, бас бәйгеге түйе әкеліп тіккен./Бұл да хикая. Қазақ күресінен думан жасау сол кезде басталғанмен апай-топай заманның қалтарысында қалып кетті./ Думанның мақсаты: Қажымұқанның әрбір жетістігін қазақ баласы қайталауы керек. Басты меже-Қажекеңнің қайратымен күрес. Солай күресу керек, сонша пұт кір тасын көтеруі керек. Асырып жатсаң-құба-құп. Ақсақалдар күресін, әйелдер күресін жасадық. Жігіттер түйе көтеріп, үстінен автокөлік өткізді. Ғажап думан болған.Түпкі меже: Қажекең сияқты рухы биік, қайратты азаматтарды тәрбиелеуге мұрындық болу. Қазақ қайратының рекордтар кітапшасын, бейнеэнциклопедиясын жасамақ болдық./ Сол кезде қазақта Қажымұқандай алыптың болғанына қуанғанымыз-ай! Ешкімге табынбай-ақ өз қайнарыңа өзің үңілесің, өз алыбыңа қарап шаттанасың. Қазіргі балалар Шварценеггер мықты ма, әлде Қабанбай ма деп сұрайды ғой.Қажымұқанды дұрыс насихаттай алсақ Шварцың кім тәйірі?!  Осы тұрғыдан Брюс Лиді құдайдай көретін қазақ баласының жанына әлемдік таэквондо марқасқаларының бірі Мұстафа Өзтүрік өз аяғымен келді. Және оның таэквондосы қазақи болмыспен  келді. Өзінің айтуынша қазақи рухқа қызмет етуге тиіс болатын. Ол оның үстіне Брюс сияқты кино туғызған, қол жетпейтін қиялдағы тұлға емес, жекпе-жекті шын меңгерген  кәдімгі қазақ баласы. Ұлттың әрбір азаматы-ұлттық рухтың қайнар көзі. Ол бағындырған шың неғұрлым биік болса, келер ұрпақтың алар асуы одан да асқақ болмақ. Мұстафа Өзтүрік бізге осынысымен қымбат.

 Бір нәрсені жақсы түсініп алайықшы: қазақ ешқандай батыс жұрты емес. Қазақ қызығы мен құпиясы көп шығыс жұртының нақ өзі. Яғни шығыстағы самурайлар институты- қазақтың батырлар институты. Басқаша болуы мүмкін емес. Екеуінде де бірінші орында намыс пен рух тұрады. Намыс жолында жанын құрбан етеді. Намыстан басқа ұлы мақсат жоқ оған. Тіпті жаумен алысып жүріп ауыр жараланған Шынғожа батырдың серігіне өз бармағын кесіп беріп: «Өзім жете алмаймын. Туған жерге бармағымды апарып жерле. Жауларға сұқтанып, сес болып жатсын!» дегені аңыз емес қой. Бабаларымыздың мұндай ерліктерін айтып тауыса алмайсың. Бұны институт демей не дейміз?! Мұстафалар сол батырлардың ізбасары болады да шығады.

 

Серік,амансыз ба?Кезінде сіз жүргізген ток-шоуларды қызығушылықпен қарадық. Алайда,біз ойладық шындық айтылып жатыр ,әділ қоғамды құрамыз деп ойладық,бұрынғы өміріміздің бәріне орысты кінәладық, өз қазағымыз басқарады, қазақ үшін жақсы заман болады дедік, алайда тағы алдандық. Тек орыс тілді қазақ заманы орнады.Неге бұлай?Неге жемқор қоғам құрдық? Украинадағы жағдай болмайды деп ешкім айта алмайды.Қазақ өзі тәуелсіздік алды ма? Ұрпақты ойласам жаным ауырады?

Серік Жанболат:

-Амансыз ба? Кейбір жандардың қазымыр сауалдарына қарағанда сіздің жаныңыздың ауырғаны маған қаттырақ батып тұр. Мен жүргізген ток-шоулар бір сұрақтардың жауабын нақты іздеуге құрылатын. Мәселені көтеріп алып, шешуін жоғарыға лақтыра салу, тисе - терекке, тимесе- бұтаққа кері сияқты болып көрінеді. Қазір де солай ойлаймын. Рас, шешімін таппай жатқан мәселе көп. Бірақ біраз нәрсе шешіле бастады емес пе? Таяуда Сейфуллин көшесін қопарып жатқанын көріп қуандым.Шыным. Бұрын көшенің тас жолын жамай салатын еді ғой. Бажайлап қарасам, бұл жолы түбірімен қопарып қайта салып жатыр. Қуандым. Қасымдағы Арман Сқабылұлы дейтін досыма: «Бұрын да осы қаржы бөлінбеді дейсің бе? Бөлінді. Бірақ жамалған жолмен бірге жырымдалып кететін еді ғой» дедім. Ол да жұмыстың түбірлі жүріп жатқанын байқап келеді екен. «Бұл жұмыстың нақты сұраушысы бар. Сондықтан қаржыны бүтіндей салып жатқан сияқты» деді. Сондықтан да үмітіңізді жоймаңыз. Тоқпағы күшті болса киіз қазық та жерге кіреді. Өзгеріс бар және бола береді. Өйткені жемқорлық қазынаны ғана емес, мемлекеттің діңгегін де қырқып түсетінін ұғып қалдық. Сондықтан Украйнадағы жағдай бізде болмайды. Ал тіл мәселесіне келсек, тілдің тұғырын капитал билеп тұр. Экономика қай тілде сөйлейді-қоғамның қатынас құралы сол. Бір кездері теңгенің екі тілде шығып кетуі – соның көрсеткіші. Бірақ оның бәрі орнына келетін нәрселер. Уақытпен. Тек Украйнадағыдай соғыс болмасын деңіз. Өз басым журналист ретінде Кавказдағы да, Памирдегі де ұлттық қақтығыстарды көзіммен көргенмін. Қарулы топтардың тұтқыны қандай күй кешетіні маған жұмбақ емес. Кімді кім атып жатқанын ұқпайтын аласапыранға неге келгенімді білмей жаным мұрынның ұшына тақаған. Соғыс дегенше қиямет-қайым туды деп біліңіз. Және де соғыста ең алдымен балалар мен әйелдер зардап шегеді. Адамдар жағаға ұрылған балық сияқты мәңгіріп, тура қойша қырылады. Мұндай қасіретті көргенде тірі жүрегіне назаланасың. Ондай жеңіс –жеңілістің бастауы. Сондықтан барлық жеңіске сатылап жетейік. Шегінбейік бірақ, орғымайық- шыдап, Жиделі байсын рас болса, табылады тұрақ деп өлеңдетіп қояйыншы.

«Алаш айнасы» интернет-газетіне шеттегі қазақтың несін салыдыңыз несін салғыңыз келеді.Шеттегі қазаққа деген көз қарасыңыз қалай.

Серік Жанболат:

Парижде бір қазақ ағамыздың үйінде болған әңгімені ұмытпаймын. -Бірде балам ауладан жылап келді,-дейді ағам.-Не болды? десем ұлым:-Әке, мына көрші баламен төбелесіп қалып едік, ол Наполеонды айтып мақтанды. Мен ештеңе айта алмадым. Содан жеңіліп қалдым деп жылап тұр. Сағы сынып қалыпты. Ұлттық мақтаныш азаматтың бойына қуат беретін ұлы күш. Сол жоқ бізде,- деп мұңайды ағам. Сол кезде мен:-Аттила, Еділ патша туралы оған неге айтпайсыз? Париждің іргесіне туын қадам қойып жатқан жоқ па? Қаталауын шайқасын айтып беріңіз. Наполеон кім, Аттила кім? Білсін!- дедім. Ағам ойланып қалып:- Аттила біздің бабамыз ба еді? Қап! Енді ол туралы дерек жинап балаларыма айтайын,-деген еді. Ұлттық рух-ұлы күш. «Алаш айнасы» арқалы ұлттық рухқа арқау болар дүниелерді кеңірек айтсақ дейміз. Басында айтқан едім, шар-тарапта шашырап жүрген қазақ баласын біріктіретін ортақ ұлттық философия керек деп. Ол қазақ баласының бойында жүр. Біз неге аруаққа табынамыз? Біз неге дүниені үш ғалам тұрғысынан қабылдаймыз? Қазақ асты неге үш табаққа бөлген? Біз неге нәрестені қырқынан шығарып, адам қайтыс болғанда қырқын береміз? Бата дегеніміз не? Төр қай әлемде? Егер қазақтың дәстүрі мен ислам дінінде жақындық болмаса, біз мұсылмандықты қабылдап алар ма едік?  Сұрақ көп. Ал жауабы қиял-ғажайып ертегілері мен ауыз әдебиетінде, жыр-дастандарда жүр. Тек жиып, жүйелеп беру керек. Бұл дәстүрлі дін мен ұлттық дәстүрдің, дүниенің жаратылысы мен қазақ тілінің балаталасаң бұзылмас бірлігін көрсететін дүние. Міне мұны іштегі және сырттағы қазақ деп бөлмей жеткізсек деймін. Сонда бір қазақ тұрған жеріне, тіліне, ортасына, діни ағымына, кәсібіне, дәулетіне қарамай бір болар еді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Атырау мен Алтай тауындағы қазақтардың қанындағы ДНК-да  ешқандай айырмашылық жоқ. Онда неменеге үш жүз, қырық руға бөлініп қырық пышақ болып жүрміз? Осыны тереңдетіп зерттеу керек емес пе? Олай болса шет елдегі қазақтардың қаны да осындай деген сөз. Оларды шеттегі, іштегі деп бөлмеген дұрыс болар.

Қазір газет деген қаптап кеткен заман. Бәрі ұрлықы материалдармен толы. Әлемдегі беделді 4-5 ақпарат агенттігінің немес интернетте жарияланған материалдарды көшіріп басу үшін газет шығарып,ақша шығындаудың қажеті қанша. Бізде республикалық газет деген аты ғана.Әйтпесе, бір аймақтан аспайды, өңірлерден материал жіберетін тілшілері де жоқ. Сондықтан, гатеттерді қысқартып, сапасын, тиражын арттыру қажет емес пе?

Серік Жанболат:

Әр елдің базары, нарқы- өзіндік жүйе. Бәріне бірдей ортақ механизм жоқ. Сондықтан басқа елдің ақпарат жүйесімен салыстыруға болмайды. Ол рас, әлемге белгілі ақпарат агенттіктері бар. Көбісі солардың ақпаратына сүйенеді. Оны ұрлық деп қарауға бола ма? Өйткені ақпарат та сатылады. Әрине өресі жеткендер сол ақпаратты өз тұрғысынан, өз елінің мүддесіне сай өңдеп береді. Бұл да заңдылық. Газеттер де базардағы кәмпит сияқты тауар. Әрқайсысының өзіндік «дәмі» бар. Және өз құрылтайшысы бар. Сондықтан оған «кәмпит шығарма, шоколод шығар» деп ешкім нұсқау бере алмайды. Газеті өтпесе- өзінен көрсін. 

 

Азаттық радиосынан басқа халықаралық бақ-та оралман журналистер істейді. Қазақстан дайындап жатқан мамандар шет тілдеріне нашар. Ал, телевидение мен радиода журналистердің орнын әртістер жаулап алғалы қашан. Сонда қазақ журналистикасының бүгінгі сиқы сіз сияқты биліктің марионеткалары ма?Тағы бір сұрақ; журналистер жұртты жарнамалаушы еді, қазақ журналистері неге өздерін жарнамалауға құмар?

Серік Жанболат:

 Мен журналистердің қайсы оралман екенін білмейді екенмін.  Оны білу  маған қажет те емес. Жақсы маман болса болды. Қазақстан журналистерінің шет тілдерді нашар білетіні рас. Бірақ біліктілігі жоғары адамның тілден ақсауы аянышты емес. Тілінде бұдыр жоқ, бірақ «менінен» басқа қолынан ештеңе келмейтіндер- қорқынышты. Теледидар мен радиодағы артистерге келсек, нарық дүниесіне тереңдеп енген сайын, ТВ мен РД өз өнімін өткізуге мәжбүр болады. Ал артистердің бет-бейнесі халыққа жақын. Оның үстіне бүгін технология билеген заман. Сценарий бойынша жүреді бәрі. Сондықтан артистермен жұмыс істеу тиімді. Ал нағыз журналистің қолы керек ақпарат, сараптау саласында артистер жоқ. Бүгінгі журналистиканың сиқы мен бе деген сұраққа келсек, «иә» деймін. Барлық кемшілігіммен және жақсылығыммен. Журналистикада ортақ образ жоқ. Өйткені біз әртүрліміз. Және аз емеспіз. Сондықтан әрбір журналист өз саласының арнайы өкілі. Бүгінгі қазақ журналистикасының шын өкілі-менмін дегенде бізге жауапкершілік келеді. Билік туралы айтар болсам, шын мәнінде елімде биліктің мықты болғанын қалаймын. Билігі әлсіз елде өмір сүруден сақтасын! 1917 жылғы қазан төңкерісі биліктің әлсіздігінен туды. Дүние төңкерілген жерде алдымен жақсылық өшеді. Бүгінгі Украйна да биліктің әлсіздігінен бүлініп жатыр. Биліктің әлсіздігі елді ұшпаққа шығармайтыны-ақиқат. Ал бір шыбын өлсе де биліктен көру- біліксіздік. Халқы қандай болса-билігі сондай деген тұжырым-шындық. Журналистердің өзін жарнамалауы-замана лебі. Бұл жауапкершілікке бастайтын жол. Мен қай жерде жүрсем де журналистердің атын шығаруға итермелеймін. Журналистердің атымен айдар ашып беремін. Өз атын қадірлейтін адам өз міндетін де адал атқарады. Менің қағидам: Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүй. 

 

Мемлекет автократиялық басқаруға өздігенен келмейді. Оны охлократиялық журналистер өтірік мақтап сондай жағдайға жеткізеді. Қазақ баспана салу үшін ұлтарақтай жерге зар боп жүргенде сенің миды ашытатын күнделікті хабар тарататын газетіңнің қажеті қанша. Одан да елдің мұңын жазбаймысың? 2. Журналистика қазақтың проблемасын көтеріп, арі оның шешілуіне ықпал жасай алмаса, бір тиынға қымбат. Солай емес пе? 3.Демократиялық құндылықтардан шегініп бара жатқан елде өмір сүріп, халқына жаны ашымайтын билікті мақтап жүріп, журналистпін деп айтуға ұялмайсың ба?4. Сендер жалаулатқан экспо мен универсиада мемлекеттің қалтасын қағып жатқан жоқ па? 5.Ілгеріде балабақшаларды мемлекет жекешелендіріп, артынша қайтарып алған болатын. Кәсіпкерлердің мүддесін ешкім қорғамады. Енді одан да маңызды нысандар жекешелендірілгелі жатыр. Біршама уақыт өткесін олар да қайтарып алына ма?

Серік Жанболат:

Журналистика қоғамнан тыс тұратын дүние емес. Қоғамы қандай-журналистикасы тура сондай. Бір қарыс артық-кемі жоқ. Сондықтан сіз қандай болсаңыз біз де сондаймыз. Ал ақпараттан құр қалған бәрінен де құр қалатын заман бұл. Елдің мұңын жазу деген зар илей беру деген сөз емес. Қазір құр байбаламды ешкім керек қылмайды. Егер салық мәселесін көтерсек, оның заңдық негіздерін, шаруашылық ерекшелігін, ұтылыс пен ұтыстың арасалмаған ашып жазу керек. Дәлелдеу керек. Негіздеу керек. Не туралы жазсаң да кемшіліктің механизмін және авторын нақты дәлелдеп көрсетуің керек. 2. Қазақтың мәселесін көтеру де, ықпал ету де осы деп білемін. 3. Сондықтан да журналистпін деп айтуға ұялмаймын. Өйткені сол халықтан жанымыз ардақты емес біздің. Біз де халықпыз. 4.  Австрия мемлекетінде шикізат жоқ. Сондықтан олар ғылым мен экономиканы табиғи жолдармен энергия алуға жұмылдырған. Шынымды айтсам, мен осыдан ұлттық идеяның заманауи болмысын көремін. Егер ЭКСПО-ны біз ғылым мен экономикаға жан бітіруге жұмылдыра алсақ-ұтарымыз көп болмақ. Онда біз ұлттық идеяның экономикалық іргетасын қалаймыз. Ал ЭКСПО құр мақтанға айналса- ұтыламыз. 5. Мемлекет жекеге берген бала бақшаларды күштеп қайтарып алған жоқ. Үндеу тастады. Мүмкіндігі келгендер-қайтарды. Жалпы әлем тарихында жекенің меншігіндегі күштеп қайтару, национализация жасау ешкімге опа берген емес. Өткен ғасырдағы ақ пен қызылдың соғысын тудырған себепті осыдан іздеңіз. Ол мүмкін емес.   

Қазақта "Досына қарап таны" деген сөз бар. Арманда кеткен асыл ер Мұстафаның досы екеніңізді біліп отырмыз. Тағы бір арманда кеткен қазақтың арда ұлы Табылдының досы екеніңізді білеміз. Оның атын ел, ұрпақ есінде қалдыру мақсатында не атқарылып жатыр. Сіз қандай үлес қосып жатырсыз? Тілек: Осындай ұлтжанды қалпыңызды ешқашан өзгертпеңіз, ел есінде сонымен қаласыз.

Серік Жанболат:

Мұстафа Өзтүріктің есіміне байланысты ойларымды жоғарыда айтқанмын. Екі жыл бұрын Алматыда жасөспірімдер арасында таэквондодан ел біріншілігін ұйымдастыруға қолқабыс жасадық. Жарысқа қатысушылардың барлығына «Қазақтың қара баласы» фильмінің көшірмесін тараттық. Ал Табылды досыма келсек, біраз жұмыстар жасалып жатыр. Ақтөбелік кәсіпкер азамат, Табылдының ақын інісі Бижан Қалмағамбетовтің бастауымен республикалық қор құрдық. Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында еске алу кештерін өткізіп, биыл ол Табылды Досымов атындағы республикалық фестивальға айналды. «Ата мұра» корпорациясының қолдауымен Табылдының үлкен кітабын шығардық. Ән жинақтары шығып жатыр. Табылдымен бір пәтерде бірге тұрған досы Арман Сқабылұлы бірнеше телебағдарлама ұйымдастырды.  «Қазақфильмнің» басшысы Ермек Аманшаевтың қолдауымен деректі фильм түсірсек деп отырмыз. Осы шаруаларға қолымнан келгенше қолғабыс көрсетіп келемін. Тірі кезіндегі достығың өлген соң да жауапкершілік жүктейді екен. Мен осыны ұқтым.

 Мені ұлтжанды деп танығаныңызға алғыс білдіремін. Және басқаша бола алмайтын шығармын. 

«Көкпар» қоғамдық-саяси ток-шоуының жабылып қалуына құрылғалы жатқан Кедендік одақ жөнінде ащы шындықты айтқан Әлихан Бәйменовті шақыруың себеп болды ма? Бүгінде сол ток-шоуда айтылған Ә.Бәйменовтің қаупі мен ескертулері шындыққа айналды емес пе?

Серік Жанболат:

Мен сізбен осы уақытқа дейін ешкіммен бөліспеген ойыммен бөлісейін. Кеңейтіп айтамын. Өйткені Кедендік Одақ жөнінде қазір ой толғамайтын адам жоқ. Мен де соның бірімін.

 Адамзат баласы дамыған сайын жер бетінде әділеттілік орнай береді деген адам қателеседі. Ұлы Абайдың дәуіріндегі надандық 150 жыл өткен соң азайды деп айтып көріңіз...  Осыдан 20 жыл бұрын жер бетінде екі саяси полюс бар еді. Социалистік және капиталистік. Екі жақ ырғасып жүріп жер бетіндегі тепе-теңдікті сақтады. Бірінен қорлық көргендер екіншісіне барып пана табатын. Мықты елдер әлсіздерге шоқпар көтерейін десе екінші жақтан айқай шығатын. Әр полюс өзінің қарасын молайту үшін әлсіздің уәжіне бас шұлғуға мәжбүр болды. Кеңес Одағының құлағаны жер бетіндегі тәуелсіз елдердің көбіне ауыр тиді. Тіпті аты дардай Франция саясаттанушыларының өздері «екі арада ойнап жүруші едік» деп өкініш білдірген. Сөйтіп 20 жыл бойы бір полюске магнитше тартылдық. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Америка әкімшілігінің шешімдерін заңдастырып беріп отырды. Егер дүниеде екі саяси полюс болғанда Саддам Хусейн үкіметі құламайтын еді. Қырық ру мен ұлттан, діни ағымдардан құралған Ирак елі тас түйін болып отырар еді. Арабтар да шала бүлініп билігін аударып тастамас еді. Шала бүлінгендер бүгін шалажансар күйге түсіп отырған жоқ па? Қазаншының еркі бар-қайдан құлақ шығарса. Жер бетінде тепе-теңдік бұзылған соң, қазаншы қазанның құлағын қалаған жерінен шығарған соң дүние аласапыран болды да кетті. Қазанның бір құлағы Украйнадан шығуға тиіс болған. Оған Украйнаның және аймақтағы көп елдің бір құлағын мықтап ұстап отырған аймақтық держава Ресей көне алмады. Сөйтіп дүние бүлініп жүре берді. Мықты елдер әруақытта өз мүддесіне сай өзара келісе алатынын ұмытпайық. Ал бірақ екі оттың ортасында қалған Украйнаның ендігі тағдыры не болады, оны елестетудің өзі қиын. 20 жыл бір полюсті әлемді шыр көбелек айналдырған Америкадан әл кетіп барады. Енді 20 жылдан кейін Қытай екінші полюске айналады. Ресей де өз полюсін ешкімге бермеймін деп тыраштанады. Тек  жан тиыштығын қалайтын Еуропаңыз да өзінше полюс боламыз деп Еуроодаққа біріккен. Латын Америкасы елдерінің де полюс құрмақ ниеті бар. Өзіңіз ойлаңызшы, 20 жылдан кейін дүние қай полюске қарай дөңгелейді? Күштінің өктемдігін сол кезде көреміз. Геосаясат шахматтың тақтасы сияқты. Стратегиясы мықты ойыншы тағдырын бірнеше жүріс бұрын шешіп алады. Қорадағы қойыңды екі қасқырдың кезек тартса, күресерсің-ау. Ал бірнеше үйір қасқыр кезек шапса, қайтесің? Қараңызшы, ешкімді-ешкім аямайтын, әділдігіңе қарамайтын заман келе жатыр. «Кеше Будапешт келісіміне қол қойып едік, Украйнаны аяйық» деп ұялып отырған алпауыт бар ма қазір? Жоқ. Онда 20 жылдан кейінгі тағдырымыз не болады? Біз қырдың астында отырып алып бал аша бергенше, Күлтөбедей биіктің басына шығып алды-артымызды кеңірек бір шолайықшы. Бізге қандай Одақ керек болады екен? Ертең күреске түсер болсақ қолтығымыздан демейтін кім бар? Халық көршісін өзі таңдап алмайды. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан дүние. Жер бетінде басы бос құрлық жоқ, көшіп кететін. Көршіңнің ауласынан өрт шықса сенің аулаңа шоқ түспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Олай болса не болса да көршіңмен бірге көресің. Ол сенің тағдырың. Әрине, көршімнің жұдырығы үлкен екен деп бас изей бермейсің, өз мүддеңді мойындатуға тырысасың. Қайсар болсаң, алғыр болсаң көршің де аяғын абайлап басары анық. Іргесі ажырамаған көршіме байланысты ойым осындай менің. «Подьезді бірігіп қорғаймыз» деп жүріп үйіме кіріп кетпесін деңіз. Оған көнуге болмайды. «Көкпар» бағдарламасында осылай ой толғайтынбыз. Жалпы кез-келген тележоба екі-үш жылдан кейін өз миссиясын орындап бітеді. Ол не жаңаруы керек, не жабу керек. Біз жабылдық. Ойымыз ескірді ме, жоқ па, ол жағына мен төреші емеспін.

 

Серік аға, қалыңыз қалай? Қазіргі телеарналардың жайын өзіңіз жақсы білесіз. Жұмыс жасайтындардың дені жастар. Аға буынмен арадағы байланыс үзіліп қалған сияқты. Ел көретін сүбелі хабарлар аз. Шет елдік телеарналарда эфирде көрерменді сендіре алатын үлкендер отырады. Ал бізде... Осыған байланысты сіздің пікіріңізді білгім келеді. Телеарнаға келу жоспарда бар ма?

Серік Жанболат:

Болатбек бауырым, аманбысың? Өткенде Швециядан түсірген хабарыңды көріп риза болдым. Жалпы теледидар саласы дәстүр сабақтастығынан тұрады деп ойлаймын. Бізді теледидарға Нұртілеу Иманғалиұлы, Құсман Игісінов, Серік Байхонов сияқты атынан ат үркетін мықтылар баулыды. Жақсымыз-сүзгіге, нашарымыз-қазанға түсетінбіз. Олардан алғанымызды өзімізден кейінгі жастарға жеткізіп бере алмай қалдық. Өйткені тележүйе бұзылып кетті. Экранға өзі түсінбейтін мәселен талқылайтын жастар шығады қазір. Өйткені сүзгі жоқ. Әдемі  боянып, жып-жылмағай жымия күліп экран алдында бақырайып отырса болғаны! Болатбек дұрыс айтасың, әдемілерді мұрнынан тізіп қоятындай экран сұлулар байқауы емес. Ол жерге адам бірдеңе айтуға және ол сөзіне елді сендіруге шығуы керек. Экранда ең алдымен тіл емес, көз сөйлейді. Басында ештеңе жоқ адамның тілінен от шығып жатса да көзі күлбілтеленіп, тыңдарман ештеңе ұқпайтыны анық. Сонан соң әр буынның көңіліне жағатын жүргізушісі болады. Әр уақыттың өз Познері мен өз Нұртілеуі бар. Оларды ешкіммен ауыстыра алмайсың. Үлкен буынға сөзіңді өткізгің келсе, олардың талабына көну керек. Оның үстіне сол мықтылар өз арнасының адами-бейнесіне айналады. Мысалы, Познер жер бетінің қай пұшпағында жүрсе де Ресейдің 1-арнасы келе жатыр деп қабылдайды. Ол да 1-ші арнаның атынан сөйлейді. Біз де ерте ме, кеш пе осыған келеміз. Ал телеарнаға қайтып келу мәселесін айтар болсақ, өзімнің үйімдей көретін «Қазақстанның» басшыларына рахмет, Астанаға көшер алдында «кеттік бірге, бізге керексің» деді. Мен үй мен күйді, қазіргі жұмыс орнымды ойлап бас тарттым. Қазір де бірнеше телеарнадан хабар жүргізуге ұсыныстар бар. Бірақ алдымен өзіме ырыс болып отырған жұмысымды ілгері бастырып алайын деп тележурналистікті кейінге ысырып отырмын.  

Сәлеметсізбе. Шыныменде Сізді көрермен сағынды. Жақсының жақсылығын айту керек. Сіз тек телехабар жүргізуге арналған жан сияқтысыз. Себебі Сіз жүргізген бағдарламалар шынайы, өзекті болатын. Отбасымызбен сүйсініп бәріміз тыңдайтынбыз. Сіз сияқты азаматтар қазақ телевизиясына қажет. Қазіргі кезде Сіз үшін қандай проблема қазақ ұлты үшін өзекті. Қазақтың санын көбейту үшін не жетіспейді деп ойлайсыз. Қоятын сұрақ көп. Аман болыңыз.

Серік Жанболат:

Айналайын Ақару, жақсы сөз-жарыс ырыс демей ме, маған деген ықласыңызға алғыс айтамын. Менің бағдарламаларым өзекті болса түнімен шұқшиып қағаз қарағаным текке кетпеген екен деп қуанып отырмын. Шыныда да әр бағдарламаға шығар алдында мәселенің мәнісін іздеп шарқ ұратын едім. Яғни тележурналист болуым-оқудың арқасы. Қазаққа қазір қандай мәселе өзекті деген сұрақа келсек, оның кіріспесін жоғарыда айтып өттім. Бізге бүгін қазақты тұтастыратын ұлттық философия қажет. Оның ауқымы біздің рулық-шежірелік философиядан кеңірек. Ол дәстүрді, дінді, тілді, ділді, рухты біріктіретін дүние.Сонда ғана бізде мемлекеттік-державалық рух болады.Сіздің келесі «қайтсек көбейеміз» деген сауалыңызға да осы тұрғыдан жауап іздейін. Осыдан бес ғасыр бұрын түркі хандарының боданы болып жүрген орыстар үш ғасырда үш жүз пайызға қалай көбейді? Осы философияның арқасында. Дінді, дәстүрді, тілді біріктірді. Сөйтіп ұлы орыстық рух пен діл пайда болды. Сөйтіп бұл ділді қабылдағандар орысқа айналып кете берді. Осы ойымның дұрыстығын орыстың тарихын терең білетін Мұхтар Мағауин ағам дәлелдеп бере алады. «Аласапыран» соны түбірімен қопарып көрсетеді. Ал рулық философиядан арылмайынша «республикадағы жетекші ұлтқа айналамыз, аймақтық державалық ұстанымға жетеміз» деу бос сөз. Өйткені қазақ болғым келеді деген басқа ұлттың өкілін «руың кім?» деп басқа бір тебеміз. Жақындарының ішінен ру тауып алса түбірін тескенше тексеріп итін шығарамыз. Сосын ол «кірме-қазақ болғанша басқа болайын» деп жалт бұрылып жүре береді. Әрине демографиялық саясат үлкен роль атқарады. Оның соң гендерлік саясатты қызмет іздеп тепсінген әйелді қолдауға емес, баланы тауып-тауып көпсінбеген әйелді қолдауға бұрсақ, қазақ көбейе берер еді. Бірақ туған балаң бесіктен белі шықпай тұрып жат болып кетіп жатса, заманға төтеп бере алмайтын рулық философияның ендігі орны қайсы? Ол бала да ертең барып қазақи рухқа қарсылардың қатарын толтырмай ма?  Ал ұлттық философияның артында мемлекеттік ұстаным тұр. Оны тереңдете берсек осы елде туған әр бала ертең қазаққа қан қосады, жан қосады. Санын ғана емес-ау рухын толтырады. Сонда ғана біз руы емес- рухы биік, саны көп, сапасы нық ұлтқа айналамыз.

Секе, сіздің ән айтатыныңызды, ән шығаратыныңызды білеміз. Достарыңыз ""Серік сері"" деп атайтын көрінеді. Жалпы жан жақты азаматсыз. Өнерге баулыған кім? Кімнен тәлім алдыңыз?

Серік Жанболат:

Аздап ән салатын, аздап ән шығаратын өнерім бар екені рас. Ол маған ұлы Абайдың жерінен, Шыңғыстаудың топырағынан дарыған болар. Ауылым- өнерпаз, ағайын-туыс- өнерпаз болса маған да бірдеңе жұққан шығар. Әкем есімі елге белгілі сазгер, «Сағындым Сарыарқаны», «Ән-домбыра» сияқты танымал әндердің авторы Мейрамбек Жанболатов. Шешем Үміткен де әнді сызылтып айтатын әнші. Әкемнің ағасы Молдабек Жанболатұлы әйгілі «Қаламқас» ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі. Сондықтан болар біздің әулеттегі барлық ұл-қыз сол «Қаламқастың» сахнасында өсіп жетілдік./ менің үш балам да өнерге жақын. Музыкалық білімдері бар/. Қазір ән шығару менің құмарым /хобби/ десе болады. Жастау кездері әндерді халыққа тарату қажет деп білмеген едім. Кейінгі кездері белгілі әншілер біртіндеп алып жатыр. Өз сезімім деп жүрген дүниең елдің жүрегін тербегені біртүрлі жақсы болады екен. Жастықтың жалынымен кім сері болмады дейсің? Белгілі журналист, сөзді сұлу жонатын Әлімжан Сабыржанұлы ғой «Серік сері» атандырып жүрген. Ол тіпті өзім ұмытқан студенттік шақтағы кейбір әнімді біледі екен. Өзім де соған жақын болсам керек, әйтеуір сері атанып кеттік. Соған бола сал-серілік дәурен құрайын деп жүрген жоқпын. Әндерім оқта-текте айтылып жүрсе, жетеді. 

Аға, сізді маман ретінде құрметтейіз. Еңбегіңізді ел біледі. Ал кейінгі толқын журналистерден кімді ерекше атап айтар едіңіз? Әсіресе, газетте қай жас журналистердің жазғанын қадағалап жүресіз?

Серік Жанболат: 

Рахмет бауырым. Еңбегіңді елдің бағалауы- журналистке берілетін ең үлкен атақ. Қазір жас журналистердің жарқын буыны өсіп келеді. Қарап жүремін, оқимын. Еркін ойлайды, сол ойын еркін орап жеткізеді. Кейде солардың тапқырлығына қарап таң-тамаша қаламын. Өзім жазғандай мәз боламын. Олардың тұшымды жазбаларын біз «Алаш айнасы» сайтының «Алаш үні» айдарында көшіріп басып жүрміз. Өйткені тапқырлығына еріксіз тәнті боласың.. Сондықтан олардың есімдерін атамай-ақ қояйын. Біздің сайтты оқитындар біледі. Мен өзім ерекше қадірлейтін бір журналисті атағым келеді. Ол Дархан Әбдік дейтін азамат. Өкінішім- сол жігіттің қадамы қарыштап ашылмай-ақ қойды. Әйтпесе ендігі қазақ журналистикасының арыстанына айналуға тиіс еді. Әттең...

Серік, біраз өстің, бастық та, жастық та болдың. Адамның тағдыры солай ғой, бірақ, мен сені баспасөздің шенеунігі емес, бір мықты жорналшы болады деп ойлаушы едім, оған жете алмадың. Тек ананың-мынаның редакторы атың қалды, бізде, оыс күні зоотехникке дейін редактор болатын болды, ақшаң болса, мысалы, "Қоңыр қозы" деген жорнал-портал шығарып, "Оу, не дейсің, Абылай да қозы баққан" деп отыра берсең, "күшті" редактор атанасың. Сенен, бәлкім, терең лирик ақын да шығар ма еді, енді міне есітуімше бір курстасыңды да қасыңа қызметке алмай, өңшең көкөрім, арзанқол біреулерге ақыл үйретіп отырсың... Секе, әркім өз замандасымен сырлас болуы керек. Сөз жоқ, ойың да бар, тәжірибең де жоқ емес, ер жасы - 50-ге таядың, ендігі жерде есіңді жиып, өлең жазсаңшы... Сенің қабілетіңе сенемін!!!

Серік Жанболат:

Сауалыңызға рахмет. Бірақ мен өзімді шенеунік емес, журналист сезінемін. Ал редакторлыққа келсек, мен сізбен келісе алмайды екенмін. Өйткені редактор болу- үлкен өнер. Бұ заманда мен редакторлықты- журналистердің менеджері деп білемін. Өйткені әр журналистің мінезі әртүрлі. Таланттың да түрлісі болады. Ал базарға шығармақ өнімнің кілтін табу, нарықтық стратегиясын жаңылмай дәл айқындау, өз орныңды белгілеу, нақты аудиторияның көздегенін тап басу тағысын тағы жұмыстар. Бұл көгеннен қозы шығару емес. Маған «күшті редактор» атану міндет емес, жақсы өнім туғызу-міндет. Өнімің жақсы екен деген баға алсам, шаттанамын. Кез-келген ұжымды мен жартылай көкөрім жастардан құрайтыным рас. Үлкендерге – сүйенесің, жастарды- тәрбиелейсің. Дүниеге сәтті дүние әкелсең оны ертең өлтірмейтін адамды да  қоса тәрбиелеуің керек емес пе? Сен кеткен соң бір жағы қисайып жатса несіне сартап болдым дерсіз? Сондықтан да әр журналистің қасына барып отырып, білгенімді үйретуден жалықпаймын. Оны айтасыз, олардан үйренетінім де аз емес. Ал курстастарымның маған өкпесі жоқ. Өзіммен байланысын үзбеген жігіттердің бар мен жоғы маған да мәлім. Сырластарым да, мұңдастарым да сол достарым. Дос шашып жүрген жоқпын, жинап жүрмін. Ал өлең жазу қиын маған. Ақындықты адамға алла береді деп ойлаймын. Өлең оқығанды жаным сүйеді, бірақ жаза алмаймын. Әттең қолымнан келсе- ең бақытты сезінер ме ем өзімді. Ал сеніміңізге рахмет. Тағы да жазуға тырысып көрейін.

Өкінішіңіз барма, не нәрседен кеш қалдым деп ойлайсыз?

Серік Жанболат: 

Негізі тәуекелшіл адаммын. Соның өзінде кесіп-пішіп алғанды жөн көремін. Сондықтан өкінішім көп дей алмас едім. Көп  оқуға тырысамын. Бірақ оқығаным аз әлі. Соны ойласам селт ете қаламын. Көп оқуға кеш қалдым ба деп қорқамын. Оқи бергім келеді.

Серік бауырым. Қазақстанда газеттерді жабу үрдіс алып кетті. Соның бір құрбаны " Алаш айнасы" . Осы саясатқа қандай баға бересің? Интернет газетті ауылдағылар, әскердегілер, базардағылар, түрмедегілер оқи ала ма? Бұл не қылған жетістігіміз.? Елді рухани азынан айырып, эл ақпаратқа ғана қараған тірлікке не айтасың?

Серік Жанболат:

Газет жабу үрдісінің бары рас. Саясаттануда: «Егер сен саясатпен айналыспасаң- саясат сенімен айналысады» деген тұжырым бар. Сен халқыңның саясатымен толыққанды айналыспасаң онымен басқа біреу айналысып кететінін бүгінгі Украйна сабағы көрсетіп отыр. Ал газет ол нағыз саясат құралы. Сондықтан газеттің саяси ролін қайта бағалап, бұл үрдіске өзгеріс әкелетін уақыт жетті деп ойлаймын.  Сонымен қатар ондай үрдісті нарық жүйесі туғызып отырғанын да жоққа шығаруға болмас. Өйткені нарық жүйесі бәрін есепке бағындырып қойған ғой. Бірі қаржыдан тапшылық көреді, бірінің стратегиясы өзгереді дегендей. Ал «Алаш айнасына» келсек, ол ескі нарықтың құрбаны дегеннен гөрі, жаңа ізденістің ұрпағы ма деймін. Себебі ғаламтор, интернет бүкіл әлемді илеп барады. Ертең біздік ақпарат жүйесі көштің соңында қалып, «ал икемделейік» демес үшін қазірден бастап соның бүгесі мен шегесін жарыса меңгергеніміз жөн болмас па еді? Өйткені интернет- құрал. Байланыс құралы. Біз газет шығарғанда шалғайдағы елдің ойымен терең есептеспейміз. Өйткені газет ауылға жетіп, қайтып хабар келгенше көп уақыт өтіп кетеді. Сондықтан газетті көбіне елдің ойлағаны осы болар деген болжаммен тұспалдап шығара береміз. Оның мүлт кететін жағы аз емес. Ал ғаламторда тікелей байланыс бар. Көкейіндегіні дәл тапсаң төпелей бересің. Оның үстіне типографияның газетті басып беруін күтіп отырмайсың. Сол сәтте, сол сағатта бұрқыратып жазып тастайсың Оның үстіне қанша адамның оқып жатқанын да біліп отырасың. Енді болашақта халықтың қажетін жазу үшін ғаламтордың газеттік нұсқасын шығаруды ойлау керек. Сонда байланыс та бар, тасқа басылған тіркес те болады. Әрине, ғаламтордың кемшіліктері де жоқ емес. Оның желісі барлық жерде бар ма? Ол жерде электр қуаты бар ма? Жергілікті халықтың интернет сауаты қандай? Үлкен буын ұрпақты интернетке иліктіре аламыз ба? Мұның бәрі де уақытпен шешілетін мәселелер. Әйтеуір қолымызды уақытынан кеш сермеп қалып жүрмейік. Өйткені, радио да, теледидар да ғаламторға көшіп жатыр. Сондықтан нарық нарығымен, ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде бәрін ескеруіміз керек. Олай болса газет те, радио да, теледидар да, ғаламтор да керек екен. Бәрін де меңгеруге тиіспіз. 

Секе телевиденияға бір келіп,бір кетуіңіздің себебі неде? Айтарыңды айтқызбай ауызыңды буа береме, әлде өзіңнің мінезің бастықсымақтарға жақпай қалама?

Серік Жанболат:

Мен журналистиканы 1981 жылы мектеп бітірген соң аудандық газеттен бастағанмын. Сондықтан маған газет, теледидар, ғаламтордың пәлендей айырмашылығы жоқ. Жалпы журналистиканы олай деп бөлуге келіспеймін. Журналист қай жерде жүрсе де ең алдымен ақпаратшы. Қызметінің болмысы сондай. Егер мен қызмет ауыстырсам, онда тың бірдеңе іздеп жүр деп түсініңіз. Әрине теледидардың танымал жасауға мүмкіндігі зор. Бірақ танымал болу міндет емес. Жұмысыңа көңілің толғаннан артық не бар дейсіз?!

Серік інім мен Полатбек Жанбаевтің қазақты қара орысқа теңеп бұра сөйлегеніне намыстанып .Бұрынғылардың айтқан теңеуін жазып түзеген болатынмын ол саған деген сұрақ емес.Сен сияқты інілерімізді сыртарыңнан қорғаштап осылар сүрінбесе екен әр кез тілеулеріңді тілеп жүретін ағаларыңның бірімін ,Деніңе Отбасыңа амандық тілеймін.

Серік Жанболат:

Рахмет аға! Елдің сол тілегі ғой бізді алға сүйрейтін. Менің бір ертеректе туған  «Іздеме мені, іздеме» деген әнімде: «Ел үшін сынға түскенде, іздеме мені- жығылсам» деген тіркес бар еді. Сол есіме түсіп отыр. «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ері қайдан шығады?!» деген ғой. Ермін дейтіндей таңды таңға қосып шауып жау түсірген жоқпыз, бірақ елдіктің сөзі деп түсінгенімізді айтудан таймаспыз аға.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...