+1 дауыс
6.4k көрілді

SZH.KZ сайтында елімізге танымал тұлғаларымен интернет-конференциялар сериясын ұйымдастыруды бастаймыз. Бұл айдарымыздың қонақтарына көкейіңіздегі сұрақтарды қойып, оған ресми тұлғалардан жауап алуыңызға болады. Сонымен, интернет-конференциямыздың алғашқы қонағы – Альмира Бекетқызы Наурызбаева ханым.

Альмира Бекетқызы Наурызбаева,Альмира Наурызбаева

Тәуелсіздік жылдарындағы сіздің ойыңызша ең жарқын деген мәдениет саласындғы майталмандарды атап өтсеңіз?

Қазақстанның қазіргі мәдениеті өзіне дейінгі тәжірибесі мен мәдени капиталын бойына сіңірген. Сондықтан да тәуелсіздік жылдарында пайда болған тұлғалар туралы айту орынсыз болар еді. Қазақстанның мәдени кеңістігі оны алға жылжытқан және жылжытатын тұлғаларға ешқашан кенде болған емес. Олардың бәрін атауға уақыт жетпес еді. Мәдениеттің белгілі бір салаларының дамуы туралы айта аламын. Кино мәдениеті, музыка мәдениеті, кескіндеме мәдениеті, хореография мәдениеті, әдебиет, Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы салаларын зерттеу сияқты.

Тәуелсіздік жылдарындағы ұрпақ мәдени ортадан айырылып, тіпті оны жоғалтып алды деп ойламайсыз ба?

Мәдениет саласындағы ұрпақтар сабақтастығының үзіліп, қазіргі жас ұрпақтың мәдениеттен түбегейлі ажырап қалуы туралы айтуға негіз жоқ. Әрине, өмір сүру тәсілі өзгерді, әлеуметтік байланыстың формалары өзгерді, мәдениеттің кейбір бағыттары да өзгеріске ұшырады – бұның бәрі қоғамдық сананың трансформациясының табиғи заңдылықтары, бұның бәрі айналадағы саяси және экономикалық жүйелердің өзгеруімен тікелей байланысты. Өкінішке қарай, қоғамның құндылықтар жүйесі де ықпалдың астында өзгере бастады. Жастардың этикалық, эстетикалық тәрбиесіне, балалардың шығармашылық дамуына, мәдени демалысқа көп назар аударылмай қойды. Сондай-ақ, отбасы мен оның құндылықтары мәдениетін қалыптастыру да құлдырай бастады. Меніңше, қазіргі кезде мемлекет бұған баса назар аудара бастаған сияқты. Жағдайдың жақсы жаққа түзелеріне сенімім мол.

Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени концепция қалыптасты деп сеніммен айтуға бола ма?

Менің ойымша, мәдени концепция ғылыми теория ретінде де, сондай-ақ әрекетке шақыратын құжат ретінде де өмір сүре алады. Теория ретінде өндірісте бар, өнер қайраткерлерлі мен ғалымдар тарапынан БАҚ беттерінде және әркелкі конференцияларда талқыланып та жүр. Бұл созылмалы процесс, себебі мәдени процесс де қарап тұрмай, үнемі өзгерісте болады. Яки, мәдени саясат өзгерістердің тамырын басып, оларды бақылап, алда кездесетін тәуекелдер мен даму бағытын анықтап отыруы керек. Қазіргі кезде ҚР Мәдени саясаттың мемлекеттік концепциясы арнайы құжат ретінде жасалып жатыр. Ол құжат мәдениеттің даму көкжиектерін анықтап, қоғам мен мемлекеттің оған ықпал ету механизмдері жасалып жатыр.

Мәдениет саласында жастардың бой түзер авторитеттері бар деп ойлайсыз ба?

Жастардың атынан бірдеңе деуге құқым жоқ деп ойлаймын, қанша дегенмен жасым ондай қорытынды шығаруға сай емес, дегенмен – жастар да әркелкі және олардың әрқайсының өз талғамы бар. Бірақ, менің ойымша, қазіргі жастардың бой түзейтін авторитеті өз күшімен жетістікке жеткен тұлғалар деп ойлаймын. Кім өз елінің туын биікке көтеріп, оның мүддесін адал ақтауға тырысып жүрсе – сол авторитет.

Еліміз жүргізіп отырған мәдени саясаттың кемшіліктері, не артықшылықтары туралы не айта аласыз?

Қазіргі кезде ауылдағы мәдениеттің дамуына көңіл тиісті деңгейде бөлініп жүрген жоқ. Сондай-ақ, жалпы мәдениет саласының қаржыландырылуы аз деп ойлаймын. Оның үстіне мәдениет саласындағы менеджмент те ақсап тұр. Отандық фильмдердің прокатын бір ізге қойған саясат та жоқ. Жастар мен балаларға арналған отандық мәдени өнімдер жоқтың қасы. Демалыс саласы да шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталмаған. Демалыс бізде ойын-сауықтық бағытқа қарай кетіп қалған. Сосын, отандық телевизия өнімдері де бәсекеге қабілетті емес. Бұның бәрі телевизия саласындағы мамандар аз дайындалатынынан деп ойлаймын. Сондай-ақ, меценаттық пен демеушілік мәдениеті де жоқ деп айтуға болады. Бұл саланы реттейтін заң да жоқ, ондай мәдениеттің қалыптасуына итермелейтін экономикалық тетіктер де қарастырылмаған.

Бірақ, дәл сол уақытта, еліміздегі мәдени мұраны («Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, 2003 ж.) қалпына келтіруге деген ұмтылыс бар, жаңа теле арналара ашылып жатыр, жоғарғы технологиямен салынған театрлар мен мұражайлар да пайда болды. Біздің әртістер әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, суретшілеріміз халықаралық беделді көрмелерге қатысып жүр. Қазақстан ЮНЕСКО-ның халықаралық конвенцияларының бәріне қол қойып, олардың орындалуын өз міндетіне алған. Менің ойымша, еліміздегі мәдениет саласының барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін ескеріп жасалған Мәдени саясаттың мемлекеттік концепциясы іске асырыла бастағанда, осы олқылықтардың орны толады.

Интернеттің келуімен мәдени процестер мен оның қоғамда көрініс табуында айтарлықтай өзгерістер болды деп ойлайсыз ба?

Сөзсіз, интернет – ғаламдық ақпараттық-технологиялық өркениеттің жүзеге асқан құрылымы. Адамның өмір сүру тәсілі мен ойларына, өзін өзі ұстауына ғаламдық желі ықпал етпей қоймайды. Интернет тұлғааралық коммуникацияның елесін жасады, адамның жеке өмірін жариялап, әр адамның сөз алуына жағдай туғызып, әр құбылысқа өз қатынасын ашық білдіруіне мүмкіндік берді. Яғни интернет адамзат пен оның мәдениетін құпиялы, қастерлі нәрселердің киелігінен айырды деп айтуға болады. Онысымен бірге, интернет қажетті ақпаратты іздеп, оны табуға жол ашты. Ал ол ақпараттың сапасы мен ақпаратты тұтынбақшы болған адамның оған дайындығы – екінші кезектегі мәселе. Интернет жеке өзім үшін тұлғаның ересектігін анықтайтын лакмус қағазы сияқты болып қалды.

Қазақстандағы жастардың болашаққа деген ориентері қандай деп ойлайсыз?

Тағы да қайталап айтайын. Жастардың атынан сөйлей алмаймын. Мен аға ұрпақтың өкілімін. Дегенмен, менің бақылауыма сүйеніп айтсам, романтиктердің дәуірі өтті деуге болады. Прагматик ұрпақ дүниеге келді. Әрине, ол прагматиктердің алдына қойған мақсаттарына тікелей байланысты. Көбіне қазіргі жастар өздерін болашақта бай әрі жетістікке жеткен тұлға ретінде көреді. Бірақ, көңілімді қалдыратын бір нәрсе бар – 20 жылдан бері жастардың арасында «Халықаралық қатынастар» мамандығы танымал. Осы мамандық бойынша жүздеген университет оқытып жатқанымен, талапкерлердің ағыны еш толастар емес. Сол уақытта бізде инженерлер мен өндірістік мамандар жетіспей жатыр. Сол себепті де көптеген компания шетелдік мамандарды алдыруға мәжбүр. Менің ойымша, ата-аналар өз балаларын дұрыс бағытқа салмайтын сияқты. Еңбек ұғымы құндылық ретінде артта қалып, престиж алға шығып кеткен сияқты.

Бір мезгілде бірнеше адамның басына бір идея келуі мүмкін. Ол адамдар бір мекенде, бір белдеуде болмаса, олардың бастарына бірдей ой келуі мүмкін. Идеяның ұқсастығыосындайдаболыпжатады. Бұлқалайтүсіндіріледі?

Ұлылардың біреуі идеялар аспанда қалқып жүреді, кейбіреулер соны іріктеп алып, қоғамға ұсынады деген еді. Бұл жерде ешқандай жұмбақ жоқ: адамның бәрі бір мәдени және ақпараттық кеңістікте өмір сүреді, ортақ білім беру жүйесінде өзіне қажетті білімге, таным жолына, құндылықтарға қол жеткізеді. Әр дәуірдің барысында міндетті түрде білімнің бір парадигмасы басты планға шығады. Осының бәрі, түптеп келгенде, бір идеяның бірнеше баста туа бастайды.

Философияның негізін түсіну үшін қай кітаптарды оқуды кеңес етесіз?

TEDXALMATY-тағы сөзіңізде "ең нашар кітап - оқулық " деп айттыңыз. Философияның негізін түсіну үшін қай кітаптарды оқуды кеңес етесіз? Бес кітап ұсыныңызшы?!

Иә, мен бұған шынымен сенемін. Гуманитарлық мамандықтар үшін оқулықтар керек емес. Неге? Оқулық деген өзінің көзқарасы мен талғамына, не типтік оқу бағдарламасына сүйеніп, құрастырылған білім мен мәтіннің жиынтығы ғана. Осынысы арқылы оқулық танымның бір траекториясын ғана ерекшелеп, ғылыми әлемнің барлық байлығынан сусындауды шектейді деп айтуға болады. Өзімнің оқытушылық тәжірибемде студенттердің ұсынылған тақырыбы бойынша қажетті әдебиетті (дереккөздерді, кітаптар мен монографиялардың авторларын) өздері таңдау керек деген принципке сүйенемін.  Әртүрлі ұстанымдағы, әртүрлі концепциясы бар авторлардың еңбектерімен таныса отырып, студенттің өзі ғалымдармен ойша диалогқа түсіп, өзінің критикалық ойлау жүйесін қалыптастыра алады.

Ешқандай әмбебаптық пен оқуға міндеттемейтін, тек өз талғамына ғана сүйенген философтардың еңбектерін ұсынып көрейін: «Наука логики» Г.Ф.Г. Гегель; «Критика чистого разума» Э. Кант; «Ницше и пустота» М. Хайдеггер; «Символический обмен и смерть» Ж. Бодрийяр; «Истина и метод» Г, Гадамер.

"Шахар" журналы неге жабылды? Кезінде сіздің редакторлығыңызбен "Шахар"журналы шығып бастап жабылған еді. Жабылуға не себеп болды? Бүгінде интеллектуалды басылым шығару, не интеллектуалды сайт ашып жүргізу жоспарыңызда жоқ па?

1993 жылы шығарылған журналдың әлі есіңізде екеніне көп рахмет айтқым келеді. Ол журналдың пайда болу тарихи ұзақ әңгіме, және ол менімен бірге шығарған редактор Николай Скалон екеуміздің азаматтық ерлігіміз деп есептеймін. Оның жабылу себебі 90-жылдары ешкімнің мәдениет туралы естігісі де, оқығысы да келмеді. Біздің демеушіміз, Қайрат Шахаров мырза, бар тәуекелді өз мойнына алып, журналдың 2 номерін шығаруға қаржылай көмектесті. Оған алғысымыз шексіз. Бірақ, оның бизнесі сәтсіздіктерге ұшырап, қаржыландыру тоқтап қалды. Демей қоятын өзге ешкім табылмады. Журналға өз материалдарын жазып тұрған авторларға да алғыс айтқым келеді. Себебі, олардың бәрі ақысыз әрі шын ниетпен жазылған материалдар еді. Журнал энтуазмның арқасында шықты. Егер менің қазір ондай мүмкіндігім болса, қазір де ол журналды қайта шығарудан бас тартпас едім.

Материалды емес мұралар деген не екенін нақтырақ түсіндіріп өтесіз бе?

ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұраны қорғау концвенциясындағы ережеде көрсетілгендей, материалды емес мәдени мұра дегеніміз - қауымдастықтардың, не адамдар тобының, кей жағдайларда, белгілі бір тұлғаның өзінің мәдени мұрасының бөлшегі деп мойындалған салт-дәстүрлер, ойын жеткізудің формалары, білімдер мен дағдылар, сондай-ақ солармен тікелей байланысты аспаптар, заттар, артефакттар мен мәдени кеңістіктер. Материалды емес мәдени мұра (МММ), әдетте, мәдениеттің ауызекі дәстүрі мен формасында (мысалы, Қобыланды жыры); орындау мәдениеті (мысалы, қобызда ойнау); салт-дәстүр, жоралғы, ұлттық мерекелер (бесікке салу, тұсау кесер, наурыз); ғалам мен табиғатқа қатысты білімдер мен дәстүрлер (асық ойнау, бүркітпен аң аулау); дәстүрлі кәсіпке қатысты білімдер мен дағдылар (зергерлік, текемет, алаша, киіз тоқу, наурыз көже) кездеседі.

Мәденит пен спорт саласының бір министрлікте болғаны туралы не ойлайсыз? Жалпы үкіметтегі соңғы реорганизация туралы ойыңызды білсек деп едім.

 

Қазіргі күні ол екі саланың бірігуі болып жатқан оқиғалардың логикасына кереғар келмейді. Спорт бүгін – демалыс мәдениетінің бір саласы, салауатты өмір салтын қалыптастыру және оны тарату еліміздің мәдени имиджі болып саналады. Спортсмендердің, олардың жанкүйерлерінің өзін ұстау мәдениеті де этикалық-эстетикалық планда тәрбиеленуі керек. Мысалы, қазақша күрес қазір әлемдік аренаға шығып жатыр. Ол да біздің мәдениеттің бір бөлігі, ата-бабамыздың мұрасы.

Қоғамдағы қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі мәдени ошақтардың бар екені белгілі. Солардың ортақ нүктелерін табу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Шынымен, бұл сұрақтың жауабына бірден айту қиын. Ортақ нүктелерді табу процесі аз уақыттың ішінде шешіле қоюы екіталай. Артта қалған тарихымыздан осы екіге айырылған жікті мұраға алдық қой. Менің ойымша, қазақ тілі тек ресми тіл ғана болып қалмай, араласу тіліне айналған уақытта, мәдениет пен ғылымның тіліне айналған уақытта, бәрі қазақша сөйлей бастағанда ғана қазақ тілінде әлемдік деңгейдегі туындылар дүниеге келе бастайды. Сол кезде тек қана орыс тілді аудитория ғана емес, басқа да халықтар біздің мәдениетімізге қызыға бастайды деп ойлаймын. Ал қазірге диалог жоқ.

Қазақстанның мәдени өмірін мемлекет бақылауына алуы керек пе? Ондайбақылаушы тетіктер оның дамуына керісінше әсер етеді деп ойламайсыз а?

Елдің мәдени өміріне мемлекеттік бақылау жасау мүмкін емес деп есептеймін. Ондай тек жабық, тоталитарлық мемлекеттерде (Солтүстік Корея, мысалы) ғана мүмкін. Менің ойымша, сұрақ мемлекеттік мәдениет саясаты туралы болса керек. Яки, ол барлық мемлекет пен қоғамда бар құбылыс. Мемлекет мәдениетті қаржыландыруға, бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын қадағалауға, олардан қайтарымын бақылауға міндетті. Солай емес пе? Мемлекет қоғамның мәдени өмірінің дамуына жағдай жасауға да міндетті. Сол үшін де мемлекет өзінің мәдени саясатын жүзеге асырады. Әрине, алдын ала сол қоғамның өкілдерімен талқылап алады. Есте сақтайтыны, мемлекет - билік емес, мемлекет - бәріміз, осы мемлекеттік азаматтары. Бәріміз мәдени саясаттың субъектілері болып есептелеміз. Елдің мәдени өміріндегі қозғалыс бәрімізге тікелей байланысты. Мысалы, біз подъезге қоқыс тастап, оны ластап, көшеде түкіріп, жолдарда жол ережесін бұзып жүрсек, мәдени өмірдің еркіндігі деген сол деп есептейсіз бе?!

Баяғыда "Мәдени мұра" атты бағдарлама болатын, соның нәтижесінен хабарыңыз бар ма? Ол бағдарламаның жалғасы болады ма?

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – мәдениеттегі алға ұмтылыс еді. Археология саласында көп еңбектер атқарылды, материалды мәдениеттің ескерткіштері қалпына келтірілді, қазақ тіліне әлемдік ғылыми, философиялық әдебиеттің классикалық үлгілері аударылды, қазақ ауыз әдебиетінің  100 томдығы жарық көрді. Өкінішке қарай, оны білім беру саласына ендіріп, мәдени өндірісті жолға қою ары қарай дамымай қалды. Менің ойымша, ол бағдарламаны тереңінен ендіру мен мұраларды игеру жұмыстарын қайта бастап, ары қарай жалғастыратын уақыт келген сияқты. Бұл процесс мұрагерлік деп аталады. Танымал бір жазушы жазып кеткендей, дәстүр деген жинақталған тәжірибені бір ұрпақтан екінші ұрпаққа мұраға көзді жұмып, еліктеп кейінге қалдырып қана отырсақ, ондай дәстүр қисынсыз болар еді, оны дамытуға тырысуда мән болмас еді. Дәстүр ұғымы мен оның маңызын кеңірек қарастыру керек деп ойлаймын. Дәстүрді мұраға алып қалу мүмкін емес, оған араласу үшін көп еңбек ету керек. Сондықтан да кез келген халықтың мәдениеті – дәстүрге ілесу, оның миы мен жанының тынымсыз еңбектенуі. Ал біздің мағсатымыз – қабат-қабат қаттала берген сол дәстүрлерді анықтау, бір бірімізбен қоян-қолтық араласа отырып, мәдениеттің денесін қоректендіріп, оның жанын жадырату болып табылады.

Қызылорда қаласының мәдени және спорттың дамуына арналған арнайы жоспар бар ма?

Сұрағыңызға толық жауап бере алмаймын. Бұған тек облыс не қаланың әкімдігіндегі мәдениет басқармалары ғана жауап бере алады. Менің ойымша, ондай құжат болуы керек, міндетті түрде бар. Кез келген деңгейдегі кез келген мекеменің жұмысын реттейтін, өз саласын дамыту жоспары бар.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...