0 дауыс
23.7k көрілді
Күріштің пайда болуы, күріш туралы ақпарат?

3 жауап

0 дауыс
0 дауыс

Күріштің пайда болуы

Күріш (Оryza) – астық тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық өсімдік. Біздің заманымыздан бұрынғы 2000-3000 жылдары-ақ күріш қолмен егіле бастапты. Қазір күріш өсіру мәдениетімен бес құрлықтың, нақтырақ айтсақ, 112 елдің диқандары жақсы таныс. Негізінен, бұл дақылдың бастапқы Отаны – Оңтүстік Шығыс Азия болып саналады. Күрішті егіп, өсіруге байланысты ең көне деректерді ғалымдар біздің заманымызға дейінгі бесінші мыңжылдықтың орта тұсынан, Тайланд жерінен тауып отыр.

Бұл күндері күріштің жиырмадан астам түрлері Оңтүстік Шығыс Азия мен Африка, Америка, Австралия құрлықтарының тропиктік және субтропиктік аймақтарында өсірілуде. Кезінде Орталық Азияда да күріш өсірілген. Мұны ежелгі грек географы Стробан мен тарихшы Геродоттың еңбектері айғақтайды. Жалпы, Оңтүстік Шығыс Азия халқы үшін күріш басты тағам. Буддадан қалды деп саналатын «Күріш дегеніміз - өмір» атты сөз халық көп шоғырланған осы Оңтүстік Шығыс Азияға арнап айтылған көрінеді...

Күріштің Оңтүстік Азияға жеткені жөнінде деректер әрқилы. Оңтүстік Азия диқандары күріш дәнін Қытайдан жасырын түрде алып шығып, еккен екен деген де әңгіме бар. Кейбір деректерде Еуропаға бұл дақылдарды Александр Македонскидің алып барғандығы айтылады. Басқа деректерде Еуропаға күріш дәнін апарғандар – арабтар. Еуропада күріш өсірілмейтін Англия, Финляндия, Норвегия тәрізді елдердің өзінде XVIII ғасырда бұл дақыл кең тараған. Ал, Ресейге күріштің жеткен кезі – бергі 200 жыл шамасында. Қазақстанның Сыр бойына күріш өсіру кәсібінің ерте кезден-ақ келгені Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты. Ол уақытта қазақ даласындағы ең ірі сауда және мәдениет орталығы – Отырар қаласы болып, Ұлы Жібек жолы сол жерді басып өткен еді.

Жалпы, Қазақстанда аса маңызды азық-түліктік дақыл болып есептелетін екпе күріш (О.sativa) өсірілетін аймақ: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы Сырдария, Іле, Қаратал өзендерінің атырабы. Қазақ жеріндегі күріштің сипаттамасы: биіктігі 60-150 сантиметр, бір жылдық, шашақты тамыры 70-80 сантиметрге дейін кетеді, онда ауа жинап өткізуші ұлпалар – аэренхима дамиды, сабағының жоғарғы буыны аралығының іші қуыс, төменгі буын аралығының ішінде паренхималық ұлпалар бар. Жылуды, суды көп қажет ететін біздегі екпе күріштердің сортына сәйкес вегетациялық кезеңі 90-130 күн. Елімізде жыл сайын жан басына шаққанда, орта есеппен 9 келі күріш жинап алынады. Бұл тұтыну көрсеткішінен төмен. Дастарқандағы орыны бойынша елімізде күріш бидайдан кейінгі екінші дақылға айналып отыр. Қазақстанға Ресейден де, Қытайдан да, басқа да мемлекеттерден күріш өнімі әкелінеді.

Күріштің қазақстандық сорттары

Кейбір Оңтүстік – Шығыс Азия елдері (Қытай, Жапония, Вьетнам) күрішті көшеттен өсіреді. Қазақстанда көбірек өсірілетін күріш түрлері – Алакөл және Үштөбе сорттары. Бұларды шығарған Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары. Олардың өсірілетін жерлері негізінен, Қаратал өзенінің бойы. Қазақ даласында өсірілетін күріштің тағы бір түрі – Маржан сорты. Оны Қазақ күріш ғылыми – зерттеу институты шығарған. Қызылорда облысындағы күріш егісінің 65-70 пайызында бұл дақылдың (өсімдіктің) осы сорты өсіріледі. Қазақстандық күріштің Алтынай деп аталатын да сорты бар. Қазақстан Ғылым Академиясының Өсімдіктер физиологиясы, генетикасы және биоинжнериясы институтында шығарылған бұл күріш сорты негізінен, Іле өзенінің бойындағы Ақдала аймағында өсіріліп, мол өнім беріп келеді. Қызылордалық екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев 1947 жылы күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады.

0 дауыс
Рахмет осы мәлімет болмаса бес алмадым еді
...