+1 дауыс
3.8k көрілді
Тынығу, демалу, қалай дұрыс ұйықтау керек?

1 жауап

0 дауыс

Жанға – шуақ, тәнге – қуат сыйлайды

Көп адамдар түнемелік көп ұйықтаса да таңертеңгілік төсегінен тұрғанында өзін сергек сезіне алмайды. Үн-жырғасы түсіп, ұйқысы қанбай, басы мең-зең болып оянады. Кейбірі оны көшедегі автокөліктердің түнде де мазасын алғанынан көрсе, өзгелер жұмыстан шаршап жүргенін сылтау етеді. Мүмкін, мұның бәрі кешке көп тамақ ішіп қойғаннан немесе төсек орынның дұрыс салынбауынан, өзінің ұйқыға жатуға қалай болса солай дайындалғанынан шығар, ол жөнінде ойланбайды да.

Ұйқыдан сергек тұрғыңыз келсе

1. Ұйқыға жатар алдында ұзақ теледидар көрмеңіз. Әсіресе түрлі апат, қайғылы оқиғаларға, халықаралық шиеленістерге толы жаңалықтарды естімей-ақ қойыңыз.

2. Төсекке жатар алдында жақсы ойларға беріліп, қуанышты, қызықты оқиғаларды ғана еске алыңыз. Бала-шағаңызбен, жұбайыңызбен ренжіспеңіз, ұрысып-керіспеңіз.

3. Күн сайын бір мезгілде төсекке жататын болыңыз. Кешкілік компьютерде көп жұмыс істемеңіз, компьютерде ұзақ ойын ойнамаңыз.

4. Ұйықтайтын бөлменің толық қараңғы болғаны дұрыс. Көздің қабақтары өте жұқа келеді. Сол себепті, ұйықтап жатқанда көздеріңіз, миыңыз терезенің сыртынан түскен жарыққа да, теледидардың сәулелеріне де, электронды оятқыш сағаттың жарық сандарына да алаңдайды.

5. Тәтті ұйқыға жататын бөлменің тыныш болғаны басты талап. Компьютердің гулі, көршілеріңіздің айқай-шуы, дауысы сөндірілмеген теледидар ұйқы тыныштығын бұзады.

6. Бөлмеңізде тыныштандырғыш майы бар лаванда аромашамын жағып қоюыңызға болады. Ұйықтайтын жастығыңыздың ішіне «ұйқы келтіретін» әртүрлі шөптерден салып қойсаңыз өте оңды. Мұндай шөптер: лаванда, сәлбен.

7. Фэн-шуй ілімінің кеңесшілері қара түсті төсекте ұйықтауға ақыл-кеңес айтады. Ондай төсекте ұйқыңыз қанып, сергек тұратын көрінесіз.

8. Ұйқыға жатар алдында: «Мен сағат осыншада тұрамын», – деп, бірнеше рет өзіңізге-өзіңіз қайталап айтсаңыз, бұл уақыт мийыңызда сақталып қалады да, ойлаған кезіңізде ұйықыдан тұру қиындыққа соқтырмайды.

9. Таңертеңгілік өзіңізді жағымды жағдайлармен қуантуды алдын-ала ойластырыңыз. Мысалы, кешкілік таңғы асқа тәтті тоқаштарды сатып алып қойыңыз.

10. Ұйқыдан тұрғанда бөлмеңіздің ішінің жарық болғаны жақсы. Жатар алдында терезелеріңізді қымтап тастамасаңыз болғаны, таң жарығы терезеңізден еркін ішке түседі.

11. Ұйқыдан оятатын сағатыңыздың әуені сергек, жағымды әндерден болса, өзіңіз де төсектен сергек тұрасыз.

12. Ұйқыдан тұрып жуынып, ас үйге беттегеніңізде, алдыңыздағы терезеде ашық түсті әдемі перде ілулі тұрса, бөлмеде балғын жеміс-жидектің иісі, түрлі-түсті әдемі ыдыс-аяқтар сізді күтіп тұрса, көңіліңіз өздігінен-ақ жадырап қоя береді.

13. Таңғы асты ішіп отырғанда терезенің желкөзін ашып, ішке таза ауа кіргізсеңіз, денеңіз сергіп шыға келеді.

14. Дұрыс таңдап алынған эфир майлары да сергіткіштік қасиетке ие. Ароматерапияны жаныңыз жақсы көрсе, жалбыз, шай ағашының, эвкалиптің, кез келген цитрус жемісінің майларын таңдаңыз. Эфир майлары да көңіліңізді көтереді, вирустардан қорғайды.

15. Жаңа күнді жақсы тілек, жақсы сөзбен бастаңыз. Өміріңіз жарқырай түседі, істеріңіз сәтті жүзеге асады.

Ұйқысыздықтың себептері

* Ұзақ уақыт эмоциялық күш жұмсаудан да, қажып-шаршаудан да орын алады.

* Жүйке жүйесінің әртүрлі бұзылуынан да ұйқысыздық туады.

* Ұйқысыздыққа көбінесе әйел адамдар шалдығады. Олар отбасы тірлігіне ерекше алаңдайды. Бұл әйелдердің «түн ұйқысын төрт бөледі».

* Мектепте, жоғары оқу орындарында дәріс алатындар оқымайтын құрбы-құрдастарына қарағанда жаман ұйықтайды.

* Қырық жастан асқандардың, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауырып, емделгендердің көбісі дұрыс ұйықтай алмайды.

* Ұйықтататын дәрілерге әдеттеніп кеткендер де көпке дейін ұйықтай алмай дөңбекшиді.

* Материалдық, моральдық жағдайы өзгерген адамдардың да ұйқысы қашады.

* Қалыптан тыс көп ақпарат алатын ой еңбегі адамдарының да ұйқысы жиі бұзылады.

* Өз отбасы алдында күнәсі бар адамдар да түнемелік көпке дейін ұйықтай алмай, мазасызданады.

* Харам тағам жейтіндердің, харам сусын ішетіндердің де жасы ұлғайған сайын ұйқысы қашады.

* Ғашықтар да көп ұйықтай алмайды.

Жан-жануарлар ұйқысы

Зерттеушілер жан-жануарларда ұйқының үш түрі бар екенін айтады. Олар: анабиоз, мезгілдік ұйқы, үзілмейтін мезгілдік ұйқы. Анабиоз грек сөзінен аударғанда: «awe» – «кері», «bios» – «өмір» деген мағынаны білдіреді. Анабиоз кезінде тыныс алу білінбейтіндіктен, жануарға жақындап келіп қарасаң да, оны өліп қалғандай сезесің. Өйткені, ағза әбден азығанда және суға зәру болғанында жан-жануар анабиоздық ұйқыға кетеді: Алясканың қылқанжапырақты ормандарын мекендейтін ағаш құрбақасы қыста мұз болып қатып қалады да, көктемде еріп, әрі қарай тіршілік ете береді. Ағаш құрбақасының денесіндегі температура минус алты болғанда 2–3 ай мұз болып қатып тұрады. Анабиоз құбылысын бактериялар да, жәндіктер де, бақа-жыландар да бастан кешіреді.

Қорылдан құтылу

Қорылы бар кісілердің тыныс алуы бір сәтке тоқтап барып, қайта жалғасып жатады. Бұл – кедергілі түнгі апноэ немесе ұйқы апноэсі деп аталады. Тыныс алудың әрбір үзілісінде жүректің жиырылуының жиілігі тамырдың минутына 25 рет соғуына дейін төмендетеді. Тыныс тоқтағанда өкпеге ауа да бармайды, артериялық қысым шұғыл жоғарылайды.

Қазіргі таңда механизміне байланысты қорылдан құтылу үшін мынандай емдер қолданылады: дәрі-дәрмектер беріледі, олардың ішінде депрессияға қарсы дәрілер тобы болады, зәр айдайтын препараттармен емдейді, жұмсақ таңдай мен таңдай тілшігі бұлшық еттері серпімділігінің, жұтқыншақтық тыныс алу, шеткейлік рецепторларының стимуляторлары пайдаланылады. Мұны дәрігерлер тағайындайды.

Халық емінде:

1. Ысқыру арқылы да қорылдан құтылауға болады. Ол үшін таза ауада қыдырған кезде ысқыра жүріп тыныс алу қажет. Еңсені көтеріп, иықты түзеп, қадамдарды біркелкі басып жүреді. 6–8 қадам басқан сайын үзік-үзік дем шығарып, алдын-ала әзірлеген әуен бойынша ысқырады. Өкпедегі ауа түгел шығып болғанда барлық қозғалыс циклін қайта бастайды.

2. Күніне 20–30 рет «и-и-и» деген дыбысты қайталайды немесе осындай әуен салады. Осы жаттығу арқылы әлсіз тілшікті және жұтқыншақ қабырғаларының бұлшық еттерін жаттықтырады.

3. Қорылдан құтылу үшін бастың жастықта жоғары жатқаны дұрыс.

4. Ұйқыға ашқарында немесе кешкі тамақты ішкен соң 3 сағаттан кейін жату керек.

5. Ұйықтардан 4 сағат бұрын танаудың әрқайсысына шырғанақ (облепиха) майынан бір-бір тамшыдан тамызып жүрсе, екі-үш аптадан соң қорылдан арыла бастайды.

6. Жас қырыққабат шырынының 1 стақанын 1 шай қасық балмен араластырып, ұйықтар алдында ішіп жатса, пісірілген сәбізден күніне 3 рет тамақтан бір сағат бұрын жеп алса, қорылдан құтылуға көмектеседі.

Ұйқысыздықтың зияны

* Ұйқысы қашқан адамдар да эмоциялық қызбалық, салмақсыздық, абыржушылық, керексіз қимыл-қозғалыстар, іске аспайтын идеялар пайда болады.

* Ұйықтай алмайтындардың жылдан-жылға көздері көмескі тартады, ақыл-ойында ауытқушылық байқалады.

* Ұйқысы қашқандардың бойын үрей билейді, ажал туралы көп ойланатын, өлімнен қорқатын болады.

* Дұрыс ұйықтай алмайтындардың автокөлік руліне отыруы өте қауіпті. Олар жол-көлік апатын көп жасайды.

Ақпарат көзі: http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=470295

...