0 дауыс
2.5k көрілді
Түске дейін сергек жүремін, тек түскі астан соң қатты ұйқым келеді. Аз ғана 10-15мин демалып алайын деп жатамын да, екі сағаттан соң бір ақ оянамын. Осы күндізгі ұйқы неге пайдалы? Күні бойы сергек жүру үшін не істеу керек? Ұйықтап алмаса бас ауыратын болса не істесе болады?
менде сондаймын

1 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Түскі ұйқы әсіресе климаты ыстық аймақтарда қалыпты үрдіске айналған. Ми қайнатар аптапты ыстықта түс әлетінде сәл мызғып алған адам артынша ерекше сергектікті сезінеді, жұмысқа деген құлшынысы артады. Ғалымдар түскі ұйқының пайдасын бүгінгі күні жан-жақты дәлелдеу үстінде.  

Мәселен, Макс Плэнк институтының ұйқыны зерттеу бөлімі мамандары мен психологтарының бірі доктор Жүрген Заллей былай деуде:  

«Еуропаның көптеген медицина мамандары мен биологтары күндізгі ұйқы жөніндегі зерттеулерге елеусіз қарап келді. Есесіне түнгі ұйқы көп зерттеліп, көп жазылды. Шығыс кітапханаларында осы төңіректе жазылған мағлұматтар көп кездессе де, әлі күнге жете көңіл бөлмей келгеніміз - біз үшін айтарлықтай кемшілік».

Заллей жұмыс орнындағы қызметкерлерге жүргізген бақылаулары мен зертханалардағы зерттеулерін ұштастырып, соңында мынадай тұжырымға келген:

«Зертханада мейлінше тыныштық. Біз бақылауға алған кісі, тыныш ұйқы құшағында. Бұл жерде жұмыс істеп тұрған нәрсе тек ЕЕГ (Электроенцефалограмма) құралы ғана. Дененің белгілі орталықтарына жабыстырылған құрал бұлшық еттердің босауы мен қозғалысын, қысымын бақылауда. Дене температурасы да бір жағынан өлшенуде. Екі сағатқа созылған бақылаудан кейін компьютер құжаттары бізге мынаны ұқтырды: түскі ұйқы адамның жүрек, ми, жүйке, барлық ішкі ағзаларын реттейтін табиғи жағдай. Ұйқыдан оянған кісі: «қатып ұйықтап кетіппін» деп тыңайып, сергіп қалғандығын білдірген. Түнгі ұйқыға қарағанда түскі ұйқы анағұрлым жемісті». 

Ұйқы зерттеушісі Жим Хорне бақылау жасалған кісінің дене температурасының ой қабілетімен бірге күндіз жоғарылап, түнде түскенін байқаған.

Зурич университетінің Фармокология институтында зерттеу жүргізген Ирина Тоблер болса, иттердің, тышқандардың, маймылдар мен жылқылардың да түс уақытында 15-20 минут, тіпті жарты сағаттай ұйықтағандығына куә болған.

Түскі ұйқының табиғи ритмі сәбилер мен кішкене балалардан анық байқалады. Әсіресе, емшектегі сәбилердің түнгі уақыттарда ретті ұйықтамаса да күндізгі уақытта жиі-жиі ұйықтауы қалыпты деп қабылдануда. Уақыт өтіп баланың жасы есейе түскен сайын түнгі ұйқысы реттеледі, алайда күндізгі ұйқыны (түскі ұйқы) да қажет етеді. Бұл түскі уақыттарда үнемі есінеу, көздің талуы, дененің босаңсуы секілді табиғи реакциялар арқылы белгілі болады. Адам қартайған шағында түнгі ұйқыдан гөрі күндізгі ұйқыға көбірек бейімделе бастайды. Бұл кезеңде ұйқы мерзімі қысқа да болса үнемі болып тұрады. Күні бойы үш-төрт мезгіл көз іліп алады.

 Олай болса, ешкім бас тарта алмайтын бұл түскі ұйқы қайдан пайда болуда? Мамандар ол «Адамның биологиялық ішкі сағаты» деуде. Түстен кейін сағат екі мен төрт арасында дене температурасы ең жоғарғы деңгейге жеткен кезінде адам шаршайды, босаңсиды. Бұл кезде тыныққан жөн. Түскі уақытта жарты сағат көз шырымын алған адам тыңайып, екі сағаттық сергектікке қол жеткізеді.

Жол апаттары да дәл осы уақытта көп ұшырасады екен. Мамандар ең үлкен тәуекел иелері ұшқыш, дәрігер, кезекшілердің түскі уақытта кішкене көз шырымын алса, қатердің болу қаупі сейілетіндігін байқаған. Өйткені, жарты сағаттық түскі ұйқы екі сағаттық түнгі ұйқыға тең келуде. Мамандар түс кезіндегі ұйқының мөлшері жас балалар үшін 1-2 сағатқа барса да, ересектер үшін жарты сағаттан аспағаны жөн екендігін білдіруде. Асқан жағдайда ол түнгі ұйқының қалыпты режимін бұзуы мүмкін.

Ендеше, күндіз жарты сағат көз ілу арқылы бір жарым сағаттық артық уақытты ұтымды пайдалануға болады.   

Ақпарат осы жерден алынды.

...