+1 дауыс
9.7k көрілді
Негізгі және туынды бағалы қағаздар, олардың айырмашылықтары?

1 жауап

0 дауыс
Негізгі бағалы қағаздар акция және облигация

Акция – үлесті немесе меншік куәландыратын бағалы қағаз.

Ол иеденушісіне компанияның, капиталының, мүлкінің кіріс бір бөлігіне заң жүзінде меншік құқығын береді.

Акцияны шығару мына жағдайда болады:

Меншікті акциландырғанда, яғни акционерлік қоғам құрып, оның жарғылық капиталын қалыптастырғанда.
Бар компанияны акционерлік қоғам ретінде қайта құрғанда.
Жарғылық капиталды қосымша молайтқанда.

Атап айтқанда, жарғылық капитал дегеніміз – шығарылған акциялардың бастапқы жиынтық құны. Ол өз кезеңінде айналымдағы капиталда (жай және артықшылықты бар акциялар) және компания портфелінде қалған бағалы қағаздар болып бөлінеді.

Ол иемденушісіне қоғам капиталының, мүлкінің, кірісінің бір бөлігіне заң жүзінде меншік құқығын береді. Қоғам қанша уақыт жұмыс істеп тұрса, акция  да сонша уақыт қолданылады, яғни акция – қолдану мерзімі шектеусіз бағалы қағаз. Бірақ осы уақыт ішінде акцияның иесі сан рет өзгеруі мүмкін. Акционер оны екінші нарықта сатуына болады.

Акцияда жазылған сома оның көрсетілген (номинал)  құны деп аталады. Көрсетілген құн қоғамның жарғылық капиталының бір акцияға шаққандағы бағасын білдіреді. Алайда, акцияны шығарған қоғам оның нақты бағасы қандай болатынына кепілдік бермейді. Нақты бағаны тек нарық айқындайды. Нарықтағы акцияны сатып алу-сату бағасын акцияның бағамы (курсы) деп атайды. Бұл баға акцияда жазылған бағадан өзгеше: ол көрсетілген құннан жоғары да, төмен де болуы мүмкін. Демек, акцияның эмиссиялық және нарықтық бағасын, сондай-ақ дивиденд мөлшерін анықтау үшін оның көрсетілген құны бағдар тәрізді болады. Қоғам таратылған жағдайда акционерлерге тиесілі оның мүлкінің үлесі акцияның номиналы мен санына пропорционалды есептеледі

Облигация - несие берушi (облигация иесi) мен қарызданушы (облигация эмитентi) араларындағы заем қатынасы бар екендiгiн растайтын бағалы қағаз. Облигация оны» иесi тарапынан ақша қаражаты салынғандығын растайды және ол иесiнi» үлесiне күнi бұрын белгiленген мерзiм iшiнде тiркелiнген проценттердiң тәленуiмен қоса облигацияның номиналды құнының орнын толықтыру керек екендiгi туралы мiндеттемесi бар екендiгiн мақұлдайды.

Облигация деп – эмитенттің оны ұсынушыға белгілі бір уақытта облигацияда көрсетілген құнды және осы құннан белгіленген процентті алуға құқық беретін эмиссиялық бағалы қағаз (3,4 қосымшалар). Облигация шығару арқылы тартылған капитал акционерлік капитал деп есептелмейді. Облигация шығару – қосымша капитал таратудың бір нысаны. Облигация – қарызды бағалы қағаз. Эмитенттің жалпы шығыны облигацияны шығаруға және оларды орналастыруға жұмсаған жылдық шығынға тең болады.

Облигация мерзімдік қарыз міндеттемесі болғандықтан оның кепілі болып эмитенттің жалпы кепілдігі саналады. Ол кепілдік – эмитенттің  банкротқа ұшырап, өз міндеттемесін орындай алмаған кезінде – қоғам  мүлкінің бір бөлігін  иемденуге облигация ұстаушының құқығы.

Туынды бағалы қағаз деген базистік активтердің бағасы өзгеруіне байланысты, яғни  осы бағалы қағаздың негізі болған активке шығарылған мүліктік құқықты (міндеттемені) білдіретін құжатсыз формадағы бағалы қағаз. Базистік активтерге тауарлар (астық, ет, мұнай, алтын және т.б.), негізгі бағалы қағаздарға акция және облигация жатады. Туынды бағалы қағаздар деп аталуының себебі, олар негізгі классикалық бағалы қағаздарға (акция, облигация) шығарылады. Туынды бағалы қағаздарды сатып алу-сату үшін екі жақ мерзімді мәмілеге келеді. Онда мәміле жасаушылар көрсетілген активті болашақта алу, бірақ шарттасқан кездегі баға бойынша жеткізіп беру көзделеді. Туынды бағалы қағаздарды қолданып жасалған мерзімді мәміле туынды бағалы қағаздар нарығында сатып алынады және сатылады. Басқаша айтқанда, туынды бағалы қағаздар нарығы – ол мерзімді нарық.*  Мерзімді нарықтың басқалардан өзгешелігі – мәміленің орындалуы (шарт жасасқан кездегі бекітілген бағаммен активті жеткізіп беру) болашақтағы келісілген мерзімде жүзеге асырылады.

Мерзімді мәмілелер әртүрлі активтерге, атап айтқанда, бағалы қағаздарға, банктік депозитттерге, индекстерге, валютаға, қымбат металдарға, шикізат тауарларына және мерзімді шарттардың өзіне жасалады.

  Мерзімді мәмілелердің екі түрі болады:

• шартты түрдегі мәміле, онда екі жақтың біріне жасасқан шартты орындау немесе орындамау құқығы беріледі. Оған опциондар жатады;

• тұрақты мәміле – ол міндетті түрде орындалуы тиісті бекітілген шарт. Оған форвардтық, фьючерстік мәмілелер жатады.

Туынды бағалы қағаздарды шығарып, айналысқа түсірудің мақсаты – кез-келген биржалық активтердің бағасының ауытқуынан тек пайда табу ғана емес, сонымен бірге бағаның қолайсыз өзгеруіне байланысты қауіптен сақтандыру.

Туынды бағалы қағаздардың негізгі ерекшеліктері:

• олардың бағасы оларды шығаруға негіз болған биржалық (базистік) активтің бағасына негізделеді;

• олардың айналысының сыртқы формасы негізгі бағалы қағаздардың айналысына ұқсас болады;

•  шығару негізі болған активтің айналыс мерзімімен салыстырғанда (акция – мерзімсіз, облигация – бірнеше жылдар, тіпті ондаған жылдар) оларды қолдану уақыты шектеулі (бірнеше минуттан бірнеше айға дейін) болады;             

• басқа активтермен салыстырғанда тувнды бағалы қағаздарды аз ғана инвестиция жұмсалғанмен оларды сатып алу-сатудан пайда түсіріледі. Себебі инвестор активтің барлық құнын төлемей, тек кепілдік (маржалық)  жарнаны ғана төлейді.

2. Туынды бағалы қағаздардың түрлері. (Опцион, депозитарлық қол хат, варрант,коносомент

Опцион – шартқа енгізілген мерзімдік талапты көрсететін бағалы қағаз. Ол  белгіленген  уақытта немесе одан бұрын келісілген бағамен  қағаздардың біраз мөлшерін сатуға немесе сатып алуға құқық береді.Опцион биржада саудаға түседі. Әдетте, опцион қоғамның өзінің жоғары лауазымды қызметкерлеріне тұрақты бағамен жай акция сатып алу құқығын беретін екінші қатардағы бағалы қағаз. Опцион – заңды  түрде бекітілген стандартты құжат. Онда сатылатын бағалы қағаздар саны көрсетіледі. Оның өлшемі лот деп аталады, 1 лотта 100 дана біратаулы бағалы қағаз болады. Опционның мазмұнында опциондық шартта бекітілген құқықтың орындалуы, яғни бағалы қағаздарды сату немесе сатып алу күні, айналыс мерзімі, аяқталу күні, жөнелту-қабылдап алу жағдайлары  және бағасы көрсетіледі.

Опционның екі түрі кездеседі:

а) активті сатып алуға құқық беретін опцион. Ол сатып алушы опционы немесе колл опционы деп аталады.

 ә) активті сатуға құқық беретін опцион – оны сатушы опционы немесе пут опционы деп аталады.

Колл опционы – сатып алу шарты, онда опционның өзі сатып алынады.            

Пут опционы – сату шарты, ол бағалы қағазбен бірге сатылады. Айта кететін жәйт, алғашқыда опциондық шарт тек қор нарығындағы акцияға қатысты болса, қазіргі кезде ондай шарт кез-келген активке жасалады.

Опционның негізі болған активтің екі бағасы болады: ағымдағы нарықтық баға, немесе спот бағасы және опционда көрсетілген оны орындау бағасы. Ал опционның өз бағасы сыйақы деп аталады. Ол опционның негізі болған активтің бағасы емес.

Құқықты бағалы қағаздардың келесі түрі – варрант. Варрант –  ол өз иемденушісіне белгілі-бір қоғамның анықталған акция (немесе облигация) мөлшерін алдын-ала бекітілген бағамен алдағы мерзімде сатып алу құқығын беретін екінші қатардағы бағалы қағаз. Ол –  қоғамның айналымдағы бағалы қағаздарына сатушының сатып алушыға меншік құқығын беретін міндеттемесі. Варрант иемденушісі қолындағы варрантты белгілі бір уақыт аралығында тұрақты бағамен онда белгіленген артықшылықты  акциялар және облигациялар санына айырбастауға құқығы бар. Варрантты акцияға айырбастамай-ақ, қоғам оны өзіне сатып алып, жою мүмкіндігі де бар.

Варрант – ұзақ мерзімді бағалы қағаз. Ол 10 жылдан 30 жылға дейін, ал кейбіреуі мерзімі шектеусіз айналыста жүреді. Әдетте, оны қоғам облигациялармен және артықшылықты акциялармен қоса шығарады. Бұл, бір жағынан, бағалы қағаздарды алғашқы орналастырғанда тартымды (өтімді) етсе, екінші жағынан, қоғамның эмиссиялық шығындарын азайтады.

Варрант қоғамның басқа бағалы қағаздарымен қоса шығарылғаннан кейін, олардан бөлініп, өз алдына айналымға түседі. Ол туралы қоғамның жарғысында көрсетілген болуы керек. Варрант бөлінгеннен кейін негізгі бағалы қағаздың сатылу бағасы варрант бағасына кемиді. Екінші нарыққа түскесін варрант өзінің нарықтық курсына ие болады. Варрант бойынша сатып алынатын бағалы қағаздың  бағасы варранттың орындалу  бағасы  деп аталады. Кейде варрантты негізгі бағалы қағазбен бірге ұсынады, ондай жағдайда олардың бағасын біріктіріп айтады.

Экономикалық мазмұны бойынша варрант сатып алу опционына ұқсас болғанымен одан бірсыпыра айырмашылықтары бар.

Біріншіден, варрант қоғам эмиссиялайтын (шығаратын) бағалы қағаз, ал опцион опциондық мәміле жасасудан туындаған шарт.

Екіншіден, варрант сан жағынан шығарылатын бағалы қағаздардың эмиссия мөлшеріне сай келсе, ал опциондық мәмілелердің керекті санын нарықтың тұтыну қажеттілігі анықтайды.

Үшіншіден, варранттар ұзақ мерзімге шығарылса, ал опциондық мәміле – ол, әдетте, қысқа мерзімді шарт.

Төртіншіден, варрант алғашқы иемденушіге ақысыз берілсе, ал опцион иесі опционды жаздырып алушыға (сатушыға) ол үшін сыйақы төлейді.

 Соңғы онжылдықта әлемде еуроқағаздар нарығына қызығушылық артуда. Халықаралық бағалы қағаздар нарығына (эмитент елге сыртқы нарық болып саналады) орналастыратын еуроқұралдарға акциялар, облигациялар, ноталар, деривативтер (туынды бағалы қағаздар) жатады.

– ол еуронарықта ұзақмерзімді займ алғанда қарыз алушының шығарған қарыз міндеттемесі. Оларды елдің үкіметі, муниципалитеттер, банктер, халықаралық несие ұйымдары, трансұлттық корпорациялар қосымша қаржыландыру көзі ретінде шығарады. Еурооблигациялар негізінен оны иеленуші еш жерде тіркеуден өтпейтін иесі ұсынушы бағалы қағаздары болып шығарылады. Онда көрсетілген валютадан тыс мемлекетте шығарылып сатылады. Еурооблигацияларда халықаралық саудада басым жағдайда қолданылатын, негізінен, АҚШ доллары көрсетіледі.

Еурооблигациялар жай және проценттік ставкасы бекітілген түрінде шығарылып, айналыс мерзімі 3 жылдан артық уақытқа орналастырылады. Оған қосымша еурооблигациялардың: проценттік ставкасы өзгермелі; купоны нольге тең; басқа облигацияларға конверсиялау құқығы бар; екі валютамен көрсетілген құны бар (көрсетілген құны – бір валютамен, ал процентті төлеу басқа валютамен); белгілі-бір тауар бағасына байланыстырылған түрлері де болады.

Еурооблигацияда қарыз сомасы, қарызды өтеу датасы мен жағдайлары және белгіленген мерзімде процентті алуға құқық беретін купоны болады. Процент жылына бір немесе екі рет төленеді. Еурооблигацияға табыс салығы және бағамдық құнының өсуіне салық салынбайды. Еурооблигациялар әртүрлі схемамен:

• бір уақытта;

• бөлшек-бөлшек;

• мерзімінен бұрын (егер шартта көрсетілсе) өтелуі мүмкін.

Өтеу схемалары алдын-ала шығарылым ережелерінде келісіледі, ал өтеу туралы мағұлмат қаржылық ақпараттарда алдын-ала хабарлануы керек.

Еурооблигациялардың негізгі сипаттамасы төмендегідей:

• айналыс мерзімі 3-тен 30 жылға дейін;

• көрсетілген құны аса көп емес, проценттік табысы купон формасында төленетін ұсынушы бағалы қағазы түрінде шығарылады;

• эмиссияның негізгі бөлігі қамтамасыз етілмеген болып шығарылады. Дегенмен кейде үшінші жақтың кепілдігімен немесе эмитенттің мүлкімен қамтамасыз етіледі;

• листинг және баға белгілеу процедураларынан жетекші Еуропа биржалары өткізеді.

3. Форворд және фьючерс, олардың бір бірінен айырмашылығы

Шетел экономикалық әдебиеттерінде туынды бағалы қағаздарды деривативтер (derivatives – ағылшынша, туынды) деп те атап, әдетте, оларға форвардтарды, фьючерстерді, бағалы қағаздарға шығарылған опциондарды, варранттарды, депозитарлық қолхаттарды және т.б. жатқызады.

Форвардтық нарық мерзімді нарықтың ең алғашқы формасы. Ол тауарлар бағасының тұрақсыздығына байланысты ХVIII-XIX ғасырларда Еуропада сатып алушы мен сатушы тауардың мөлшерін, шамамен жеткізіп беру уақытын және болашақтағы бағасын көрсетіп мәміле жасасқан. Дәл осындай келісімдер қазіргі кезде, әсіресе, шетел валютасымен банкаралық сауда-саттықта қолданылады (әрине, онда жеткізіп беру уақыты дәл көрсетіледі).

Форвард –активті сатып алу-сату жағдайлары туралы алдын-ала келісілген, бірақ болашақта орындалатын биржадан тыс жасалатын мерзімді шарт. Бұндай шарт саудаға түсіру үшін келісілген актив бағасының қолайсыз өзгеруінен сақтандыру үшін жасалады, яғни бағасы өскенде шартты сатып алушы ұтса, төмендегенде сатушы ұтады. Бұл шарттың стандартты формасы жоқ, сондықтан алған міндеттемені үшінші жаққа бергенде қатысушы бір жақ үшін экономикалық қолайлы жағдайдың тууы шарттың орындалмау қаупін туғызады.

Фьючерс – мәмілеге келген кезде бекітілген бағамен белгілі-бір бағалы қағаздың стандартты мөлшерін болашақта сатып алуға немесе сатуға жасасқан шарт. Оның опционнан өзгешелігі таңдау құқығы емес, ол – орындау үшін алған міндеттеме. Бұл стандартты шартта фьючерстің барлық параметрі – мерзімі, стандартты лоттың көлемі, сақтандыру депозиті көрсетіледі. Фьючерстермен саудаға қатысушылардың мақсаты ─ бағалы қағаздардың өзін сатып алу емес, бағасының айырмасын алу үшін ұйымдасқан ойын. Шартты сатып алушы оны жоғары бағамен сатуға, ал сатушы тап осындай шартты болашақта төмен бағамен алуға ұмтылады. Әлемде опциондар мен фьючерстердің ең ірі сауда орталықтары болып,  Чикаго опциондар биржасы, Лондон халықаралық қаржы фьючерстерінің биржасы және с.с.  есептеледі.

Депозитарлық қолхат – ол шетел компаниясы шығарған акцияның белгілі-бір мөлшерін банктің иемденуін куәландыратын бағалы қағаз. Ол арнаулы заң негізінде шығарылады. Алғашқыда депозитарлық қолхат өткен ғасырдың 20-жылдарында американдық инвестицияны шетел акциясына салу мақсатында АҚШ-та пайда болды. Сондықтан оны американдық депозитарлық қолхат (АДҚ – ADR) деп атайды. АДҚ-тың мәні банк өзінің шетелдегі филиалында (әдетте эмитент елде) акцияның белгілі-бір мөлшерін сақтайды, ал акцияны қамтамасыз ететін қолхаттар Америкада эмиссияланып, американдық нарықта айналысқа түседі. Қолхатты шығарушы банк эмиссиялағаны және оны өңдегені үшін сыйақы түріндегі пайда алады. АҚШ-та депозитарлық қолхаттарды шығарушы ең ірі депозитарлық эмитент-банктер – City Bank of New-York, The Bank of New-York, Mozgan Bank – саналады.
...