Айт, кімнен қорқасың!?
- Ей, жалқау, менен әрі жүр, сен маған керек емессің!
- Жоқ, неге кетем? Кетпеймін.
- Кет дедім мен саған, кет!!!
- Аға, ұрыспа, қазір - ақ кетем.
Жақсы, біраз әзілдедім, енді әдеттегіше сұраққа жауап:
1. Сіз жалқау емессіз бе?
Шай ішетін үстел үсті жиналмаған, киіміңіздің әрқайсысы әр жақта, теледидардан бастап сүйікті кітабыңызға дейін шаң басқан. Бұл не? Иесіз қалған үй ме? Жоқ! Бұл үйге «жалқаулық» қоныстанып алған. Жалқаулық дегеніміз – адам бойындағы жағымсыз сипат. Бұдан қалай арылуға болады? Мұны қалай жеңуге болады? Деген сұрақтар туындайды. Жалқаулықтан арылу үшін адам күнделікті тіршілікте өз алдына мақсат-міндет қойып, оны қалай да әрекет жасап жүзеге асыруым керек деген талап қойып отыруы қажет. Және жалқаулықтан құтылудың бірнеше тәсілдері де бар:
1.Өзіңізге аяушылық танытпаңыз. Мұнымен жалқаулықты ешуақытта жеңе алмайсыз.
2.Атқаратын жұмыстардың тізімін жазыңыз. Жалқаулық дендеп бара жатса, тізімдегі бірінші жұмыстан бастаңыз. Әрине, бірінші кезде қиынырақ болады. Бірақ, жұмысқа алданып кетесіз.
3.«Ертең» деген сөзді ұмытыңыз. Бүгін бітетін істі ешуақытта ертеңге қалдырмаңыз. Еріншектің – ертеңі бітпес.
4.Көңіл сергітіңіз. Көшеге шығып таза ауада жүріңіз. Үйдің ауасын желдетіңіз.
5.Мұңаймай, ашық-жарқын жүріңіз. Таңертең жүгіріңіз, фитнес-клубқа барыңыз. Дұрыс тамақтанып, уақытылы демалыңыз.
6.Әрбір жаңа күніңізді жоспарлаңыз. Сізде ешқандай бос уақыт болмау керек. Жалқаулық – сіз жалқауланғанды қандай жақсы көреді.
7.Үй шаруасымен айналысыңыз. Үй шаруасы ешуақытта бітпейді. Әлбетте, бір жұмыс табылар.
8.Кешке қонақ шақырыңыз. Бұл да жалқаулықтан құтылудың бір тәсілі. Үйіңізді жинамай, тағам дайындамай, қалай болса солай қонақ күтпейтін шығарсыз?!
9.Өмірді сүйіңіз. Әрбір сағат, әрбір минут, әрбір секундын бағалаңыз.
10.Атқарылған жұмыстың нәтижесінен рақаттаныңыз. Нәтижелі жұмыс бар жерде, жалқаулық жүрмейді.
11.Сылтауратуды қойыңыз – бәрі өз қолыңызда!
Жалқауланба, жаттап ал:
Жалқаудың жауы – жұмыс.
Жалқау жатып ішер, отырып ұйықтар.
Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас.
Ер тынысы – еңбек, ез тынысы – ермек.
Еріншекке бүгіннен ертең оңай.
Еңбек етпесең елге өкпелеме,
Егін екпесең жерге өкпелеме.
Еріншек түске дейін ұйықтайды,
Кешке дейін есінейді.
Еңбекқор ұйқыдан ширап тұрады,
Еріншек ұйқыдан қирап тұрады.
Еріншектің ісі – екі
Еңбексіз – елге сыймас
2.
Жалқаулық - кенеттен, бірақ ұзаққа келетін құбылыс. Депрессия, шаршағандық, тіпті дәрумендердің жетіспеуі қарапайым жалқаулыққа сылтау бола ала ма?
Жалпы, жалқаулықтың мағынасы қандай? Ол қаншалықты жаман қасиет деп саналады?
Жұмыс, сабақ, үй шаруалары, дүкен аралау, кез келген істің пайдасы бары анық. Сондықтан біз бұл шаруаларға іштей қанағаттанып, пайдалы нәрсе жасадық деп ойлаймыз. Ал босқа жата бергеннің пайдасы жоқ болып көрінеді. Алайда жайбарақат төсекте жатуға құштарлық босқа пайда болмайды. Жиі жағдайда тоқтап, демалып, ойлану барысында адам күнделікті жұмысы мен қайталанатын істер оны басқа, шынымен маңызды бір нәрседен алшақтатынын түсінеді. Бұл пікірдің жаны бар, себебі сіздің өміріңіздегі ең маңызды адам - тек өзіңіз. Тек "тайм-аут" еріншіктікке айналып кетпес үшін, бірнеше ереже ұстанғаныңыз жөн.
Демалыс сағаты. Өзіңізге күннің 24 сағатының біреуін сыйлаңыз. Ол уақытта демалыңыз, ойланыңыз, өзіңізбен тілдесіңіз. Теледидар, ғаламтор, қоңырауларға бір сағат "жоқ" деп, осы кезде туындаған ойларды жазып отырыңыз. Артынан оқып, өзіңізге таң қаласыз!
Сылтау іздемеңіз. Демалуға сылтаудың қажеті жоқ. Расымен, миды демалтқыңыз келсе, артық ойларды ұмытып, басты сылтау іздеумен қатырмаңыз. Ондай жағдайда демалысыңыздың да пайдасы тимейді. Тіпті жалқауланудан рахаттануды үйреніңіз. Кітап оқығанда оны аяқтауды, компьютерлік ойын ойнағанда оның келесі сатысына өтуді мақсат қылмай, жай көңіл көтеріп, демалыңыз. Сонда шынымен уақыт босқа өтпей, жалқауланудан да пайда аласыз.
Кінәлі сезінбеңіз. Біреудің жұмыстағы жетістіктерін, барып келген демалысының суреттерін көріп, досыңыздың спортзалға баратыны жайлы естіп, "Мен неге бара алмаймын?" деп өзіңізді кінәламаңыз. Бір сәтте барлық істерді бірге ала жүру оңай емес, сондықтан асықпай біреуін қолға алыңыз. Оған әбден үйреніп, келесісіне кірісіңіз. Осылайша жарты жылда сіз де бәрін үлгеретін болып шығасыз.
Оңай жол іздеңіз. Жаңа қызығушылық таңдағанда арасынан ең оңайы мен өзіңізге ең ұнайтынына назар аударыңыз. Шаруа көңіліңізден шықпаса, оның сәтті болуы екіталай. Ал оңайлығы сізді іштей рухтандырып тұрады.
5 минуттық демалыс. Жұмыс барысында өзіңізге 5 минуттық демалыс беріп тұрыңыз. Күшіңіздің тапшылығын сезсеңіз, орныңыздан тұрып, шәй ішіп, тынығып алыңыз.
Кейбір жағдайларда кішігірім демалыстар депрессия мен апатияданқұтқармайды. Демек, мәселе басқада. Мүмкін сізге жасап жатқан жұмысыңыз, айналысатын шаруаңыз ұнамайтын шығар? Немесе өз күшіңізге сенімді емессіз бе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көріңіз.
3.
Қақаған қыста жылы көрпенің астына кіріп алып, ашылып кеткен есікті жабуға ерініп, ақыры үсіп өлген екі бала туралы әңгіме есіңізде шығар? Желкемізге жармасқан жалқаулық етегімізден тартып, жақсы істерді тындыруға мұрша бермей жатады. Ер қазақтың осал тұсы да - еріншектік.
Біз бүгін жалқаулықты қалай жеңуге болатыны туралы әңгімелейміз.
1. Бес-ақ минут!
Өзіңізге бес минут арнаңыз! Ойыңызды жинақтап, өзіңізге күш беріп, жұмысқа құлшына кірісуге бес минут қана жеткілікті.
2. Үлкен істерді бөліп-бөліп тастаңыз
Көп жұмысты бірден орындау мүмкін емес. Сондықтан бөліп-бөліп орындағаныңыз абзал. Дұрысы - жоспар құрып алыңыз. Жоспарды ойша құрып үйренгеніңіз жөн.
3. Басты жұмыстан қашпаңыз!
Басты жұмысты істеуге жалқаулығымыз жар бермейді. Ертеңге дейін реферат жазу керек. Рефератты жазудың орнына ұсақ-түйек үй тірліктерін жасаймыз, дүкенге барып, интернетте отырамыз. Бәрібір реферат жазудан қашып құтылмайсыз. Сондықтан, рефератты жазып тастауды бірінші орынға қойыңыз.
4. Ерте тұрыңыз
"Ерте тұрған еркектің бір ісі артық, ерте тұрған әйелдің ырысы артық". Миыңыз шаршамай тұрғанда жұмысыңызды бітіріп тастағаныңыз абзал.
5. Өз-өзіңізге сый жасаңыз
Қандай еңбек болмасын, марапатқа лайық. Сондықтан, бір істі тындырып тастағаннан кейін, өз-өзіңізге сый жасаңыз! Сүйікті печьенеңізбен шәй ішіп, миыңызды демалтыңыз. Бұл кейін әдет боп қалыптасып кетеді. Ал қиындау тапсырманы орындау керек болса, өзіңізге лайықты сый ойлағаныңыз жөн. "Осы жұмысты бітіріп тастағаным үшін өзіме жаңа сағат сатып аламын"деп өз-өзіңізге уәде беріңз.
6. Ертеңге қалдырмаңыз
"Еріншектің ертеңі бітпес". Қай істі болса да, орындауға қиынсынып, ертеңге ысырып тастаймыз. Мақсатқа жеткіңіз келсе, берілген жұмысты дәл қазір орындап тастаңыз. Бұл да бара-бара бойыңызға сіңіп, ең жақсы әдет болып қалыптасады.
Ерініп қалғанымыз үшін өзімізді талай жазғырып, жазаласақ та, ерінеміз. Бірақ, жалқаулықтың жақсы жолға апармайтынын түйсінетін кез жетті!
Бірінші ақпарат мына жерден алынды.
Екіншісі мына жерден.
Үшіншісі мына жерден.
Көмегім тисе ризамын! Іске сәт, бауырым!