+3 дауыс
4.3k көрілді

Диззидің пайдасы мен зияны туралы кім не біледі?

4 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап

Мына жерде толық жауабы бар. 

Энергетикалық сусындар адам ағзасына өте қауіпті. Оны күнделікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, оның жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіреді. Тіпті оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мас қылады. Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда қазір мұны жастар да, мектеп оқушылары да жиі пайдаланып отыр.

– Бір өкініштісі, бұл сусындардың адам денсаулығына кері әсері бар екеніне нақты дәлелдер келтіріп шырылдаған дәрігер мамандардың жанайқайы да, осы мәселе жөніндегі халық қалаулыларының депутаттық сауалы да сөз жүзінде қалып отыр. Осы тұста «адам денсаулығына зиянды сусындардың сатылуына тыйым салынбауының сыры неде?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сыр әлі күнге құпия күйінде қалып отыр. Қалай десек те, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияны шаш етектен. Мұны біз емес, мамандар айтып отыр.

Осылай жауап беріп отыр арнайы мамандар. 

Заманауи тамақ өндірісі жыл сайын жаңа азықтарды шығарып келеді. ХХІ ғасыр адамына дүкен сөрелері жер жүзінің түкпір-түкпірінен табиғи суларды, жерінде өспейтін тропикалық жемістер шырынын, қыстың көзі қырауда көкөніс пен жемістердің түр-түрін ұсынады. Бірақ соңғы кездері халық денсаулығына алаңдаушылық тудыртып жүрген химиялық қоспасы көп тағамдар көбейіп кетті. Солардың қатарында «энергетикалық» деген сипатқа ие сусындар бар.

Көз алдымызға сабақ үлгерімі өте жақсы студентті елестетіп көрелік. Емтиханнан бірнеше күн бұрын білімгер түн ұйқысын төрт бөліп, оған қызу дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ұйқы көрмеген студенттің басы мең-зең болып, шәй мен кофе көмектеспейтін жағдайға дейін жетеді. Осы кезде «энергетикті көрмейсің бе?!» деген дос кеңесіне құлақ асқан студент «Диззи» сусынын сатып алады. «Энерджи» сусынын бірнеше ұрттаған соң студент басының шайдай ашылып, ұйқысының түбегейлі қашқанын сезеді. Адам белсенділігін мұншама арттыратындай энергетикалық сусынның құрамында не бар екен деген сұрақ туындайды….

Мұндай сусындар тек химиялық қоспалардан дайындалады: кофеин, карантин, таурин аминқышқылы, глюкоза, матеин, мелатонин және кей сусындарға гуарана тропикалық жемісін қосады. Енді құрамға енген бұл заттардың қасиеттеріне жеке тоқталайық. Кофеин жүрек қан тамыр жүйелерінің жұмысын жақсартады, әсерінен адамның ми қызметінің жұмысын жеделдетеді. Карантин адам ағзасындағы майды қышқылдандырады, нәтижесінде бұлшықеттер жиырылып, шаршау сезілмейді. Таурин аминқышылы медицинада жүрек ауруларын емдеу үшін пайдаланады. Бірақ, 0,5 литр энергетикалық сусынға не себепті 1000 мг. таурин қышқылы қажет?! Оны көп мөлшерде қабылдау, керісінше кері әсер етеді. Глюкоза қанды көбейтеді. Бірақ дозасының тым көбеюі ағзаға қауіп төндіреді. Матеин – тропикалық жеміс ағашы, ол қарынның ашқанын білдірмейді. Мелатонин – денеге алдамшы күш беретін химиялық зат. Бұл қоспалардан кейін сусын көп мөлшерде газдалады. Газдың денсаулыққа зияны аз емес.

Дания және Норвегия елдерінің білікті дәрігерлері сусындардың сатылуына қатаң тыйым салған. Себебі оның құрамына кіретін формацевтикалық қоспалардың мөлшері дозадан тым асып кеткен. Бұл адам денсаулығын түгел апатқа ұшыратуы мүмкін. Энергетикалық сусынды қабылдағаннан кейін алғашқы 3-4 сағатта адам өзін «қуатталғандай» сезеді. Бірақ сусын күшін жойғаннан кейін бас айналу, лоқсу, ұйқысыздық, соңынан барып күйзеліс мазалайды. Сусынды бір рет тартып көрген адам енді оның ырқынан шыға алмай қалуы мүмкін. Күніге екі бөтелкеден артық ішкен жанның терісі құрғап, шаш түсу байқалады. Уақыт өте келе қан қысымы жоғарылап, аяқ-қолдары қалтырай бастайды. Соған қарамастан, адам диззи сусынын ішкісі келіп тұрады. Жанымен қоса, тәні де нәзік қыз балаларға бұл сусын тіпті зиян.

Қымбатты, айқаракөздіктер! Денсаулығымызға жауапты өзіміз екенін ұмытпайық! Егер энергетикалық сусынды татып көрмеген болсаңыздар, оны көруге әрекеттенбегендеріңіз абзал!

+3 дауыс

Астана. 3 ақпан. ҚазТАГ – Дина Ермағанбетова. Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев Қазақстанда әлсіз алкогольді және энергетикалық ішімдіктердің сатылуына тыйым салуды талап етті.

«Энергетикалық әлсіз алкогольді және алкогольдік энергетикалық ішімдіктердің саудасына қатаң тәртіп орнату керек. Денсаулық сақтау министрлігіне коктейлшілердің проблемасын шұғыл түрде қарап, ондай пысықайлардың әрекетіне тойтарыс беру керек. Тиісті шара қолдануыңызды сұрймын», - деді ол сәрсенбі күні палатаның алқа отырысында денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қаратып.

Депутат энергетикалық әлсіз алкогольдік ішімдіктер Қазақстан жастарының арасында өте беделді болып бара жатқанына налынды.

«Қазіргі жас өспірімдерден қандай ішімдіктерді ұнатасың деп сұрасаң, жауапқа - «Монстр», «Рокстар», Red Bull, Dizzi деген аттарды естисің. Жастар олардың сергітерлік мас қылатындай әсерін ұнатады», - деді В. Нехорошев.

Ал бұл ішімдіктердің құрамына, деп жалғастырды ол, қауіпті синтетикалық химиялық препараттар кіреді, және оны пайдалану жүрек аурулары мен жүйке, асқазан, бауыр т.б. ауруларына әкеліп соғады.

Депутат осы ішімдіктердің әсері аяқталған соң, шаршап, мазасызданып, ұйқың қашып, торығуға түсесің, ал оған үйрену – барған сайын дозасын көбейтуді қажет ететінін ескертті.

Депутаттың пікірінше аталған ішімдіктерді сатуға тыйым салу керек. Денсаулық сақтау министрлігі шылым қоспаларының саудасына салған тыйым сияқты осы ішімдіктерге де тыйым салу керек.

+1 дауыс

Энергетикалық сусындар – адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысы. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Энергетикалық сусындар емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клуб қыдырмаларына нағыз құтқарушы болды... Бір сөзбен айтқанда, шаршаса да өзін сергек сезінуі керек адамдарға арналады.

Сусынның бір құтысынан бар шаршағаныңыз кетіп, ұйқы қысу басылып, жаңа әрекеттерге дайын боласыз.

Энергетикалық сусындардың зияны жайлы естісек те, олардың нақты қандай зияны бар екенін біле бермейміз. Ал дүкендерде бұл ғажайып сусынның еркін таралуы мен қолжетімділігі денсаулыққа алаңдамауға болатындай әсер береді. Осы мәселе төңірегін зерделеп көрейік.

Артықшылықтары

Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Әркім өз қажеттіліктеріне орай энергетикалық сусын таба алады. Энергетикалық сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі – дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады.

Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады және бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді.

Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталады, ал энергетикалық сусынның әсері – 3-4 сағатқа дейін. Оған қоса, көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді, бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жеделдетеді.

Құтысы да ыңғайлы болғандықтан, энергетикалық сусындарды өзіңмен алып жүруге және кез келген жерде ішуге болады. Бұл да оның кофеден бір артықшылығы.

Кемшіліктері

Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Энергетикалық сусындар Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады.

Энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды.

Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды.

Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді.

Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді.

Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян.  

Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін.

Фитнес жанкүйерлері кофеиннің несеп айдағыш қасиеті жайлы жақсы білуі тиіс. Яғни, жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады.

Энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Таурин қажетті мөлшерден бірнеше есеге асып түседі, ал 2 құты сусындағы глюкуронолактонның мөлшері күнделікті нормадан 500 есе (!) көп. Бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіндігі ғалымдарға әлі белгісіз. Сондықтан таурин мен глюкуронолактонды мұндай жоғары мөлшерде пайдалану қауіпсіздігі әлі анықталмаған, әлі де зерттеулерді қажет етеді.

Байқағанымыздай, артықшылықтарынан кемшіліктері көп. Дегенмен, әр адамның өмірінде энергетикалық сусынға жүгінуге тура келетін кездер болады. Мұндай жағдайда ағзаңызды қорғау үшін сусынды тұтыну ережесін мұқият оқыңыз.

Энергетикалық сусындарды тұтыну ережелері

Кофеиннің бір күндік мөлшерін асырмауға тырысыңыз, яғни екі құтыдан көп ішпеңіз.

Сусынның әсері тарқаған соң ағзаға күш жинау үшін демалыс қажет.

Спорттық жаттығулардан кейін энергетикалық сусындар ішпеңіз – спорттық сусындар да қан қысымын көтереді.

Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары ауыратын, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға тұтынуға тыйым салынады.

Кофеин қаннан 3-5 сағаттан соң шығады, ал кейде тек жартылай. Сондықтан осы уақыт аралығында энергетикалық сусындарды кофеинді (шай, кофе) басқа сусындармен араластыруға болмайды – әйтпесе мөлшерді асырып жіберу қаупі артады.

Көптеген сусындар мол калориялы. Энергетикалық сусындарды жаттығу алдында тұтынған жөн. Ал егер сіз салмақ түсіру үшін емес, жай ғана жаттығулар жасасаңыз, онда жаттығулардан кейін де ішсеңіз болады.

Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтереді, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін.

Дәрігерлердің пікірінше, энергетикалық сусындар – дәруменді кофе алмастырғыш, тек денсаулыққа қауіптірек. Басқа өнімдердегі жемісті шырындар мен глюкоза ағзаға дәл осылай әсер етеді. Сондықтан, оны ішу, не ішпеу – өз еркіңізде.

0 дауыс

Еліміздің нарығына шөліңді әп сәтте басып, сергітетін түрлі энергетикалық сусындардың сатылып жатқанына біраз уақыт болды. Көбіне ештеңеден бейхабар жасөспірімдер, жас-тар, тіпті ата-аналардың өздері баласының денсаулығына аса қатерлі улы сусын сатып әперіп жатқанын білмейді. Қай сауда орнына барсаңыз да, сусындардың түр-түрін көресіз. «Кока-кола», «Пепси-кола», «Спраит», «Макси шай» т.б. жастардың сүйікті сусынына айналды. Бұл сусындардың зияндылығы, әсіресе жас ағзаға қаншалықты үлкен зардап әкелетіндігі жайлы кейінгі уақыттта ғана айтыла бастады.

Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев Қазақстанда энергетикалық және құрамында алкоголі аз сусындардың құрамында адам денсаулығына зиянды заттар бар болғандықтан сатуға тыйым салу туралы ұсыныс айтқан соң, бұл мәселе төңірегінде пікірталас орын алды. Тіпті мамандар «энергетикалық сусындар дүкендерде сатылмауы тиіс, адам ағзасына пайдасы мен зияны қатар тарайтындықтан, оны дәріханаларда ғана сату керек» десе, тағамтанушылар мен санэпидемиолог мамандардың біразы дүкен сөрелерінен тез арада алынып, мүлде тыйым салу керектігін айтты. Мұндай сусын құтыларында жүкті әйелдерге, балаларға, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүрек ауруы және жүйке жүйесі ауыратындарға және қан қысымы жоғары, глаукомасы бар адамдарға ішуге болмайды деген ескертпе болуы тиіс екендігін де ескертті. 

«Энергетикалық сусынға деген көзқарасым аса күдікті. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі, адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады», — дейді академик Т.Шарманов, («Алаш айнасы», 2011жыл, 28 маусым).

Еліміздегі дәрігер мамандар адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын бұл сусындардың құрамындағы әртүрлі хи-миялық қоспалардың орталық жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдықтыратынын айтады. Сонымен қатар энергетикалық сусындарды ұдайы тұтыну тахикардия, қант диабеті, психомотрлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, күйзеліс сияқты ауыр дерттерге душар ететіндігі ғылыми тұрғыда анықталған. Әсіресе, бұл аса зиянды сусындарды алкогольді ішімдіктермен қатар қолдануға мүлде болмайды. Әрі бұл сусындардың құрамына цикламат, аспартам деген арзан қант алмастырғыштарын қолданады екен. Ол тіпті аса қатерлі ісік дертін де тудыратын көрінеді. Аспартам құрамына енетін фенилаланиннің жүйке жүйесіне және миға кері әсері бары да белгілі болып отыр. Сол себепті де дамыған мемлекеттердің көбінде аса зиянды бұл синтетикалық қант алмастырғыштарды қолдануға тыйым салынған. Тағамтану академиясының профессоры Ахмет Алдашұлы: «Қазіргі таңда газдалған тәтті сусындар мәселесі дүниежүзілік тұрғыда үлкен проблемаға айналып отыр. Ал біздің елде жастардың осы сусындарға әуестігі жылдан- жылға артып келе жатқандықтан, мамандар дабыл қағуға мәжбүр болды. Бұл сусындардың зиянын дүниежүзі ғалымдары зерттеп, айтып та жүр. Алайда, оны ешкім тыңдап жатқан жоқ. Сол себепті де газдалған тәтті сусындардың зияндығын жастарға жеткізуге тиіспіз. Бұл сусындардың ең бірінші зияны — газдалған тәтті сусындар, жалпы тәттіге әуестік, яғни адам тәттіні көп жей беретін болса, соған үйірлік, тәуелділік пайда болатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденген. Себебі, адам тәттіге әуес болса, оның асқорыту жүйесінің шырышты қабығындағы тәттіні сезгіш рецепторы біраз уақытттан соң өзінің сезімталдығы жойып, тәттілігін сезбей, соған әбден бойы үйреніп, көп жей беретін болады. Әсіресе жас өсіп келе жатқан балалар тәтті сусын, тәтті тағамды шектен тыс көп қолданса, басқа құнды тағамдарды жеуге тәбеті шаппай қалады. Содан адамның ағзасында құнарлы тағамдардың жетіспеушілігі пайда болады. Екіншіден, денесі толық адамдар «осы мен көп май жемеймін, неге семіре беремін» деп таңғалады. Әрине, майлы тағамды көп қолдану зиянды, артық салмақ қосуға әкеледі. Бірақ соған сәйкес дене қимылы болмаса, көмірсулар да майға айналып кететінін көп жағдайда біле бермейміз. Ал дене толықсып кетсе, ол көптеген қатерлі ауруларға ұшыратады. Міне, тәтті газдалған сусындардың бір үлкен қатері осында.

Екіншіден, шетелдік ғалымдар газдалған тәтті сусындарды өндірушілер «халық көп алсын, көп табыс түссін» деп неше түрлі табиғи қоспаларды қосатындығын дәлелдеген. Яғни дәмін тіл үйіретіндей етіп қызықтыру, көп сақталуы, түрін, иісін жақсартып, газдау үшін бірнеше қоспаларды, консерванттарды қосады. Әрине, заң бойынша «мұндай қоспаларды нормадан аспай қосуға рұқсат етілген». Бізге өндірушілер: «Біз заң бойынша көрсетілген нормадан асырмай қосамыз»,— дейді. Ал егер адам бұл сусындарды ұдайы, ылғи іше беретін болса, нормадан асырмай қосса да адам ағзасында жиналып, үлкен зиянын тигізеді. Ағылшын ғалымдары осыдан бірнеше жыл бұрын «Кока-кола», «Пепси-кола» газдалған тәтті сусындарына «бензуат натрий» дегенді қосатындығын дәлелдеген. Кейін басқа елдердің де ғалымдары бұған көз жеткізді. Мұның басқа зиянын айтпағанның өзінде, бұл сусындарды жиі қолдана берсе, қатерлі ісік тудырады екен. Міне, осыны халыққа, әсіресе жастарға айтып түсіндіру керек. Жастарымыздың көшеде келе жатып та бөтелкемен осы сусындарды ішіп жатқанын көресің. Теледидарды қоссаң да соны ішіп отырады. Ал шөлдеп бара жатсаң, басқа да сусындар бар ғой. Бұл — адам ағзасы әбден үйреніп кетіп, ауруға айналғанының белгісі. Яғни бұл сусындарға үйренген адам оның тәттілігін сезбей, іше бергісі келеді. Себебі, тәттіні сезгіш рецепторлардың қасиеті жойылады.

Қазіргі таңда кез келген дүкендерде, тіпті көшелерде салқындатылған шай түрлерін көп сататын болды. Мәселен, үйреншікті әдіспен дайындалған кәдімгі шайдың өзін қоюлап жиі ішсе, оның өзі зиян. Ал «Макси шайға» т.б. салқындатылған шайларға әртүрлі зиянды, улы қоспалар қосылатыны белгілі. Жастарға «шетелден әкелінетін сусындарға үйір болмаңдар» деп түсіндіру — баршамыздың міндетіміз. Себебі, бізге дені сау ұрпақ қажет. Өкінішке орай, энергетикалық сусындардың, жалпы шетелдік тағамдардың зияндылығын қанша айтсақ та дүкендердің сөрелерінде толып тұр. Мұның шетелдіктермен тым араздаспайық деген саяси мәні де бар болар.

Тағы бір айта кетейін дегенім, мектеп жасындағы балалардың әке-шешесі күні бойы жұмыста жүретіндіктен, олардың қалтасына ақша салып береді. Ал олар денсаулыққа пайдалы тағам алып жейді дейсіз бе? Қазіргі таңда мектептегі асханалар жекеменшік болып кетті. Онда да ағаттық бар. Яғни өсіп келе жатқан балалардың ағзасына пайдалы, қажетті, құнды тағамнан гөрі тезірек өтетін, аса пайдасы жоқ тағам өнімдерін сататынын байқап қалдық. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігіне осы жөнінде хат жолдаған болатынбыз. Соның нәтижесінде 2007 жылы аталмыш министрліктің бұйрығына сәйкес «мектеп тағамына тәтті газдалған сусындарды қоспасын, сатуға тыйым салынады» деген қаулы шықты. Әрине, өзіміздің дәстүрлі қымыз, шұбат, айран, қатыққа не жетсін! Бұл өнімдердің құрамында қаншама адам ағзасына пайдалы заттар бар. Жастарымызға осындай ұлттық өнімдерімізді пайдалануға мүмкіндік жасауымыз қажет», — дейді.

Тағамтанушы мамандар сусын өндіруші компанияларға өнімнің құрамындағы компоненттерді азайтуды ұсынды. Бірақ сусын өндірушілер дәрігер мамандардың қолында сусындардың адам ағзасына зияны жайлы нақты деректер жоқтығын алға тартып, бұл ұсыныстармен келіскен жоқ. Кәсіпкерлер сонымен қатар өнімдердің сатылу нүктелерін шектеуге де қарсы болып шықты. Осы күні бұл сусындардың басқа зиянын айтпағанның өзінде, оның семіздікке әкеліп соғатыны да дәлелденіп отыр. Бұл тіпті дүниежүзі елдеріне ортақ үлкен проблемаға айналған. Әсіресе осы сусындарды аса көп қолданатын АҚШ-та семіздік дертіне ұшырағандар аса көп кездеседі екен. Зерттеушілердің айтуынша, тәтті сусындарды, әсіресе, салқын күйінде ішу – семірудің тікелей жолы. Өйткені салқын сусындар 4-5 сағат қорытылуы тиіс тағамды асқазаннан 20-30 минутта «қуып» шығады да, адам өзін аш сезініп, қайта-қайта тамаққа ұмтылады екен. Шетелдік ғалымдар «Кока-Коланың» ағзада калий жетіспеушілігін тудыратынын анықтады. Ал калий жетіспеушілігі ұзаққа созылса, сал ауруына, яғни мүгедектікке апарады. Бұл сусындардың зияндылығына көзі жеткен бірқатар шетел мемлекеттері бұл тәтті удың дүкендерде сатылуына шектеу қоя бастады. Бірер жыл бұрын Малайзия, Әзірбайжан елдерінде аталмыш сусындарға қарсы шаралар жасалды. Айталық, энергетикалық сусындардың зиянды жақтарын анықтай келе Австралия, Жаңа Зеландия, оның артынша Дания мен Норвегия өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған.

Сонымен қатар энергетикалық сусындар адамға күш-қуат береді деп ойлау да қате ұғым. Былайша айтқанда, сусын ағзаға сырттан күш-қуат әкеліп құймайды, адамның денесіндегі барын ұқсатады. «Бұл өнімге біз тыйым сала алмаймыз, себебі олар қазір нарыққа шығып кетті. Егер біз бұл өнімдерге тыйым салатын болсақ, онда «Кока-колаға», «Пепси-колаға» және басқа да көптеген сусындарға тыйым салу қажет», — дейді. Тамақ өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін бақылау зертханасының меңгерушісі Люция Каламкарова. («Қазақпарат» жаңалықтар)

Қысқасы, еліміздегі дүкен сөрелерінде, базар, көшелерде қаптап тұрған энергетикалық сусындардың адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазан айында тіркелді. Пенза қаласының студенті осы сусындарды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмды. Міне, содан да болар, Франция мен Германия елдерінде бұл сусындарды өндіруге мүлде тыйым салған. Ал Қазақстанда бұл энергетикалық сусындар кез келген жерде емін-еркін сатылып жатыр. Тіпті әрбір қаладағы көшелерде, теледидарда күндіз-түні бұл сусындар жарнамалануда. Адам денсаулығын емес, өз өнімін көбірек өткізіп, табыс табуды ойлаған өндірушілер жарнамаға да қаржы аяп отырған жоқ. Сол теледидардың алдында телміріп отыратын жастардың небір қызықтырарлық роликтердің әсерімен дәмі тіл үйірер алдамшы сусындарға тәуелді болып қалғандығы да жасырын емес. Ал бұл өнімдердің бізге беймәлім тағы қандай зияны барын кім білсін. Әрине, ол үшін бұл сусындарды тереңірек зерттеп, адам денсаулығына қаншалықты зияндылығын дәлелдеп, Үкіметтен бұл сусындарды сатуға, жарнамалауға тыйым салу қажеттігін талап ету қажет.

Ұқсас сұрақтар

...