+1 дауыс
5.4k көрілді

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЖЕЛГI ҚАЛАЛАРЫ — жазба деректемелер мен археологиялық  материалдар нәтижесiнде анықталған  байырғы қоныс орындары, қала жұрттары. 6 — 9 ғ-ларда Оңт. Қазақстан мен Оңт.-Батыс Жетiсуда қала мәдениетi жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрiк әулеттерiне бағынды және ретi бойынша Батыс Түрiк, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына ендi. Бұл кезеңде көшiп жүретiн жер аумағы шектелiп, көш жолдары  қалыптасты, тұрақты қыстаулар мен  жайлаулар орнығып, егiншiлiк пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлiнiп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа  көштi. Мемл. төрешiлдiк аппарат құрылып, ортақ тiл мен жазу  қалыптасты, сауда және дипломат. байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкiмш. және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретiнде қалалар салына бастады. Оңт. Қазақстандағы ең iрi қала Исфиджаб  саналады. Ол 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында “Ақ өзендегi қала” атымен алғаш аталады. Кейiн Махмұт Қашқари Сайрам — ақ қаланың аты (әл-Мединат әл-Байда), ол Исфиджаб деп, кейде Сайрам деп те  аталғанын жазады. Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 — 10 ғ-ларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қ-лары мен елдi мекендерi орналасқан. Шарапқа — Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қ-ларының жұрты сай келедi. Тамтаж, Абараж — керуен сарайлары iспеттi. Арыстың төм. ағысында орталығы  Отырар қ. болған Фараб (Отырар) өңiрi жатты. Отырар аты (Отырарбенд) 8 — 9 ғ-лардағы жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секiлдi атаулары да бар. Отырардан төменiрек Сырдария бойындағы Шауғар өңiрiнде сол аттас орт. болған. Шауғар қ. (соғды тiлiнен аударғанда “Қара тау”) Түркiстанның оңт.-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қ-ның орнында болған. Оңт.-Батыс Жетiсуда қалалардың өркендеуiне, қолөнерi мен егiншiлiктiң және құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулi әсерi болды. 8 ғ-дың 2-жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығ. Түркiстанмен жалғастыратын Ұлы жiбек жолының бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қ-лары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлiм болды. Жазба деректерге қарағанда 7 — 13 ғ-ларда осы жол бойындағы Аспара, Шiгiлбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Исфиджаб, Усбаникет және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлiк, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсiбi өркендедi. Тұрғындары егiн ш-мен айналысып, бидай, тары егiп, бақ, жүзiм өсiрген. 9 — 10 ғ-ларда солт.-шығыс Жетiсуда да қалалар салына бастаған. Iле өз. бойындағы көшпелiлер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнерi мен сауда орталығына айналды. 9 ғ-да және 10 ғ-дың 1-жартысында Жетiсуда билiк қарлұқтар қолына өтуiне байланысты көшпелi халықтар отырықшылыққа жедел көше бастады. Көшпелi тайпалардың ақсүйектерi құнарлы жайылымдарды басып алу, соғыс жорықтары және сауда арқылы байыды. Қоғамның қарапайым мүшелерi топ-тобымен отырықшылыққа көшiп, егiншiлердiң, қолөнершiлердiң қатарын толықтырды. Осыдан барып үлкендi-кiшiлi елдi мекендер мен қалалар көбейе бастады. 9 — 12 ғ-ларда қоғамның өндiргiш күштерi үлкен қарқынмен өстi. Орта Азия мен Қазақстандағы саяси билiктi басып алған Қарахан әулетi феод. қатынастардың қалыптасуына ықпал жасады. Осы кезде қалаларда дiни орындарға арналған құрылыстар, ақсүйектердiң сарайлары, су құбырлары, тазалық жүйелерi салынды. Жаңа қалалар пайда болды. Әсiресе, Оңт. Қазақстанда қалалар көркейе түстi. Бұрын 5 — 7 га-дан аспаған Отырар рабадының аумағы 170 га-ға дейiн жеттi. Кең көлемдегi қазба жұмыстары Оңт. Қазақстандағы қала мәдениетi ескерткiштерiнiң типологиясын жасауға мүмкiндiк бередi. Аумағы 30 га-дан асатын қала жұрттарына Сайрам (Исфиджаб), Шортөбе немесе Қараспан-1 (Осбаникет), Отырартөбе (Отырар), Құйрықтөбе (Кедер), Шойтөбе (Шауғар), Жанқала (Жанкент, Янгикент), Сунақ-Ата (Сығанақ), Құмкент жатады. Аумағы 15 га-дан 30 га-ға дейiн жететiн қалалар — Бурух, Хурлуг, Жумишлағу, т.б. 15 га-ға дейiн жететiн қала жұрттарына Шарапхана (Газгирд), Бұлақ-Қоғал (Манкент), Тамды (Берукент), Қазатлық (Будухкет), т.б. жатады. Осы қалалардан басқа Сырдарияның орта ағысында 6 — 9 ғ-лардың бiрiншi жартысына тән мәдени қабаттары анықталған бiр топ қала жұрттары жатыр. Қазақстанның оңт-нде жалпы саны 27-ге жететiн осындай қала жұрты бар. Қазақстанның оңт-ндегi қала жұрттарына құрылымында — iшкi қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекiндiрiлген қала) және рабад (қала төңiрегiндегi сауда-қолөнер орны) болатын топография тән.
+2 дауыс
Әдемі,қазіргі кездегі өмір сүріп жатқан қалалардың ішіндегі ең көнесі ТАРАЗ қаласы,екі мың жылдан аса тарихы бар.
Дұрыс айтасыз...
+1 дауыс
Түркістан - қала, Түркістан қалалық әкімдігінің орталығы, темір жол стансасы. Облыс орталығы - Шымкент қаласынан солтүстік-батысқа қарай 225 км жерде, Сырдария өзенінің оң жағын ала, Қаратаудың оңтүстік беткейінде орналасқан. Іргесі б.з. 500 жылы қаланып, Түркі халықтарының орталығы болып келеді.

Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан қаласының айналасындағы аймақта тас дәуірі ескерткіштері - Шоқтас, Қосқорған - бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткеннін көрсетеді. Б. з. б. 2-мың-жылдықтан бастап Түркістан қаласы төңірегінде Қазақстанның басқа да өңіріңдегідей Андронов мәдениетін жасаушылар тұрған.

Түркістанның ежелгі аты - Иасы. Археологтар ертедегі Иасының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. 7-12 ғасырларда Түркістан төңірегі Шауғар өңірі атанған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады. 9 ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Манун, 10 ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорықтар жасаған. 12 ғасырдың 1-ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Иасы өлкенің орталығына айналды. Қожа Ахмет Иасауи осында келіп қоныс тепкен кезде атақ-даңққа бөленді. Қожа Ахмет Иасауи қайтыс болғаннан кейін оның қабірі басына мазар тұрғызылды. Ол қасиетті орын деген атқа ие болды. Қаланың Ұлы Жібек Жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы, географиялық жағдайдың қолайлылығы, сонымен бірге адамдардың мазарға тәуәп етуі, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті. Иасы қаласы туралы деректер 13 ғасырда жарық көрген Киракос Гандзакенцидің "Армения тарихы" атты еңбегінде кездеседі. Бұл еңбекте Иасы қаласы Асон деген атаумен берілген. Иасы атауы 14 ғасырдан бастап тарихи шығармалардың беттерінде жиі көріне бастады. Шараф әд-Дин Әли Йездидің хабарларына қарағанда, 1388 жылы Иасыны Тоқтамыстың әскерлері талқандап, түрік тайпаларының қасиетті мекеніне айналған Қожа Ахмет Иасауи мазарын тонайды. Әмір Темір Тоқтамысты талқандағаннан кейін жаулап алған олжаның бір бөлігін Қожа Ахмет Иасауи кесенесін салуға жұмсайды. Иасы орта ғасырларда Орта Азия ғимараттары үрдісі бойынша дамыды: қамал, шаһристан, рабад қалыптасты. 15 ғасырдың 1-жартысында Шараф әд-Дин Әли Йезди Иасыны шағын елді мекен болды деп атап корсетсе, ал 16 ғасырда Руз-бехан Исфахани "Михманна-ме-и Бұхари" атты шығармасында Иасыны былайша суреттейді: "Аса қасиетті Қожаның сағанасы орналасқан Иасы қаласы өрісі кең әрі құнарлы жер, Түркістан аймағының орталығы. Иасы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізіледі де, сол жерде оларды сату басталады. Сондықтан ол көпестердің тең-тең жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын әр елге аттандыратын орын болды". 15-17 ғасырларда зираттың төңірегіне ақсүйектер күмбездері салынып, олардың ішінде Рабиға Сұлтан Бегім (15 ғ.), Есім хан (17 ғ.) күмбездері ерекше маңызды болды. 1579 жылы Иасы қ. Ақназар ханның иелігіне айналды. Түркістан Есім ханнан бастап Қазақ хандығының орталығы болды. Сол кезден бастап Иасы қаласы Түркістан деп атала бастады.

18 ғасырда жоңғар шапқыншылықтары қаланы құлдыратып жіберді. 1819-64 жылы Түркістан Қоқан хандығының қол астына қарады. Сол кезеңде Түркістан қаласының аумағы 70 га-ға жуық болды. Оны балшықтан соғылған қамал қоршап тұрды. Қабырғада 12 мұнара мен 4 қақпа болған. 19 ғасырдың 60-жылдары Түркістанда 20-ға жуық мешіттер, 2 медресе, базар, 22 су диірмені, 5 мындай тұрғыны болды. 1864 жылы 11 маусымда Түркістанды Ресей әскерлері жаулап алды. 1872 жылдан уездік қала аталды. 20 ғасырдың басында Түркістан 1400 га-дай жерді алып жатты. 1903 жылы Түркістанда темір жол вокзалы салынды. 1908 жылы 3616 үй, 41 мешіт, 2 класты қалалық училище, қыздар училищесі, 1 медресе, 23 мектеп, 2 шіркеу болған. Қала халқы 1910 жылы 15236 адам болды. Өнеркәсіп және сауда орындарынан 1912 жылы 4 мақта тазалайтын, 10 май шайқайтын, 8 сабын қайнататын, 5 кірпіш зауыттары, 15 су диірмені жұмыс істеді. 1918 жылы 6-9 қаңтар аралығында Түркістанда Сырдария облысы қазақтарының съезі өтті. Съезде Сырдария облысының Алаш автономиясына қосылу мәселесі қаралды. Онда Сырдария қазақтары Алаш автономиясына қосылған жағдайда Түркістан қаласы Алаш астанасы болады деген шешім қабылданды. Түркістан қаласы 1928 жылдан Түркістан ауданының әкімшілік орталығы болды. Қалада білім беру, мәдени мекемелерінен Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан-Ресей гуманитарлық университетінің филиалы, медициналық колледж, педагогикалық колледж, кәсіптік-техникалық, музыкалық, спорт, жалпы білім беретін мектептер, орталық кітапхана, "Яссы" халықтық фольклорлық ансамблі, Р.Сейтметов драма театры, "Яссы" эстрадалық тобы, "Шұғыла" тобы, "Назерке" бишілер тобы, "Түркістан тамашасы" әзіл-оспақ театры, "Ақбота" қуыршақ театры жұмыс істейді. Денсаулық сактау саласынан қалалық емхана, диагностикалық орталық, жедел жәрдем, дәріханалар бар. Түркістанда "Түркістан" баспасы, "Әзіретті Түркістан", "Ұстаз" газеттері, "Түркістан тынысы", "Тұран Түркістан" телеарналары жұмыс істейді. Қалада ардагерлер үйі, қонақ үйлер, саябақтар, Саттар Ерубаев мұражайы бар. 1991 жылы "Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы" ашылды. Қалада жөндеу-механика, мақта тазалау, жем, кірпіш зауыттары, темір-бетон бұйымдарын шығаратын, тұрмыс қажетін өтейтін комбинаттар, тағы басқа кәсіпорыңдар жұмыс істейді. Түркістанның көркі мен мәртебесі - Түркі әлемінің ғұламасы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі. ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтілді (2000). Түркістан қаласы жерімен халықаралық маңызы бар Орынбор-Ташкент темір жолы өтеді.
...