0 дауыс
946 көрілді
Петропавл, Павлодар қалаларын неге Қызылжар, Кереку деп тарихи атауларына ауыстырмайды?

1 жауап

0 дауыс

Қазақ бола тұра кеңес заманында туылып, Света, Ирина немесе Марина атын ғұмырының соңына дейін алып жүруге мәжбүр қазақтарды түсінуге болатын шығар.

СҚО әкімі петропавл атауын өзгертпейміз деп, жоқ жерден неге жік шығарып жүр?

Алайда бір заманда патшаның әмірі, қала берді, "қызылдардың екпінімен" жазықсыздан-жазықсыз орысша атанып кете барған қазақ жерлері ше? Көбіне "овка" боп келетін орысша атаудағы елді мекендердің санына жете алмасымыз анық, алайда солтүстіктегі екі бірдей елеулі қаламыздың бірі Павлодар, екіншісі Петропавл болып жүргені қалай? Тәуелсіздігімізді алғалы 20 жылдан асты, Кереку мен Қызылжар неге әлі күнге баз баяғы атаумен тұр?

Жоқ жерден жік шығарып тұрғанымыз жоқ, таяуда ғана, яғни 6 желтоқсан күнгі Астана қаласы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров: "Ономастикалық заңдарға қатаң өзгерістер енгізілді. Өздеріңіз білесіздер, қаланың атауын өзгерту үшін халықтың келісімі керек. Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы мәселе көтерілген емес. Сондықтан өзгертуге ешқандай негіз жоқ" дегені.

Оған дейін жергілікті халық, жалпы, қазақ Қызылжар мен Керекудің атаулары қайта оралады деп күткен, үміт оты алаулап тұрған. Оған негіз жоқ емес-ті. Басты негіз – Елбасымыздың өз сөзі. Президент Н.Назарбаев 2008 жылдың 29 мамырында қазақтілді басылымдар редакторларына берген сұхбатында былай деген болатын: "Қазақта "Жерiңнiң аты – елiңнiң хаты" деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елiнiң тарихын да жазып отырған. "Тәуелсiз мемлекеттiң бiр белгiсi – оның ұлттық нышандары" десек, сол ұлттық нышандар елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың да аттарынан көрiнiп тұруға тиiс. Елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi "Петропавл мен Павлодар секiлдi қалалардың атауларын да өзгертсек" деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секiлдi қалалар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да – орынды ұсыныс...".

Бұл 2008 жыл десек, 2009 жылдың 27 ақпанында облысқа барған сапарында Елбасымыз ең әуелгі сөз басын "Құрметтi, қызылжарлықтар!" деп бастағаны, ақпан ортасында айтылған осы бір ауыз жылы сөздің өзі қала тұрғындарының жүрегіне жылылық ұялатқандай болғаны" жайлы газетіміздің 2009 жылғы бір санында жария болған да еді.

Тіпті мақала атауы "Президент "Қызылжар" десе, әкiм "Петропавл" дейдi!" деген болатын.

Жалпы, шаһардың тарихи есiмi Қызылжар екенi әлдеқашан дәлелденген. Қадым заманда Қожаберген жырау: "Атыңды "Қызылжар" деп бабам қойған" деп жырласа, күні кеше қызылдардың қаһарынан қан тамып тұрған ХХ ғасырдың өзінде жазушы Сәбит Мұқанов өзінің "Аққан жұлдыз" романында: "Бұл қаланың Қызылжар деп аталатын себебi – Есiл өзенiнiң топырағы қызғылт түстi жарына орнағандықтан екенiн бiлемiз", – деп тайға таңба басқандай етіп жазса, Iлияс Есенберлиннiң "Көшпендiлер" трилогиясында да қаланың аты Қызылжар деп жазылады.

Тіпті 1925 жылдың жазында Ақмола губерниялық атқару комитетi қала атауын "Қызылжар" деп өзгерту туралы шешiм шығарып, бiрнеше жыл қала ресми түрде осылай аталса керек. Бұл жайлы осыдан бес жылдай бұрын және одан бері де Қызылжардан әріптесіміз Ербақыт Амантайұлы ұдайы жазып тұрады.

Жоғарыдағы Елбасымыздың сөзі бар, қала берді, жергілікті халық бірауыздан тарихи құжаттарға сүйене отырып осы мәселеге заң тұрғысынан баға беруін сұрап, бір кездері ҚР Бас прокуроры болған Қайрат Мәмиге депутаттық сауал жолдағанда, Бас прокурор бастамаға қолдау білдірген.

"Петропавл қаласының атауы тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бар" деп жазады "Халық сөзі" газетінде журналист Айгүл Аханбайқызы, өзінің қала атауын неге Қызылжар деп өзгерту керектігі жайлы мақаласында. Ал оны жазуға Мәскеуде тұратын саясаттанушы Дмитрий Верхотуровтың "Аргументы в пользу Кызылжара" деген мақаласы елең еткізсе керек.

Мәскеулік саясаттанушы Петропавл қаласын Қызылжарға ауыстырудың сойылдай мықты төрт себебін жіктеп беріпті.

Біріншіден, Петропавловск атауы Қазақстанда ғана емес, Камчаткада бар және ол бұл Петропавлдан асып түседі, ал ол қай қала үшін болса да аса қолайлы емес, әлдеқайда белгілі әрі атақты бәсекелесінің жанында біздікі көлеңкеде қалып қояды.

Екіншіден, Қызылжар атауы орысша айтуға да, қазақша қолдануға да ыңғайлы әрі ықшам. Ал бұл себеп – ең маңыздысы. Себебі қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін әр сөзді қолданудың тиімділігі мен тазалығына басымдық берілуі қажет.

Үшіншіден, Қызылжар атауы – бейтарап. Христианның екі әулиесінің атынан қосақталып пайда болған немесе "міне, қаланы біз, орыстар тұрғыздық" дегенге тұспалдап тұрған Петропавл сияқты емес, Қызылжар деген атта ешқандай да діни, ұлттық-тарихи мағына бүркемеленбеген.

Төртіншіден, Петропавл атауын ауыстырғаннан бұрынғы жасалған ізгі істер мен тарих естеліктері біржола өшіп кетпейді. Ол тарихи және мәдени мұраның бір бөлігі болып қалады" дейді автор.

Қорыта айтқанда, басты құндылығымыз – Тәуелсіздік мейрамы келе жатыр. Ел болып еңсе тіктейтіндей кезіміз жетті. Бұрын "енді ғана аяққа тұрып жатырмыз" деп ақталып, өткір мәселеге келгенде айналып өтетінбіз. Алайда "кейінге қалдыру" – істемей қоюдың ең оңай тәсілі екенін ескерсек, тап осы ел мен жер атауын елемей қою немесе жылы жауып қоя салуға қақымыз жоқ. Неге?

Әрине, Петр пен Павлдай патшалардың өз басына айтар дауымыз жоқ, алайда әңгіме Алаш даласына келіп тірелгенде, Кереку үшін керек болса у үшіп, Қызылжар үшін қызылкеңірдек болуға әр қазақтың қақы бар! Себебі қойнаудағы малы, тіпті қойнындағы жарын берсе де, ұлтарақтай жерге келгенде ұлы бабаларымыз егеулі найзаны қолға алып, ереуіл атқа ер салған! Әрине, мұнымен айтпағымыз, қазақ жерінің әу бастағы "азан шақырып" қойылған атын қайтару керек!


https://www.nur.kz/294253-sko-ekimi-petropavl-atauyn-ozgertpejmiz-dep-zhok-zherden-nege-zhik-shygaryp-zhyr.html

...