Сүю деген ...
Сүю деген қуану мен күрсіну,
Сүю деген көз жасына тұншығу.
Сүю – сені байқамайтын бір жігіт,
Сүю – сені елемейтін бір сұлу.
Сүю деген көңіліңнің күлкісі,
Сүю деген жігер оты, жыр күші.
Сүю – саған табынатын бір адам,
Сүю – сені ұнататын бір кісі.
Сүю деген шығу қиын биік тау,
Сүю деген көп ойларды тұйықтау.
Сүю деген ұйықтап жатып ояну,
Сүю деген ояу жүріп ұйықтау.
Сүю деген ұнату мен жирену,
Сүю деген сараңнан да сый көру.
Сүю деген білгеніңді ұмыту,
Сүю деген жұрт білместі үйрену.
Сүю деген сәл көрмесең сағыну,
Сүю деген табынбасқа табыну.
Сүю деген мойындамау сананы,
Сүю деген ессіздікке бағыну.
Сүю деген сезінбесті сезіну,
Сүю кенет бір ғажапқа кезігу.
Сүю деген армандаумен ояну,
Сүю деген қиялдаумен көз ілу.
Сүю деген тасып толу тағы да,
Сүю деген асық болу сағына.
Сүю – көну өз еркіңмен азапқа,
Сүю – міну тауқіметтің тағына.
Сүю деген айтып жүрген ән-жырың,
Сүю деген жел, қар, дауыл, жаңбырың
Сүю – сенің әр мезетің, әр сәтің,
Сүю – сенің бүкіл өмір, тағдырың ...
Еркін Дүйсенбаев