+1 дауыс
21.0k көрілді

К,азак, -конакжай халык. Сол конак кутуге байланысты кандай ырым -тиымдар бар?! Екi -ушеуiн бiлем : конакка сынык, бiр шетiне сызат тускен ыдыспен тамак бермейдi, ондай ыдыспен шайтан косарланып ас iшедi дейдi. Тагы кандай ырымдар бар?

2 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
. Қонақжайлылығымен тәнті еткен қазақ халқы осы қонаққа қатысты, қонақты күтудің сауабына қатысты көптеген ырым, наным-сенімдерді ұстанғанын төменде берілген ырымдардан байқауға болады:

* Қонақ болып барған үйінде қызды төрге отырғызады. Себебі, «қызда қырық көліктік бақыт бар». Төрде отырса ол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады. «Қызда қырық қырсық та бар». Босағада отырса, сол қырсық сол үйде қалады. «Қызда оттай ыстық мейір бар». Төрде отырса, сол мейір сол үйге бағышталады. «Қызда мұздай суық ызғар да бар». Есік жақта отырса, сол ызғар сол үйді шалады. «Қызда қырық періште бар». Төрде отырса, сол періштелер сол үйге қонады. «Қызда қырық сайтан да бар». Есік жақта отырса, сайтандар сол үйде қалады.

* Жолаушылап келе жатқан адам бір үйге сусын ішуге түспек болса, сол үйдің есігіне тура беттеп келіп аттан түспейді. Оң жағынан түседі, әрі үйді айналмайды. Себебі, жау үйінің жай-күйіне қарамайды, өлімнің суық хабарын естірткелі келген адам да күй таңдамай үйге кіреді. Сондықтан, жолаушының жүрісі жаман ырымға ұқсамасын дегені. Дос, туыстар оң жол, оң тілеумен оң жақтан келіп, оң аяқпен үйге кіреді.

* Қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол шығармайды. Өйткені, сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, келер бақытының беті қайтпасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын деп ырымдаған. Егер, сәби суық рай көріп, кейіген кейіппен шығып кетсе, бұл шаңырақтан бақ, төрден бақыт, дәннен ырыс кетеді деп ырымдалады.

* Үйде отырған қонақты саусақпен санамайды. Оның ішінде ақ сақалды қариялардың да отыруы мүмкін. Малды, қолға түскен тұтқынды ғана саусақты шошайтып санайды.

* Үлкен тойда, аста немесе салтанатты мереке-мейрамда сыйлы қонаққа көк қасқа тай, ақ сары бас қой, атан түйе, дөнен өгіз сойылады. Сонда барлық тілек қабыл болып, зор бақыт қонады деп сеніп, ырымдалады.

* Қазақ үйіне қонған қонақты ырымдайды. Қонақ қонған түні мал төлдесе, құйрық асып, қонақты сыйлайды. Әрі киіт кигізіп, «Ақ жолтай қонақ» деп шығарып салады.

* Дастархан оң бетімен жайылады. Дастархан қос қабатталған болса, қонақ келгенде оның тұйық жағын қонаққа қаратып, оң бетін келтіріп жаяды. Мұны «дастархан оң болмай, ісіңде жол болмайды» деп ырымдайды. Дастархан – береке-бірліктің, тірліктің бейнесі ретінде қастерленеді.

* Қонақ келгенде есікті үй иесінің өзі ашады. Ал қонақ шығарда есікті үй иесі ашпайды, қонақтың өзі ашып шығады. Қонақ үйге келгенде құт бірге кіреді деп жориды. Қонақ кетерде үй иесі есік ашып берсе, құт та әлгі кісімен ілесіп кетеді деп ырымдалады.

* Қонақтың пышағы немесе бәкісі дастарханмен бірге жиналып кетсе, қайтарып берілмейді. Қонақ ет турағанда пышағын өзі сүртіп қынына салып алуы керек. Егер дастарханмен бірге жиналып кетсе, қонақ үндемейді, пышағын сұрамайды. Сұраса «Қырық пышақ боп өштеседі» деп жориды.

* Ұзақ жолдың азабын тартып келген жолаушыны жаңа босанған әйелдің үстіне кіргізбейді. Ол өте жақын туыс болса ғана біраз демалғаннан кейін беті-қолын жуып, сыртқы киімдерін шешіп, жеңілденгеннен соң барып кіруге тиіс. Өйткені, жол азабын тартқан адамның түсі сұсты, қабағы қатыңқы болады. Өмір есігін жаңа ашып, көзі мөлдіреп жатқан сәби мен сүйек-сүйегі босап, әлсіреп жатқан ана шошып қалмасын, секемденбесін, сырттан кірген қонаққа ілесіп келіп, жын жабыспасын деп ырымдаған.

* Қазақта кетік, жырық ыдыспен қонаққа ас бермейді. Себебі, ыдыстың кетігінен сайтан қосарлана ас ішеді, қонақ қорланады, қонақтың жебеуші иесі шамданып, кәрін төгеді деп ырымдайды.
+2 дауыс
Менің тапқаным мыналар))))

Қонақ, қонақжайлылық туралы мақал-мәтелдер
Қонақ қойдан жуас.
Май берсең де жей береді.

Тойдан табықпай.

Қонақасы – тәңір ақысы.

Қонақ аз отырып, көп сынайды.

Қонағым жүре тоярсың.

Қонақты сөзбен тойдыра алмайсың.

Асыңа тойғызбасаң да ақ ниетіңе тойғыз.

Құтты қонаққа - тәтті тамақ.

Атың барда жер таны,
Асың барда ел таны.

Қонағын сыйласа төрге шық дейді.

Жолаушының азығы жолында.

Жаяу қонақ тыныш ұйықтар.

Алдына ас қойдым, екі қолын бос қойдым.

Қонағым өз үйіңді де ойлар отыр.

Бұрынғы қонақ соңғы қонаққа орын берер.

Сыйлы қонақ босағада отырмайды.

Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес.

Шақырмаған қонаққа шайдан артық тамақ жоқ.

Тоқ қонақты сыйлау оңай.

Екі үйдің қонағы
Емексіп жүріп аш қалар.

Қонағым сен "ет" деме, мен "кет" демеймін.

Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал.

Сыларға асың болмаса,
Сыйпарға тілің болсын.

Сыпайы қонақ сайыңды жейді,
Мылжың қонақ мыйыңды жейді.
 
Қонаққа бара білсең, шақыра да біл.

Қонақ бір күн қонса – құт, екі күн қонса – жұт.

Келгенше қонақ ұялады,
Келген соң үй иесі ұялады.

Қонағы жаман болса, үй иесі қыдырады.

Ет жегеннің бәрі қонақ.

Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.

Қонағын сүймеген баласын ұрады, не үйін сыпырады.

Қонақ асына емес қабақ – қасыңа риза.

Өзі қонақ болып көрмеген,
Қонақты сыйлай білмейді.

Қонақ келсе ет қызарар,
Ет қызармаса, бет қызарар.
Рахмет. Өте керемет мақал-мәтелдер екен.
...