+1 дауыс
10.0k көрілді
Тұрмыс салт жырлары-халық дәстүр бастауы деген тақырыпта шығарма жазып беріңіздерші..өтінем   5-6 бет болса жақсы болушеды

3 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
Кез келген халықтың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы болады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге байланысты туған шығармалар тұрмыс-салт жырлары деп аталған. Тұрмыс-салт жырлары мазмұны жағынан бірнеше түрге бөлінген. Олардың негізгілері:

1. Төрт түлік малға, еңбекке, аңшылық кәсіпке байланысты туған шығармалар. Наурыз жыры.

2. Баланың дүниеге келуіне, есейіп ержетуіне байланысты туған шығармалар.

3. Үйлену салтына байланысты туған өлең-жырлар.

4. Көңіл күйді білдіретін өлең-жырлар.

5. Бата-тілектер.

Тұрмыс-салт жырларының ең бай және кең тараған түрі – төрт түлік малға байланысты туған өлең-жырлар. Төрт түлік туралы өлең-жырлар ерте заманнан бері халықпен бірге жасасып келеді. Ерте кезде адамдарда әр түліктің иесі бар деген түсінік болған, оларға ат қойған, әрқайсысының жаратушы иесі бар деп түсініп, оларға жалбарынған. Мысалы; Қой атасы – Шопаната, Сиыр атасы – Зеңгібаба, Жылқы атасы – Қамбарата, Түйе атасы – Ойсылқара, Ешкі атасы – Шекшеката. Шопанатадан «Тегене құйрық қошқар бер, малды берсең, қойды бер», Қамбаратадан «Айғыр берсең үйірі толған байталды, өңкей мама бие бер», Зеңгібабадан «Сиыр берсең, өңкей сүттісін бер», Ойсылқарадан «Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан, жүнді, сүтті, күшті түйе бер», – деп жалбарынады. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты болған қазақ халқы әр түліктің ерекшелігін де тани білген және оған байланысты көптеген өлеңдер туғызған. Соның бірі – «Малдың баласын сүюі» өлеңі.

Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп,

«Ештеңені білмеген момыным» деп.

Сиыр сүйеді баласын «торпағым» деп,

«Қараңғыда баспаған қорқағым» деп.

Түйе сүйеді баласын «боташым» деп,

«Жаудыраған көзіңнен тоташым» деп.

Ешкі сүйеді баласын «лағым» деп,

«Тастан-тасқа секірген шұнағым» деп.

Жылқы сүйеді баласын «құлыным» деп,

«Тұлпар болар жүгірген жұрыным» деп.

Халық ауыз әдебиетінде аңшы-мергендермен қатар алғыр қыран құстар мен жүйрік тазылар да өлеңге қосылған. Өлеңдерде олардың адам баласына пайдасы, көмегі, атқарған қызметі баяндалған. Халық арасына кең тараған әннің бірі – «Көкжендет».

Көкжендет, тұғырың алтын, жібек баулы,

Бар ма екен Көкжендеттей қыран шәулі?!

Күніне отыз үйрек, қырық қаз іліп

Кеш болса отырушы ең тояттаулы, –

деген жолдарда Көкжендеттің алғырлығы, тигізген пайдасы туралы айтылған.

Ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырларының бір түрі – Наурыз жыры. Қыстың ызғары кетіп, елдің ауыр еңбектен қолы босап, аққа аузы тиеді. Оны кәрі-жастың«құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен Ұлыстың ұлы күні» дейді. Наурыз күні

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жол болар..

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын,

Қайда барсаң жол болсын!

Бәле-жала жерге енсін!..–

деген өлең жолдарымен үлкен-кіші, кәрі-жас бір-біріне игі тілек тілеген.

Тұрмыс-салт жырларының бір түрі – сәбидің дүниеге келуіне байланысты туған өлең-жырларға шілдехана жыры, бесік жыры, тұсаукесер жыры, атқамінер жыры жатады.

Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той.Шілдеханаға жиналған көпшілік домбыра тартып, ән салып, айтысып, таң атқанша көңіл көтереді. Ән-жырмен жас анаға, өмірге келген сәбиге жақсы тілек тілейді.

Бесік жыры – ананың балаға деген ыстық мейірімі мен аналық махаббатын көрсететінтұрмыс-салт жырының бір түрі. Ана сәбиінің бесігін тербетіп отырып:

Әлди, бөпем, әлди-ай!

Айналайын, шырағым,

Көлге біткен құрағым,

Жағамдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым,

Әлди, бөпем, әлди-ай.!

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің?–

деп, баласына деген аналық сезімін, одан күтер үмітін, артар сенімін өлең арқылы білдіреді.

Бала қаз тұрып жүре бастағанда, аяғын ала жіппен күрмеп, тұсауын кесу салтында айтылатын өлең-жыр – тұсаукесер жыры. Тұсау кесуші адам:

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Құтты болсын қадамың

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер, –

деп өлеңдете отырып, баланың өмірге аттаған қадамына сәттілік тілейді.

Бала төрт-бес жасқа толғанда өзіне арнаған тай немесе құнанына мінгізіп, қуаныш қылған тойында тілек, бата түрінде айтылатын жыр – атқамінер жыры. Тойға жиналғандар:

Ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал, тілек.

Жасыңнан малды баға біл,

Атқа жақсы шаба біл.

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл.

Мінеки, атқа міндің – ашылды жол, –

деп, балаға үлкен жауапкершілік артып, сана-сезімінің оянуына, тез есеюіне әсер еткен.

Тұрмыс-салт жырларының келесі түрі – үйлену салтына байланысты туған өлең-жырларғажар-жар, тойбастар, беташар, сыңсу, т. б. жатады.

Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің бірі – тойбастар.Тойбастар өлеңінде:

Құнан қойын шайлатып сойдырған үй,

Табақ-табақ ет тартып, тойдырған үй,

Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз,

Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй! –

деп той бастаушы той иесіне игі тілек білдіре өлеңмен той бастайды. Тойбастар өлеңінде той иесіне жақсы тілек, ұзатылған қызының тойына «құтты болсын» айтылады.

Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің тағы бір түрі – жар-жар. Жар-жарды қыздар жағы, жігіттер жағы немесе қыз алушы мен қыз ұзатушы құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысады.

Жігіттер немесе қыз алушы жақ:

Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау,

Қара мақпал сәукеле бетің басар, жар-жар-ау,

Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау,

Жақсы болса, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау,–

десе, қыздар немесе қыз ұзатушы жақ:

Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,

Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау.

Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау,

Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау, –

деп жауап береді.

Жар-жар осылайша екі жақтың ата-ана, аға-жеңге, апа-қарындас, аға-іні, т. б. туыстарын салыстыру арқылы бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті сипаттау үлгісімен жалғаса береді.

Жаңа түскен келінді жаңа жұртымен таныстыру мақсатында айтылатын тұрмыс-салтжырының бір түрі – беташар.

Келін, келін келіп тұр,

Иіліп сәлем беріп тұр, –

деп, жаңа түскен келінге ауылдың үлкендерін таныстырады.

Беташардың екінші бөлімі «Айт келін» деп басталып, жаңа түскен келінге тәрбие берумақсаты көзделеді. Онда отбасы мүшелерін сыйлау, құрметтеу, еңбекке бейімділік, үй шаруасына икемділік, т. б. тәлім-тәрбие, өнеге айтылады.

Ұзатылатын қыздың ағайын-туыс, ел-жұрт, әке-шешесімен қоштасып айтатын өте ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырының бір түрі – сыңсу. Ұзатылып бара жатқан қыз:

Ата-анам еді – дәулетім,

Мен жұртыма жау ма едім.

Жатжұрттық болып кеткен соң,

Кетер-ау бастан сәулетім, –

деп, ел-жұрт, ағайын-туыс, құрбы-құрдасқа көңіл шерін толғайды.

Тұрмыс-салт жырларының бір түрі – көңіл күйді білдіретін өлең-жырлар қоштасу, естірту, жоқтау болып үшке бөлінеді.

Көңіл күйді білдіретін өлең-жырлардың бірі – қоштасу. Қоштасу жақын адамынан айырылғанда айтылатын көңіл күй жыры болып табылады. Қоштасу өлеңдерісонымен бірге кір жуып, кіндік кескен атамекенмен, туған жермен қоштасу түрінде де айтылған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында Ай мен Таңсық туған жерімен:

Балталы, Бағаналы ел аман бол,

Бақалы, балдырғанды көл аман бол.

Теруші ем еріккенде ермек етіп,

Екпе жиде, алма ағаш, гүл аман бол, –

деген өлең арқылы қоштасқан. Қоштасу өлеңдерінде туған жерге, ғашық жарына, ата-анасына, туған-туысқанына деген қимастық сезім білдірілген.

Қазақ халқының ертеден келе жатқан көңіл күй өлеңінің бірі – естірту және көңіл айту. Естірту бір адамның немесе бүкіл елдің басына түскен ауыр халді, қайғылы қазаныөлеңмен, тұспал сөзбен не күймен жайлап естірткен. Мысалы:

Ақсұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан, –

деп, қазаны естіртуші адам айтайын деген ойын жұмбақтап, ишаратпен, тұспалмен бастап, әр түрлі салыстырулар арқылы тыңдаушыларды алдын ала даярлаған. Сондай-ақ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ

не болмаса «Жетпесті қума, келмеске жылама» деген сөздермен басу, жұбату айтқан. Мұндай өлең түрлері естірту деп аталған. Естірту өлең-жырмен де, қарасөзбен де, күймен де жеткізілген. Естіртудің қарасөз түріне «Жиренше шешенге Қарашаш сұлудың өлгенін естірту», «Шыңғыс төреге Шоқан өлімін естіру», «Қанжығалы қарт Бөгенбай өлімін естірту», т.б. жатады. Ауыз әдебиетінде естірту күй түрінде де кездеседі. Мысалы, Жошы ханның жалғыз ұлының өлімін күймен естірткен.

Көңіл күйге байланысты туған өлең-жырдың көне түрі – жоқтау біреудің жақын адамы, ел қамқоры болған батыр қайтыс болғанда айтылған. Халық үшін жаулармен шайқасып, қол бастаған, ел қорғаған Қанжығалы Бөгенбай батыр өлгенде Үмбетей ақын:

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгенбай,

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгенбай, –

деп жоқтаған.

Көңіл күйді білдіретін өлеңдерді ғалым, әдебиетші М.О. Әуезов «мұң-шер өлеңдері»деп те атаған.

Тұрмыс-салт жырларының бірі – бата-тілек. Бата – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани қазынасы. Халық «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ер көгереді» деп бата сөздерге аса үлкен мән берген. Этнограф-фольклорист В.В. Васильев «Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі» деп аса жоғары бағалаған. Батаның көптеген түрлері бар.

1. Жол батасы.

Жолыңды Алла қолдасын,

Сапарыңды оңдасын.

Пырақ болып мінгенің

Жорытқанда жаныңда

Қызыр болсын жолдасың...

2. Дастарқан батасы:

Заман тыныш болсын,

Дастарқанға ырыс толсын.

Орындарың төр болсын,

Нәсіптерің мол болсын!

3. Тұсаукесер батасы:

Тұсауыңды кесейін,

Салып ата салтына

Жалтақтамай аяқ бас.

4. Шілдехана батасы:

Құтты болсын бесігің,

Аштың өмір есігін.

Батамды оңдап берейін,

Азамат бол мерейлі!

5. Көш батасы:

Көшің көлікті болсын,

Көлігің сенікті болсын!

Көшбасшың білікті болсын,

Сапарың сенікті болсын!

Конспект сұрақтар

 Төмендегі ауыз әдебиетінің үлгісі түліктің қай түріне арналғанын табыңыз.   Шібегелер шігесі, Қатпа келер шекесі, Сойса, саны қалақтай, Сауса, сүті бұлақтай.  
«Айт, келін» деп басталатын жыр ауыз әдебиетінің қай түрі екенін белгілеңіз.
«Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі...» деген пікірді айтқан фольклорист-ғалымды көрсетіңіз.
«Жетпесті қума, келмеске жылама»,   «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ»   деген сөздер ауыз әдебиетінің қай түрі екенін көрсетіңіз.
Аңшылық кәсібіне байланысты туған өлең-жырды көрсетіңіз.
Берілген үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.   ...Ақсұңқар ұшты ұядан,   Қол жетпейтін қиядан...
Берілген өлең жолдары тұрмыс-салт жырының қай түріне жататынын көрсетіңіз.   Жағамдағы құндызым,   Аспандағы жұлдызым.   Әлди, бөпем, әлди-ай!
Бос орынға мақал-мәтелге қажет сөздерді көрсетіңіз. «________жер көгерер, ________ер көгерер».
Бос орынға қажет сөзді көрсетіңіз.   Төрт түлік ақты болсын,   __________оң болсын!
Бос орынға қажетті сөздерді көрсетіңіз.   Түйе сүйеді баласын «___________» деп,   Жаудыраған көзіңнен «__________» деп.
Жігіт жағы, қыз жағы болып бөлініп айтaтын ауыз әдебиетінің түрін көрсетіңіз.
Жар-жар қандай жағдайда айтылады және кім айтатынын белгілеңіз
Жошы ханның баласының өлімін кім, не арқылы естірткенін көрсетіңіз.
Көңіл күйді білдіретін өлеңдерді «мұң-шер өлеңдері» деп атаған ғалымды көрсетіңіз.
Сәбидің дүниеге келуіне байланысты туған өлең-жыр түрін көрсетіңіз.
Туған жермен қоштасу өлеңі қай лиро-эпостық жырда кездесетінін көрсетіңіз.
Төрт түліктің бірі түйе атасы қалай аталатынын табыңыз.
Халық ауыз әдебиетіне жатпайтын қатарды көрсетіңіз.
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түрі екенін көрсетіңіз.   Көшің көлікті болсын,   Көлігің сенікті болсын!
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын белгілеңіз.   Уа, Алатаудай Ақшадан   Асып тудың Бөгенбай...
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.   Сәрсенбі сәтті күні той қылыпсыз,   Тойыңыз тойға ұлассын берекелі.
Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.   ...Қаз-қаз, балам, қаз балам,   Тақымыңды жаз, балам   Қадамыңа қарайық,   Басқаныңды санайық...
Үзінді батаның қай түріне жататынын белгілеңіз.   Жолыңды Алла қолдасын,   Сапарыңды оңдасын.   Пырақ болып мінгенің   Қызыр болсын жолдасың...
Үйлену салтына байланысты туған өлең түрін белгілеңіз.
Ұзатылатын қыздың ағайын-туыс, ел-жұрт, әке-шешесімен қоштасып айтатын жыры қалай аталатынын көрсетіңіз.
+1 дауыс
Тұрмыс салт жырлары-халық дәстүр бастауы деген тақырыпта шығарма жазып беріңіздерші..
0 дауыс

Үйлену салтына байланысты туған өлеңдермен қатар, қазақ арасына көп тараған өлең түрлерінің бірі – мұң-шер өлеңдері. Адам өмірінде қуанышты оқиғалармен бірге қайғылы жағдайлардың да кездесіп отыруы – заңдылық. Қайғы-қасірет - әртүрлі. Ол жеке кісінің немесе, жалпы елдің, халықтың басына түскен ауыр жағдай болуы мүмкін. Халық өмірінің осындай сәттері де поэзия тілінде өрнектеліп отырған. Мұндай өлеңдер тобы қазақ фольклорында мұң-шер өлеңдері деген атпен аталынып жүр. Мұң-шер өлеңдерінің бірнеше түрлері бар. Оларға қоштасу, естірту, жоқтау өлеңдері жатады.

 Ұзатылып бара жатқан қыздың ел жұртымен, ата-анасымен қоштасу түрі сыңсудан басқа қоштасу өлеңдерінің бірнеше түрлері бар. 
Қоштасуды көбіне ақындар шығарады. Оны халық үйреніп алып айтып жүреді. Өмірден қайтып бара жатқан қарт ата, аяулы ана балаларымен бақұлдасып, артына өсиет қалдырады; өмірдің қызықтығын, орындалмай бара жатқан арман-мұратын баласына, халқына деген соңғы тілегін айтады. Өлер алдында қоштасу айту тіпті халқымызда дәстүр боп қалыптасқан десе де болады. Халық арасында мұндай өлеңдердің әсіресе, «пәленше ақын» өлерінде айтыпты деген нұсқалары көп. Соның бірі – Кемпірбай ақын айтыпты деген қоштасу өлеңі. Кемпірбай ақын ауырып, әл үстінде төсек тартып жатқанда, көңілін сұрай Әсет ақын келеді. Сонда Кемпірбай ақын:
– Көңілді Әсет келді көтергелі
Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.
Алып бер домбырамды ана тұрған,
Басымды жастықпенен көтер бері.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді. 
Боз шапса, боз озбай ма бурылдан?
Мен шапсам жер шарасы қуырылған.
Жай тастап аяғымды алып жылдам, 
Жабының күнде озушы ем тұғырынан (С.Сейфуллин. 6 том. 1964.133 бет) - деп, басталатын атақты қоштасуын айтқан екен. Бұл өлеңінде Кемпірбай көңілінде тығылып жүрген сырларын ашады. Ол ақындық сыры еді. Ақын оны тек ақынға ғана жайып салады. «Ер Дәуіт екі жаста иектеген» еді, кеудеме өлеңнің көк ала үйрегі келіп қонған еді. Енді сол «алланың аманатын берем білем, кеудемнен көк ала үйрек «қош» деп ұшты» деп, өзінің өлгелі жатқанын, ақындық талантын қоса айтып, образды түрде бейнелейді. Ақынның орындалмай бара жатқан үлкен арманы бар. Ол – ұлы Серкебайға ақындық өнердің «қонбағандығы». Ақын көңілі өз өмірінің жалғасы ұлының да қасиетті өнерін ілгері апарушы болғанын қалайды. Ақын арманы, шері – осы. Өз өлеңінің соңында Кемпірбай ақын бүкіл замандас ақындарымен қоштасады, өзінің соңғы тілегі ретінде сол ақындардың да мұның «Семейдегі топырағының» басына келіп дұға оқып тұруын қалайтындығын айтады. Бұл өлеңнен ақынның дүние танушылық көзқарастары анық көрінеді. 
Арғыннан шыққан Тәті айтыпты деген өлең де қоштасудың осындай түріне жатады. Тәті Қоқан хандығына келіп дауласып жүргенде, оны у беріп өлтірген. Тәті өлер алдындағы қоштасуында ел-жұртына арнаған «қоштасуын» жолдайды, елі-жұртымен, туған-туысымен бақұлдасады. Оларға деген өзінің аманатын айтады: 
–Менен тегіс сәлем де,
Ақ жолдың ұлы Арғынға!
Орта жүздің ішіне,
Атымды тұлдай байласын.
«Мен адаммын» дегендер, 
Елдің қамын ойласын.
Мың миллион кетсе де, 
Төре алдына бармасын.
Жалынғанша зәлімге,
Ата жанын қармасын (С.Сейфуллин.Шығармалары. 6 том, 1964,130-бет).
Қоштасу өлеңінің екінші бір түрі – елімен, жерімен қоштасу. Қазақ халқының бұрынғы өмірі көбіне жаугершілікте, шапқыншылықта өткені мәлім. Осындай оқиғалардың бірі – тарихқа жоңғар шапқыншылығы деген атпен белгілі болған қалмақ шонжарларының 1723 жылы қазақ еліне жасаған шабуылы еді. Осы жорықта жоңғар шапқыншылары қазақтардың көптеген жер-суын, ата-мекенін тартып алды, халықты қанға бояды. Еркекті құл, әйелді күң етіп, елге қара түнек заман орнатты. Халық амалсыздан ата-мекенін тастай шығып, жөңкілуге мәжбүр болды. Қазақ тарихында «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталынған халық өмірінің ең бір ауыр кезі қоштасу өлеңдерінің тамаша үлгілерін туғызды. Халық әні атақты «Елім-ай» осы кезде шыққан. 
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір жорға бос келеді.
Елден, жұрттан айрылған жаман екен.
Екі көзден мөлдіреп жас келеді.
Жалпы халық мүддесіне шапқыншылық атаулының жат екендігі, оның қоғам өміріне қаншалықты ылаң, ауыр күйзеліс, қайғы-мұң, қасірет-шер әкелетіндігі белгілі. «Елім-ай» өлеңінде де қалмақ шонжарларының қазақ еліне жасаған шабуылының елге соншалықты ауыр тигендігі көрінеді. Өлеңді естіген кезіңде бүкіл халықтың күңіреніп, қайғы жұтқан аянышты халі көз алдыңа келеді, өксікке толы ащы зар құлаққа естілгендей болады.
Бұрынғы замандарда ру арасындағы дау-жанжалдар өрши түсіп, бірінің жерін екіншісі зорлықпен тартып алуы, елден елдің ауа көшуі сияқты оқиғалар көп болып тұрған. Мұндай жағдайлардың кесірі, зардабы халыққа тиетін. Амалсыздан босқан халық елімен, жерімен қоштасқан, көңіл-күйін білдіріп, түрлі өлеңдер шығарған. Туған жердің ыстықтығын, қымбат екендігін, оның жақсы қасиеттерін егіле жырлаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Таңсықтың қоштасуы – мұндай өлеңдердің тамаша үлгісі:
Балталы, Бағаналы ел аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл аман бол.
Теруші ем еріккенде ермек етіп,
Екпе жиде, алма ағаш, гүл аман бол. (М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті.1964,63-бет)
Қоштасудың ерекше бір түрі - өтіп кеткен жастық дәуренімен қоштасу, сол кездерде атқарған жастарға үлгі боларлық істерін еске түсіріп айту. Есейген адамдардың жастық шақтарын көп әңгіме ететіндігі белгілі. Оның да себебі бар. Адам өмірінің ең бір қызықтысы да, қымбаттысы да осы – жастық шақ. Өткен кездерін өлеңге қосып айтқан ақын-жыршылардың қоштасу өлеңдері бар. «Жиырма бес» сияқты әндер – осындай негізде туған өлеңдер. Соның бірі бір батыр айтқан екен деген мына бір жыр.
Мен, мен едім, мен едім,
Қаңтарда мінсең қажымас,
Қас қара нар мен едім
Шабуыл шапса, шаршамас
Шыны тұлпар мен едім
Қасарысып келгенде,
Қап түбіне сыймаған
Таза болат мен едім.
Қаймақтан ұшқан қу ілген,
Анық сұңқар мен едім.
Менің көрген затым бұл,
Төкпей-шашпай қолданып,
Ортаңа сүйреп тастадым... (С.Сейфуллин. Шығармалары. 6 том,1964,134-бет).
Қоштасу өлеңдері қазақ эпосында көп кездеседі. Қайсыбір дастандарда болмасын, қоштасу өлеңдері аса маңызды роль атқарып тұрады. Ұзақ жырларда қоштасу өлеңдерінің түр-түрлері кездеседі. «Қыз Жібек пен Төлеген» жырындағы Төлегеннің қоштасуы – көңіл аударарлық. Мұнда, Қособаның көлінде жападан жалғыз ғұмыр кешкелі жатқан Төлеген бұл жалғанмен алты қаз арқылы қоштасады. Өзінің соңғы сөзін, өлі хабарын қаздар арқылы еліне жолдайды:
– Қособаның жолында
Құс қонбас құла жапанда,
Жылай-жылай бір жалғыз,
Дүниеден өтті дегейсің! (М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті.Хрестоматия.А.,1959.290-бет).
Қоштасу өлеңінің мұндай түрлерінің тууына ерте кездегі халық санасындағы адамнан басқа тірі жандылар да адам сияқты ойлай алады, сөйлей алады деген ұғымынан туса керек.
Қоштасудың әртүрлі түрлері де сақталынған. Осындай қоштасу өлеңдерінің бірі – «Тұрсын қарттың өлерінде балаларына айтқаны» деген кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында айтылған ұзақ өлең.
– Құлақ сал бұл сөзіме, балаларым,
Дүниеден көшкелі отыр бабаларың.
Айтайын көрген білген жерлерімді,
Мен-дағы талай жерді араладым – деп, басталатын өлең айтушының өткен өмірін шолып шығады. Жиырма жасынан бастап көрген-білгендерін, басынан кешіргенін айтады, соның бәрін тізіп шықпайды, ішіндегі ең елеулілерін, өз балаларына үлгі боларын, өткен заманның ауыр болғанын жырлайды. Ең соңында:
– Бұл істен бар ма хабарың,
Бостандық болды заманың...
Еңбекші елдің баласы, 
Алға бассын табаның.
Жақсы болсаң өздерің,
Тигізбес ешкім залалын.
Ұйымдасып іс қылсаң,
Балаларым, жарадың (Қазақ совет фольклорі. Жинақ, 1935,72-бет).–деп, қазіргі дәуірдің шат заман екендігін ескерте айтады. Көпті көрген көне, өмір тәжірибесі мол дана ретінде өз ұлдарына, ұлдары арқылы бүкіл жастарға тіл қатады. Адамды бақытқа жеткізетін бостандық, еңбек, татулық дегенді аңғартады. Ол үшін ұйымдасып еңбек ет, жаңа қоғамның құрушысы бол деп, өзінің аталық өсиет сөздерін айтады.
Қоштасу өлеңдері қазақ ақындарының поэма-дастандарында да кездесіп отырады. Мысалы, С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы бас кейіпкердің бірі Алтайдың өлер жеріндегі айтатын монологы қоштасу өлеңіне жатады.
Қош бол, жер, көпті көзбен көрген ана!
Құшақта, тентегім жат! – де де, ана,
Панасыз ем, жалғыз ем өзіңе аян
«Жоғалғыр жоғалды ғой» деме, ана! – дейді.
Қоштасу өлеңдерінің түрлері қазір де айтылады. Халықтың ардагер ұлдары бұл дүниемен қоштасарда артына соңғы сөздерін жазып қалдырады. Қоштасулар өлең түрінде де, қара сөз түрінде де бола береді. Көрнекті ақын Т.Жароковтың ауруханада жатып жазған соңғы өлеңі – ақынның жарық дүниемен қоштасқан ақырғы сөздері. Халықтың аяулы азаматтары бұл дүниеден өткенде, достарының, замандастарының қоштасу сөздері айтылады. Халқымыздың асыл ұлдарының бірі Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда, ұлы жазушымен бүкіл ел болып қоштасты. Ақындар, жазушылар, қоғам қайраткерлері жазған қоштасулар баспасөз беттерінде жарияланып жүр. 
1965 жылы үлкен ақындарымыздың бірі Т.Жароков қайтыс болғанда, ақын Жақан Сыздықов төмендегіше қоштасу өлеңін жазды:
Қош бол!
Қош, Тәке!
Ер сабазым, сәр карданым,
Нақыштап қолмен соққан жыр қамалын.
Айқасып өзім тартып алар едім,
Ажалмен алысуға келмейді әлім.
Мұздай боп, тітіркеп жан, қаным ұйып,
Қалайша қолдан бердім сені қиып.
Ардагер, артық туған асыл едің,
Қалайша қара жерге кеттің сиып («Қазақ әдебиеті»,1965,12 наурыз). 
Қоштасулардың түріне түрлі себептермен қосыла алмаған сүйіскен екі жастың бір-бірімен қоштасуын да жатқызуға болады. Т.Молдағалиевтің «Қоштасу» атты өлеңі (әні Ә.Бейсеуовтікі) осындай тақырыпта жазылған. 
Елмен, жермен қоштасу қазіргі кездерде аз да болса баспасөз беттерінде кездесіп қалады. Қазақ ақындары шет елдерде болып, қайтар кездерінде қоштасу өлеңдерін жазып жүр. Белгияның бір үлкен ақыны Қазақстанда болып аттанарында Ғ.Мүсіреповке арнап бүкіл қазақ елімен қоштасқан өлеңін жазды.


Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
филология ғылымдарының докторы, профессор

...