+2 дауыс
27.5k көрілді
Белгілі қазақ қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев шағын өмірбаяны қажет?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев (1912—1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген.
Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеу Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітірген.
Тау кен инженері мамандығын алған Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып істейді. Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942—52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады. Дінмұхамед Қонаев 1955—60 және 1962—64 жылдары. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960—62 және 1964—86 жылдары. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Ол бірнеше мәрте [[КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКПның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылы СОКП Орталық комитетінің мүшесі.
Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.
Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. 1960 жылдар басында Н.С. Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.
1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Дінмухамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. 18 минут өткізілген пленумда орнына Ульяновск облысынан Г.В. Колбин отырғызылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.
Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.[1]
0 дауыс
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев

Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі. Алматы қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтына оқуға жібереді. Тау-кен инженері мамандығын алған Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, кеніштің бас инженері, директоры болып істейді. Ұлы Отан соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер кенішінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Д.Қонаев 1955-1960 және 1962-1964 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-1962 және 1964-1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімі мен мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Д.Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызмет атқара жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Республиканы басқарған жылдары Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Павлодар-Екібастұз отын-қуат кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр стансысы, Павлодар трактор зауыты, т.б. кәсіпорындар осы кезеңде іске қосылды. Маңғыстаудың мұнай кен орындары игерілді, теміржол құрылысы, көлік түрлері дамыды. Республика титан, магний синтетикалық каучук өндіре бастады. Электротехника, машина жасау, химия салалары тез дамыды. Жезқазған, Маңғыстау және Торғай облыстары құрылды. Д.Қонаев Алматы облысының Кербұлақ алқабын игеруге, Қапшағай су қоймасын, Үлкен Алматы арнасын салуға ерекше көңіл бөлді. Көрнекті қоғам қайраткері әдебиет пен өнердегі, мәдениет пен ғылымдағы ахуалды әрдайым бақылап отырды. Ол республикаға басшылық жасаған тұста Қазақстанның 5 томдық академиялық тарихы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Қонаев билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді. Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Д.Қонаев Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді. 1986 жылы КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып М.Горбачев сайланғаннан кейін елде басталған қайта құру саясаты КСРО-ның басқа аймақтары сияқты Қазақстанда да қиындықтар мен кедергілер туғызды. Сол жылы желтоқсанның 16-ында өткен Қазақстан Компартиясы ОК-нің пленумы КОКП ОК-нің өкілі Г.Разумовскийдің ұсынысымен Д.Қонаевтың орнына Қазақстан Компариясы ОК-нің 1-ші хатшылығына Г.Колбинді сайлады. Д.Қонаевтың орнына өзге ұлт өкілінің тағайындалуын қазақ халқы ұлттық кемсітушілік ретінде қабылдады. Мұның соңы КСРО-дағы ұлт саясатына қатысты халық көңілінде қордаланған наразылықтардың сыртқа шығуына әкеліп, Желтоқсан көтерілісіне ұласты. КОКП ОК-і Д.Қонаевты көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі деп санады. Сөйтіп 1987 жылы маусымның 26-сындағы пленумда оны «Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП ОК-нің мүшелігінен, көп кешікпей Қазақстан Компартиясы ОК-нің мүшелігінен шығарды. Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның 19-шы съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент пен партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды. Д.Қонаев қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне есімі берілді. Алматы қаласында қоғам қайраткері атындағы университет бар. 1992 жылы қарашаның 13-інде Алматыда «Халықаралық Қонаев қоры» құрылды. 2002 жылы қаңтардың 12-сінде Алматы қаласында Қонаевтың мұражай үйі ашылды. Д.Қонаев өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында 2003 жылы тамыздың 15-інде арнайы құлпытас орнатылды.
Өзіңіз шағындап жазып аларсыз.
...