ЖЫЛАНБАЕВ Марат (19.8. 1963 ж.т., Павлодар обл. Баянауыл ауд. Майқайың кенті) – алыс қашықтыққа жүгіретін спортшы, жүгіруден халықар. дәрежедегі спорт шебері (1993). 20 ғ-дың 90-жылдары “Гиннестің рекордтар кітабына” жеті рет тіркелген. Негізгі мамандығы – суретші. Ж. 12 жасынан жеңіл атлетикамен, велосипед, шаңғы спортымен айналысқан. 1990 жылдан өте алыс қашықтықтарға жүгіруді (марафондық жүгіріс) бастап, осы жылы Барнаул қ-нда (Алтай өлкесі, Ресей) 85 км қашықтықты 6 сағ 43 мин 23 с-та жүгіріп өтті. Рекордтар кітабына енуі 23 күнде 23 марафондық жүгірісімен (күніне 42 км 195 м) басталды. Кейін 15 күнде 30 марафондық, жарты жылда 75 марафондық және бір жылда 226 марафондық жүгіріспен жалғастырды. Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрусқа (5642 м) марафондық жүгіріспен 7 күнде (30.8. – 5.9. 1991 ж.) жүгіріп шықты. 20 күнде (2 – 22 сәуір, 1992 ж.) Қарақұм шөлін (1200 км), 24 күн ішінде (1993 ж.) Сахараны (Африка, 1700 км) жүгіріп өтті. Сол жылы Австралиядағы Виктория шөлін кесіп өтті. 1994 ж. үстінен құс ұшпайтын Мохави шөліне (Невада, АҚШ) жорық жасап, оны сәтті аяқтады. 1992 және 1993 жылдары еліміздің таңдаулы 10 спортшыларының қатарына енді.