0 дауыс
27.7k көрілді
22-наурызда қандай ұлттық ойындар өткізуге болады?

4 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
https://surak.baribar.kz/102680/

Ақсүйек

Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ ұтқан болады да, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын кезектесіп отырады.

Алтыбақан

«Алтыбақан» - қазақтың ұлттық ойыны. Алтыбақанды сырықтың екі басында үш-үштен қосақтап (мосы ағаш сияқтандырып) байлайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиіс. Алтыбақанды құрастырып болғаннан кейін, оның екі басынан үш қатар арқан байлайды. Арқанның екеуі бір деңгейде, үшіншісі олардан 40-50 см төмен тұрады. Бір деңгейде байланған екі арқанға екі адам қарама-қарсы отырады да, төменірек байланған арқанға аяқтарын тірейді. Бұларды бір адам тербетеді. Алтыбақанда тербеліп отырған екі адам ән салуға тиіс. Алтыбақанды ертедегі ауыл өмірінде жастардың кешкілікте бас қосып, халық аспаптарының сүйемелдеуімен ән салатын, айтысатын, әзіл-оспақ, назды күлкісімен көпшілік болып көңіл көтеретін ойын-сауығы болған. Алтыбақанның дене шынықтыруға да пайдасы мол. Ол – ауылдық жерде әлі де қызықты ойындардың бірі.

Қыз қуу

Ойын үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, ұшқыр, жүйрік аттарға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері – алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қағылады.

Жарыс жекелей де өтеді. Егер екі топқа бөлінсе, онда қыздар мен жігіттердің саны тең болуы қажет.

Төрешінің бірінші белгісі бойынша қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен – қарақшыдан сөреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда – жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептелінеді.
Жарысқа қатынасушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей сөреге оралуға рұқсат етілмейді.

Күміс ілу

«Күміс ілу» - ептілікті, атқа жақсы отыруды керек ететін ұлттық ойын. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей жерлерде бұл ойын «жүзік ілу» деп аталады. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Сонда ол беташар айтуға ерік алады.

Жасырынбақ

Ойын, әдетте, жазды күндері ай жарығында, шөптесін алаңдарда, ал күндіз қора-қопсысы мол жерде, яғни жасыратын жері бар алаңдарда ойналады.

Ойнаушылар көмбеге жиналғаннан кейін, саусақ санау әдісімен кезекшіні, яғни жасырынатын ойыншыларды іздеп тауып көмбеге әкелушіні тағайындайды. Осыдан кейін ойын басқарушы кезекшінің көзін басып тұрып дауыстап елу рет санайды да, қоя береді. Осы кезде ойнаушылар жасырынып үлгерулері керек. Кезекші жасырынған ойыншыларды іздеуге кіріседі. Жасырынған ойыншыларды ол іздей жүріп көмбе маңынан алыстамауы керек. Себебі, кезекші бірінші жасырынған ойыншыны көрген бетте көмбеге ойыншыдан бұрын келіп хабарлайтын болады. Егер кезекшінің көзіне бірінші түскен ойыншы көмбеге кезекшіден бұрын келсе, онда кезекші өзінің қызметін екінші рет қайталайды. Бұл жерде кезекші ұтылмас үшін, бірінші көрген ойыншының атын атап, мәселен, Бекбай деп дауыстап көмбеге қарай жүгіруі керек. Содан кейін асықпай басқаларын іздей бастайды. Тағы бір ескеретін жай: кезекші ойыншыны көрмейінше, атын атап дауыстамайынша, ойыншылардың өз бетінше көмбеге кетулеріне болмайды.

Сиқырлы таяқ

Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына келеді де, ойынның тәртібін түсіндіреді. Ойнаушыларды бірден бастап түгел нөмірлеп шығады. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты қоя береді. Аталған нөмір таяқты жерге құлатпай ұстап қалуы керек, ал таяқты ұстай алмай құлатып алса, онда айып тартады, яғни көптің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді. Ойынға қатысушылардың бәрі бір-бір реттен міндетті түрде ойнап шығулары керек, ал одан әрі ойынды жалғастыру-жалғастырмау ойнаушылардың өз еркінде. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді.

Сақина жасыру

Ойынды өткізу үшін басқарушы және сақина іздейтін кезекші белгіленеді. Қалған ойыншылар дөңгелене отырады. Ойыншылар тізелерін көтеріп, оның үстіне алақандарын ашып қояды. Ойын жүргізуші қолына сақина алып, әр ойыншының қолына кіргізіп, сақинаны бірінде қалдырады. Басқарушы жұмулы қолын әрбір ойыншының қолына салысымен, алақанын жаба қалады. Сақина жасырылғаннан кейін, ойын жүргізуші өз қалауынша ойыншының бірінен: «сақинам кімде?» - деп сұрайды, осы кезде барлық ойыншы тынышталады. Кезекші сақинаның кімде екенін тапса, онымен орын ауыстырады, ал егер таба алмаса, өлең айтып, би билеп, т.б. өнер көрсетеді де, өз қызметін қайтадан атқарады.
0 дауыс
Ағаш Аяқ деген ойынды ойнаңдар.Ағаштан аяқ тірейтін жерін жасап сосын сол ағаш аяққа тұрып командаға бөлініп жарысыңдар.
Немесе  мөшекпен жарыс деген сияқты ойын .
0 дауыс
Қазақтың ұлттық ойындары көп.Мысалы,арқан тартыс,асық ату,қыз қуу т/б.
0 дауыс
Қазақ халқы ерте заманнан бері салт-дәстүрлерді дәріптей отырып, оларды ауыздан-ауызға таратып, келер ұрпаққа жеткізген. Халқымыздың асыл мұрасына айналған ұлттық ойындарымыз жайлы тағы бір рет айтып кету артық болмас. Қазақ халқының ұлттық ойындарының саны шексіз, бұған дәлел ретінде  олардың алуан түрлерін атасақ болады. Дегенмен, қай-қайсысы болмасын, біреулері ұмытылып кетеді, енді біреулерінің ережелері бұрмаланып, мән-мазмұны мүлдем өзгереді. Бұған дейін көне заманнан бері келе жатқан "Үш табан" атты асық ойынының ережелерімен таныстырған болатын. Бұл ойынды қазіргі кезде 22 наурыз мейрамында жиі-жиі ұйымдастырып келеді. Бұл ойын кішкентай балақайларға арналса, бүгінгі біздің сөз етейін деп жатқан ойынымызды ойнау екі бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, ойынға қатысу үшін күш, шыдамдылық пен табандылық қажет. Ең бастысы ойыншының тұлпары жүйрік болғаны дұрыс. Бүгінгі әңгімеміз халық жүрегінен ерекше орын алатын көкпар ойыны жайлы.


Көкпар - ұлттық ат спорт ойындарының бірі. Ойын атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүр бойынша, қазақ халқы көкпарға бір жасқа толған серкенің семізін таңдайды. Оның себебі, семіз серкенің терісі өте берік әрі жыртылмайды. Серкенің орта салмағы 70 – 80 келі шамасында болады. Өзге малдың терісі келмегендіктен, көкпарға тартпайды. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Қырғыз, өзбек халқы оны “Улак тартыш”, тәжіктер  “бузкаши” деп атайды екен. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да шығыс елдерінде бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Бұл ойынның тәлім-тәрбиелік мәнін осыдан-ақ байқауға болады.


Сонымен қатар, Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түсіп, жарысады. Қазақтар оны "марта тарту" деп те атайды. Қазақстанда 1949 ж. көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 м-лік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 м-лік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 мин аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.

Келе жатқан 22 наурыз мейрамында мүмкіндігіңіз болса, көкпар ойнауды ұмытпаңыз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын.
...