+3 дауыс
6.7k көрілді
Ана әже тағылымы туралы шығарма керек жоспарымен?

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
1.Ана тілі, ана сүтім, арым менің,
Баяным, бақ дәулетім, барым менің.
Өзіңменен рухым көтеріліп,
Өзіңменен атады таңым менің!
Осы өлең жолдары бекерге жырланбаса керек. Әр халықтың өз тілі, өз әдет – ғұрпы, өз діні, өз тілі бар екені баршамызға аян. Сол сияқты қазақ халқының да мәртебесі биік мұрағаттары бар. Оның бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстан Республикасы егемендігін жариялағаннан кейін, мемлекеттік тіл болып қазақ тілі бекіді. Бірақ, қазіргі таңда ең бастысы мемлекеттік тіл өз мәртебесіне иеленді ме?- деген сұрақ туындайды. Бүгінгі бізді қуантатын жағдай - қазақ тілі өз мәртебесіне иеленіп келе жатыр деген көңіл медеуі. Осы тұрғыда тіл мәртебесін жоғарылату саясатында ақпарат құралдары мен баспасөз басылымдары қауырт жұмыс үстінде.
Тілді зерттеу , оқып-үйрену қыр – сыры жан - жақты. Бір жағынан алғанда, тіл адамдардың қарым – қатынасын реттейтін қатынас құралы. Яғни, тіл – құрал. Бірақ, осы құралды қалай іс жүзіне асыру керек?
Қазіргі таңда, мемлекеттік тілді үйренушілер қатары күннен-күнге толыса түсуде. Мемлекеттік тілді оқып-үйрену - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының басты міндеті. Тіл үйрену - өте оңай! Ең бастысы тіл үйренуші әрбір адам өзін - өзі жоғары бағалай білуі керек. Оған, төзімділік пен жігер, талап пен терең ой қажет. Тілді үйреніп қана қоймай, қазақ халқының бабалар салып кеткен сара жол - әдет – ғұрпын, мәдениетін, салт – дәстүрін қоса танып білмек. Тілдің қыр – сырын үйренгенімен қатар, оны күнделікті тұрмыста қолдану керек. Өйткені, ол - сөйлеу тілінің дамуына орасан зор ықпал ететін фактор. Қазіргі таңда тіл үйретудің көптеген амал – тәсілдері бар. Оқытушы тыңдарманға сабақты әсерлі, нақты өткізсе, оқып – үйренбейтін адам кем де кем болатыны анық. Әрбір оқушы мемлекеттік тіл сабағына, өз - өзін үздік оқушыдай сезімде келсе, сабаққа бар ынта – жігерін салса, ол адам алдына қойған мақсатына, тәй – тәй басқан мемлекетімізбен бірге сан – алуан жетістіктерге қол жеткізетініне сенімім мол. Мемлекеттік тілді барлық салаға енгізу жұмыстары да қарқынды даму үстінде.
Мен оқушыларымның барлығын үздіктер қатарына жатқызамын. Өйткені, әр оқушы - өз алдына қайталанбас тұлғалар! Әр қайсысы ерекше тұлға болғандықтан, олардың талап – тілектерін ескермеу мүмкін емес. Әрбірінің ынтасы өте зор! Мемлекеттік тілді үйренуге деген құштарлықтары күннен – күнге артпаса кемімейді деген сенімдемін!
Осы біздің қазіргі таңда, бір жеңнен қол шығарамыз деп кейінгі ұрпақты оқытып-үйретіп жатқан ниетіміздің мұраты біреу-ақ екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, қолға алынып жатқан қазақ тілін үйрету мәселесіне тұрақты да тұрлаулы сипат беру, ұлт тағдыры, оның бірегей төлтума мәдениеті үшін түбегейлі маңызы бар мәселенің кері кетуіне жол бермеу қамы екенін айта кету қажет.
Алдымен, сонау 1921 жылы қазақ тілін оқып-үйрену міндеттеліп, небір пәрменді шаралар атқарылған да, аяқсыз қалған. Сөз жоқ, оған ашаршылық, тәргілеу, қуғын – сүргін, Ұлы Отан соғысы, күйзеліс жылдары, тың игеру, демографиялық ахуалдың ауытқуы сияқты ауыртпалықтар кері әсерін тигізгені анық.
1957 жылы Республика Министрлер Кеңесі осы мәселе бойынша тағы да шешім қабылдаған. Бірақ, бұл іс те дағдарысқа ұшыраған. 70-ші жылдардың бас кезінде бірнеше тіл жанашырлары шырылдап қазақ мектептерін жапқызбаймыз деп көп күрескен болатын. Өкінішке орай сол жылдары 800-ге тарта қазақ мектептері жабылды. Осы сияқты көптеген мысалдар келтіре беруге болады. Шындығына келсек, кешегі әкімшіл - әміршіл жүйенің кесірі деу әбестік боларын өзіміз білеміз. Керісінше, өзіміз ақырына дейін дәйекті бола алдық па, бәріміз бірауызды болып әрекет еттік пе, туған тіліміз үшін ақырына дейін күресе алдық па деген сауалдар қою артық емес. Ал, қазір егеменді елде өмір сүреміз, қазақ тілі өз мәртебесінде, қазіргі таңда қазақ тілін оқып – үйрену үшін не кедергі? Ештеңе де кедергі бола алмайды, кедергі болмақ емес. Ұлттық санамызды әлі де толықтырып, бірізділікке түсу қажет. Сондықтан да, баланы мектеп жасынан бастап саналы түрде тіл білуіне тәрбиелеу қажет. Оған біз мектеп мұғалімдері жұмылып жұмыс жасау керекпіз. Мектепте қазақ тілі сабағы немқұрайлы емес, нақты да, дәйекті түрде өтуі қажет.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді енгізу қарқынды даму үстінде. Сонда да баршамен ақылдасар ой көп. «Жалғыздың үні шықпас» деп қазақ атамыз айтқандай бірлі – жарым болып емес, топ болып біріміздің білмегенімізді толықтырып, пікір таластырып, ой толғантсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Сөз соңында:
Ана тілі, шырқап салар әнім менің,
Сәулетім, сая бағым, сәнім менің.
Өзіңменен кеудемде көктем гүлдеп,
Өзіңменен ашылар сәнім менің!
Елдігім, есендігім, ерендігім,
Ақыл-ой, арда сезім, тереңдігім.
Сеніменен аспаным арайланып,
Сеніменен нұрланар келер күнім....
Сен менің күш қуатым өмірдегі,
Тірлікте сенсіз қиын көрінбегім.
Сен барда ұрпақ тірі, өшпес үнім,
Сен өлсең, бар қазақтың көмілгені,- демекпін.
Кейінгі ұрпаққа ашық пен толғамды ой сыйлаймыз десек, жұмыла еңбек етейік!
2.Ананың тілі , ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес терең теңіз секілді емес пе?! Па, шіркін, ананың айналып толғанғанын ешкім де ұмытпас. Шырылдап жерге түскеннен –ақ сенің ең бір жақының, ең бір досың, ұстазың, сүйенішің болған ананы сүймейтін жан жоқ шығар. Қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып жабысатының , шырылдап, уанбай жылап іздейтінің – ана. Иә, анаға деген махаббат құндақта жатқан күніңнен –ақ басталады. Сондықтан ана десе толқымайтын көңіл, туламайтын жүрек кемде-кем. Ана тілі сол ананың ақ сүтімен алғаш рет балаға дариды.  Ананы, ана тілін қадірлеу – қанымызға сіңген қасиет. «Ана тілің – елдігің, жаның, тәнің, жыр – әнің, Бақытың, сенің-теңдігің, өз дауысың, ұраның»- деп ақындарымыз жырлағандай, халықтың мәңгі ғұмыры –оның тілінде екендігін ешқашан да ұмытпауымыз қажет.  Әрбір тіл өзінің халқы үшін –ҰЛЫ!  «Ақыл көркі- тіл, тілдің көркі – сөз»  Олай болса анамызды, сол анамыздан бойымызға дарыған ана тілімізді қадірлей білейік!
3.«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан-дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік мақтаныш сезімі болады.
Тіл — ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы — оның ана тілі. Тіл —халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Әр нәрсенің түп-тамыры болатыны сияқты, ана тіліміздің де түп-тамыры бар. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов өскелең ұрпақ тілімізбен бірге өсіп – өнеді, тілімізбен бірге өркендейді деген. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, өнуі, дүниеде өзіндік орын алуы оның ана тіліне тікелей әсер етеді. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Қазіргі таңда қай сала болмасын, реформаның ең басты мақсаты – ой-өрісі жаңаша, мемлекеттік тілді жақсы деңгейде меңгерген маман болу.
Тіл саясаты — мемлекеттік саясат, ол егеменді еліміздің берік арқауы, демографиялық, әрі саяси ахуалдың қалыптылығын қамтамасыз ететін ықпалды күш. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мықты елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
0 дауыс
Әрбір оқушы мемлекеттік тіл сабағына, өз - өзін үздік оқушыдай сезімде келсе, сабаққа бар ынта – жігерін салса, ол адам алдына қойған мақсатына, тәй – тәй басқан мемлекетімізбен бірге сан – алуан жетістіктерге қол жеткізетініне сенімім мол.
0 дауыс
Жан Ана Ана. Бар болғаны 3 әріптен құралған. Бірақ мағынасы – теңіздің терең тұңғиығындай, қол жетпес көк аспандай, қажеттілігі адамға ауаның қажеттілігіндей маңызды, дүниедегі ең, ең ,ең қымбат сөз. Бұл сөз иесі бар әлемдегі ең ардақты, ең аяулы, ең сүйкімді, ең сүйікті ЖАН. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды». Расында да, анамыз бар кезде біз өзімізді әлі де сәбидей, сәби болмаса да, қорғаны бар, ұясы бар балапандай, шатыры бар керегедей, аспаны бар жұлдыздай, құнары бар топырақтай, ағашы бар жапырақтай, көктемі бар самал желдей, жазы бар жайнаған гүлдей, күзі бар жаңбырдай, қысы бар қардай, қысқасы, жаны бар адамдай сезінеміз. Сыйлаймыз, құрметтейміз, еркелейміз. Біздің еркелігімізді көтеретін бұл жалғанда «Жан Анадан» басқа жан бар ма? Жоқ!!! Сәби кезден осы кезге дейін, тіптен 30-40 – қа келгендерінше еркелеп жүргендер де бар емес пе?... Жалған дүниенің есігін ашқаннан бастап, осы күнге дейін бағып-қағып, мәпелеп өсіріп, ешкімнен қалдырмай, осы күйімізге жеткізген, біздің әрбір еркелігімізді көтерген «жан аяулы жан анамызға», «Ана, рахмет!» деп айттық па? Әй, қайдам?! Бірақ айтқандар да бар шығар, кім білсін?! «Ана, сізге мың да бір рахмет!», деп айту, кей адамдар үшін күнделікті «Ана, шай дайын ба, шай ішейікші?» деген сынды жаттанды сөздерге айналып кеткен. Оларға бұл сөзді айтып, анасының бетінен сүю түкке тұрмайды. Күнделікті жаттанды әдет. Ал кейбіреулер үшін бұл сөзді айту қиынның қиыны. Олай айтпақ түгілі, туған күнінде, мерекеде аналарын құттықтау қиынға түсетін жандар да бар. Бес саусақ бірдей емес. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың», деген сөз бар емес пе? Шынында да, қанша талпынсақ та, күнде қарызын өтеуге ниет қылып, жақсы істер істесек те, ананың біз үшін істеген жақсылығын, қарызын өтей алмаймыз. 9 ай, 9 күн еш жерге тастамай, отырса да, тұрса да көтеріп жүріп, сүліктей жабысқан шарананы дүниеге алып келудің өзі неге тұрады?... Ал біз, ішінде 3 кітап бар қара сөмкені күніне 3-4 сағат көтеріп жүргенді ауырсынамыз. Осы бір қиын да, қызық 9 айдың қарызын өтеудің өзі біз үшін бір үлкен, алып, мәні бар іс. Қарызын өтей алмасақ та, ең болмаса, ананың қабағына кірбің түсірмеуге тырысуымыз керек емес пе?! «Балам, ананы үйте салшы, мынаны бүйте салшы....», - деген Анаға, «Ой, Ана, қойшы, уақытым жоқ.»,- деп айтамыз. Осы сөздің өзін, сол ананың жұмсаған ісінен артық, маңызды іс бардай жұлқына айтып, есікті сыртынан жауып кете барамыз. Ал сол кезде, біз үшін маңызы жоқ, күнделікті ауызекіге айналып кеткен «Ана, қойшы...», деп сілкіп айтылған сөзден, Ананың жұдырықтай «балам» деп соғып тұрған жүрегінің орнынан сәл ауытқып барып орнына түсіп, ананың жүрегіне кішкене қара дақтың түскенін білеміз бе? Жоқ!!! Жұдырықтай жүректі қара дақтар жаулап алса, ол жүрек махаббат, ыстық ықылас, мейірім көрмесе, күн сәулесін көрмеген гүлдей бір-ақ күнде солып қалуы ықтимал ғой... Аналар еш нәрсені білдірмейді, сездірмейді, көрсетпейді. Олар өте құпия жандар. «Ата-ана қадірін, балалы болғанда білерсің» дейді. Сонда қалай, біз үйленіп, жанұя құрып, балалы болғанша ана деген жанның қандай екенін білмейміз бе? Біз үйленіп, жанұя құрып, балалы болғанша, бәріміздің де аналарымыз қасымызда жүрмейді ғой.. Тағдырдың қыңыр-қисық жазуында не жазылғанын кім біледі?... Киім бүтін, қарын тоқ, Бүгін бармыз, ертең жоқ, - дегендей, бір секундтан соң не боларын, кім біледі?... Ананың махаббатқа толы жұдырықтай нәзік жүрегін сындырып аламыз, жыртып аламыз, солдырып аламыз, күйдіріп аламыз, ақырында, жоғалтып аламыз деп қорықпайсыздар ма? Санасы біршама толыққан жандар емеспіз бе? Бүгінгі істі ертеңге қалдырамыз деп, кеш қалып қоймаймыз ба? Ойлану керек! Қазір не көп, телефон көп. Құрметті студенттер, лекция жазып отырғанда, автобуста кетіп бара жатқанда, семинарға дайындалып отырғанда, сол телефондағы «мама» деген номерді теріп, «Мама, сізге мың да бір рахмет! Мен сізді сондай жақсы көремін!», деп неге айтпасқа. Бәлкім анаң сол сөзге мұқтаж болып жүрген шығар, бәлкім, сол сенің анаңның дауысын соңғы рет естуің шығар, кім біледі?... Дәл сол сөзді айта алмай, арманда қалған адамдар да бар, «Әттең», деп сан соғып қалғандар да жеткілікті шығар... «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, анасы бар жандар бар алтынды, байлықты қадірлемей, айрылып қалғанда ғана қадірін біледі. Өмірімізде өрт шыққанда, су болатын - АНА, басымыздан күн өткенде, көлеңке болатын - АНА, қараңғы түнде жарық беріп, ай болатын - АНА, ашу атты асау тайға мінгенде, сабыр болатын - АНА. Біздегі бар байлық, бар асылымыз, бар сәніміз, мәніміз аяулы да ардақты «ЖАН АНА». Ананың жанында өткізген әрбір секундты күндей, минуттарды айдай, сағаттарды жылдай көріп, анамыз бар болғанына Аллаһқа шүкіршілік айтып, Ана атты Адам баласын құрметтеп өтейік. Бұл біздің парызымыз деп білейік! «Мама, сізге мың да бір рахмет! Мен сізді сондай жақсы көремін!»,- деп, айтқым-ақ келеді...бірақ...кеш қалдым...

Мақпал Сембай
...