"Ақырзаманның, қиямет қайымның, яғни дүние тіршілігінің күндердің күнінде тоқтайтыны сөзсіз. Қиямет қайымның болатындығын бүкіл иләһи діндер негізгі сенім ретінде қабылдаған. Бұл жайлы Шәкәрім бабамыз да өзінің бір өлеңінде: «Әлемдегі діндердің түп мақсұты, үш нәрседе бұлжымай құшақтасар: Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын. Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар» деп жырлаған болатын. Демек, барлық діндер қиямет қайымның болатынына және бұ дүниеден кейін екінші өмірдің бар екеніне сенуге шақырады.
Ал енді оның нақты қай уақытта болатынын Алладан басқа ешкім білмейді. Тіпті, қияметтің мерзімі жайында сүйікті әрі пайғамбарлардың мырзасы, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) де білдірілмеген. Бұл жайлы Құранның бірнеше аяттары мен хадистерінде айтылады. Алла Тағала Қасиетті Құранның Назиъат сүресінде: «(Уа, Мұхаммад) сенен қиямет-қайымның, ақырзаманның қашан болатындығын сұрап жатыр. Сен оны қайдан білерсің?! (Өйткені біз саған оның уақытын білдірген жоқпыз), оның нақты уақыты тек Раббыңа ғана аян! Сен тек қияметтің болатындығына иланып, сұрағынан қорыққандар үшін сол күнді ескертуші пайғамбарсың», – деп Ақырзаманның мерзімін Өзінен басқа ешкім білмейтінін ескертеді. Сондай-ақ, «Жебірейіл хадисі» деген атпен мәшһүр хадисте Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға адам бейнесінде келіп: «Қияметтің қашан болатынын айтшы», – дейді. Алла елшісі: «Сұралып тұрған адам сұрап тұрған адамнан артық білмейді», – дейді. Міне, осы хадистен де Қиямет күнінің нақты уақыты Алладан басқа ешкімге белгісіз екенін көреміз.
Ақырзаманның қашан болатынын тіпті Пайғамбарына да білдіртпеуі Алла Тағаланың керемет хикмет иесі екендігін көрсетеді. Қиямет қайымды былай қойғанда, Алла Тағала адам ажалының қай уақытта болатынын да сыр қып сақтаған. Себебі, егер адамзат ажалының қай уақытта болатынын білсе, онда адамның өмірге деген құлшынысы, ғылымға деген ықыласы, тіпті тамаққа деген тәбеті де тартпай, дүниеге тіршілігімен байланысын түбегейлі үзер еді. Немесе, керісінше, «Алла Тағала мейірімді ғой, соңғы сәттегі тәубені де қабыл ететін рахымды ғой» деп өлім мерзімі жақындағанша ойына келгенін істеп, сұм болып, өмірінің соңында тақуа сопыға айнала салуы мүмкін. Тіпті, егер қиямет күнінің айы, күні тұрмақ, ғасыры белгілі болатын болса, онда адамзат өркениетке табан баспай, «бәрі бір әлем күл болады екен» деп өнеркәсіп, өндіріс, фабрика, зауыт салу дегендер жайына қалатын еді. Күллі адамзат дүниеден баз кешіп, ғылыммен айналысып, өркендеу деген атымен болмас еді. Міне, Хикмет иесі болған Алла осының бәрін ескеріп, ажалды да, Қияметті де біз үшін жасырып қойған.
Ал енді бүгінгі таңда елдің тыныштығын бұзып, түн ұйқысын алған «2012 жылдың 21-желтоқсанында Ақырзаман болады екен» деген қауесетке келетін болсақ, бұл діни білімнің таяздығынан туындаған нәрсе. Бұған шынайы мұсылман сенбейді. Себебі, оның діні Қияметті бір Алла ғана біледі деп сендіреді.
Желтоқсанның 21-і күні Қиямет болады деген әңгіме қайдан шығып отыр? Өздеріңіз білесіздер, көне өркениет иесі болған Мая тайпасының өздеріне тән күнтізбесі болған. Олардың күнтізбесі 5126 жылға дейін ғана жазылған. Яғни, күнтізбенің ең соңғы күні 2012 жылдың 21-желтоқсанында бітеді. Ал Мая күнтізбесінің бітуі – адамзат тіршілігінің бітуі деген сөз емес. Бұл бар болғаны, кейбіреулердің түймедейді түйедей етіп жіберуі ғана. Сондықтан да, оған қорқудың, еш уайымдаудың қажеті жоқ. Ал 2012 жылы қиямет болады дегендердің майшам, сіріңке сатып алып, өздеріне қажетті дүниелермен қамдануы, тіпті, күлкілі. Себебі, Қиямет болғанда, жер бетінде тірі жан да қалмайды.
Тіпті, біз 21-желтоқсанда Қиямет болмайды деп нақты айта аламыз. Себебі, Қиямет қайымның болуы үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдіріп кеткен белгілері тегіс болуы керек. Қазір Ақырзаманның тек кішкентай белгілері болып жатыр. Ал әлі келе қоймаған, хадистерде көрсетілген ірі белгілері де бар. Олар қысқа уақытта өте шығатын белгілер емес. Сондықтан да, біз хадистерге сүйеніп, желтоқсанның 21-і Ақырзаман болмайды деп айта аламыз.
Қайрат Жолдыбайұлы,
Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы" - delingen...