+2 дауыс
1.8k көрілді
Сағат Әшімбаевтың өмірбаяны, кітаптары (электронды түрі) және ол жайында басқа да қызықты ақпараттарыңыз болса бөлісе отырыңыздар :)

1 жауап

+2 дауыс

Сағат Әшімбаев 1965 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында қазір өзінің атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. Мектептің әдебиет үйірмесінің жетекшісі С.Омаров деген кісі Сағаттың мектептегі «Жас қалам» газетінің бас редакторы болғанын, сол газетте «Ана», «Туған жерім», «Тянь-Шань», «Бейбіт өмір» және басқа өлеңдері жарияланғанын айта келіп: «Сағат – мектебіміздегі әдебиетке ең қабілетті, үздік оқушы. Үнемі ізденгіш, түрлі әдеби кітаптарды оқушылар арасында көп оқитындардың бірі. Әдебиетке деген зор талабына қарап, оның болашағынан үлкен үміт күтеміз», – деп шәкіртіне мінездеме береді. «Әдебиетке деген талабың шарықтап өсе берсін. Ой-арманыңның асқар асуын таймай, талмай асып, әдебиеттік арманыңа жет!» – деп сәт-сапар тілейді.

Сағат бойындағы талантты, әдебиетке деген зор сүйіспеншілігін алғаш таныған және бағалаған осы азаматқа, мектептің әдебиет үйірмесінің жетекшісіне, бүгін кеш те болса разылығымызды, құрметімізді білдіргіміз келеді.
Қазақ ұлттық университеті аудиториясында өткен бес жыл, ұстаз ғалымдардың әдебиеттің тарихы мен теориясы, жазушы шеберлігі туралы терең мағыналы лекциялары, күнделікті ақыл-кеңестері Сағаттың әдебиет сыншысы болып қалыптасуына, қаламгерлік талантының жарқырап ашылуына алып келді. Қа­зақ сөз өнері, әлем әдебиеті мен мәдениеті, даналық ойлар тарихы туралы телегей теңіздей шалқыған шалқар білімді Сағат университеттен тапты. «Әдеби сын мәселелері» деген тақырыпта жазып, қорғаған диплом жұмысы әдебиетші ұстаздарының бәрінің де көңілінен шықты, әдеби өмірге жаны да, жүзі де жарық, білімді де мәдениетті тағы бір жас таланттың келгеніне көпті көрген профессорлар мен жас ұстаздар бірдей қуанды.
«Лениншіл жас» (Қазіргі «Жас Алаш» газеті) газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкері, меңгерушісі (1969-1973), «Жұлдыз» журналының сын және библиография бөлімінің меңгерушісі (1973-1976), «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары (1976-1979), Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің(ВАПП) Қазақ бөлімшесінің бастығы (1980-1986), Қазақстан Радио және телехабарлары жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, комитет төрағасы (1986-1991) қызметтерін атқара жүріп, Сағат Әшімбаев аса көрнекті әдебиет сыншысы, жалынды публицист, қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді, әдеби-эстетикалық, қоғамдық және әлеуметтік ойдың жетекші тұлғасына айналды. Бір ғажабы, қай жерде қандай қызметте жұрсе де, өзі түлеп ұшқан Ұлттық университетіне деген айрықша құрметін ашық білдіріп отырды. Қазақ әдебиеті кафедрасы бойынша студенттерге «Қазіргі кезең әдебиеті» атты лекциялық курс оқыды. Мемлекеттік емтихан төрағасы болып келіп, талантты жастарды шығармашылық қызметке тартты. Студент жастармен кездесуге бүкіл шығармашылық ұжымын алып келіп жүрді. Қазақстан Радио және телехабарлары жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасы болып қызмет атқарып жүрген жылдардың бірінде университет студенттерімен кездесуге судай жаңа тұтас бір телестудия алып келіп, оны бүкіл ұжымымен құрастырып, іске қосып, пайдалануға беріп кеткені бар. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін студент жастарды рухани демеу, қолдау мақсатында жасалған осы бір айтулы әрекетте де Сағаттың Ұлттық университетіне, шығармашылық жастарға, қазақ сөз өнеріне, халқына деген оттай ыстық сүйіспеншілігі бар еді. Мұндай ерлікке пара-пар елдік іс жасау үшін дарынның дарасы, таланттың сарасы болу керек еді.

Толық ол кісі туралы ақпарат мына жерде жарияланған. Ол кісі туралы ақпарат мына жерден алынды.

...