0 дауыс
547 көрілді
Албан руының шежіреге толық мағлұматтар қайдан алуға болады?

Мысалы мен Албан- Қосқұлақ руынан тараймын, бізде шежіре жағынан мағлұматтар өте аз, толығырақ білгім келеді, кім қандай кеңес және кітаптар бере алады?

1 жауап

+1 дауыс

Сізге мына кітапты табу керек.

Қосқұлақ руының шежіресі

Қосқұлақ руының шежіресі

Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ел басқарған хандарымыз, ту ұстаған батырларымыз, сөз бастаған шешендеріміз, ел бірлігі үшін тер төккен бабаларымыздың барлығы да құрметтеуге лайық. Аллаға шүкір, құрметтеліп, Ас беріліп, рухтарына тағзым жасалуда. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қаншама бабалар аруағы қайта тірілді, ұлтымыздың мерейі асқақтады. Осындай жетісулық тұлғалардың бірі – Қосқұлақ Қалдауұлы бабамыз. Шамамен 1685-1785 жылдар аралығында ғұмыр кешіп, 104 жасқа келген десе-ді. Шыққан тегі Ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасының Қожбанбет тармағынан тарайды. Қосқұлақ атануы да тегін емес екен. Нәресте туған кезде құлағының арт жағында қосымша құлақ тәрізді айнала түймелері болған, соған орай ырымдап балаға Қосқұлақ есімі беріліпті. Әкесі Қалдау кейін екінші баласы туғанда «Ұлдың атын ұйқас, қыздың атын қиғаш қой» дейтін аталы сөзді ескеріп, үлкені Қосқұлаққа ұйқастырып оның атын Бесбұлақ қойыпты. Біржағы бұл жайлаудағы бес бұлақ суының тоғысқан жерінде туған екен дегенді айтады. Осы екі кісіден өніп-өскен Қосқұлақтың ұрпақтары киіз үйінің маңдайшасын, ал Бесбұлақтан өрбіген ұрпақтар, бабаларының бас киімін күні бүгінге дейін көздерінің қарашығындай сақтап отыр. Бесбұлақтың бала кезінде жасаған ерлігіне орай Батырша атанған, кейін би болған адам. Күллі Қосқұлақтың қарашаңырағы Қытай жеріндегі Іле-қазақ автономиялы облысы, Текес ауданына қарасты Ақши қыстағында тұратын Абиырұлы Шайықтың үйінде сақтаулы. Ал, Батыршаның бас киімі Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылындағы Рахымбайдың шаңырағында.

Бабамыздың туып-өскен жері Албан, Суан тайпалары көшіп қонып жүретін Жетісу өңіріндегі Алтынемел мен Қоңырөлең төңірегінде өмір сүрген. Қосқұлақ атаның кіндігінен 8 ұл өскен. Үлкен әйелі Сұқсыр бәйбішеден: Бәйімбет, Бұқар, Тұңғатар, Қаржау, Бөрте болса, кіші шешемізден: Алжан, Қалжан және Тілеу атты балалары өрбиді. Бәйімбеттен басқалалары өніп-өскен белді аталар шоғырын құрайды. Бұлардың ішінде өз дәуірінде асып туған айбынды Қаржау батыр да осы Қосқұлақ бабамыздың ұрпағы. Жоңғар соғысында Қанкелді, Сатай, Бөлек, Өтеген, Наурызбай, Райымбек, Сәмен т.б. батырлармен иық тіресіп Жетісу жерін жау қолынан тазартысқан белгілі баһадүр батырлардың бірі екен. Сондықтан заманында «Қаһарлы Қаржау» атаныпты. Бұл туралы «Қожбанбет руы» кітабында және мерзімдік басылымдар «Президент және Халық», «Айқын», «Жетісу» газеті, «Мұқағали» журналдарына шыққан зерделі зерттеулерде және 2007 жылы арнайы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында өткен Республикалық дәрежеде ғылыми-практикалық конференцияда толық қамтылған болатын.

Қосқұлақ бабамыз аса бай да, сіңірі шыққан кедей де болмапты. Орта дәулеті, өзіндік тірлігі бар әрі бес уақыт намазын қаза қылмаған, өте тақуа, таза адам екен. Сондықтан ел-жұртына қадірі мол, қазыналы қария атанады.

Енді бабамыздың өлімі жөнінде ел аузында әлденеше аңыз-әңгімелер баршылық. Осының аңызы қайсы, ақиқаты қайсысы дегенге біраз түсінік бере кетейік. Қосқұлақ өлгеннен кейін, өз өсиеті бойынша қазіргі Алматы қаласындағы Әлмерек абыз, Райымбек батыр жатқан үлкен қорым зиратқа жерлемекші болады. Енді біреулердің айтуынша Түркістан кесенесіне апармақ болған дейді. Ұзақ жол болғандықтан мәйітті арулап орап, сыртын ақ киізбен қаптап тігеді де, сүйегін Ақнарға (кейде Ақатан деп те атайды) артып жолға шығады. Қасында бірталай адамдар бар. Бір жерге келгенде күн батып кеш кіреді. Жол соғып шаршаған сүйекшілер дамылдап ұйқыға кетеді, түйе де қастарына шөгіп бірге жатқан. Таңға жуық тұрса Ақнар жоқ, кездейсоқ жұмбақ күйде көз жазып қалған. Екі-үш күн іздейді. Ұшып көкте, түсіп жерде, не көрдік-білдік деген пенде жоқ. Бар болғаны денесін ораған ақ киізді айдаладан тауып алады. Қасындағылар айтады, мүмкін үйренген жері ауылға кеткен болар деп, Іле өзенінің екі жағына бөлініп алып келген жолдарын қайта қарап, сүйекшілер елге оралады, бірақ та Ақнар ауылға келмеген. Жұрттың бәрі мұндай таңғажайыпқа таңғалады. Қандай киелі құдірет күш екенін кім білсін, осылай ойламаған жерден Қосқұлақ атаның сүйегін артқан түйе бір түнде көзден ғайып болады. (Бұл туралы жоғарыда аталған кітаптың 228-бетінде көрсетілген).

Ал шындығына келсек, біздің пайымдауымызша, бұдан әрі қарай оқиға желісі былай өрбіген сияқты. Ақнар адамдар қалың ұйқыға кеткен кезде жайылымға шығуы да, болмаса керуен жолының бойын торауылдаған қарақшылар қолына түсуі мүмкін. Олар түйеде көп қазына мүлік бар деп ақ киізді пышақпен тіліп қараса, байлық емес ақкебінге оралған ақсақалды адамның мәйіті шығады. Шошынған қарақшылар қайтадан түйеге артады да, бос жіберсе керек. Түйе батысқа бағыт алып жүре-жүре Қордайдың асуына жетіп, мүлде шөгіп жатып алады. Арлы-берлі өткен жүргіншілер көріп, бұған қатты таңғалысқан. Жан-жағына хабаршылар жіберіп сұрау салады. Ақыры ақиесі табылмаған соң сондағы Жаныс, Ботбай (Дулат) елінің адамдары осында жерлеген екен. Қандай қасиетті кісі, аты-жөні кім, анық-қанығын ешкім білген емес.

Арада қанша уақыт өтті, оны білмейміз. Бірақ та, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» безіп кетіп, халық енді-енді еңсе көтеріп есін жия бастаған заман, яғни Жоңғар соғысы толық тоқтаған шақ еді. «Ел құлағы-елу» демекші, бірден-бірге естіліп, бұл хабар алыстағы Албандарға жетеді. Ұрпақтары сұрай-сұрай іздеп келсе, шынында Қордай асуындағы «Үкілі сай» дейтін тұйықтау жылға сайдың ішінде, қалың бір топ долана ағашының түбіндегі тепсең жерге түйенің жатқан орнына жерлеген екен. Келгендер жергілікті халыққа алғысын айтса, екіншіден, бір малын айтып сойып, құран бағыштап баба басына тағзым етіп қайтады. Үлкендердің айтуынша, содан бері жүз жылдай уақыт өтіп ұмыт болған десе-ді.

Енді екінші бір адамның шындыққа жақын нақты әңгімесін тыңдайық. Бұл Есікті қаласының 85 жастағы тұрғыны Құсайынұлы Жүніс (2014 жылы өмірден өтті) ақсақал былай дейді: «Қосқұлақ атамыз 104 жас жасаған екен, өмірден өткен кезінде біздің ауылдың қонысы Өсек өзенінің бойында болыпты. Бабамыздың жаназасын шығарар кезде алыс-жақыны бар көптеген ел-жұрт жиналып, құран-аят бағыштауға жүздей қары молда қатынасыпты. Сүйегін арулап ауылдан құрметпен шығарып салғаннан соң, сүйекшілер Ақнарды жетектеген бойда Құйған деген жерден әрең өткізіпті, – дейді. Бірақ діттеген жерге жеткізе алмай сүйегі белгісіз жағдайда ғайып болған екен. Көп жылдан кейін Қордай асуында жерленгені жөнінде дерек шығыпты. Бұл әңгіме үлкендерден қалған сөз, – деп аяқтады. Шежіреші Құсайын шалдың әңгімесіне қарағанда ислам дінінің дендеп орнығып келе жатқандығы және бұл кісінің өз заманның үлкен діндар адам болғандығын байқатса керек.
Енді бір дерек – қытайдың түрмесінде 19 жыл өмірін өткізген Әбдірасыл Ниязұлының (1924-2006 ж.ж.) қолжазбасында көрсетілген. Қолжазба иесіне сенсек, қасиетті Қосқұлақ атамыз 104 жасқа келгенде өмірден өтіпті. Соңғы сапарға аттанарда сүйегін Қалжан деген баласының үйінен шығарған екен, мынау сол бабамыздың қарашаңырағының маңдайшасының үгіндісі, – деп көлемі 3х4см. кішкене дорбаны «Құран» кітабының ішіне салып сақтаған көрінеді. Оны Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек елді-мекенінде тұратын баласы

Әділеттің үйінен көрдік.

Ал енді Қосқұлақ атаның мәйітін Қордайға жерленгені жөнінде ең алғашқы жеткізуші Алға ауылының тұрғыны Қуандық деген кісі. Сол Қуандық қария 1970 жылдардың басында Қордай асуында колхоздың қошқарын бағыпты. Бұл кісі Қосқұлақ бабаның сүйегі ғайыптан қалай келгені, қай жерге және қасында кімдер жерленгеніне шейін Ақбұлақ сайында көрші отырған Ырғайты колхозының шопаны Сайлыбаев Майлыбайға (әкесінің аты – Шормақбай) түгел көрсетіп айтып береді. Майлыбай қария 2006 жылы 78 жасында өмірден озған. Ал Қуандықтан – Үсенәлі, Асанхан, Жұмахан атты үш ұл және Райкүл, Ұлбосын атты екі қызы бар. Кемпірінің жасы биыл 90-да, Жамбыл облысы, Қордай ауылында тірлік кешуде.

Қысқасы, ел аузында Қосқұлақ бабамыз жайлы, оның жерленген жері жайлы аңыз-әңгімелер аз емес. Бабамыздың сол кездегі сұңғыла, алдын болжай білетін, көреген жан болғаны жайлы бүгінге жеткен сөз аз емес. Ал енді Қосқұлақ атаның ұрпақтары жайында сөз қозғасақ, кіндігінен тараған балаларының ішінде Қаржаудың ұрпақтары басқа балаларына қарағанда саны жағынан және ел ісіне араласқан тұлғалар көптеп шыққан. Таратып айтсақ, ұзаққа созылады. Ол жайлы жазуды болашақтың еншісіне қалдырдық.

Осындай ел аузындағы бұрын-соңғы екі түрлі деректерді саралай келе, Қосқұлақ атамыздың алғаш жамбасы тиіп жайғасқан жері Жамбыл облысының аумағындағы осы Қордай асуы болып шықты. Дәлірек айтсақ, Алматы-Бішкек күре жолының 184 шақырымында, оңтүстік сәл өкпе тұсында мүрдесі жатыр деп ойлаймыз. Қосқұлақ бабаның ұрпақтары бұл күндері қанатын кең жайған, өсіп-өнген елге айналып отыр. Баба рухына тағзым жасаған ұрпақтары бабамыздың басын қарайтып, үлкен Кесене тұрғызды. Ас берілмекші.
 

Дүйсенбай СЫҒАЕВ,
тарихшы

...