0 дауыс
1.1k көрілді
Бұрынғы заман әжесі мен қазіргі заман әжесін салыстырыңдар

1 жауап

0 дауыс
Батыр бабамыз Б.Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деген екен. Рас, қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ал бүгінде қазақ сол ғасырлар бойғы ұлы құндылықтан ажырап барады. Бұл – бүгінгі қоғамның дерті.

Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Дегенмен, бүгінгі әжелердің көпшілігі немерені қызметпен, ұлттық ән-күйді шетелдік даңғаза әуенмен алмастырған, басындағы орамалынан, ақ жаулықты кимешегінен «айырылып», шашын қиған, жас қыздардың опа-далабымен, ер-азаматтың шалбарымен ортақтасқан, бір сөзбен айтсақ бүгінгі заманға бейімделген «современный» әжелер. Олардың немере бағуға ықыласы жоқ. Ұрпағының тәрбиесінен өз қара басының қамын жоғары қояды. Бүгінгі әжелеріміз қызымен, келінімен таласып соңғы үлгідегі киімді киеді. Тіпті немересін бағып жүрген әженің өзі ұлттық ұстанымнан ада болғандай. Көшеде немересін жетелеп бара жатқан әжені көріп қуансаң да, әңгімесін тыңдаған соң кейіп қайтасың. Себебі немересімен шүлдірлеп орысша сөйлесіп бара жатқаны. Ал мұндай әже ұрпағын ұлттық тәрбиемен сусындатады дегенге кім сенеді? Енді ғана жақсы мен жаманды, оңы мен солын ажырата бастаған жас сәбиге ана тілін үйретпесек, басқа тәрбиенің бәрі ада қалады. Бұл да рухани, ұлттық сананың құлдырауының бір сипаты сынды.

Ерте кезде бесік жырын тыңдамаған, ертегі-аңызға елітпеген, жыр-дастандармен сусындамаған бала кемде-кем болса, бүгінде олар ілуде біреу ғана. Алайда әже әлдиін тыңдап өскен ұрпақтың соңғы буыны да солар бола ма деген ой да жоқ емес. Себебі армандарға жетелеп, алыстарға қол создыратын әже әңгімелерінің орнын теледидар мен ғаламтор алмастырды. Бірақ тәрбие кешіктіруді кешпейтін, қателікке бой алдыруды көтермейтін іс. Ендеше, кеш болмай тұрғанда бала тәрбиесіне жауапкершілікпен мән беріп, ел ертеңінің еңселі болуына бүгіннен атсалысып, бесіктегі тәрбиенің жайын түзесе дұрыс болар еді.
...