0 дауыс
1.5k көрілді

Халықтың денсаулығын нығайту- тұрақты даму саласындағы негізгі міндеттердің бірі

1 жауап

0 дауыс

Бүгінге дейін еліміз халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл құжат белгілі бір дәрежеде өзін-өзі ақтады деуге болады. Енді былтырғы қаңтар айынан бастап, Президенттің Жарлығымен «Денсаулық» бағдарламасы бекітілді. 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламалық құжат ел тұрғындарының денсаулығын сақтаудың тиімді әрі орнықты жүйесін дамытуды көздейді.

Әлбетте, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың пайдалы тұстары көп. Мысалы, соңғы он жылда қолға алынған шаралардың арқасында Қазақстан медицинасы бірталай жетістікке жетті. Сала министрлігінің мәліметі бойынша, адамдардың орташа өмір сүру жасы 6 жылға ұзарды, жалпы адам өлімі 27 пайызға қысқарды. Ана өлімі – 4 есеге, сәби өлімі 1,6 есеге азайды. Ал қатерлі ісік аурулары – 20 пайызға, туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 5 есеге төмендеді. Бұл – денсаулық саласының жалпы жағдайын сипаттайтын маңызды көрсеткіштер. Ендігі міндет – халықтың денсаулығын одан әрі нығайтып, саланың жағдайын мейлінше сауықтыра түсу. Медицинада қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешудің қазіргі заманға бейімделген небір оңтайлы тәсілдерін қарастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы мақсатта алдыңғы бағдарламалардың жалғасы ретінде «Денсаулық» бағдарламасы дүниеге келді. Бұл құжат денсаулық проблемаларын шешудің 7 маңызды бағытын қамтиды. Негізгі міндеті – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыта отырып, аурулардың алдын алуға бағытталған шараларға көңіл бөлу. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін басқару мен қаржыландырудың тиімділігін арттырып, саланың инфрақұрылымын жетілдіруді көздейді. 

Жалпы, «Қазақстан-2050» Стратегиясында және Елбасының басқа да Жолдауларында еліміздің алдында тұрған басты меже – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екені атап көрсетілген. «Денсаулық» бағдарламасы осы саланың 2050 жылға дейінгі жоспарлы дамуына негіз болмақ. Мұндай стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері мен Қазақстанның дамуы арасындағы алшақтықтарды жою қажет. Осыған орай мемлекет медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз етуі тиіс. Бағдарламада айтылған мақсат-міндеттер сәтімен орындалып жатса, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 73 жасқа жетпек. 

Сонымен, «Денсаулық» бағдарламасы нысанасына алған жеті негізгі бағыт қандай?

Оның біріншісі – халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту. Бұл дегеніңіз – халықтың санасына денсаулықтың қадірін ұғынуды сіңіріп, аурулардың алдын алуға айрықша көңіл бөлу. Халықаралық үздік тәжірибелерге сүйенсек, медицинаны дамытудың басты жолы қоғамдық денсаулық қызметін қалыптастыру екен. Оның міндеті – санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, ветеринарлық қызмет мекемелерімен бірлесе отырып, халықтың денсаулық туралы ұғымын кеңейту, тиісті кеңестер беру, саламатты өмір салтын насихаттау және осындай жүйелі жұмыстар негізінде елдің денсаулығын нығайту. 

Ал екінші бағыт – медициналық-санитарлық амбулаториялық көмекті жаңғырту арқылы денсаулық сақтау қызметтерін пациенттің айналасына топтастыру. Соның аясында алғашқы медициналық көмектің әмбебаптығы артып, отбасылық дәрігерлердің рөлі күшейеді. Мысалы, бір отбасылық дәрігер сол отбасы мүшелерінің денсаулығына өмір бойы бақылау жасаған болса, онда олардың қандай аурулармен ауырғанын, қандай сырқатқа бейім екенін, ағзасының ерекшеліктері қандай екенін жақсы біледі. Демек, әйелдер мен ерлердің, балалардың созылмалы ауруларын емдеу және оңалту шаралары дер кезінде жүргізіліп, бұл да адамның тезірек сауығып, ұзақ өмір сүруіне септігін тигізері сөзсіз. 

Бұл бағыт бойынша жедел медициналық жәрдем жүйесі де оңтайланып, дәрігерлердің қағазбастылығын азайтуға ден қойылмақ.

«Денсаулықтың» үшінші бағыты – медициналық қызметтің сапасын арттыру. Осы мақсатта алдымен медициналық ұйымдардағы барлық өндірістік процесті стандарттаудың негізінде сапаны басқару тәсілі жүзеге асырылмақ. Клиникалық процестерді стандарттау үшін неғұрлым тиімді және қазіргі заманғы технологиялар мен медицина ғылымының жетістіктері негізге алынады. Былтырдың өзінде арнайы құрылған комиссия диагностика мен емдеудің 281 клиникалық хаттамасы мен 40 медициналық технологияны және қызмет көрсетудің 8 стандартын мақұлдапты.

Бағдарламаның төртінші бағыты – ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын жүргізу. Бұл ретте дәрі-дәрмектің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Әрі дәрілік заттардың халыққа қолжетімділігі, сапасы, тиімділігі мен қауіпсіздігі басты назарға алынады. 

Бесінші бағыт – ынтымақтастықты енгізу және қаржылық орнықтылықты арттыру негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру. Медицина саласының орнықтылығы оған бағытталған қаражаттың деңгейіне де байланысты екені белгілі. Сондықтан мемлекет осы салаға реформа жүргізіп, биылғы шілде айынан бастап, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізіп отыр. Сақтандыру қорынан халықтың да, мемлекеттің де күтіп отырған үміті үлкен. 

Бұл бағыт сондай-ақ, денсаулықты сақтау мен нығайтуда жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыру да көзделіп отыр. Бұған қоса, мемлекет денсаулық сақтау жүйесіндегі көшбасшылықты және заманауи менеджментті дамытуды қолға алды. Сарапшылардың болжамынша, мемлекеттік медициналық ұйымдарды басқару тізгінін қолға алған менеджерлер осы мекемелердің қызмет көрсету сапасын арттырып, өндірісті тұрақты дамытуға, нарық талаптарына сай бейімдеуге мүмкіндік береді деген сенімде. 

Бағдарламаның алтыншы бағыты – денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру. Әлбетте, медициналық қызметкерлерді сапалы дайындау және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды дұрыс бөлу де – денсаулық саласын дамытатын негізгі фактор. Сондықтан сала министрлігі халыққа қызмет көрсететін дәрігерлер мен медбикелерді даярлауға айрықша дайындықпен келгелі отыр. Ол үшін әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен келісімшарттар жасап, шетелдік серіктестермен бірге, стратегиялық жоспарлар әзірлеу бағытында жұмыстар жүргізуде. Қазірдің өзінде фин моделі негізінде қанатқақты жоба қолға алынып, алты колледжде оқытылып жатыр. 

«Денсаулықтың» соңғы жетінші бағыты – мемлекет-жекеменшік әріптестігі және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету. Мемлекеттік инфрақұрылымдарды оңтайландыру шеңберінде ауруханалық секторда тиімсіз пайдаланылып отырған ресурстарды босату мен қайта бөлуге басты назар аударылмақ, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ескірген стандарттар мен нормативтер қолданыстан алынады және электронды денсаулық құжаты бірыңғай біріктірілген платформаға орналастырылады. Бұл құжатта адам өмірінің соңына дейінгі денсаулығы туралы мәліметтер тіркеледі. 

Бұдан өзге, биылғы жылдың соңына дейін медициналық мекемелерді ақпараттық жүйемен – 50 пайызға дейін, 2018 жылы 100 пайызға дейін қамтамасыз ету міндеті тұр. 

Міне, «Денсаулық» бағдарламасында көрсетілген осындай шаралар легі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әрине, «Денсаулық» бағдарламасында аталған мақсатты индикаторларға қол жеткізу – мемлекеттің я болмаса емдеу мекемелерінің, дәрігерлердің ғана құзыретіндегі шаруа емес. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы дәрігерге көрінгенде ғана нәтиже болмақ. Ендеше, әркім денсаулықтың қадірін ерте бастан ұғынып, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегені» жөн. 


https://egemen.kz/article/158319-ar-azamattynh-densaulyghy-%E2%80%93-ult-dgetistigi
 

...