0 дауыс
1.7k көрілді
өтініш жауап керек, тез арада

1 жауап

0 дауыс

Хиуалықтарға және қоқандықтарға қарсы күресте Жанқожа батыр ресейліктермен уақытша одақ құруға мәжбүр болған еді. Жанқожа батырдың 1847 жылы Хиуаға қарсы күресін майдаланып қалуға тырысқан патша үкіметі оны өз жағына тартуға күш салып бақты. Осы мақсатпен оған Шекара комиссиясының есебінен жыл сайын 200 сом мөлшерінде жалақы төлеп тұру белгіленді. Оған Қарақұм мен Сырдария жағасындағы Борсыққұм қазақтарының басқарушысы деген лауазымды қызмет те ұсынылды. Ресей жоғарғы өкімет билігінің атынан батырға жасауыл деген атақ та берілді. Бірақ Жанқожа батыр патша үкіметі ұсынған барлық атақ, жалақы, қымбат бағалы сыйлықтардан да біржолата үзілді-кесілді бас тартты.

Патша үкіметі Жанқожа батырды Кіші жүздің билеуші-сұлтандарына бағынышты етуге де тырысып көрді. Бұл қитұрқы әрекеттер батырдың патша үкіметінен іргені аулақ салуына себеп болды. Өйткені оның патшаның қолшоқпар шенеуніктеріне айналған сұлтандарға бағынуы тіпті түсіне де кірмейтін жиіркенішті нәрсе болатын.

1856 жылдың желтоқсан айында Сыр бойы қазақтарының Ресейге қарсы қарулы көтерілісі басталды. Бұған түрткі болған себеп ресейлік солдаттардың жергілікті үш қазақты кірпіш зауытының пешіне тірідей жағың жіберуі еді. Көтеріліске шыққандардың жалпы саны 3 мың адамға дейін жетті. Көтерілістің орталығы бұрынғы хан ордасы орналасқан Жаңақала болды. Көтерілісшілердің басым көпшілік бөлігі жаяу адамдар еді. Олардың қару-жарағы жер өңдейтін кетпен мен ұзын сапты шот, сойыл, садақ, найзалардан құралды. Оқ ататын аз ғана мылтықтары бар еді. Жанқожа батыр жедел қимыл жасай алатын бірнеше топ құрды. Олардың әрқайсысының қатары 150— 200 адамнан тұрды. Көтерілісшілер жасағы Қазалы маңына, Перовск бекінісіне таяу жерлерге орналастырылды да, белгі берілген кезде күтпеген жерден бірден лап қойып, шекара шебіне шабуылға шықты. Дұшпанның адам күші елеулі шығынға ұшырады.

1856 жылғы желтоқсан айының аяқ кезінде Қазалы қамалы қоршауға алынды. Жергілікті тұрғындар барлық бәленің басы осы қамалда жатыр деп ойлайтын. 1857 жылғы қаңтарда көтерілісшілердің саны 5 мың адамға жетті. Бұларға қарсы Фитингофтың отряды қарсы шабуылға шықты. 300 қазақ, 320 жаяу солдаттан құралған жазалаушылар отряды зеңбіректер және ракеталы станоктармен қаруланған болатын. Жазалаушы әскер мен көтерілісшілер арасындағы шешуші шайқас 1857 жылғы 9 қаңтарда Арықбалық шатқалында өтті. Көтерілісшілерді жігерлендіру үшін олардың алдында желбірете ақ ту ұстаған Жанқожа батыр келе жатты. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқаң зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмады. Көтерілісшілер қосыны басып алынды, мал-мүлкі талан-таражға түсті. 20 мың бастан астам малы айдап әкетілді. Көтерілісшілердің бытыраңқы топтары Қуаңдарияға қарай шегініп кетті, одан әрі Бұхара мен Хиуа асуға мәжбүр болды.

Сыр бойындағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын басқарған батырлардың бірі Есет Көтібарұлы (1807-1888) болды. Ол өзінің батырлығымен, орасан зор дене күшімен, парасатты ақыл-ойымен, қызыл тілге шешендігімен, сондай-ақ ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен халыққа ерекше танылған еді. Оның әскери қолбасшылық өнерге шеберлігі, бір орыннан екінші орынға жедел ауысып кете алатын тактикалық тапқырлығы жақсы қаруланған, күші басым орыс әскерлерін қапыда қалдырып, талай рет жеңіске жеткізді.

Есет Көтібарұлы ғажайып шешен адам болатын, өз тындаушыларын үйіріп әкетіп, ерлік күреске жігерлендіре білетін. Ағылшын зерттеушісі Бульжер Демитриус Чарлз Есет батырдың өз руластарын патша үкіметіне қарсы күреске жігерлендіре шақырғаны туралы жазды: «Рас, олардың аттары мен қаруы бар. Aт пен қару бізде жоқ деп кім айта алады? Біздің мұхит түбіндегі құмның қиыршығы сияқты көп екеніміз өтірік пе? Өздерің мойын бұрып қараңдаршы: шығыс пен батыста, солтүстік пен оңтүстікте де қаптаған қалың қазақтардыды көретіндерің анық. Сөйте тұра неге біз aт төбеліндей өзге жатжерліктерге бағынуға тиістіміз?!»

1838 жылы Есет батыр Ресейдің Елек бекінісіне шабуыл жасауға қатысты. Ол 1847-1848 жылдары Жанқожа Нұрмұхамедұлымен бірге Хиуа және Қоқан басқыншыларына қарсы белсене күресті.

1847 жылдың жазында Жем өзенінің бойында Есет батыр патша үкіметінің жазалаушы әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасады. Батырдың Ресей әскеріне шабуылдары кейін де жалғаса түсті. Патша әкімшілігі Есет батырға қарсы бірнеше рет жазалаушы әскер жіберді. Алайда туып-өскен елінің жер жағдайын жақсы білетін ол жазалаушы отрядты адастырып, оларға таптырмай кетіп жүрді. Оның үстіне, өз жігіттерін екі топқа бөліп, дұшпанды қапыда қалдырумен болды. Есет батырдың жігіттері Ресейдің сауда керуендері мен жазалушы әскерлеріңе батыл да сәтті шабуылдар жасап отырды.

1855 жылы ол отаршыл әкімшіліктің жергілікті қолшоқпары билеуші-сұлтан Арслан Жантөреұлын өлтірді. Патша үкіметінің сауда керуендері мен бекініс-қамалдарына шабуыл жасауын үдете түседі. Есет Көтібарұлының тарапынан Хиуамен әскери одақ құру жөнінде жасаған ұсынысы сәтсіз аяқталды.

Ресеймен жиырма жыл бойы жанқиярлықпен күрес жүргізген Есет батыр 1858 жылы өз еркімен Ресей империясының бейбіт келісім жасасу жөніндегі шартын қабылдады. Өйткені ол Ресейдің аса қуатты әскери машинасына қарсы бұдан әрі күрес жүргізудің пайдасы жоқ бос әурешілік болып шығатынын түсінді. Патша үкіметі оның бұған дейін Ресей империясына қарсы жүргізген күресіне кешірім жасады. Батыр үй басынан алынатын түтін салығынан босатылды. Кейінірек ол тіпті Торғай облысындағы Ырғыз уездік бастығының көмекшісі қызметіне тағайындалды. 1873 жылы Хиуаға қарсы жасалған жорыққа Ресей әскерлерінің құрамында белсене қатысты.

Толығырақ: https://kk.wikipedia.org/wiki/

...