0 дауыс
6.6k көрілді
Аламыс батыр жырына композициялық талдау жасап беріңіздерші! Қатты қажет болып тұр еді.

1 жауап

0 дауыс

Жырдың тақырыбы - халықтың бірлігі мен ынтымағын армандаудан туған да, идеясы - батырлықты дәріптеуге негізделген.

Жырдың басты кейіпкері - Алпамыс батыр.

Алпамыс образы ұнамды образға жатса, шығарманың жанрына карай эпостық образға, ал көркем әдебиеттің әдісіне қарай романтикалық та, реалистік те образға жатады.

Алпамыс бейнесін беруде адамның өмірінен тыс қиялшылдық әрекеттер басым пайдаланылса, оған қоса нақты тұрмыс-тіршіліктегі өмір әрекеттері де нанымды суреттеліп отырады.

Алпамыс бейнесін жасауда романтизм әдісі мен реализм әдісі шебер ұштастырылып, сынасыз біріктірілгенін көреміз.

"Алпамыс батыр" жырының бас жағында Жиделі Байсын жерінде Қоңырат деген елдің Байбөрі деген байының байлығын суреттеуден бастайды.

Тоқсан мың қарасы, сексен мың маясы, тоғай сайын мың жылқы,торысы мен қарасы, бозы менен аласы бөлек-бөлек жайылып жатқанын баяндайды.

Соншама бай болса да, баласыздығын, өзінің атадан жалғыз екенін, немере туысы Құлтайдың күңінен туған бір Ұлтан деген баласын асырап алғанын, Ұлтаннан өсе келе қорлық көргенін әңгімелеу арқылы тыңдаушысына жеткізеді.

Әңгімелеу немесе баяндау-жырда жыршының сөзімен айтылады. Әңгімелеу әдісі жырда мұнан әрі жалғастырылады.

Біз бәйбішесі Аналық пен Байбөрінің ел асып әулиенің кені Әзіреті Қаратауға бет алғанын, Бабата деген жерге келіп қабірін түзеп, тоқсан күннің үш күнін өткізгенін білеміз.Онан әрі асып тағы бір түнегенде көк есегі астында, ақ сәлдесі басында, сырлы асасы қолында бір диуана келеді деп әңгімелейді.

Мұнда Шашты Әзиздің портретін беру үшін суреттеу тәсілін қолданады. Суреттеудің бұл түрі-сипаттау деп аталады.Сипаттауда кейіпкердің ұстап-тұтқан, пайдаланған заттары мен мүлік-құралдарын көрсетеді.

Мұның алдында Ұлтанның портретін береді.

"Кеудесі болды кепедей,

Мұрны болды төбедей.

Күрек тісі кетпендей,

Кеңірдегінің тесігі

Жүгімен түйе өткендей.

Құлағы болды болды қалқандай,

Мұрынына қарасаң,

Сығымданған талқандай.

Көзі терең зындандай,

Басқан ізін қарасаң,

Көрінеді оттың орнындай.

Азуы үлкен ошақтай,

Азу тісі пышақтай.

Иегі бар сеңгірдей,"-

деп портретін ерекше өсіріп, барынша үлкейтіп суреттейді.Бұл Ұлтанның сиықсыздығын танытатын таза портрет.

Портрет дегеніміз -кейіпкердің бет-пішіні.

Әулиені Шашты Әзизді жанамалап суреттесе, Ұлтанды тура суреттейді.

Байбөрі мен Құлтайдың Ұлтаннан көрген қорлығына шыдамаған Байбөрі жары Аналыққа мұңын шақса, Аналық өзінің ойын айтады.

"Жасымыз болса кеп қалды,

Көрмедік бұдан паналық,

Енді қалай қылалық.

Мақұл десең алғаным,

Алаша төсек салғаным.

Әзіреті сұлтанға

Екеуміз де баралық .

Әулие қылса керемет

Болар ма екен жаңалық,

Бермесе құдай шара не,

Далада өліп қалалық..."

Жыршы бұл тұста өзі сөйлей бермей тындаушысына өнерлі болу үшін кейіпкерді сөйлетіп, диалог арқылы оқиғаның арқауын ширатып, кейіпкерлердің образдарын саралай түседі.

Диалог дегеніміз-екі адамның не одан да көп адамдардың сөз қолданыстары.

Жыр жолдары тағы да баяндауға құрылады.

Шашты Әзиздің Аналыққа айтқан сөзі монологке құрылған. Себебі Аналық өңінде емес, түсінде көріп, өзінің ішкі толғанысын, күйініштен сүйінішке қарай ынтасын аударып тұр. Бұл -Аналықтың басындағы ойы, аналық мұңы.

"Ей, бишара, көзіңді аш!

Ұлыңның аты Алпамыс,

Қызыңның аты Қарлығаш,

Түрегел де қолың жай,

Болады өзі өмір жас!"

Жырдағы бұл берілген монолог Аналықтай бала зарын тартқан әйелдің басындағы ауыр халді көрсету үшін жыршының баяндауынан анағұрлым тындаушысына өткір әсер береді.Осы жағдайды жыршы шеберлікпен пайдаланады.

Монолог дегеніміз - жеке адамның іштей толғанысы, күйініш-сүйінішін көрсететін сөз қолданыстары.

Жырда балалы болған Байбөрінің той жабдығына тоқсан құр ат, тоқсан нар сойғанын және сүйіншіге бір-бір аттан таратқан куанышын көрсете отырып, Байбөрінің байлығын суреттейді.

Жырдың басында суреттелген Байбөрінің байлығы балалы болған қуанышы үстіндегі тойда тағы қайталанады. Бұл да кейіпкердің образын ашу үшін пайдаланылған суреттеу әдісіне, соның ішінде сипаттауға жатады.

"Алпамыс батыр" жырында ара-арасында қара сөзбен (прозамен) оқиға желісіне түсініктеме беру жиі қолданылады.Мұндай түсініктемелер жырдың айтушы атынан әңгімелеу түрінде беріледі.

Сарыбай туралы, оның баласыздығы, Байбөрімен екеуінің уәдесі, қатынының Гүлбаршын атты қыз туғаны, құйрық жеп, бетке ұн жағу, Алпамыстың қалыңдық ойнауы, Сарыбайдың Алпамыс жазатайым өліп қалса, Ұлтан құлға қызым қор болар деп ойланып, жер ауып көшіп кетуі, кемпірдің баласын өлтіруі қара сөзбен айтылады.Бұл «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын еске салады.

Алпамыстың жырдағы бейнесінен алғаш рет хабардар етеді. Жырдың бас кейіпкерінің күш-қуатының қандай екенін түрткен баласының түрткенін көтере алмай өліп қалғанын байқаймыз.

Өрмекші кемпір сөзінен намыстанған Алпамыстың Шұбар атты қалай ұстап мінгенін, саймандарын сайланып, алтыннан кемер байланып, қызыл найзасын қолға алып, Шұбар атпен бір айлық жерді бір күнде асып он екі күн жол жүргенін баяндайды.

Алпамыстың образын барынша ірілендіріп көрсету үшін Шұбар атты да дамыта сипаттайды. Осы кезде будақ-будақ шаң астынан айшықты ала ту көтерген жер қайысқан қол көреді.

Қол артына қараса, ақ шатыр мен көк шатыр тігіп тастағанын тағы көреді.

Тасқа жазған Гүлбаршын сұлудың хатын оқып, Алпамыс жағдайға қанығады.

Хат монологке жатады. Хат арқылы кейіпкердің ішкі дүниесі көрсетіледі.

Гүлбаршынның басындағы қазіргі ауыр хал хаты арқылы Алпамысқа да қатты әсер етеді. Сол арқылы батырдың ішкі дүниесіне, мінез-құлқына, іс-әрекетіне ыкпал жасайтынын көреміз.

Алпамыстың алғашқы ерлік жолы басталады.Алатаулап ат қойып, Қараман бастаған қалмақты қойға шапқан бөрідей бөріктіреді.

Алпамыстың ерлігін суреттегенде "күркіреген күндей, жаңбырдай, жанып тұрған жалындай, құбылып тұрған сағымдай" деген табиғат болмысын көрсететін теңеулермен береді."Алпамыс батыр" жырында да "Қобыланды батыр" жырындағыдай табиғатты адам әрекетімен, кейіпкер сезімімен байланыстырып, Алпамыс характерін терең ашуға тиімді пайдаланады.

Табиғат көріністерін суреттеу әдебиетте пейзаж деп аталады.

Қалмақ батыры Қараманның Алпамыс батырға қарсы соғысқа шыққаны суреттеледі.

Жыршы:

Мұны естіген Қараман,

Ашуланып долданып,

Жібереді тұлпар қара атқа.

Тағы да біреу шаптырып,

Сауыт, сайман, жараққа.

Ашуы қысып дірілдеп,

Қоспақ нардай күрілдеп

Қарайды қалмақ жан-жаққа...-

деп ұстап-тұтқан заттарын сипаттау арқылы Қараманның да осал батыр емес екендігін көрсетеді.

Қараман образын өзінің монологымен де айқындай түседі.

Осы бүгін қылайын,

Көрінсе қазақ қырайын.

Бұл күшімнің көремін,

Қай уақытта пайдасын.

Қараманның қылышын суырып, айқайлаған айбарынан қорыққан Гүлбаршынның бүкіл бет-бейнесін, ішкі психологиясын баяндайды. Гүлбаршын сұлудың портреті жырдың осы тұсында жан-жақты беріледі.

Мұны көріп Гүлбаршын,

Жанынан кетті түңіліп.

Қысылып, зарлап тарықты,

Көзінің жасы төгіліп.

Сұлулықтан таптым деп,

Жылай береді егіліп,

Қабырғасы сөгіліп...

Туған айдай жалтырап,

Неше алуан киініп,

Көзі-қасы қиылып.

Алпамыстың қасына

Жетіп келді жүгіріп.

"Менсінбей батыр тұр ма,"—деп,

Қарары қыздың қалмады.

Көзінің жасы көл болып,

Келді де сұлу зарлады, -

деп Гүлбаршынның сыртқы кескін-кейпін ішкі жан дүниесімен байланыстыра көрсетеді.

Гүлбаршын бейнесін суреттеу арқылы тура мінездей отырып, Гүлбаршын бейнесін сыртқы кескіні мен ішкі сезімін байланыстырып даралауға құрады.

Мұны толықтыру үшін Гүлбаршынның Алпамысқа айтқан сөзін диалог түрінде береді. Гүлбаршынға Алпамыс жауабы да диалог түріне жатады.

Жырда Алпамыс пен Қараманның соғысы ерекше суреттелген. Онда екі батырдың да ұстап-тұтқан қару-жарағы, сауыт-сайманы, мінген аттары барынша үлкейтіліп суреттеледі.

Бұл бір жағынан, Алпамыс образын ашуға қызмет етсе, екінші жағынан, Алпамыс образын жинақтап типке айналдырады. Алпамыстың сомдалған тұлғасын жасайды. Алпамысқа қарсы тұрған жауы Қараманның да бейнесі жинақталып берілген. Барлық қалмақтың атынан қарсы қойылған.

Алпамыс образында жеке адамға тән іс-әрекеттер кездесіп отырады.

Гүлбаршын сұлуға назар салмауы, оған айтқан сөзі, Қараманның соққысы тигендегі көзінің аққан жасынан атының жалы сел болуы,жауы Қараманның қапы да кетпесін деп, жекпе-жекте жеңуі -осының бәрі Алпамыс образын даралауға негізделген.

Алпамыс образын даралау-кейіпкердің ішкі бітімін көрсетеді.

Алпамыстың бойына мың ердің күшін беріп жауын жеңгізу арқылы алтын кілемге салып хан көтеруі, Гүлбаршын сұлуға қосуы гиперболаға, яғни әсірелеуге негізделген.

Алпамыс образын ашу көркем сөз образымен шебер ұштастырылған.

Алпамыс қалмақтарды жеңіп, атасы Сарыбайды хан сайлатып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап Гүлбаршынды алып, қырық нарға зер, алтын отауын артып аулына келеді.Еліне келсе, әкесі Байбөрінің жылқысын Тайшық хан деген қалмақ шауып әкетеді.

Жырда түсініктеме қара сөзбен беріліп отырады. Бұл –жыр мен қара сөздің байланысын көрсетсе керек.

Алпамысқа айтқан сөзінен Байбөрінің күйініш-сүйінішін тікелей суреттегенін көреміз.

Әкесі Байбөріге қайтарған Алпамыс жауабы да батырдың күйініш-сүйінішін тікелей суреттеуге жатады.

Әдебиетте кейіпкер образын жасап, оның өмірін, қарым-қатынасын, наным-сенімін, ой-сезімдерін, мінез-құлықтарын көрсететін сөз, сөздің ішінде көркем сөз болып табылады.

"Алпамыс батыр" жырында да кездесетін кейіпкерлерді даралап, жинақтап көрсету үшін тіл образы - көркем сөз пайдаланылады.

Мәндес сөздер-синоним, жазылуы мен айтылуы бірдей сөздер-омоним, мәңгі ескі сөздер-архаизм, жергілікті сөздер-диалект сөздер кеңінен пайдаланылады.

Жырда араб-парсы сөздерінің кездесетіні бар, бірақ жаңа сөздер мен

интернационалдық сөздер кездеспейді, осыны есте ұстау керек.Келтірілген мысал жалпы әдеби шығармаларды түсіну үшін ғана айтылып отыр.

Байбөрі сөздеріндегі мүлік, пенде сөздері-дүние, мал, тұтқын деген сөздердің синонимі болып табылады.

Қажырланса Алпамыс

Жан көрінбес көзіне,-

деген тармақтардағы жан сөзі адамның жаны емес, керісінше омоним ретінде айтылып тұр. Жұрт, жары сөздері де басқа мағына беретін омоним сөздер.

Тайшық хан көрген түстегі түс сөзі де омоним сөздің бірі. Жұрт-ауылдың көшіп кеткен орны емес, жары- әйелі не өзіннің жары емес, түс-киімнің не мезгілдің белгісі емес.

Осындай мағыналарымен салыстырып көрсек, омонимдердің де жиі қолданылатынын көреміз.

Алпамыстың бейнесін жасауда көркем сөз образын молынан пайдаланады.

Эпитет пен теңеудің айшықты үлгілерін ұшыратамыз.Алтын бауыр Шұбар, тұлпар туған Шұбар ат, жас қыран, құрсаулы қара нар, қабағы қалың сол бала, шұнақ қу бала, қанды жасыл, жас берен сияқты сөз тіркестері эпитеттің нағыз өзі.

Жырда жай эпитеттер мен күрделі эпитеттер де мол ұшырасады. Оның мысалы жоғарыда өзіміз келтіргендер.

Эпитет дегеніміз-адамның, заттың, табиғи құбылыстардың өзгеше белгілерін көрсету, яғни ақындық анықтауыш.

Тайшық ханның образы да Тайшықтың түсін айтқан сөзінде Алпамыс образын байытып, ерлік пен батырлықтың белгісін көрсетеді.Алпамыстың өзінен басым екенін Тайшық хан сөзі дәлелдейді.

Алпамыс батыр образын көрсетуде метафоралық сөз қолданыстарға кеңінен орын беріледі.Алпамысты құрсаулы қара нарға, шабатұғын арыстанға бейнелеп, айдарлымды құл, тұлымды тұл қылды деп суреттейді.

Толығырақ: https://infourok.ru/alpamis-batir-zhirini-kompoziciyali-rilisi-men-tili-1083447.html

...