Кітап, Әдебиет | 8.4k қаралды
8.4k қаралды
Қамбар батыр жырына сюжеттік композициялық талдау

3 жауап

мазмұнын білесіз бе?
«Қамбар батыр» жыры өзге эпикалық туындылар тәрізді батыр тұлғасын, оның ел үшін еткен еңбегі мен ерлігін дәуір рухына сай көркемдеп жеткізуді мақсат еткені анық. Жырдың 12 варианты бар. Осыған орай кейбір нұсқаларда біршама ауытқушылықтар кездеседі. Алайда барлығына ортақ нәрсе - өз бойына көне сюжеттерді сақтай отырып, ел қауіпсіздігі маңызды болған тарихи кезеңді жырлау болғаны ақиқат. «Қамбар батыр» жыры батырдың есейіп, ел қамқоры болған тұсынан басталады. Күмістен тағып қарғысын, соңына ертіп тазысын, аңшылықпен айналысып жүрген Қамбардың белсенді қимыл-әрекеті кереметтей тартымды. Күш-қуаты кемеліне келген нағыз жігіттік шағынан басталған оқиға сол рухта аяқталады. Өз ауылы, Әзімбай ауылы және жау елі (қалмақ) - жырдағы кеңістік осылар. Батырдың ерекше болмысы екі жағдайда көрінеді. Біріншісі, көне эпос салтына тән жолбарыспен алысқандағы ерлігі болса, екіншісі - ел шетіне жау келгенде қорған бола білген қаһармандық іс-әрекеті. Сондай-ақ әлеуметтік жігі айқындала бастаған екі түрлі өмір сипатталады.

Қамбармен алғашқы ерлігіне дейін тұтас бір рудың қамын күйттеп, аш-арығын тойдырып, жетпегенін жеткізу жолында жүрген қарапайым аңшы-мерген бейнесінде танысамыз.
Түске дейін ілгені,
Төбедей болып қалады.
Көтеріп тастай береді,
Жарлының шығып көңілінен,
Қызыққа мейірі қанады, - деген жолдар оның аңшылық қасиет пен осы кәсіпке ерекше мән беретіндігінің дәлелі болса керек. Тіптен аң-құс атаулы мергеннің атының сыбдырын ес­тігеннен-ақ қашып жасырынады екен. Жыр бол­мысын ерекшелендіретін елеулі оқиға - Қам­бардың жолбарыспен жалғыз айқасып жеңуі.
Қамбар да қайтпай ұмтылып,
Бар қайратын шақырды.
Құйрығынан көтеріп,
Айналдырып басынан,
Лақтырып кеп жіберді,
Қырық қадам жерден асырып,
Мықтылығын ел көрді.
Жырдың айтарлықтай тағы бір ерекше­лігі - Назымның күйеу таңдап жар салған сынағына Қамбар қатыспайды. Бұл жағдайды жыршы әртүрлі себептермен түсіндіреді. «Бір жаман келіп малы көп, Алып кетсе айырып, Қайғыменен басылар, Ат басындай жүрегім», - деп сұлудан тартынуына кедейлігін сылтау етеді. Осыған қоса «Кедей демесең, одан артық адам жоқ» дейтін хабаршының сөзі бар. Демек, сол жерде Қамбардың бар кемшілігі - кедейлігі екені айқын айтылады. Қыздың құрған өрмегіне де мән бермей, кідірмей өте шығады.
Қамбар бейнесінде жеке отбасын құрудан гөрі руының, тобының қамын жеу басым. Назым тарапынан өзіне деген көңілді сезгенімен оған құлай кетпейді. Қайта бойын аулақ ұстаудың түрлі жолдарын табады. Батырдың ойы былайша беріледі:
Осыған көңілім бөлініп,
Ұмытып кетсем жұртымды,
Құдайдың мені ұрғаны.
Назыммен сөйлесіп тұрғанын көріп қалып, дау-жанжал шығарған қыздың алты ағасының ғайбат сөздерінен Қамбарды кемсіту байқалады.
Назымға қалмақтың ханы сөз салғанымен, жүрегін жаулай алмайды. Қалың нөкеріне сенген жат жұрттың билеушісі қызды зорлықпен алмақшы болған әрекеттеріне байланысты ел ішінде түрлі жағдайлар орын алады.
Ноғайлы билері Қамбарға тарту-та­рал­ғыларымен келіп, сырт жаудың басым­дылығынан қорғау жөнінде ұсыныс айтады. Сол кезде Қамбар тоғыз күннен кейін баруға уәде етеді. Өйткені өзіне қараған тоқсан үйлі тобырының қамын жасап, яғни аң-құс атып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп кетуді ойлайды. Қамбар Әзімбайдың сәлеміне «Әуелі, Алла, екінші жұрт үшін белді буайын. Әзімбайдың ақымақ алты ұлына өкпелеп, Жаманның ісін қылмайын» деуі батырдың табиғатының зеректігін айғақтайды. Қамбар мен Назымның алты ағасының арасында болған реніштер елдің тәуелсіздігі ұғымының жанында жай кикілжің есепті болып қалыс қалады.
Қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келген тұсынан бастап оқиға күрделіленеді.
Әзімбайды жүдетіп,
Сансыз қолды түнетіп,
Жерімнің шүйін қашырып,
Берекесін кетіріп,
Күйеумін деп Назымға,
Шынтақтайсың мамықты,
Аяғыңды көсілтіп, - деп батыр жауына қарсы батыл ұмтылады. Шекесіне құрама болат дулыға қойған, үстіне бадана көзді берік сауыт киген Қамбар жекпе-жекке шыққан шақта Қараманды өлтіреді.
Қыз Назымға таласып,
Екі батыр соғысты.
Бұлт шайнап, мұз бүркіп,
Үркер мен айдай тоғысты.
Түртіп өтіп кеткені,
Тақиядай ұшады.
Екпініне шыдамай,
Атының жалын құшады, - деп қайратты ер Қамбардың күші суреттеледі. Туған еліне деген сүйіспеншілік сезімнің құдіреті қасиетті жеріне ат ойнатқысы келген озбыр топқа тосқауыл жасайды. Күл төгіп, ірге бекіткен, кіндік қаны тамған қасиетті топырақты бар жан-тәнімен қорғайды. Сондай-ақ қыз баланы діні, ділі, тілі бөлек жат елге жіберуді 18 жасар Қамбар намыс санайды.
Үш күн, үш түн бойы шайқасып, ақыры Қамбар жеңіске жетеді. Басына қиын-қыстау іс келгенде ғана батырды керексінетін, байлық пен мансапқа мастанған байлардың келеңсіз әрекетіне тұтас елді жаудан құтқарған Қамбардың ерлігі қарсы қойылады. Барлық ізгі қасиеттер халық өкілі - батырдың бойына жинақталып суреттеледі. Батырлығы асқанымен әлеуметтік жағынан қызына тең көрмегендіктен, Әзімбай қызын Қамбарға бергісі келмейді. Алайда өзі дәрежелес Аршаханның ақыл-кеңесі арқылы ғана Әзімбай батырға қызын қосуға мәжбүр болады. «Күмістен керегесі, уығы алтын, Оңаша сегіз қанат тікті үйді». Осылайша қатарлап қазынаның бәрін жиып, Әзімбай қырық күн той жасайды.
Жырда батырдың серігі, яғни Қамбардың қарақасқа аты көркем кестеленеді.
Мойның алтын табақтай,
Қамыстай екі құлағың.
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың,
Сұлулығың сүмбідей.
Мінеки, ұшқан құстан озатын ересен жүйріктігі, алыс жолға алқынбай жететін қайраты мен төзімділігі, батырдың тілегін танитын, дұшпанның пиғылын сезетін қасиеті, қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп сөйлеп, кеңес беретіндігі» - тек қана батыр тұлпарына тән айшықталған белгілер екені анық. Сондай-ақ батырдың өз басына қатысты «аш бөрідей жалақтап, нар бурадай алысты», «жолбарыстай ширығып», т.б. метафоралы теңеулер қолданылады. «Хан сүйекті Қамбар-ау, қара атыңда жал бар-ау» дейтін Назымның монологының өзі-ақ көп жайды білдірсе керек-ті.
Батырдың көңіл-күй сәттерін, ішкі буыр­қанған толғаныс иірімдерін білдіретін диалог, монологтар да, ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) де мол орын алады. Жауын жеңгендегі ерлігін «Қойға кірді бір бөрі, Бөріктіре қырады, Талай қалмақ сұлады», - деп көтермелей жеткізеді. Жеңілген жаудың сипатын «қызыл қаны ағып жосылды», - деп суреттейді.
Дәстүрлі құдалық салт рәміздік ұғымдардың түрлері көңіл аударарлық. Мысалы, күйеуді «алтын сұңқарға, қалыңдықты «қазға» балап, сұңқарға қазды ілдіру арқылы құда түсуді тұспалдайды. Қалыңдық - «қызыл түлкі», күйеу - «жүйрік тазы» немесе қалыңдық - «піскен түйнек», күйеу - «өткір кездік» сияқты көркемдік образдар молынан кездеседі.
Қорыта айтқанда, елді жаудан қорғау идеясы - жырдың алтын арқауы. Бір шүйке басқа алданып, көңіл бөлмей, Қамбар бірінші кезекте өз тобырының жағдайын ойлайды. Кедейлерге көмектесуді парыз санайды.
Дүниеге келіп кетті не асыл зат,
Жаманнан дат, жақсыдан қалады хат.
Бір дұға оқыңыздар аруағына,
Қамбардың болып жатсын көңілі шат, - деген жолдар бар жырдың соңында.
Олай болса, елдік, ерлік рухын асқақтататын Қамбар бейнесі ғасырдан-ғасырға жетіп, әрбір ұрпақтың рухани азығына алдағы уақытта да айналуға тиіс.

«Қамбар батыр» – қазақ халқының қаһармандық жыры. Жырдың 19 нұсқасы бүгінгі ұрпаққа жетті. Жырдың басты тақырыбы – жер мен ел намысын қорғау. «Қамбар батыр» жыры батырдың есейіп, ел қамқорлығы болған тұсынан басталады. Негізгі кейіпкер оқиғаға араласпас бұрын Әзімбайдың қисапсыз мол байлығы, оның алты ұлы және сұлу қызы – Назымның сән-салтанаты марапатталады. Онан соң қыз баланы есейгенше мәпелеп, күтіп еркелете өсіріп, ал үлкейген кезінде ескі заманның құдаласу сияқты қатаң заңына көндіре салатын әдет-ғұрыпқа қайшы бір оқиға баяндалады. Ол – Әзімбайдың өз қызына жар болатын кісіні Назымның өзіне таңдатуы. Тоғыз қабат торқадан қынама қамзол киген Назымның толқыған көңілі кереметтей әсерлі беріледі. Алтын тұғыр үстінде ақ тұйғындай еріккен қыздың көркем сәулесі көпке түседі. Тотықұстай түрленген Назым қыз қаракөк жорғаға күймелі арбаны жеккізіп, сайран құрады. Ерте туған бағыландай болып уызына жарыған Назымның толықсыған тұсында «Қасқа мен жайсаң, бектердің» біріне де назар аудармауы жыр оқиғасын қоюлата түседі. Міне, осы арада ғана тойға келмеген Қамбар есімі бірінші рет аталады.

Қамбар ата-анасы мен ауыл жұртының бар сенгені жалғыз өзі екендігін жолбарыспен айқасқанда да, Назым құрған өрмектен өтер­де де, Назымның шақыру сөзі­нен кейін кері қайрылғанда да қайталап айтып отырады. «Тоқсан үйлі тобырды» асырап отырған аңшы, саят­шы кедей жігіт елден асқан бай қызына тең емеспін деп ойлайды.
Бір жаман келіп малы көп,
Алып кетсе айырып.
Қайғыменен басылар,
Ат басындай жүрегім, – дейтін Қамбардың сөзі – бұған дәлел. Кейін Назыммен сөйлесіп қалғанын көріп қалып, қыздың ағалары – Қораз, Дораз, Қарымсақ, Қабыршақтар Қамбарды кемітіп, намысына тиеді. Алайда батырдың азаматтық, адамгершілік қа­сиеттері көзге түседі.

Эпостағы үйлену сарынының бөлекшелігі – батырдың сынаққа қатыспауы, танысуға алғашқы қадам мен басқосу ниетіне қыз тарапынан ғана әрекеттердің жасалуы шынайы баяндалады. Назым тарапынан өзіне деген ықылас-көңілді сезінгенімен, Қамбар оған құлай кетпейді. Қайта неғұрлым одан бойын аулақ ұстаудың түрлі жолдарын табады. «Осыған көңілім бөлініп, ұмытып кетсем жұртымды, Құдайдың мені ұрғаны», – дейтін батырдың ойына қарап Қамбардың ел-жұрт қамын бірінші орынға қоятындығын бірден байқауға болады.
Әңгіменің негізгі түйіні қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келген тұсында шиеленісе түседі.
Әзімбайды жүдетіп,
Сансыз қолды түнетіп,
Жерімнің шүйін қашырып,
Берекесін кетіріп,
Күйеумін деп Назымға,
Шынтақтайсың мамықты,
Аяғыңды көсіліп, – деп Қара­ман­ға келіп Қамбардың уәж айтуы, жекпе-жекке шақыруында үлкен мән жатыр. Сұлу Назымды зорлықпен алмақ болған қалмақ ханы тыныш елге ша­буыл жасағанда Әзімбай Қамбарды көмекке шақырады.

«Қойға кірді бір бөрі, бөріктіре қырады, талай қалмақ сұлады», – дейтін жолдар ел үшін Қамбар­дың әзір екендігін аңғартады. Жаудың қалың нөкерінің қызыл қанын жосылтып ағызады.
Бай да мінді бір атқа,
Жоқ та мінді бір атқа, – деп басталатын жыр жолдарынан Қамбар батыр жауын жеңіп, жақынын жат жерліктен азат еткен тұстағы мамыражай өмір, байы мен кедейі мүдделес, шат-шадыман тұрмыс көрсетіледі.
Бұл орайда жырдың көркемдік кестесінде айрықша теңеулердің алатын орны ерекше. Батырдың сенімді серігі ретінде тұлпары былайша суреттеледі:
Мойның алтын таяқтай,
Қамыстай екі құлағың,
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың,
Сұлулығың сүмбідей.
Қамбардың қара қасқа аты бұдан кейін ұшқан құстан озатын ерекше жүйрік, алыс жолға алқынбай жететін қайратты болып бейнеленеді. Осы орайда қара қасқа аттың шабысы шамадан тыс көтермелей суреттеледі.
Астындағы бедеуі,
Суытуы түскен соң,
Құйындай шаңы бұрқырап,
Ұшқан құспен жарысты.
Атқан оқтай зырқырап,
Қылады жақын алысты.
Сонымен қоса батырдың тілегін, дұшпанның пиғылын сезетін қасиеті де бар болып шығады. Қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп» сөйлеп, ақыл-кеңес те бере алатындығымен ерекшеленеді. Ал батырдың өз басына қатысты «аш бөрідей жалтақтап, нар бурадай алысты», «жолбарыстай ширығып», т.б. метафоралы те­ңеулер қолданылады. Батырлық жырларға тән кейіпкерлердің көңіл-күй сәттерін, ішкі буырқанған толғаныс иірімдерін білдіретін диалог, монологтар айтарлықтай көркемдік жүк көтеріп тұр. Мәселен, Назым мен Қамбардың, Қамбар мен Қараманның, Келмембет пен Әзімбайдың тіл қатысулары арқылы образдардың мінездемесі толық танылады.

Қалмақ ханы Қараман бейнесі баламалау әдісімен тікелей сұңқарға, құмай жүйрік тазыға, ал Назым – көлдегі үйрек, қазға, алтайы қызыл түлкіге ұқсастырады. Жырдағы дәстүрлі құдалық салтына қатысты рәміздік ұғымдардың әртүрлі формалары да көңіл аударарлық. Мәселен, күйеуді «алтын сұңқарға», қалыңдықты «қазға балап», сұңқарға ілдіру арқылы құда түсуді тұспалдау – көне замандардағы мифтік түсініктермен тамырлас. Тағы бірде «қалыңдық – қызыл түлкі», «күйеу – жүйрік тазы» немесе қалыңдық – піскен түйнек, күйеу – өткір кездік түсініктері көркемдік образдарға нақты мысал бола алады.

Әсіресе, батырдың ерлігі мен Назым сұлудың келбетін мадақтаған тұста ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) де мол орын алады. Жырда «Түске дейін ілгені, төбедей болып қалады» деп Қамбардың аңшылық қасиетін дәріптесе, енді бірде жолбарыспен алысқан сәтін «Қырық қадам жерден асыр­ды» деп жүректілігін, қолы­ның қуаттылығын әсіре­лей сипат­тайды. Тіптен аң-құс атаулы­ның мергеннің атының сыбды­рын естіген бойда қашып, жасы­рынады деген жолдар да бар.

Жауын әшкерелеп, жағымсыз образын шегіне жеткізе шебер бейнелеудің озық үлгісі – Келмембеттің сатиралық портреті. «Құлағы кесіліп, құнтиған», «мұрны кесіліп шұнтиған», «мойыны қыл ішектей қуарып», «тоқпақтай басы сымпиған», «көзі қояндай бадырайып», «беті бүйректей бұлтиып», «екі танауы қазылған індей үңірейген» жанның кескін-келбетіне істеген ісі үйлесе кетеді. Өйткені қалмақ ха­нының жандайшаптарының бірі Келмембет – ел арасын бүлді­ріп жүретін, алайда өзінен күшті­нің алдында құрдай жорғалай­тын ұнамсыз адам.

Қалмақты қырып-жойып, қа­нын шашып болып, ақ ордада Қам­бар демалып отырған кезде На­зым келіп: «Жаным құрбан, кө­зіме көрінбейді сіздей бір жан», – деп өзінің ынтықтығын білдіреді.

Дүние-боқтың аздығын,
Қайратты жігіт елей ме?!
Сақа қылған бар ма екен,
Қорғасын құйып кенейге,
Жаны бар кісі қонаққа,
Қыз шақырса келмей ме?! – дейтін ақылды, өжет, сұлу Назымның көңілі қашан да Қамбарда. Жауды жеңген қуа­ныштың үстінде Әзімбай қызы Назымды Қамбарға қосады.
«Күмістен керегесі,
уығы – алтын,
Оңаша сегіз қанат тікті үйді
Қосылып екі асылзат
ойнап-күлді,
Отырып Мұқыш молда
неке қиды.
Кедейдің жалғыз атты
заманы деп,
Дұшпанның даладағы
іші күйді».
Той салтанатының ғажап көріністері де, жақсылықты көре алмайтындардың іштарлығы да көркем тілмен баяндалады.
Қыз Назым шықты бұраңдап,
Он сегіз толған жасына.
Қыз Назым шықты басына,
Салдырып биік мұнара,
Қыз Назым шықты бұраңдап,
Кәмшат бөрік келісіп,
Бриллиант қойды басына.
Назым қыздың сұлулығы, бай­­лығы тойға жиналғандарды айтар­лықтай тәнті етеді. Жырда Назым­ның ажар-көркі он төртінші айдай, ашылған гүлдей, кірсіз қағаздай деген теңеулермен сипатталады.
«Қамбар батырда» жырланатын оқиғалар өте ертедегі өмірден елес береді. Осыған байланысты жыр тілінде өмір тіршілігіне, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа қатысты бұрын пайдаланылып келген, қазір қолданылмайтын пешене, медет, күрзі, дулыға, алмас тая, шері, хадиса сияқты сөздер кездеседі.

Жырдан әсірелеу мен литота керек
118,733 сұрақ
306,675 жауап
153,306 пікір
68,757 қолданушы