Қазіргі уақытта Батыс пен Шығыстың философиялық жəне мəдени мұраларын сатылап салыстыру мəселесімен айналысатын — философиялық əлеуметтік компаративистика, немесе салыстырмалы философия. Қазіргі заманғы философиялық əлеуметтік компаративистика тарихи философиялық зерттеулердің дербес саласы жəне оқу пəні ретінде өзінің институционалдық жəне концептуалдық негізінің ақырына таяп қалды. Мысалы, екі компаративистік зерттеулер орталықтарына — Гавай университеті — Гонолу, АҚШ жəне Нью-Дели, Индиядағы зерттеу орталығы жатады. Бұл орталықтарда 1939–1989 жылдары Батыс — Шығыс мəселесіне қатысты 6 конференция өтті. 1951 жылдан бастап тоқсан сайын «Батыс пен Шығыстың философиясы» атты журнал шығып тұрады. Мұнда көптеген компаративистік философтардың деректораты өтіп, философтар өздерінің ойларын ортаға салады. 1993 жылы Гавай университетінің негізінде компаративистикалық философияның еуропалық қоғамы ашылды. Өзінің тарихи дамуы барысында əлеуметтік философиялық компаративистика тарихи философиялық таным процесінде теорияда да методикада да жаңа құндылықтар мен жаңалықтарға ие болып отырды. Əлеуметтік тарихи практикадағы пайда болып жатқан өзгерістерге байланысты, Батыс пен Шығыстың диалогының дамуы барысында, əр түрлі философиялық бағыттағы ойшылдар тарихи-əлеуметтік философиялық компаративистиканың философиялық ғылымдардың бір саласы ретінде дербес түрде өз алдына құрылуына атсалысты.
Осы жоғарыда айтылғандар төмендегі тезистерді зерттеуге мүмкіндік береді. Олар:
- Батыс пен Шығысты салыстыру тарихшы-ғалымдардан методологиялық ізденістердің аясын кеңейтуді талап етеді, өйткені салыстырмалы методология тарихи философиялық білімнің негізі болып табылады;
- көптеген авторлардың пікірінше, философияның концептуалды тарихын жасаудың негізінде салыстыру əдісі жатыр дейді, осының арқасында соңғы уақытта философиядағы эклектизмнің ролі өсуде;
- XX ғасырда философияға ұлттық формалардың əсер ету ықпалы өрістеуде, ал бұл салыстыру əдісінсіз мүмкін емес.
Философияда компаративистикалық əдіс-тəсілдерді қолдануда мынадай мақсаттар қолданылады, ал қойылған мақсат зерттеудің келесі міндеттерін айқындайды, олар:
- Философия тарихындағы салыстыру əдісін түсіндірудің негізгі кезеңдері мен тенденцияларын айқындау.
- Əдіс ретіндегі салыстырудың механизмдерін ашатын тұрақты концептер мен ұғымдарды айқындау.
- Тарихи-философиялық зерттеулерге салыстырмалы əдісті қолданудың ерекшелігін айқындау.
- Философия тарихында қолданылатын салыстырмалы методологияның типтерін жіктеу.
Философиялық компаративистика философия тарихының бір бөлімі бола отырып, дүниежүзілік тарихи-философиялық процестегі жекелік пен жалпылықты айқындауды өзіне мақсат етіп қояды. Философиялық компаративистика сонымен қатар əлеуметтік тарихи жəне мəдени өзгерістердің нəтижесінде пайда болып жатқан философиялық өзгерістерді зерттеумен айналысады. Нақ осы философия мəдениет пен өркениеттің маңызды феномені ретінде проблемалық жағдайды тудырып, жалпы адамзаттық өркениет пен мəдениеттер диалогы шеңберінде мəдениет пен өркениет жөніндегі түсініктердің мазмұнын анықтауға атсалысады. Əлеуметтік-философиялық компаративистика мəдениеттің гуманистік сипаты мен жалпы адамзаттық білімнің бірлігіне назар аудару арқылы өз мақсатына жетеді. Мұнда мəдениет арасындағы ұқсастықтарға назар аударылады [1].
Мамандардың айтуынша, философиялық компаративистика методологиясы осы уақытқа дейін толыққанды зерттелген жоқ. Философиялық жүйелерді мазмұнды түрде компаративистикалық жақтан зерттеу, салыстырулар үшін бізге негіз табу қажет. Біз бұл негізді табуға ұмтылғанда қиындықтарға кезігеміз.
Философиялық жүйелерді салыстыруда негізді тауып алу үшін олардың принципиалды түрде жеке-жеке қарастыруымыз керек. Ал оларды қарастыру барысында біз оларды салыстырамыз. Бұл жерде мəселе тек философиялық жүйелерді қалай салыстыру керектігі жөнінде болып отырған жоқ, сонымен қатар нені салыстыруымыз керек, не үшін салыстыруымыз қажеттігі жөнінде болып отыр. Философиялық компаративистика мəселесін талдауда философияның əдістерінен емес, философияның пəнінен бастауымыз керек.
Бұл орайда тарихқа жүгінсек, онда мынадай сұрақ туады: «Қашан жəне неліктен философиялық компаративистика пайда болды?» «Философиялық компаративистиканың пайда болуы ондағы таза танымдық мəселелерді шешуге ғана қатысты болды ма?» Жоқ. Көптеген авторлар философиялық компаративистиканың пайда болуын дүниежүзілік тарихтың дамуындағы белгілі бір кезеңмен байланыстырады.
Еліміздің экономикасы мен мəдениетінің дамуына байланысты ХІХ ғасырдың бас кезінен бастап философиялық компаративистика алуан түрлі аймақтардың дүниетанымын ұғынып түсінуге ұмтылыс жасады.
Философиялық компаративистика ХХ ғасырдағы батыстық жəне батыстық емес философияның ерекше идеялары мен идеалдарын түсіндіріп бейнелеп беруге, Батыс жəне Шығыс елінің негізгі наным-сенімдері мен құндылықтарын танып-білу арқылы екі елдің арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға қол жеткізуге апаратын көпір тəріздес болды.
Мұндай ізденіске берілген бағалар пессимистік жəне оптимистік сипатта болды. Бұған оптимистік көзқарас білдірген ойшылдар философиялық компаративистиканың негізгі мақсаты алуан түрлі дүниетанымдық салт дəстүрлер мен құндылықтарды дүниежүзілік тұрғыдан синтез жасау болып табылады деген болатын. Яғни философиялық компаративистика осы синтездің негізінде бірыңғай əлемдік философияны жасай алады [2].
Компаративистердің пікірінше, философия экономика, дін, өнер сияқты мəдениеттің салаларындағы талас-тартыстардың болу мүмкіндігін азайтып, оларды жеңілдетудің, «əлемдік серіктестікті» құрудың маңызды факторы болуы мүмкін. Ол үшін философия өзара түсінісуді басшылыққа алуы керек дейді. Өйткені мұнда бірнеше елдер мен халықтардың мəдениеттері үйлесімін табады, мəдениет саласындағы байланыстар да күшейе түседі. Мысалы, Батыс пен Шығысты компаративистикалық тұрғыдан талдаудың негізгі өзегіне үнді философы П.Т. Раджудың пікірінше, Батыс пен Шығыстың философиялық дəстүрлері жатады, өйткені екі елдің ұстанатын салт- дəстүрлері мен құндылықтары алуан түрлі. Қалалық, еркектік сипаттағы, жігерлі де техникалық Батысты əйелдік сипаттағы нəзік, аграрлық, философиялық Шығыспен байланыстыру керек. Йога əдісін тəжірибеден өткізсек, философияның дінмен байланысы күшейе түседі, Қытайдағы сияқты, адамның адамдық қасиеттерін ашуға тырыссақ, мистикалық көңіл-күйге барынша назар аударып, адамзат əлемінің мəселелеріне экзистенциалды тұрғыдан қарасақ, өзара түсіністікке ие боламыз. Осындай синтездің нəтижесінде адамдардың ең жоғарғы құндылыққа жақындай түсуіне мүмкіндік беретін А. Вадианың армандаған «əлемдік» философиясына; Нортроптың армандаған «дүниежүзілік» «батыстық — шығыстық» философиясына; Махадеванның армандаған «ғарыштық көзқарасына» қол жеткіземіз. Француз ойшылы А.Г.А. дю Перрон XIX ғасырдың бас кезінде «Упанишадаларды» ғылыми тұрғыдан зерттеудің негізінде үнді жəне батыстық құдай ілімінің синтезін құруға ұсыныс жасады, яғни əлемнің болмысы туралы параллельді ілімді жасауға бағытталды. Раджудың пікірінше, əлеуметтік философиялық компаративистиканың мақсаты мəдени синтез болып табылады. Философиялық жүйелердің барлығы өздігінен шынайы, мысалы: Батыстың позитивизмін де Шығыстың адвайта ведантасын да бірдей қабылдаймыз. Батыста да, Шығыста да өздерінің философиясының эмпирикалық, трансценденталдық, абсолюттік, теистік, идеалистік, реалистік фундаменталды типтері болады. Немістің профессоры Фон Ринтеленнің айтуынша, 1) Батыс пен Шығыс өздерінің мəдениетіне жəне басқа елдің мəдениетіне сыйластықпен қарауы тиіс; 2) Батыс пен Шығыстың жақындығы тек философияда ғана мүмкін болады, өйткені философияда белгілі бір елдің мəдениеті айқын көрініс табады; 3) Батыс пен Шығыстағы идеялар айырбасы əр түрлі мəдениеттің құндылықтарымен байланысты; 4) əр түрлі құндылықтарды ескере отырып, əр түрлі мəдениеттер үшін ортақ белгі табуға мүмкін болады; 5) құндылықтарды тану арқылы ғана өзара түсіністік пайда болады жəне адам баласы мұнда өз-өзін толық мəнде аша алады. Шығыстың құндылықтары рухы жағынан Батыстың құндылықтарына ұқсас келеді. Олардың уақыт пен этикалықтан тыс сипаты бір, Батыстың кейбір ойшылдары Шығыстың эстетикалық құндылықтарын ескере отырып, Батыс пен Шығысты жақындастырғысы келеді (Т. Манро), басқа ойшылдар оның спиритуалистік элементтерін ескере отырып, Батыс пен Шығысты жақындастырғысы келеді (А. Пайпе), енді біреулері діни- мистикалық элементтерді ескере отырып, Батыс пен Шығысты жақындастырғысы келеді (К. Ясперс, Й. Такеуши, Дж. Полителла, С.К. Саксен) [3].
Компаративистік зерттеулер жаңа əлемдік тəртіптің, глобализация мен интеграция, мəдени айырбас пен мəдени диалогтың қалыптасуы үшін ғана маңызды емес, сонымен қатар Шығыс пен Батыстың алуан түрлі теорияларын назарда ұстау үшін де маңызды. Əлеуметтік философиялық компаративистика тек пəн ғана емес, сонымен қатар зерттеу əдісі де болып табылады. Əлеуметтік философиялық компаративистиканың пəніне Батыс пен Шығыс, Латын Америкасы, Солтүстік пен Оңтүстіктің, Африка ойшылдарының, мектептері мен философиялық бағыттарының бір-бірімен өзара байланысы кіреді. Əлеуметтік философиялық компаративистиканың əдісіне философиялық мəдениетті зерттеудегі комплексті, пəнаралық тəсіл болып табылады. Бұл əдіс тарихтың материалистік түсінігі принципіне, аналитикалық-феноменологиялық, герменевтикалық принциптерге сүйенген салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-генетикалық болып есептеледі. Компаративистикалық талдау таным əдісі философиялық бағыттар мен мектептердегі зерттелетін ерекшеліктер мен жалпылықты айқындаудың тəсілдерін зерттейді.
Шығыс жəне Батыс философияларын əрбір заманға карап тікелей салыстыру методологиялық қателік болар еді.
Шығыс, Батыс елдерінде жəне еуразиялық кеңістіктерде қалыптасқан рухани құндылықтардың тұтастығы мен сапа жағынан айырмашылықтары адамзат философиясы тарихының бүгінгі таңдағы келелі мəселелерінің бірі болып табылады. Өйткені əлемдегі халықтардың, ұлттардың, нəсілдердің бəріне тəн жалпы адамзаттық құндылықтарымен қатар, əр халықтың өзіне тəн тарихи қалыптасқан рухани, мəдени байлықтарын, адамгершілік қасиеттерін, яғни өзіндік кұндылықтарын, ескеру аса кажет. Тарихтың қазіргі белесінде осы құндылықтарды жандандыру, солардың негізінде жаңа белеске көтерілу бүгінгі таңның талабына айналуда.
Сондықтан да белгілі бір жағдайға байланысты қазақ халқының тоқыраған философиялық жəне тарихи құндылықтарын терең зерттеу, олардың ішкі мəнін айкындау, жалпыадамзаттық өркениет аясындағы даму бағыттарын зерделеу — коғамдық ғылымдардың алдында тұрған басты мəселелердің бірі.
Бұл аталып отырған проблеманың маңызы өзінің ғылымға қажеттілігімен немесе қазақ халқының сана-сезімін оятуға бағытталуымен ғана шектелмейді. Тəуелсіздік жағдайында еліміз нарықтық экономика, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру мақсатын алдына қоюда. Олар тарихи тамырлас рухани негізде қалыптаспаса, өрісі тарылып, ішкі жəне сыртқы күшке төтеп беруі қиынға соғуы мүмкін.
Рухани тəуелсіздіктің философиялық мəнін адамның дүниеге көзқарас жүйесінен іздеу қажет. Біздің руханилығымыздың бастауы сонау ежелгі кытай философы Конфуцийден, орта ғасырдағы əл- Фарабиден, кейінгі Абай мен Шəкəрім идеяларынан нəр алды. Олардың негізгі ойлары антропоцентризм философиясының: əлемнің тірегі адам деген тұжырымның төңірегінде болды.
«Өзінді таны жəне өзгерт» — бұл даналықтың үлгісі, халқымыздың ойлау жүйесінің өзекті мəселесі. Əрбір адам үшін болмыс — сол адамның өзінің тіршілік ету ауқымы. Ал оның өмірінің бағыты мен мазмұны «мен қалай ойлаймын, солай тіршілік етемін» деген қағидалық үлгіге саяды. Өзін-өзі шыңдау, жасампаздық — адамның өзіндік дамуынын мəңгілік процесі. Абайдың философиялық идеясы осыған мегзейді. Жігер, ақыл, жүрек үштігінде жүрек негізгі орынды алады. Ал Шəкəрімнің «арлы ақылға» ден қоюы да бекер емес.
Əркім өзіндік философиясына ең сенімді, басты ізгілік идеяларды, қағидалар мен мақсаттарын белгілеп алуы абзал. Ол үшін адамның рухани кемелділігі өршіл көзқарасты қалыптастыруға, бақыт пен құштарлыққа қол жеткіземін деген мақсатты шыңдауға көмектесуі кажет.
Батыс философиясында осы мақсат басқаша түсіндіріледі: абсолютті ақиқатты ақыл, логикалық ойлау процесі арқылы ұғынып, іске асыруға болады. Осы мақсатты түсіну қатардағы адамға мүмкін емес, ол қызық та емес, ал күнделікті мəселелерді осы философияның принциптерімен шешу, керісінше, əсер етуі де ықтимал.
Абайдың айтуынша, дана адамдағы білім, ақыл жəне жігер жақсылыкка, ізгілікті істерге, адамдарға деген сүйіспеншілікке бағытталуы тиіс.
Даналық жандылықпен, арлы ақылмен, əділеттілік жəне акиқатпен ұштасып жату керек.
Толығырақ: https://articlekz.com/kk/article/15652