0 дауыс
5.7k көрілді
Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің шешендік сөздеріндегі үндестік.Мұғәлім сұрап жатыр. Онлайн сабақ оқып жатырмыз.

1 жауап

0 дауыс

Қазбек би және қазақ шешендік өнері туралы қазақша реферат

Шешендік – қазақ қоғамының бейбіт тынысының тамыршысы іспетті десек қателеспейміз. Ол жөнінде ұлы ғалым А.Байтұрсынов:

«Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» (12,315) — деп баға берген болатын. Олай болса, қазақ тілінің бірыңғай халық тілі болып қалыптасуына, қазақ ауыз әдебиетінің дамуына үлес қосқан өнер иелерінің бір тобы –  ақындар болса, екінші тобы –  шешендер.

Сондай шешендердің бірі –  Қаз дауысты Қазыбектің есімі Қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасына бітімші, бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмлегер ретінде мөлім. Халық аңызына қарағанда, Қазыбек 13 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қонтажыға барып, батылдығымен, әрі сөзге шешендігімен ерекше көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында ғана қазақ елшілері тендікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайырып, алып қайтады. Сол жолы Қазыбек «Қаз дауысты» деген лақап атаққа ие болады. Қаз дауысты Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уәлиханов та ілтипатпен атайды. ұлттық ұғымымыздағы шешендік өнердің қалыптасуы, би-шешен атанудың басты шарттары жөнінде, сонау, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ұлы ғалым Шоқан былайша толғанған болатын:

«Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес;  тек салт-ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң іісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне тәлім болып отырған. Сонымен, бұл би деген атақ келіп билік айтуға және төрелік сөз сөйлеуге патент сияқты нәрсеге айналған» (13,56).

Міне, дәл осы сыннан Қазыбек бабамыз да талай рет сыналып, қиын сәтте жол тапқан, туған халқының әспеттеуімен Қаз дауысты Қазыбек атанып, «қара қылды қақ жарған» әділ билік айтқан.

Қазыбектің қалмақ ханына елшілікке барғандығы тарихта да айтылады. Онда Қазыбектің сөзінен үзінді келтіріп былай деп қорытады: «Тәуке ханның елшісі белгілі Қазыбек бидің қалмақ ханына айтқан сөзінің әрі білім аларлық, әрі көркемдік зор мәні бар». Қалмаққа қазақ елінен елші болып Қазыбек бір емес, үш рет барған. Соңғы сапарында ол бұдан былай тату тұруға қалмақпен келісім жасайды және «Даудың артын қыз байлайды, судың артын шым байлайды» деп баласына қалмақтан қыз алып, құда-жегжат болып қайтады. Осымен екі ел арасында шапыншылық тоқтап, уақытша тыныштық орнайды (14,46).

«Шешеннің шешендігі сөзді шиырлап сөйлей беруде емес, аз сөзге көп мағына сыйдыруында, айтар ойын жүйелеп, қиыстыра жеткізе білуінде, айтқыштығында, тапқырлығында» (15,401).

Қазақ шешендері ойды астарлап, тұспалдап та жеткізіп отырған.  Мұндай шешендік жұмбақтар әзіл-қалжың үшін ғана айтылмайды. Мемлекеттік маңызды, келелі істерді шешу барысында да жиі қолданылады (16,38). Мәселен, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің төмендегі жауаптасуы соған дәлел.

«Бірде қазақ еліне келген елшіні біреулер өлтірейік деп, екінші жақ өлтірмейміз деп үлкен дау-дамай болыпты. Сонда осы мєселені ақылдасып шешу үшін ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би бас қосып, бір төбеге шығып отырса, алдындағы көлге бір топ қаз келіп қоныпты. Сонда Төле би тұспалдап:

—      Мына көлдің алар ма еді қазын атып, — дейді.

—      Оғың шығын болмасын жазым атып, — дейді Әйтеке.

—      Құтылмастай пәлеге қап жүрмейік,

Қаз екен деп перінің қызын атып, — дейді Қазыбек. Осымен сөз бітеді. Елшіге тимей еліне қайыру керек деген шешімге келеді» (1,13).

Сөз жоқ, мұнда шешендік жұмбақ әділ шешімге келіп, ел тағдыры таразыға тартылған қиын-қыстау сәтте жол тауып шығуға ықпал еткен.

Халық шежіресі бойынша, Қазыбек қайтыс болғанда, қызы Маңқан жоқтау айтқан. Сол жоқтауда мынадай жолдар бар:

Өсиет қылдың Қазаққа:

«Сарыарқа деп қонысың.

Қалмақ, сартпен жауласпа,

Болмасын дедің жұмысың.

Өнерсіз өскен ел едің,

Біреу саған жау болса,

Паналауға жарайды

Мынау көрші орысың.

Орыспенен жауласпа,

Есінде болсын бұл ісім» (17,86).

Бізге аңыз-әңгіме, жырлар арқылы жеткен Қазыбектің Орыс еліне деген осындай достық көзқарасын тарихи жазба деректер де растайды. Мәселен, Сібір губернаторының міндетін атқарушы генерал-майор фон Фрауендорф Орта жүздегі жағдай және Қазақтардың көршілес елдермен, халықтармен қарым-қатынасы туралы Сыртқы істер коллегиясына 1763 жылғы 11 наурызда жолдаған рапортында сол кездегі «Орта жүздің тебе биі» Қазыбекке Размамбет тархан мен тілмаш Сапаровты жіберіп оны шақыртқанын, бірақ қыстың қаттылығымен байланысты. Қазыбектің өзі келе алмай, орнына баласы Сырымбет пен інісі Отарбай бастаған он кісі жібергенін, олардан 1762 жылғы 15-22 желтоқсан күндері ант алынғандығы айтылған. Одан әрі фон Фрауендорф Сырымбетпен оңаша әңгімелесіп Қазыбектің Ресейге жақсы ниетте екендігін анықтағанын хабарлайды.

Сыртқы істер коллегиясына баяндай келіп генерал-майор былай деп жазған: «…Абылай сұлтанға ол, Қазыбек биді, қырғыз-қайсақтың Орта жүзімен оларға – Қытайдың қоластына қарауға, Ресей жағынан бөлініп шығуға ойыстыру болған, ол үшін манағы сыйлықтардың үстіне Қытайдың Богды ханы оған, Қазыбек биге, басып алған Жоңғар жерінен Қазыбек би өзінің ұлысымен көшіп жүруге қай жерде қаласа, сол жерді беремін деп дәмелендірген, бірақ ол, Қазыбек би, Ресей мемлекетінің күшінен жақсы хабардар болғандықтан және тағы да Шемяка (Сәмеке) ханның тұсында барлық Орта жүзбен бірге мәңгі Ресей қоластында болуға императорға ант бергендігін еске алып, әлі де антында айнымай тұрғысы келетіндіктен, олардан бас тартқан. Бір ғана оның ұлысы емес, Орта жүз Қазақтарының басқа да ұлыстары іс жүзінде. Ресей қоластында тұрғандықтан ол, Қазыбек би, Орта жүзден Қытай жағына ешкім беріліп кетпеуіне күш салған; өз сөзінде тұруға және адал болуға уәде береді, жалғыз-ақ сонымен бірге егерде қытай тарапынан оларға қандай бір шабуыл және ренжіту жасалғандай бола қалса, мұндағы Ресей әскері тарапынан әрқашан қорғауда болуын сұрайды».

Бұл дерек Қазыбек би Орта жүздің Ресейге қосылуына белсене ат салысқанын және басқа елдердің шабуылынан, зорлық-зомбылығынан Ресей мемлекеті қорғайды деп кәміл сенгендігін дәлелдейді. Сондай-ақ жоғарыдағы жоқтауда айтылатын Қазыбектің өсиетімен де толық сай келеді.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – Казыбек Келдібекұлы кезінде қазақ халқын жапсарлас қалмақ, өзбек және орыс елдерімен тату көршілікке шақырған және Қазақстанның Ресеймен бірге болуын жақтаған өз заманының озық ойшылы, көреген ел басқарушысы болған.

Қазыбек бидің шешендік өнері өзімен қатарлас, үзеңгілес билермен жауаптасу барысында да жарқырап көрінеді. Қазақ шешендік толғауларының сынау, қарсыласының салмағын білу мақсатында айтылатын түрі – шешендік жауаптар.

«Сұрақ-жауап түрінде келетін шешендік толғаулар – қазақ халқының сондай сауалдарға тапқан жауабы, табиғат сыры мен өмір заңын анықтауға жасаған алғашқы барлау талабы» (16, 113).

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сєлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда:

— Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, — дейді Төле би.

— Айтыңыз, айтыңыз?

— Айтсам он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Отырғандар таң тамаша болады.

—      Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ болады ма?

—       Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? – дейді Қаз дауысты Қазыбек.

—       Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман,

—      Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

—      Үш дегеніміз- үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

—      Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

—      Бес дегеніміз –белсеніп шыққан жау жаман.

—      Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.

—      Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

—      Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

—       Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе, сол жаман.

—       Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, — дейді Қаз дауысты Қазыбек.

—  Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, — деп Төле би Қазыбекке риза болыпты» (1,26-27).

Сұрақ-жауап түріндегі шешендіктің мұндай үлгілері Жиренше мен Әз-Жәнібек, Байдалы би мен Тұрлыбек, Шорман мен Саққұлақ т.б. шығармашылығынан да жиі кездеседі. Демек, шешендік жауап – нағыз шешеннің, суырып салма өнерпаздың алғырлығын, тапқырлығын танытатын, логикалық қиыстыру шеберлігін көрсететін шешендік толғаудың ерекше жанры. Шешендік толғаулардың тәрбиелік, танымдық, тағлымдық маңызы да өсиет-өнегеге, үгіт-насихатқа негізделгендігімен ерекшеленеді. Сондықтан да онда халқымыздың талай ғасыр сүзгісінен өткізген философиялық көзқарастары, дүниетанымы көрініс табады.

Толығырақ: https://bigox.kz/kazybek-bi-zhane-kazak-sheshendik-oneri/

...