0 дауыс
379 көрілді
Бои на Халхин-Голе в 1939 году. (1939 ж. мамыр — қыркүйек) арасында кеңес-жапон арасында  монғолия территориясында басталған Халхин гол шайқасында қанша қазақстандық отандастар қатысты, әрі отан жолында ардагер болды?

1 жауап

0 дауыс

Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып фашистік Германияның одақтасы – жапон милитаристері 1935 жылы Қытайдың шығыс бөлігін басып алды. Ол аздай Кеңес Одағы мен оның Моңғолия жақтағы шекарасын қайта-қайта түртпектеп мазасын алды. Бұлар да қарап жатпай 1936 жылдың 12 наурызында КСРО Қорғаныс Халық комиссары К.Е.Ворошиловтың бұйрығымен 57-ші арнаулы корпусты күшейтіп, Моңғол елінің шығыс шебі Халхын-гол маңына орналастырды.

Жапондар шекараға келіп тірелген Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 1939 жылдың 11 мамыры күні соғысты бастап жіберді. Майданның алғы шебі 80 шақырымға, алғы шептен тылға дейін 25 шақырымға созылып жатты. Осылай мамырдың 11-інде басталған соғыс осы айдың 31-іне дейін жалғасты. Жиырма күннің ішінде самурайлардың беті қайтты. Бірақ олар ентігін сәл басып алып, шілденің 2-сі күні қайтадан шешуші шайқасқа кірісті. Соғыс қыркүйек айының ортасына дейін жалғасты. Екі жарым айға созылған ұрыста жапондар 50 мың адам, 660 ұшақ, 175 зеңбірек, 340 шақты пулеметінен айырылып, қыркүйектің 16-сы күні жеңілгені туралы актіге қол қойды. Міне биыл осы оқиғаға, яғни Халхын-гол шайқасының жеңісіне 80 жыл толып отыр.

КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Халхын-гол шайқасына қатысып, ерлік көрсеткен Қызыл Армияның 17068 офицері мен жауынгеріне орден, медаль берілді. 73 адам Кеңес Одағы Батыры атағына ие болды. Ұшқыштар – Я.В.Смушкевич, Г.П.Кравченко, С.И.Грицевец екі мәрте батыр атанды. Моңғол үкіметі де Мемлекеттік Кіші Құрылтай шешімімен Халық Армиясының 726 офицер-жауынгеріне, Қызыл Армияның 326 жауынгеріне әскери Қызыл Ту орденін табыстап, оның сыртында 14 адамға Моңғолия Батыры атағын берді. Осы он төрт адамның екеуі – орыс, біреуі – қазақ. Қос орыстың бірі – атақты қолбасшы Г.К.Жуков болса, екіншісі – И.И.Федюнинский. Ал батыр қазақтың аты-жөні – Ікей Мизамұлы.

Тағы бір есте боларлық дүние, Халхын-гол соғысына қатысқан екінші ұшқыш қазақ Жайсанып Мүдәрісұлы әскери жоғары шен генерал-майор атағына ие болды.

Батыр жайлы мәлімет

Ікей Мизамұлы туралы моңғол архивтеріндегі ресми құжатта ол 1911 жылы Бай-өлке аймағының Делүн сумын жерінде туды делініпті. Бірақ ел арасында сақталған кейбір ауызекі мәліметтерге және батырды білетін адамдардың айтуына қарағанда Ікей 1913 жылы дүниеге келді деуге негіз бар.

Айталық, Бай-өлке аймағының ресми үнпарағы «Жаңа өмір» газетінің 1993 жылғы №18 санында жарық көрген жазушы Солдатхан Орайханұлының «Ерлік мәңгі өшпейді» атты жолжазба белгілеуінде, бұл кісіге Ікей Мизамұлы жайлы естелік айтқан бұлғындық Ақтанқожа атты қарияның сөзін келтіреді. Осындағы деректе, Ікей батыр Оразбек басқарған молқы қошуынына (әкімшілік бірлік) қарасты қанкелді Қоша зәңгінің ауылында 1913 жылы туған делінсе, сонымен қатар 1930-шы жылдары Бай-өлке өңірінде жаңа низам мектептері ашылып, жаңа заман оқуына бала беруді ел басшыларына өкімет міндеттеген көрінеді. Жоғарыдағы Қоша зәңгі міндетінен құтылу үшін кедей Мизамға бір қой беріп, тентек баласы Ікейді жаңа низам оқуына жіберткені жайлы айтылыпты.

Сөйтіп 1931 жылы 17-18 жастағы Ікей Тұлбада ашылған сауат ашу оқуына келеді. Бұл мектепті ашқан һәм ұстаздық еткен – Өскемен-Семей өңірінің тумасы, осы жылдары комсомол жолдамасымен Қобда қазақтарын ағартуға арнайы жіберілген Бердіқожа Жолтаев еді. Осы Бердіқожа ағамыздың естелігінде: «Ікей істиген қара бала болды. Өте сотқар, бірақ сабаққа жақсы, айлалы тентек болатын» депті.

Жаңа оқуға келгенге дейін Ікей 1926-1930 жылдары орыс саудагерлері орнатқан қойдың жүнін жуатын кәсіпорында 2-3 жыл жұмыс істеген көрінеді. Осылайша, ептеп орысша тіл сындырып, жаңаша хат таныған жігіт болашақ өмірін Ұлан-Батыр қаласындағы Құжырбұлың әскери гарнизонында қатардағы солдаттан бастап, кешікпей Ұлан-қуарындағы Әскери жоғары мектепке қабылданады. Осында оқып жүріп 1932-1933 жылдары батыс аймақтарды қамтыған ламалар көтерілісін жаншуға қатысып, ерлік көрсеткені үшін Бас қолбасшы маршал Демиттің (Дэмид) жарлығымен алмас қылышпен сыйланады.

Әскери жоғары мектепті 1934 жылы бітірген Ікей әуелгі қызметін Ұлан-Батыр қаласындағы І атты дивизияның ІІ полкінде бастайды. 1936 жылы өзінен үш жас үлкен Должын Сонымқызы (Сономын Должин) деген моңғолға үйленеді.

Бұл тұста жоғарыда айтқанымыздай, Моңғол елінің шығыс шебі Халхын-гол өңірі шинелісті жағдайда еді:
● 29 қараша, 1935 жыл. Жапон және Манжурия әскері Бұлан-ши қарауыл бекетіне шабуыл жасап, 20 шақты солдатты өлтірді.
● 19 желтоқсан, 1935 жыл. Жаудың 300 әскері Бұлан-ши қарауыл бекетіне шабуыл жасап, 16 солдатты тұтқындап алып кетті.
● 12 ақпан, 1936 жыл. Жапондардың 25 машинамен жабдықталған 500 жауынгері Бұлан-ши қарауыл бекетіне соқтықты.
● 9 наурыз, 1936 жыл. Жаудың 100 шақты атты әскері Баян-қолай қарауыл бекетіне шабуылдады.
● 12 сәуір, 1939 жыл. Бойтықты құмында 12 жарақты техникамен жабдықталған жаудың 400 атты әскері шекара бұзды.
● 1939 жылдың мамыр айында соғыс басталды.
Қазақ офицері Ікей Мизамұлы дереу майданға сұранып өтініш жазады. Өтінішті қабыл еткен басшылар оны 6-шы Тамсық дивизиясының 17-ші атты полкының 4-ші сұмын (рота) командирі етіп тағайындайды. Бұл дивизия әне-міне соғысқа кіреміз деп ентелеп дайын тұрған.

Қысқасы, Ікей мамыр айында атойлап ұрысқа кіріп, жаудың бетін қайтарған. Келесі шілде айында басталған екінші зор майданға тағы да қол бастап шыққан. Шілденің 3-і күні Баян-саған шайқасында асқан ерлік көрсеткен. Іле-шала шілденің 24-і күні болған кезекті шабуылда ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып, қорғанысын тас-талқан етеді. Ақыры қасында бірге жүрген орыс көмекшісі Иванов және бірнеше жауынгер жолдастарымен бірге зеңбіректің дөп тиген оғынан қаза табады.

1981 жылы моңғол тілінде жарық көрген «Халхын-гол шайқасына қатысқан жауынгерлер естелігі» атты кітапта қатардағы бір жауынгер: «Командир Ікей оншақты самурайдың ортасында жалғыз өзі ебелектей шырайналып, барлығын қылышпен демде жусатып салды» десе, тағы бір майдангер: «Сұмын бастығы Ікей жауларды қылышымен жас шыбықтай қырықты, қаруының жүзі қайтқанда оның мұқалмас ұшымен жауды шаншып алып, лақтырғанын көрдім» депті.

Батыр өлген соң оның жансыз денесін майдандас досы, сол кезде атты полк командирі, Моңғолия Халық Батыры атағын алған, аңыз адам Лодонұлы Дандар Көлікті Манқыннан (Гөлөгт Манхан) ат арбаға тиеп алып, Халхын-гол өзенінен өткізіп, Баянсаған (Баянцагаан) жотасының оңтүстігіндегі Эке бұрқан (Их бурхан) жазығына апарып өз қолымен жерлепті.

Бертінде Дандар батыр ептеп қызып алып «Мені батыр дейсіңдер, Ікейдің қасында мен кіммін. Ол сияқты ер екінші қайта тумайды-ау» деп еңірегені жайлы атақты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Дашдооровтың естелігінде айтылса, запастағы майор, танымал ақын С.Болд: «Сонау жылдары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты жазушы Э.Оюун және атақты батыр Дандар бастап Халхын-голға бардық. Дандар батыр Ікей досының зиратының басында тұрып «Қайран Ікейім-ай, ақтарылған ішек-қарнын қолына ұстап алып, жауға шапқан ерім-ай», деп тоқтамай жылады» депті.

Қазіргілерді білмедім, моңғолдың көне көздері Ікей десе ішкен асын жерге қоятын. Бертінде батырдың басына қойылған құлпытасқа моңғолдың үлкен ақыны Д.Нямаа:
Ұлы Отанның батысында,
Алғашқы демін қырнады,
Ұлы Отанның шығысында,
Соңғы демін жинады, – деп бәдіздепті.

Естеліктер не дейді?

Сономқызы Должын, батырдың сүйген жары

Халхын-гол шайқасының 30 жылдық датасына орай 1969 жылы қыркүйек айында «Үнэн» газетінде жарық көрген «Жоғалған жарым» атты естелігінде: «Осыдан 30 шақты жыл бұрын жап-жас қазақ офицері Ікеймен көңіл жарастырдым. Ол кезде Ікей жаңадан оқу бітірген, Ұлан-қуарындағы әскери бөлімде-тін. Мен жақын құрбыма барып жүріп онымен таныстым. Еңселі, ұзын бойлы, қасы қап-қара, әзілқой, айтқан сөзі мірдей, сөйте тұра көпшіл, қарапайым жігіт бірден ұнап қалды. Екеуміз бір шаңырақ астында 4-5 жыл бірге тұрғанда жүз шайысып көрмедік. Ікей өте-мөте адал, өз ісіне берілген жан еді. Өзінің қарауындағы солдаттарға туған әкесіндей қамқорлық жасайтын. Кейбір кездері әскерлермен бірге казармада қонып қалатын. «Неге олай жасайсың?» дегенімде, жарықтық:

– Алдағыны болжау қиын, әрқашан елді қорғауға дайын тұруымыз керек, дейтін. Расында кешікпей соғыс басталды. Ікей үй бетін көрмейтін болды. Бірде ол:

– Кешікпей майдан шебіне аттануым мүмкін. Должын сен мені түсін, бүгін соғысқа баруға сұранып өтініш жаздым, – деді. Бұл сөз маған тұлабойымды тоқ соққандай әсер етті. Есімді жиып: «Майданға қашан аттанасың?» деп сұрадым. Ікей: «Мен барғанша соғыс бітіп қала ма деп алаңдап отырмын» деп күлді. Сөйтіп жүріп көктемді қарсы алдық. Күн жексенбі еді. Тұмау тиіп үйде жатқам, Ікейді біреулер әскери бөлімге шақырып әкетті. Кешікпей үйге келіп:

– Әскерлерді жаттықтыру үшін біраз уақыт сыртта жүретін болдым, – деп қоржын-қоспағын жинастырды. Ауырып жатсам да басымды көтеріп, көмектесуге ұмтылып едім, ол «қажеті жоқ, дұрыстап емдел» деп бұйырды. Екеуміз қатар отырып, шай іштік. Ол буынып-түйініп шығып кетті де, «бас қолбасшы сыйлаған алмас қылышымды ұмытып кетіппін» деп апыл-құпыл кіріп келіп, қылышын алып шығып кетті. Сол кеткеннен қайта оралмады. Ікей маған соғысқа аттанып бара жатқаны жайлы айтқан жоқ. Тегі, мені уайымдамасын деді ме, әлде әскери құпия солай ма, білмедім. Оның соғысқа кеткенін кейін жолдастары естіртті. Содан бастап, шығыс жаққа көзім талғанша телміретін болдым. Бірақ тілеуім қабыл болмады.

Бір күні «Ікей майданда қаза тапты» деген суық хабарды естіп, алғашында сенбедім. Өйткені қылышпен қылды қиып түсіретін, амал-айлаға жетік, әсіресе ат үстінде шебер сайыскер, оны жау өлтіреді деген ой менде мүлде болмады.

Ақыры жарымның өлгені шын екен. Майданда бірге болған достары оның асқан ерлікпен қаза тапқаны жайлы айтып келді. Үлкен қалада Ікейсіз өмір сүргім келмеді. Үй-мүлкім, жиған дүниемді тәрк етіп, ине-жіп те алмай тастадым да туған ауылыма тартып кеттім. Өйткені, бір жыл бұрын Ікей менің төркін жұртыма қайыншылап келіп, олармен танысқан еді. Оны бәрі білетін. Туған-туыс, ауыл-аймақ мені жылап-еңіреп қарсы алды. Қарт анам:

– Бұл ғұмырымда тамаша күйеу балам болғаны үшін тәңірге риза едім. Ол да баянды болмады, – деп еңірегенде етегі жасқа толды. Осы бір қаралы күннен кейін көп жыл өксумен өмір өткіздім. Мендегі тағы бір өкініш: Ікей фотоға түсуді қаламағандықтан оның жансыз бейнесі сақталмады. Бірақ жарымның қап-қара қасы, ширақ қимылы, әзіл-қалжыңға толы сөздері мен ұшқын шашып қарайтын қоңыр көздері мәңгі жадымда сақталды» депті.

Осы моңғол жеңгеміз туған жеріне барып мал бағыпты. Жалғыз анасы дүниеден өткен соң айналып Ұлан-батырға келіп, теміржолшылар мәдениет үйінде тігінші, кейін осында тазалаушы болып жүріп дүниеден өтіпті.

Х.Дабасерен (Х.Даваацэрэн), батырдың қол астындағы жауынгер

Ікей Мизамұлының қол астында әскери борышын өтеген және майдан шебінде бірге болған жауынгер Х.Дабасереннің 1969 жылы «Үнэн» газетіне жарияланған «Лейтенант Ікей мәңгі есімізде» атты естелігінде: «1937 жылы Қобда аймағынан әскер қатарына шақырылдым. Взвод командирі Ікей деген қазақ екен. Бастығымыздың қатаң тәрбиесінің арқасында взводымыз дизизияның үздіктер қатарында болды. 1939 жылы маусым айында майданға аттандық. Мен Самдын деген пулеметшінің көмекшісі едім. Бұл да батыс аймақ адамы-тын. Соғыс басталар алдында Ікейді майдан қолбасшылары 6-шы атты дивизияның 15-ші полкы 4-ші сұмынға командир етіп тағайындады. Ікей батыс аймақтық, яғни жерлесі Самдын екеуімізді өзімен бірге ала кетті... Шілденің соңына таман біздің сұмын Гөлікті Манқын (Гөлөгті Манхан) шайқасына қатысты. Жаудың бекінісін бұзып, шабуылға өту өте қиын болды. Ікей өзі бастап, жаудың шебін бұзып кіріп, самурайларды шетінен жамсатып бара жатты. Бір кезде командирімізге оқ игендей болды. Жүгіріп барсам, оң қолына оқ тиіпті. Жарасын таңып бердім. Маған «қолмылтығымды оқта» деп бұйырды. Мен бұйрығын орындап, өз орныма кеттім... Соғыс саябырсыған тұста жүгіріп келсем, командирім пистолетін қысып ұстап отырған бойы жан тапсырыпты. Дәл қасында жеті жапонның өлігі жайрап жатты. Дереу Ікейдің өлі денесін иығыма салып, штаб орналасқан аумаққа жеткіздім...».

А.Шартолғай,

танымал жазушы

Бұл естелікті Шартолғай бертінде 4-ші сұмын жауынгері, яғни Ікейдің сарбазына жолығып жазып алған екен. Естелікте: «Жаудың зеңбірек атакасы біздің полкты аттап бастырмады. Бұл жағдай әрі қарай жалғасар болса, ешкім тірі қалмас еді. Осындай қиын сәтте полк бастығы Дандар біздің 4-ші сұмынды жаңбырша жауған зеңбірек снарядтарының астында шабуылға өтіп, жаудың шебін бұзуды бұйырды. Бір сөзбен айтқанда, Ікей басқарған сұмын «жанды бомбаға» айналды. Ікең ұрандап атқа қонды. Жау шебіне андыздай атылдық. Атпен шауып бара жатқан Ікейдің дәл қасына снаряд жарылды. Жарыстың күштілігі соншалық командир мінген аттың басы денесінен бөлініп ұшып кетті. Мұны көрген жауынгерлер сасқалақтап, тізгін тартқанда Ікей «Тоқтамай шабыңдар!» деп айғай салып, өзі бүк түсіп отырып қалды. Ол кісінің ішек-қарыны ақтарылып сыртқа шығып қалған екен».

М.Седендаш (М.Цэдэндаш),

Халхын-гол шайқасының ардагері, полковник

Бұл жазба 1969 жылы «Үнэн» газетінің 151-ші санында «Тау қыраны Ікей» деген атпен жарияланыпты. Бұл естелікте: «Біздің жауынгерлер жаудың шеткі қорғанысын бұзып, екінші шебіне тұмсық тіреп қырғын соғыс салды. Бір әредікте Ікейдің «Жауынгерлер алға, жауға өлім! Ұмтылыңдар!» деген қаһарлы дауысы естілді. Арыстандай атылған командирдің ізіне ерген солдаттарды тоқтату қайда, олардың жолында жаудың үйілген өлігі қалды. Осы кезде жапондардың зеңбірегі зіркілдеп оқты жаңбырша төкті. Олар өз әскерін де, бізді де аямады. Екі жақ қатар қырылды. Бұл 1939 жылдың 24 шілдесі еді. Осы шайқастың нәтижесінде Кеңес-Моңғол әскеріне шабуылға өтетін жол ашылды».

Толығырақ: https://egemen.kz/article/209346-khalkhyn-gol-shayqasynynh-qaqarmany

...